Жалпы, 1920 немесе 1930 жылдардағы ашаршылық қазақ даласының барлық аймағын қамтығаны мәлім.
Десек те, кейбір деректерге қарап отырып, мынадай жағдайды айта кетейік. Әрбір 12 жыл сайын қазақ даласында ашаршылық болып отырған екен. Бір жақсы жері, ол ашаршылықтарда халық жылу жинап, аштарға жәрдем беріп, тез көтеріліп отырған. Мысалы, қазақ даласында қоян жылдары жұт күшті болып, Ақ қоян жылы, Көк қоян жылы деген жылдары қатты жұт болып, халықтың қолындағы малы азайып, қиын жағдайларға душар болған.
Мәселен, Ыбырай Алтынсарин өзінің бір еңбегінде Торғай даласын жайлаған осындай жайт жөнінде, ашаршылық туралы былай дейді: «Бураны и холода, продолжаясь до первых дней апреля, завершили свое дело полным, можно сказать истреблением всего скота торгайских киргизов. Забота о сохранении домашних животных уже исчезла; ее заменило более важное народное горе: голод. Десятки голодных людей ежедневно стекаются в скудный городок, окружают дома, которое не отказывают еще в куске хлеба, да рыщут по всем казармам, ища чего-нибудь съестного: но на деньги редкий из них найдет каравай черного хлеба за рубль или пуд ржаной муки за 7-8 рублей» (Оренбургский листок. 1880, 11 мая).
Міне осындай алапат жұрт, оның соңынан ілесіп келетін ашаршылық туралы Сапабек Әсіпов: «Очередной джут случился в Иргизском уезде в конце 1917 года. Представитель Торгайского уезде Николай Токарев на пятом заседений съезда Советов области, состоявшемся 26 марта 1918 года, докладывал: «Симптомы голода начали резко обрисовываться еще с осени, и к тому же жители почти совершенно лишились скота, и у них наступил форменный голод». С.Асипулы, «Танталовы муки» степи, Алматы, «Сөздік-Словарь» 2001» деп жазады.
Ал, патша заманындағы деректерде Торғай уезді туралы: «Климат континентальный — зимы суровые, обильные снежными бурями, трескучими морозами, доходящими до 40—45°, сменяющимися вдруг оттепелями, почему здесь бывает частая гололедица — этот ужасный бич местного скотоводства. Лето невыносимо жаркое, знойное; термометр поднимается иногда в тени до 55» деп қысты күні ауа температурасының 45 градус суықтан бастап жазда 55 градусқа дейін ыстық болатынын жазып қалдырған. Әрине, табиғат қолайсыздығынан өзге көктайғақтың да мал шаруалышылығы үшін жайсыздығы тағы бар. Десек те қазақ даласы, оның ішінде Торғай жері үшін мал шаруашылығы басты күнкөріс көзі болды.
Мысалы патша заманы деректеріне көз салсақ, 1895 жылы Торғай уезінде 48 200 түйе, 111 000 жылқы, 52 600 мүйізді ірі қара, 513 400 қой мен ешкі болғанын көреміз, 1900 жылы Торғай уезінде 82 770 жылқының, 52 606 ірі қараның, 292 528 қой мен ешкінің бар екенін білуге болады. Яғни, жылқы мен қой-ешкінің азайғанын байқауға болады. Ал, малсыз қазақтың күні жоғы екені білгілі.
Жалпы, жиырмасыншы ғасырдың басында тұтастай қазақ даласын шарпыған ашаршылық Торғай жерінде де халықты қатты күйзеліске алып келгені мәлім.
