«Қымбат» қаланың мұғалімдеріне жеңілдіктер қарастырылып жатыр

Астана және Алматы секілді «қымбат» қалалардағы мұғалімдерге қандай жеңілдіктер қарастырылып жатыр? Ол туралы Білім және ғылым министрлігінде өткен басқосуда «Педагогтар мәртебесі туралы» заң жобасын даярлаушы жұмыс тобының мүшесі, Астана қаласының гуманитарлық колледжінің директоры Елдос Нұрланов тарқатып айтып берді деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жылдық еңбек демалысы берілгенде бүгінгі таңда азаматтық қызметкерлерге жататын, яғни мекемелер мен қазыналық кәсіпорындар формасында еңбек ететін педагогтар жылына бір рет сауықтыруға арналған бір лауазымдық айлық ақыға тең жәрдемақы алады. Біз бұл көлемді бірден екі есеге арттыруды, мүмкін болса тек азаматтық қызметкерлерге ғана емес, қалған педагогтарға беру мүмкіндігін ұсынып отырмыз», — дейді ол.
Елдос Нұрлановтың айтуынша, жалпы оқу орындары жергілікті атқарушы органдардың құзырында, қаржыландыруында болғандықтан, оларға қосымша көтермелеу, ынталандыру шараларын жүзеге асыруға құқық беру керек.
«Соның ішінде, мысалы, аймақтық «Үздік педагог» байқауын өткізу жөн болады. Ірі — Астана, Алматы қалаларда өмір айтарлықтай қымбат. Соған байланысты тиісті үстемақы қарастыру мүмкіндігін, тұрғын үй сертификатын беру, педагогтардың балаларына балабақшада кезектен тыс орын беру, санаторий сапары және қоғамдық көлікте жүріп тұруының ақысын өтеу, жас мұғалімдердің қызмет етуіне көмектесетіндей жәрдемақы қарастыру ұсынылуда. Өйткені, әр аймақтың мүмкіндігі әртүрлі. Дегенмен, мұндай мүмкіндік болған жағдайда тексеруші органдардың тарапынан сұрақтар болмас үшін, мұндай құқықтың барын біліп жүруі үшін бұл норманың заң жобасында қаралғаны маңызды деп шештік», — дейді Елдос Нұрланов.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылы Қазақстанда «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау керектігін айтқан еді.

Мынаны да қараңыз

Құмар Ақсақалов ертең Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Сапар барысында ...