1986 жылдың желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнына есімі қазақ жұртына беймәлім Г.Колбин отырғызылғаны белгілі. Басшылықтың ауысуы халықтың ашу-ызасын тудырды.
Орталық компартияның шешіміне наразылық білдіргісі келген жастар 17 желтоқсан күні таңертең сол кездегі Л.Брежнев атындағы алаңға жиналып, шеру өткізді. Алайда жастарға «нашақорлар, маскүнемдер, бүлікшілер» деген айып тағылып, жаппай жазалауға алынды.
Ақ қар, көк мұзда алаңға шыққан желтоқсаншыл жастардың арасында Жұмагүл Бекентаева да бар-тын. Қазір ол Қостанай облысы Жанкелдин ауданы Шеген ауылындағы орта мектептің бірінде мұғалім болып еңбек етіп жүр.
Бірде 5-сынып оқушылары мұғалім Жұмагүлге күтпеген тосын сұрақ қойды: «Сіздің Желтоқсан көтерілісіне қатысқаныңызды білеміз. Осыны айтып бересіз бе?».
Ұстаз ауыр күрсінді де, 33 жыл бұрынғы оқиғаны көз алдына қайта әкелді.
…1986 жыл. ҚазПИ-дің (қазіргі Абай атындағы ұлттық педагогикалық университет) филология факультетінің 2-курсында оқиды. Бір күні «Республика басшылығына Колбин деген біреу тағайындалыпты, жастар қарсылық білдіру үшін алаңға жиналмақшы» деген хабар институтқа лезде тарап кетті. Студенттер арасында гу-гу әңгіме басталды. Бәрінің бойында жаңа басшылыққа деген наразылық бар. Келесі күні институттың бір топ студенті шыдай алмай, оқытушылардың бақылауынан сытылып шығып, алаңға келеді. Олардың арасында жиырманың шетіне ілінген Жұмагүл де бар еді.
Жастар алаңға көптеп жиналыпты. Қолдарына ұстаған плакаттары бар. «Кетіңдер! Тараңдар!» деген басшылықтың сөзін назарға алар емес. Кезек-кезек жарыса сөйлеп жатыр. Желтоқсан айы болған соң ба, қыстың ызғары білінеді. Бірақ оны елейтін жастар байқалмайды. Солтүстіктен дамылсыз соққан суық жел денеңді еріксіз тітіркендіреді. Алаңдағы шеру жалғасуда.
Кенет алаң шетінде бес қаруы бойында, сапер күректері қолында, қасқыр иттерін жанында ұстап тұрған солдаттар белгі берілісімен жастарға қарай лап қойды. Айғай-шу, жер-көкті дүрбелеңге салған топалаң басталды да кетті. Жылаған, алысқан жұрт. Жанұшыра айғайлаған дауыстар…
Жастарды қаланың шетіне апарып тастау үшін қолға түскеннің бәрін жүк көлігіне тиеп жатыр. Кейбірі мәшине бортынан секіріп, қашып үлгеруде. Әскерилер ешкімді аяр емес. Жап-жас қыздарды шашынан сүйреп, тепкінің астына алды дерсің. Осы сәтте жанұшыра жүгіріп келе жатқан Жұмагүл де қолға түсіп, екі солдат оны қос бүйірінен тепкілей бастады. Көз алды тұманданып кетті. Арғысы есінде жоқ.
Сүт пісірім уақыттан соң есін жиып, қараса, өзіне қарсы жүріп келе жатқан мәшинені көрді. Қанша бұлқынса да, орнынан тұра алар емес. Өмірмен қош айтысар сәт жақындағандай. Санаулы секундтарда көз алдына ата-анасы, бауырлары елестеп, іштей күбірлеп, қош айтысты.
Кенет бір қазақ солдаты оны жерден көтеріп алып, ары қарай лақтырып жіберді. Содан соң «Қаш! Тезірек!» деді бұйырып.
Жұмагүл курстасы Шаттыгүл Елғожинамен қол ұстасып, алаңнан ұзай бастаған. Бірақ оларды екі милиция қызметкері ұстап алып, қолдарына кісен салып, Ішкі істер бөліміне апарды. Содан күнде тергеу, күнде сұрақ… әбден естерін шығарды. Кейін аудандық сот Жұмагүл мен Шаттыгүлді 15 күнге түрмеге жабу туралы шешім шығарады. Ал екі күннен соң «Жұмагүл түрмеге түсіпті» деген хабар лезде институтқа тарап кетеді. Хабарды естіген Жұмагүлдің туған-туысы Алматыға жол тартады.
– Түрмеге барғанымызда Жұмагүлге жолыға алмай, үш күн әуре-сарсаңға салындық, – дейді кейіпкеріміздің апасы, журналист Айткүл Бекентай бізбен әңгімесінде. – Кездесуге рұқсат бермеді. Содан оның шығуын күттік. Ал Жұмагүл қамаудан босаған кезде, оны құшақтап тұрып көз жасқа ерік бермеу мүмкін емес еді. Бет-аузының сау-тамтығы жоқ. Денесі көкала қойдай. Ұрып-соққан. Қинаған. Сол жерден Жұмагүлмен бірге 700-ге жуық студент, жұмысшы жастарды шығарды. Олармен жылап қауышқан ата-ананың аңыраған даусынан құлақ тұнады. Біз Жұмагүлді алып, жатақханаға келдік. Келесі күні оны институттан шығарды. Содан амалсыз бәріміз үйге қайттық.
Институттың комсомол жиналысында шығарылған қаулы бойынша Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды тек қара жұмысқа ғана қабылдау ескертілген еді. Осы ескерту бойынша Жұмагүл Бекентаева Шеген ауылының №1 бөлімшесінде «Ақбұлақ» сауыншы бригадасында сауыншы болып жұмыс істейді. Қамау кезінде қос бүйірінен қатты соққы алған жас қызға мұндай жұмыс қиынға соғады. Жиі-жиі ауруханаға түседі. Қызының мүшкіл халі әкесі Ескендірге оңайға соқпайды. Өтініш айта жүріп қызын мектеп-интернатқа тәрбиеші етіп орналастырғанымен, бір апта өтер-өтпестен совхоз директоры жиналыс ашып: «Республика басшысына қарсы шыққан адамды ұрпақ тәрбиесіне араластыруға болмайды» деген уәжбен жұмыстан шығарады.
Тек арада жеті жыл өткенде ғана Жұмагүл Ескендірқызы Қазақ педагогикалық институтындағы оқуын сырттай жалғастыруға мүмкіндік алады. Оған дейін әр түрлі қара жұмыс істейді.
– Иә, ол ауыр кезеңдер еді. Қазақтың өрімдей ұл-қыздарына «бүлікшіл» деген ат тағылды. Қаншасы оқу орнынан шығып қалды. Ал сендер Тәуелсіз елдің ұланысыңдар. Осыны бағалай біліңдер! – деді көзіне жас алған Жұмагүл Бекентаева. Көз жасын оқушыларына көрсеткісі келмегендей теріс бұрылды. Балалар үрпиісіп қалыпты.
Өмірдің қиындығына мойымаған, жігері жасымаған Жұмагүл Ескендірқызы бүгінде өзінің кіндік қаны тамған өлкеде жоғары дәрежелі мұғалім. Ардагер ұстаз. Аудандық ұстаздар байқауының бірнеше мәрте жеңімпазы. Бүгінде оны мектеп оқушылары, ауыл, аудан халқы құрмет тұтады. Кездесу кештерін жиі-жиі ұйымдастырып тұрады.
Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ
egemen.kz