Мәселен, 1920 жылдардағы ашаршылықтың қатты болғаны сондай, Семей губерниясынан 7 000 бас мал жиналып, Торғай даласына айдалды. Бұл туралы Л.Гумилев атындағы Еуразия Университетінің профессоры Құрманғали Дәркенов былай дейді: «Жылу малын жинаушы ұлт зиялыларының ел ішіндегі беделінің, ықпалының жоғарылығы, оларға деген халықтың сенімі болар 1922 жылдың жазында 7 мың бас мал жиналды. Жиналған малды шалғайда жатқан Торғай еліне апарып, ашыққан елге тарату жоспарланды. Оның себебі де бар еді. Біріншіден, орталықтан, сонымен бірге губерния орталығы Қостанайдың өзінен, әрі теміржолдан алыс Торғай уезі халқының жағдайы өте нашар болды. Оларға жол қашықтығынан көмек жетуі қиын еді. Екіншіден, жағдайы ежептәуір Қостанайдың шовинистік пиғылдағы орыс шаруалары ашыққан Торғай қазақтарына астық жіберуге қарсы болды. Ал, өз жағдайы ауыр аштық жайлаған көршілес Ақтөбеден көмек келуі мүмкін емес еді. Үшіншіден, Семейде жылу жинау жұмысына торғайлық зиялылар, оның ішінде М.Дулатов белсене араласты. Сол жылдары от ауызды, орақ тілді, батыл М.Дулатов та өзі елінің қиын жағдайы жеткізе айта білген болар. Сонымен қатар, Семей еліне жете таныс А.Байтұрсынов, М.Дулатов, А.Бірімжанов, Ғ.Бірімжанов, Н.Құлжанов, Н.Құлжанова, С.Кәдірбаев, А.Юсупов және т.б. ұлт зиялылары шыққан Торғай елінің ауыр халі қазақ оқығандарын, жалпы білетіндерді бей-жай қалдырмаған болуы керек. Жиналған жылу малының Торғай уезіне жіберілуіне осы аталғандар себеп болды ма дейміз. Семей губерниясының комиссиясы он екі болыстан жиналған малды Торғай уезіне жеткізуді, мал айдауды ұйымдастыруды, жалпы басшылықты Ж.Аймауытовқа жүктеді.».
Ал, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов 1922 жылы 20 жылдардағы аштық жөнінде былай депті: «…Өткен қыста аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті… Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті…».
Қандай қорқынышты, көзіңе жас алмай оқу мүмкін емес.
Өкініштісі, Алаш зиялылары болсын, жалпы қазақ оқығандарының көп еңбек еткеніне қарамастан 1920 жылғы ашаршылықта қазақ даласында 1 млн.-нан 1,5 млн.-ға дейін адамдар өлді.
Оның өзінде ел халқына жаны ашымайтын Үкімет түк істемеген кезде, Американың әкімшілігі 1922 жылы Кеңес Үкіметі құрамындағы башқұрттар мен қазақтарға көмек берілгенін білеміз.
1-сурет. Мал басынын кеміп кетуі туралы есеп, Ақтөбе мұрағаты
Ал, Міржақып Дулатов Ашаршылық туралы «Ақжол» газетіне бірнеше мақала жариялап, шындықты жазып, қазақ билігі қозғалсын, қимылдасын деген ниетте болды. «Торғай үйезінде мал қырылып жатыр. Жазғы салым ашаршылық күтіп отырмыз. Алыстан азық таситын көлік қалған жоқ. Қарқаралы үйезінде шаруа күйзелді. Мал өліп жатыр. Жұрт жаяу, аш, жалаңаш… Темір үйезінде жұт. Ауру қалың, күнде жаназа… Бөкей ордасының қазақтары томыршық деген шөптің дәнін қағып жеп жатыр… Ырғыз үйезінің қазақтары саршұнақ тышқанды жеп жатыр. Күздігүні өлген малдардың өлексесін қар астынан қазып алып жеп жатыр. Өлексе әрі ас болмай, бишаралар қырылып жатыр, — деп жазды.
