ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДА ЕКІ ҒАСЫР БҰРЫН ЖАСАЛҒАН ҚОБЫЗ БАР

Қостанай облысында осыдан екі жарым ғасыр бұрын жасалған қобыз табылды. Замана запыранын зар ғып тартқан көне жәдігерді көздің қарашығындай сақтап, бүгінге дейін жеткізген Құрмановтар әулеті. Бұл туралы редакциямызға осы әулеттің үлкені — Данияр Құрмантегі есімді азамат хабарлады. Оның айтуынша, нар қобызға биыл шамамен 245 жыл болады. ХХ ғасырдың бастапқы жылдарына дейін қолдан түспей келіп, кейін тасада қалған киелі аспап бүгінде Науырзым ауданына қарасты қараша ауыл Қайғыда тұратын бауырлары Оразғали мен Әмірғали Құрмановтардың үйінде сақтаулы екен. Нар қобыздың иесі — кезінде бақсылық-емшілігіне қоса, көріпкелдік қасиетімен көпке мәшһүр болған Тағышы руынан шыққан Жетібай әулие.
Жеті жасында аян түсіп, он жасында осы қобызды ұстаған Жетібай ата — Торғай, Науырзым өңіріне әйгілі Ақанұлы Түркебай мен Оспан қожаның замандасы. Қара қобызын зарлатып, түрлі дерттің бетін қайтарған шипагер, әруақты кісі болған екен. Жоқ іздеп алдына келгеннің мал-дүниесінің қайда, кімнің қолында екенін тап басып болжап беретін сәуегей болған деседі. Жетібай ата шамамен 1873 жылдары дүниеден озған. Одан кейін қобызды Есмағамбет деген ұлы ұстапты.
Нар қобыз туралы аңызға бергісіз ғажайып әңгімелер бар.
— Қырық күн шілденің шіліңгірінде шөп сарғая бастағанда, атам осы қобызды зарлатып отырып, зау көкте қарайған бір шөкім бұлтты үйіріп әкеліп, жаңбырды құйып жібереді екен. Содан өріске қайта от бітіп, мал тоғаяды екен, — дейді Жетібай әулиенің ұрпағы Данияр Құрманов. Тағы бір әңгімеде әулие жолаушылап келе жатып бір өзеннің жағасына түседі. Өзеннің арғы бетінде ас беріліп жатады. Жетібай атайға: Құдайы қонақ болыңдар. Бергі жағаға өтіңдер, — дейді. Өткел бермес асау өзенді айналып өтейін десе, ас тарқап кетеді. Сонда атай:
— Анау киіз үйдің төрт жағын төрт қазықпен бекітіңдер. Ішіне ас қойып, дайын болғанда, айтыңдар, — депті.
Әлгі ас дайын болған соң, Жетібай ата дұғасымен бір табақ етті өзеннен бері өткізіп алып, жанындағы серіктерімен бірге тамақтанып, ас беріліп жатқан әруаққа құран оқып, әрі қарай жол жүріп кеткен екен. Астың өзеннің арғы бетіне қалай өтіп кеткенін сырттағылар түгілі, үйдің ішінде сол дәмді әзірлеп жүрген аспазшының өзі де білмей қалған деседі.
— 2017 жылы Түркістанға барып, тәу етіп қайту ниетімен жолай Астанаға соқтым, — дейді Данияр Құрманов әңгімесін әрі қарай сабақтап. — Темір жол вокзалында Айнұр есімді келіншекпен кездесіп, аз-кем тілдесіп қалдық. Ол кісі бірден: «Сіздің үйде қобыз бар ғой» — дегенде, шалқамнан түсе жаздадым. Сөйтсем, бұл қобыз кезінде орта жүзге белгілі болған қобыз екен. Мұхамбетқали Долдашев деген ағам болды. Осы Озерныйға көшіп келген соң, қайтыс болды. Сол марқұм ағам: Қыпшақта бар Қойлыбай, Бағаналы да бар Барлыбай, Қожада бар Оспан қожа, Сүгірде бар Түркебай, Тағышыда бар Жетібай – деп айтып отыратын. Данияр Құрманов ел ішінде нала заманның күйін боздатқан нар қобыздың тарихын білетін ескі көз қариялар әлі де бар деп есептейді. Олар қасиетті аспап жайында ауыз ашуға қорқады. Өйткені мистикалық күшке ие қобыздың киесінен қорқатын көрінеді. — Есмағамбет атам соғысқа кетіп бара жатқанда: Мына қобыз күбірлесе, жеті шелпек пісіріп, құран оқыңдар, — деген екен. Ол кезде соғыс жүріп жатқан, жоқшылық уақыт болса керек. Бізден 12 шақырым жерде Бестамақ деген ауыл бар. Сол ауылда тұратын бір әйелдің баласы ауырып, әжейге келіп: Қобызды беріңізші, баланы ұшықтап жіберейін, — деп қобызды сұрайды ғой. Әжей әлгі әйелге қобызды ұстатып жібереді. Содан бір-екі күн өтпей әжей қора жақтан келе жатса, есіктің алдында бір әйел жатыр дейді. Жақындап барып, әлгі қобызды алып кеткен келіншекті таниды. Көтеріп тұрғызайын десе, әйел жүріп кеткен екен. Анадай жерде ағашта қобыз ілініп тұрғанын көреді. Екі баласын шақырып, қобызды түсіртіп алып, ақ матаға орап сандықтың түбіне тығып тастайды. Есмағамбет атамыздан кейін бұл қобызда ойнаған адам жоқ, — деп әңгімесін түйіндеді Данияр Құрманов. Нар қобыз туралы белгілісі қазірше осы ғана. Анығы – киелі аспап аңыз бен ақиқаттың, дін мен мистиканың, тылсым күш пен өнердің арасын жалғап жатқан алтын көпір.

Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ
kostanaytany.kz

Мынаны да қараңыз

Стамбұлдағы Қыз мұнарасы қайта ашылды

Стамбұлдағы аты аңызға айналған Қыз мұнарасы күрделі қалпына келтіру жұмыстары мен бірқатар жаңартулардан кейін Түркия ...