Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінің зерттелуі

Әдебиеттану ғылымының негізін салушы, қазақ әліппесін (төте жазу) жасаушы, оқу құралының авторы Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымында алар орны орасан зор. Қай еңбегін алып қарасақ та, «Қазақ!», — деп жаңғырып тұрғаны тайға таңба басқандай. Сол еңбектерінің арасында қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтап, сан-салалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып берген, қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салуға арқау болған асыл мұрамыз да бар. Ол – биыл жарық көргеніне 93 жыл толып отырған «Әдебиет танытқыш» атты тұңғыш қазақы трактат.

Қазіргі таңда әдебиетімізде қазақ терминдерінің сөздік қоры жоқтың қасы. Ал Ахмет Байтұрсынұлы осы еңбегінде оның әр қайсысына тоқталып, жіктеп берген. Ендеше, ұлт жанашырының бұл еңбегін неге қолданбасқа? Мұның өзі әдебиеттану саласында әлі де түйіні шешілмеген мәселе. Қазақ филологиясының әдебиеттану саласында Ахмет Байтұрсынұлының бұл еңбегі ерекше маңызды. Аты әйгілеп тұрғандай, кітап әдебиет әлемін, көркем сөз табиғатын, сырын, мазмұны мен ерекшелігін, қоғамдағы рөлін көптеген мысалдармен дәлелдеп, байсалды түсіндіруге арналған. Ахмет атамыз: «Өнердің ең алды сөз өнері деп саналады. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білген соң айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадырынша сөз өнері атқара алады. Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты , я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән мен күй болсын, сөзбен сөйлеп, суреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді», -дейді. [1,76-б.]. Расымен де, зер салып назар аударсақ, бұл сөздің астарында шындық жатқаны айдан анық.

1989 жылы ғылыми айналысқа қайта оралған «Әдебиет танытқыш» ұлттық әдебиеттану ғылымында өзінің лайықты бағасын алып үлгерді. Еңбектің теориялық салмағын саралай келе академик З. Қабдолов «Әдебиет танытқыштың» ең бір құнды жері деп, жекелеген әдеби-теориялық категориялардың этимологиясын, олардың мән-мағыналық жүгін төл әдебиетіміздің өз ішінен тапқандығын дөп баса айтады. Мәселен, «..әдебиеттің Аристотель белгілеген негізгі үш тегін, яки жанрын (эпос, лирика, драма) грек тілінен түп-түгел қазақ тіліне ауыстырып алады да (А. Байтұрсынұлы «Дарынды сөз» тарауында: эпосты– әуезе,  лириканы – толғау,  драманы – айтыс деп атайды – Ұ.Е.), әр жанрдың түрлерін өзіміздің төл әдебиетімізден іздейді. Мысалы, лириканың алғашқы үлгілерін қазақтың сонау тұрмыс- салт жырларынан іздеп табады. Сонда, ең жеңілі жоқтау – эпитафияға, мақтау – одаға, даттау – сатираға балама болып шыға келеді. Дәл осы ретпен әдебиеттің үшінші тегін Аристотельше «драма» деп емес, Ақаңша «айтыс-тартыс» деп алады да, осы жанрдың түрлерін, айталық, трагедияны – мерт, яки әлекті–тартыс, драманы – сергелдең, яки азапты тартыс, комедияны – арамтер, яки әурешілік деп атайды».  Академик З. Ахметов болса, «Әдебиет танытқышта» қазақ өлеңінің ырғақтық құрылыс-жүйесін айқындайтын өлең сөздің бунақ, тармақ, шумақ сынды категорияларының алғаш қалыптасқандығын атап айтады [2, 64 б.].