Сөзімізге дәлел ретінде мына деректі келтіре кетсек. Қызыл Крест қоғамының Ақтөбе бөлімшесі Торғайдағы (Торғай уезі 1936 жылға дейін Ақтөбе губерниясына қараған еді) балалар ашаршылығы туралы былай дейді: «В самом жутком состоянии находятся дети. Детское население в возрасте до 4-х лет вымерло поголовно, если осталось без родителей. В детдомах и т. д. приходилось видеть детей начиная с 4-х лет, более молодой возраст только при родителях, да и то крайне истощены. Население детдомов поголовно охвачено поносами. Обычно в детдоме с населением 100-150 человек умирает 1-2, а то и 3 ребенка, число которых немедленно пополняется за счет новых поступлений. Детдомовскому населению грозит полное вымирание.».
2-сурет. Торғай өңірінің Батпаққара ауданындағы асыра сілтеулер туралы, Ақтөбе мұрағаты
Торғай өңірінің қазіргі Жанкелдин ауданында (ол кезде Торғай ауданы) статистикалық деректер бойынша 1922 жылы 58 мыңдай тұрғын болса, соның 46 мыңдайы аштық құрсауына іліккен. Біразы аштан өлген, шамасы жеткені басқа өлкелерге көшіп кеткен.
Жалпы, бұл ашаршылықтан кейін 1928-1929 жылдары Торғай жерінде Қазақстанның көптеген аймағын қамтығандай 300 көтерілістің бірі — Батпаққара көтерілісі орын алып еді.
Ал, енді 1930 жылдардағы ашаршылыққа қатысты айтатын болсақ әкем Қорған Әмірхамзаұлы былай дейді: «Торғайда ашаршылық зұлматы 1931 жылдың күзінен басталды. Белсенділер әуелі халықтың қолындағы малын тегіс сыпырып алып, «артель боламыз» деп бір ортаға жинады. Жинаған малды бөлек бақтырып, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» деген ұранмен жекенің қолына бірде-бір мал қалдырмады. Одан да сорақысы, халықтың күнбе-күн талғажау қылып отырған азғантай бидай, тарысын тартып алды. Ең соңғы тіршілігінен айрылған халық бұл қорлыққа шыдамай әр жерде Үкіметке қарсы толқулар басталды. Халықтан жинаған малды белсенділер күндіз далаға жайып, түнде бір жерге қораға қамап, күзетуге қолында мылтығы бар күзетшілер қойды. Әбден қаны қарайып аштан өлуге айналған халық мылтықты күзетшілерге де қараған жоқ. Күзетшілерді байлап тастап қорадағы малды алып, сойған малдың етін өзара бөлісіп, бала-шағаларын асырап, аз уақыт жан сақтады. Бірақ, бұл да ұзаққа бармады. Ақыры бір жерге жинаған мал бітуге айналды.
Қолындағы бар малынан, күн көріп отырған бидай, тарысынан айрылған халық «бәрібір бір өлім» деп оқтан да, соттан да қорықпады.».
Нұрхан Ахметбековтың «Күләндам» (1934 жылы) дастанында да 1932 — 1933 жылдардағы қазақ даласын жайлаған алапат аштық тұңғыш рет шынайы көрсетілді.
Аштықтың қатты болғаны сондай Торғай елінде 1930-1932 жылы туған балалар қалмағандығын жоғарыда айттық, енді кезінде «Бесеудің хатын» жазғандардың бірі Ғабит Мүсірепов ашаршылық турады былай дейді: ..«Ер кісілер ізбен жүріп отырып киіз үйге қарай беттедік. Есікті аштық. Күтпеген жерден қаңырап бос тұрған киіз үйдің ішінен адамның жүрегін шымыр еткізетін жіңішке ысқырық естілді. Бәріміздің денеміз мұздап кетті. Әлде иттің ырылы ма дерсің, әлде мысықтың ызаланып айбын көрсетуіне ұқсас па, бір дыбыс шығады. Жаман шошаланың саңылауынан кішкентай адамға ұқсас бір сүлбе адамдарға тұра ұмтылды. Үсті басы қанға боялған. Ұзын шаштары қанға бітіп мұз қырау сияқты түйдектелген, қап-қара екі аяғы сидиған, қара қарғаның мүйіз аяқтарына ұқсайды. Екі көзі есі жоқ бейнені танытады, екі беті қанға боялған, ернінен жас қанның ағып тұрған ізі көрінеді. Ақсиған тістері жыртқышқа ұқсатады, аузында көбікті қан. Зәре-құты қалмаған төртеуі де бір сәт мелшиіп тұрып қалады да, алды артына қарамай қаша жөнеледі. Артына бұрылған кезде жаңағы жәндік ғайып болып кетіпті.
