Облыс әкімдігінде өткен жиында Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Талғат Кәкімов өңірдегі өрт қауіпсіздігі қызметінің жұмыс нәтижелері туралы есеп берді деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстың төтенше жағдайлар қызметі өңірде өрт қауіпсіздігін сақтау және оны алдын алудың кешенді шараларын қолға алған. Өрт қауіпсіздігі қызметкерлері бүгінге дейін жергілікті полициямен бірлесе отырып, 18 мың аулаға бақылау-тексеру жүргізген.
Департамент мамандары жаз ыстығында өрт қауіпсіздігін күшейту туралы жеке пәтер иелері кооперативтері мен саябақ бірлестіктерінің қатысуымен 226 жиын өткізіп, тұрғын үйлердің кіре берістеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау жөніндегі ескертпелер ілген. Жоспарлы тексеру жұмыстары барысында өңірде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған 923 нысан анықталды. Жауапты тұлғаларға 5 млн теңге шамасында әкімшілік айыппұл салынып, 6 нысанның жұмысы 33 күнге дейін тоқтатылды.
«ҚР Бас прокуратурасының тапсырмасымен ТЖД мамандары департаментте тіркеуде тұрған өрт шығу қаупі бар 60 сауда орнын тексерді. Олардың ішінде ойын-сауық орталықтары, сауда үйілері, супермаркеттер мен гипермаркеттер бар. Тексерістен Қарабалықтағы «Делюкс» сауда орны ғана өтті. Қалған 59 сауда нысанынан 443 өрт қауіпсіздігін бұзу дерегі анықталған. Олардың бірінде эвакуациялық шығу жолдары жабық, екіншісінде өрт белгісін беретін автоматты құрылғы істен шыққан. Тексеру қорытындысы бойынша 59 заңды тұлғаға жалпы сомасы 462 962 теңге көлемінде айыппұл салынып, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ескерту берілді. Мұның сыртында, жалпы білім беретін және мектепке дейінгі тәрбие беретін 72 мекеме ғимаратына тексеру жүргізіліп, 217 өрт қауіпсіздігін сақтамау дерегі тіркелді», — деді департамент бастығы.
Сала басшысының есебін тыңдаған облыс әкімі Төтенше жағдайлар қызметі атқарған жұмыстарға көңілі көншімейтінін білдірді. Облыс басшысы өңірде өрттің алдын алу шаралары жеткілікті түрде жүргізілмей жатқанын айтып, Науырзым қорығында болған өртке кінәлі тұлғалардың әлі күнге дейін анықталмай отырғанын сынға алды.
«Олар (тұрғындар — автор) көктемде қоқыс қалдықтарын өртеді де, оны қараусыз қалдырды. Жел көтерілді де, айналаны түгел от шарпыды. Бұл оқиға туралы тексеру құжаттарының қорытындысы неге жоқ? Табиғат байлығын өртеген кім? Ол неге анықталмады? Бұл туралы мен сізге 4 ай бұрын тікелей тапсырма бердім. Нәтиже қайда? Кім кінәлі?! Табиғи қорықтарды сақтап, күзетудің орнына, оны өртеп, жоюмен айналысатын басшылар бізге керек емес. Ертең жұмыс күнінің соңына дейін өртке кінәлі кім екенін анықтап, қорытынды шығарып, құжатты алдыма әкеліңіз!» — деді Архимед Мұхамбетов.
Еске салсақ, биыл сәуір айында Науырзым мемлекеттік табиғи паркінің аумағында қураған шөп өртенген болатын.
фото — kostanay.gov.kz
inform.kz