Еңбектің құндылығына жан-жақты тоқтала келе әдебиет сыншысы Т. Кәкішев: «Мұндай еңбек бізде бұған дейін де, бұдан кейін де қайталанған жоқ. Ол – әдебиет теориясы мен әдебиеттану ғылымының міндет-парызын қатар атқарып, біздің алдыңғы ағаларымыздың эстетикалық сауатын ашуға мұрындық болған жүйелі оқулық. Ондағы анықтамалар мен терминдердің өзі күні бүгінге шейін біздің ғылыми арсеналымыздан орын алатын құнды қағидалар мен атаулар. Көркемдік әлеміндегі сөз өнерінің сай-саласын ұғындыратын «Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған өміршең қондырғы-фундамент» [3, 4 б.] деп жазады. Бұл пікірге өзіндік ойымды қосар болсам, ұлты үшін өмірін құрбан етіп, қазақ әдебиетінің кірпішін қалаған зиялының еңбегінің әдебиет тарихындағы жұлдызы жоғары. Дегенмен де, оның келтірген анықтамалар мен терминдерінің біздің саламызда сирек қолданылатыны жанды қынжылтады. Меніңше, егерде біз оны өзіміз қолдап, жақсы іске бастамашы бола білсек, бұл мәселенің түпкілікті орынды шешіміне қол жеткізер едік.

«Әдебиет танытқыштың» бүгінгі әдебиеттану ғылымындағы орны» атты монографиясында Ұлан Еркінбай қазіргі әдебиеттану ғылымының теориялық және әдістемелік тәсілдерін, «Әдебиет танытқыштағы» әрбір категорияның табиғатын ашу барысында бүгінгі әдебиет теоретиктерінің (В.Шмид, Е.Фарино, В.Е.Хализев, С.Н.Бройтман, Н.Д.Тамарченко, И.В.Силантьев, О.А.Клинг, Д. Каллер, В.И. Тюпа, С.Н.Зенкин т.б.) зерттеу әдістерін де назардан тыс қалдырмаған. «Еңбектегі сөз өнерінің мәнін көрсететін қысқа тұжырымдамада пән болмысының классикалық үлгісі жасалады: «Сөз өнері – деп жазады ғалым, — адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға, 2) қиялға, 3) көңілге» . Өнер жүйесіндегі  бастапқы үш негіз  құрамды осылай нақтылып алған соң, былайша ой қорытады: «Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау». Мұндай тұжырымдаманы (анағұрлым шектеулі түрде) алдымен әлемді көркемдік  тұрғыдан  түсіну әдісіне жатқызуға болады. В.В.Кожиновтың пайымына сүйенсек, әдебиеттанушы былай деп жазады: «К середине 20 в. утверждается <…> синтетическое понимание литературы как одной из форм художественного освоения мира, как творческой деятельности, которая принадлежит искусству, но вместе с тем является такой разновидностью художественного творчества, которая  занимает в системе искусств особое место; это отличительное положение литературы зафиксировано в употребительной формуле «литература и искусство».

Мәселенің екінші қыры – «сөз өнерінің»  рухани қызметі. Жоғарыда  айтылған «тану», «меңзеу» және көп жағдайларда «түю», «талғау»  сөздерінің аспектісі ең алдымен  рухани ұғымға жақын. Яғни, болмысты санамен түсіну: В.В. Кожиновтың айтуынша: «тіпті форманың қарапайым компоненттері де (эпитет немесе  метафора,  баяндау және диалог) түсіну кезінде ғана санаға қонбақ (сол күйінде қабылдау барысында емес)».  Осыған орай, ең бастысы «Духовность, насквозь пронизывающая литературу, позволяет ей развернуть свои универсальные, по сравнению с другими видами искусства, возможности». Сөз өнерінің  мұндай  саналы қасиеті  адамдардың іс-әрекеті және ойлары мен  мінездеріне  жалпы алғанда қатысты екенін кезінде Аристотель тайға таңба  басқандай атап көрсеткен.»[4, 19-б]. Одан соң  А.Байтұрсынұлының: »Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйгенін түйгенінше айтуға жарау»,-деген тұжырымына пікірін келтіреді. Онда бұл тұжырымның бізге түсінікті болып көрінгенімен, оның астарында қаншама ізденіс керек екенін тілге тиек етеді. Сонымен қатар, ғалымның сөзтуындаудағы психолингвистикалық проблеманы шеберлікпен көрсеткенін, соның өзінің аталмыш саладағы ұғым, түсініктерді терең сараптай алғандығын да назардан тыс қалдырмаған.