-Бұл не? – деп ентігін басқан Ғабит қасындағы серіктеріне қарайды. Бәрінде де үн жоқ. Көпке дейін ешқайсысы да бір ауыз сөз айтпаған. Кейін Қостанайға келген соң жаңағылардың бірі:
— Сендер жаңағыны Жын, әлде Пері деп отырсыңдар ма?! Жоқ, жын емес. Мен анық көрдім, айқын көрдім! Ол – адам. Кішкентай бала, Қазақтың қызы, 7-8 жастағы..
-Жоқ! Жоқ! – Мүсрепов айқайлап жіберді. Ғабиттің ашу кернеген әлсіз дауысы ұлы адамға тән, бірақ шарасыздыққа толы еді. – Бұл Ашаршылық! Ашаршылықтың көзі! Қарғыс атқан Ашаршылықтың бейнесі…».
Расында Торғай халқының өлгені өліп, бірлі-жарымды тірі қалғандары Қостанайға, Шалқарға, Орал бойына, Алатау мен Сырдария жағына өткені мұрағат деректерінде жазылып қалған.
Ашаршылық туралы тағы да Торғай өңірінің тумасы Данабике Байқадамова былай деп еске алады: «-Бұл үйде МТС-тің саяси бөлімінің бастығының отбасы тұрған екен. Сол кезде болатын өте сирек жағдай – саяси бөлімді бір жас қазақ әйелі басқарыпты. Беліне тағып алған револьверін тастамайды екен. Күйеуі екеуі аштық басталған кезде ауруға шалдыққан үш жасар баласын қанша күтіп баққанына қарамай баланың беті бері қарамапты. Содан бір күні өлім аузындағы баланы күтіп отырып ұйқыдан әлсіреген болса керек, ұйықтап қалады. Таңертең тұрса баласы өліп жатыр, ішек-қарыны ақтарылған, жүрегі кесіп алынған. Қыс айы екен, қан тамшылаған ізбен жүрген әйелді із көршінің үйіне әкеледі. Бұл үйде жалғыз еркек тұрады екен, әйелі мен екі баласы жақында жоғалып кетіпті. Үйдің есігі ашық екен, әйел кірсе еркек пештің аузында баланың жүрегін отқа пісіріп жеп отырғанын көреді.
-Атамын! – деп ақырған әйелге еркек: — Ата бер, қорықпаймын – деп міз бақпайды. Сүйтеді де, пештің артынан бірнәрселерді аяғының астына лақтырып жібереді. Әйел қараса, үш бас – бірі жоғалған әйелдікі, екеуі жас балалардың басы. Әйел мылтық ұсынған қолын созған күйінде есінен танып құлапты..».
Торғай елінің тағы бір талантты тұлғасы, ақын Ғафу Қайырбеков Ашаршылық туралы былай деп еске алады: «- Әлі есімде, ешкімге айтпай ойнауға шығып кетіппін. Біреу шап етіп қолымнан ұстай алды. Әлсіз қол сияқты, бірақ жібермейді. Жұлқынамын, жібермейді. Жасым сол кезде төрттің ол жақ, бұл жағында. Құдай жар болып, әжем шығып көмекке адам шақырып құтқарып алды. Сол күннен кейін «Жеп қояды, далаға шықпа!» деп күніне бірнеше рет айтатын болды.
Жалпы, мұрағат деректеріне зер салатын болсақ «Обзор Тургайской области за 1915 год» атты жинақта қазіргі Ресей құрамындағы Торғай облысының Торғай уезінде 1915 жылы Торғай қаласы мен оның құрамындағы 13 болыс еліндегі 104 ауылда 107 358 халық тұрғаны жазылған. 100 жылдан кейін санымыз тіптен арамыздағы ауылы аралас, қойы қоралас өзге ағайындарды қосқанның өзінде бар болғаны 76 мың ғана болып тұр екен.
