1 микрограмм гептилдің 1 литр суға ерітіндісінің өзі адамды сеспей қатырады. Гептил синиль қышқылынан 6 есе улы. Әлемде тек Ресей ғана (Қытай аз мөлшерде қолданады дейді) қолданады. Басқа ешбір ел қолданбайды!
Гептил ыдыраған кезде сұмдық зиянды мутаген шығарады. Гептилмен ластанған су бірнеше жылға дейін, топырақ ондаған жылға дейін залалсызданбайды. Ол жинала береді, сұмдық тажалдың әсері 20-30 жылдардан соң білінеді, бірақ ол кезде бәрі кеш болады…
Гептил топырақ пен су арқылы — жеміс-жидек, саңырауқұлақ, балық, жануарлардың еті арқылы жасалатын «тізбекпен» адамның асқазанына түседі. Гептилдің тез сіңімділігі сонша, ол металлдың қристалдық торша көздерінің «ішіне» дейін сіңіп кетеді. Ракета сынықтарын металлға тапсыруға, шаруашылық үшін жуып («дезинфекциялап») пайдалану мүмкін емес. Сібір медуниверситетінің докторанты Скребцова мынадай сынақ жасап көріпті: Ракета қалдықтары құлаған аймақтан алған металдың бетіне алманы қойыпты, жарты сағаттан соң алма атмосферадағы гептилдің 90 пайызын өзіне сіңірген!
Бір коммерциялық ракета ұшырудың бағасы орташа 50 миллион доллар тұрады. Ресей гептилді пайдалану арқылы әлемде ең арзан ұшырулар жасап, пайда тауып келеді..
Ел иесі, жер иесі қазақтар өз жерінің қалай уланып жатқанынан еш хабары жоқ. Біз Байқоңырдан ұшатын ракеталар мен ғарыш жер серіктері мен кемелері (жылына қанша аймаққа қанша метал сынықтары мен гептилдің сұйықтары құлайды, төгіледі, т.б.) жайлы ештеңе білмейміз. Ресей өз жерінен ұшатын ракеталардың құлайтын қалдықтары үшін 110 орынды құрылықтан бөлген – көлемі 28 млн га, 12 орынды теңізден – 9 млн га, ал Қазақстан жайлы ештеңе білмейміз.
Ресейде ондаған институттар ғарыштық экологиялық проблемаларға зерттеу жүргізеді: Новосібір авиация ҒЗИ, РҒА-ның Экология және су проблемалары институты, Алтай табиғатты пайдалану институты, Москва биофизика институты, Петербургтің қолданбалы химия институты, медицина мен экологиялық проблемалар институты және т.б. Ресейдің ракета қалдықтары құлайтын аймақтарының барлығында «Ракета-ғарыш қызметінің қауіпсіздігі үшін» деп аталатын экологиялық қоғамдық бірлестіктерге (Ресейде жыл сайын «Жылдың жасыл адамын» анықтайды) жұмыс істеуге жол ашқан. Халқы ең болмағанда гептилдің қасіреті мен зарын айтып жылауға мүмкіндігі бар. Ал бізде әлі күнге дейін «Антигептил» қоғамдық бірлестігін тіркеттірмей келеді. Мұндай мүмкіндіктерді жасау бәрінен де бұрын Қазақ үкіметіне керек емес пе… Бұндай Үкімет қазақтың жауы ма, досы ма?
Қазақстан жеріне ракеталардың бірінші сатысынан құлаған металдар түседі. Жылына қанша тонна металл мен гептил уы құлайтынын білмейміз. Қоршаған ортамызда (ауада, топырақта, суда, өсімдікте, жануарларда, т.б.) қанша гептилдің жиналғанын, қоршаған ортаның гептилмен ластануы қаншалықты дәрежеде екенін білмейміз, тексеру мен анықтаулар қандай методикамен зерттеліп жатыр, білмейміз. Зерттеу орталықтарының барлығы Ресейдің әскери басшылығының қолында. Олар ракеталар құлаған кезде ғана ластану деректері жайлы «қалыпты нормалық жағдайда» деп жауап береді.
Елу жылдан астам ракета ұшырылып жатқан Қызылорда облысының Байқоңыр аймағының халқының толық тізімін жасап, олардың бірінші ұрпағы қанша (орташа жасы) өмір сүрді, екіншісі, үшіншісі қалай өмір сүріп жатыр, қанша адам ракпен, қаншасы қан ауруымен ауырды, қанша бала мүгедек болып туды, қанша суицид орын алды және т.б. зерттеулер мен мониторингтер жасалып жатпағаны анық, ол жағы Ресейге тиімсіз, деректер бар болғанның өзінде «өте құпия» атты сандықта. Ең болмағанда бұл аймақта жануарлар, құстар, аңдар мен балықтардың өлімінің қанша орын алғаны жайлы да білмейміз.
Қазақ үкіметі Ресейдің Байқоңыр аймағының, яғни Сыр бойының (басқа да аймақтардың) халқын лабораториялық тәжірибелік сынақта ұстап отырғанын жақсы біліп отыр. Қазақ билігі бұл мәселеде Ресей билігіне қарсы екі қолы байлаулы, осы дәрменсіздігін неге мойындамасқа? Жоқ. Керісінше, халықтың экологиялық проблемалармен өздерінің күресуіне жол ашудың орнына, ғарыштық-экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізіп, бұл мәселеде халықтың белсенділігін арттырудың орнына, оларды гептил уымен тұншықтыруға, яғни Ресейдің бұл аймақтың халқын қыруына барынша көмектесіп келеді. Өз халқына өз билігінің жасап отырған осындай жауыздық, сатқындық пен дәрменсіздік істері басқа қандай елде бар екен?
Сағат ЖҮСІПтің
Фейсбуктегі парақшасынан