Сол ашаршылық жылдары Жыланшық бойындағы 24 ауылдың 10 ауылынан тіпті тірі жан да қалмаған.
3-сурет. Өңірдегі ауыр жағдай туралы хат, Ақтөбе мұрағаты
Ашаршылық туралы Торғай өңірінен шыққан Әбіқай ақын Нұртазаұлының «Тасмешін» атты дастанында да:
«Елуде көрдік жылды мешін деген,
Салмағы кейін жатты кесілмеген,
Жаяулық, жалаңаштық, тамақ аштық,
Дауасыз темір түйін шешілмеген.» дейді.
Ал, Ашаршылықты өз көзімен көрген Өтебай Қанахин өзінің «Нәубет» атты кітабында: «1931 жылы ашаршылық, әсiресе, Торғай, Қостанай жағында қатты болды. Қыстың көзi қырауда жаяулап-жалпылап босқан ол жақтың адамдары – кiлең қазақтар: “Өзiмiз өлсек те, балаларымыз аман қалсын”,-деп ұл-қыздарын көрiнген үйге тастап кетiп жатты. Перзентiн жанынан артық көретiн қазақтың мұндайға баруы, бейтаныс қаймана бiреулерге бауыр етi баласын көзi қиып, сұраусыз тастап кетуi – шыға алмастай тығырыққа мықтап тiрелгенде, алдан үмiт әбден үзiлгенде ғана болатын пұшаймандық, шарасыздық.» депті.
4-сурет. Адам жегіштер туралы, Ақтөбе мұрағаты
Өтебай Қанахиннің жазғанына толықтыру ретінде Тұрар Рұсқұловтың 1933 жылғы 9 наурызда Сталинге жазған хатынан үзінді келтіре кетейік: «Қазір Ақтөбе облысында жұмыс істеп жүрген Қызыл Крест қоғамының Москва қосынының баяндамасында Торғай сияқты аудандарда қазақтарды аштық пен індеттің жайлап алғаны хабарланады. Аш-арықтар төгілген қоқыстарды ақтарып, тамақтан өтетіннің бәрін талғажау етіп, жабайы өсімдіктердің тамырларын, ұсақ жәндіктерді жеп күнелтуде. «Сол маңдағы ит пен мысық атаулы түгел желінген, қазақтар тұратын қостардың айналасында иттердің, мысықтардың, ұсақ жәндіктердің, ақкемік болғанша қайнатылған сүйек-саяқтарынан көз сүрінеді…» Өлген кісілердің етін жеген оқиғалар жайында хабар жете бастады…» дейді.
5-сурет. Торғай өңірінде ашаршылықтан кісі өлімі орын алған туралы жазбадан, Ақтөбе мұрағаты
Қысқаша айтқанда қасіреттің атасы бір. Сондықтан бір күнді ҰЛТТЫҚ ҚАСІРЕТ КҮНІ деп белгілеп, сол күні ойын-сауықтар тоқтатылып, туымыз төмен түсіріліп, бүкіл халық аза тұтып, құрбандарға арнап Құран оқылып, ас беріліп, басқа да игі шаралар өткізілуі керек деп есептейміз.
Пайдаланылған әдебиет тізімі:
- Ақтөбе облыстық мұрағаты, сілтемелері http://myaktobe.kz/archives/6622
және http://myaktobe.kz/archives/121396
- Сағат Жүсіп «Ашаршылық ақиқаты»
- http://tobyl-torgai.kz/2017/05/18/2737
- http://tobyl-torgai.kz/2016/05/31/648
- http://tobyl-torgai.kz/2016/03/14/367
- http://tobyl-torgai.kz/2016/06/09/678
- және баспасөз бетінде жарық көрген өзге де материалдар.
АМАНДЫҚ ҚОРҒАНҰЛЫ