Жұмыстың «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесінің трактовкасы» атты үшінші бөлімінде толығымен «шығарма сөздің» бүтіндей семантикалық ерекшеліктері қамтылады. «Әдебиет  танытқыштың»  ең  басында  сөз  өнерінің  жалпы  теориясына  қатысты  келесі   бір  тәсіл  пайдаланылған: «Шығарманың екі жағы бар: 1) тысқы тіл жағы, 2) ішкі пікір жағы.Сондықтан сөз өнерінің ғылымы екіге бөлінеді: шығарманың тілінің ғылымы,  2) шығарманың түрінің ғылымы. Тілінің ғылымы дыбыстардың, сөздердің, сөйлемдердің заңынан шығатын тіл өңінің жүйелерін танытады, түрінің ғылымы сөз өнерінен шыққан нәрселердің мазмұн жағының жүйелерін танытады. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы шығарманың тіл өңі жағынан тіл я лұғат қисыны болып, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі болып бөлінеді». Бұдан шығатын түйін — Байтұрсынұлы ең алдымен шығарманың  семантикалық  құрылымына назар аударып отыр. Шығарманы мазмұндық жағынан  қара сөз бен дарынды сөз жүйесі деп бөлуі соның айғағы. Сонымен, «Әдебиет  танытқыштағы»   «Қара  сөз  бен  дарынды сөз  жүйесі»  деп  аталатын   екінші  тарауда асыл сөз теориясының  негізгі  белгілері тұтастай талданады. Ахмет Байтұрсынұлы тұжырымы бойынша, көркем  сөз – көпқабатты  құбылыс. Оның  құрамында сөздің  негізгі  теориялық басымдықтары  белгіленген: «Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз зейін тілі. Жалаң сөз зейін байлығына қарайтын нәрсе, көркем сөз қиял байлығына қарайтын нәрсе. Жалаң сөз дүниені тұрған қалпында алып айтады. Көркем сөз дүниені көңілдің түйген, қиялдың меңзеген әлпіне түсіріп айтады. Жалаң сөз айтқанын ақыл табуынша дәлелдеп, мәністеп, қақиқат түрінде айтады. Көркем сөз айтқанын қиял меңзеуінше бейнелеп, әләптеп, көбінесе ұйғару түрінде айтады, жалаң сөз дүниеде шын болған, шын бар нәрселерді әңгіме қылады».Зерттеуші: «А. Байтұрсынұлы  көркемдіктің негізгі  спецификалық   категорияларына  басты  көңіл  аударады. Яғни, тек ой желісіндегі көркемдіктің реттілігі ғана  ашылып  қоймайды, сонымен  қатар  олардың түпкі белгілері  («Көркем сөз – көңіл тілі»; «көркем сөз қиял байлығына қарайтын нәрсе ») яғни адам санасының көркемдік әлемді сезіну негіздері қатар түсіндіріледі. Мұның бір шеті адамның образды қабылдау бейімдігіне де қатысты («яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау»)  Мұның өзі бейнелеу категориялардың мәніне, санадағы бейнеге ұласады. Бұл тұрғыда Потебня еңбектеріне сілтеме жасауға болады. З.Фрейдтен  Э.Фромға  дейінгі бір топ психологтардың да көркем туынды мен түс көрудің жақындығы туралы көп жазуы тегін болмаса керек.»,-деген пікірге тоқталады.  Зерттеуші диссертацияның қорытынды бөлімінде Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» қазақ сөз өнеріндегі тұңғыш іргелі теориялық еңбек ретінде де, жеке әдеби мұра ретінде де толыққанды зерттеуді талап ететіндігін ашып көрсетеді.

Қорыта айтқанда, «Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттану ғылымы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбек. Ондағы барлық атаулар мен терминдер қазақ әдебиетінің түсінігіне сай келіп, оқырмандарға ыңғайлы жазылған. Сонымен қатар, бұл еңбектің әлі де жеке құндылық деңгейіндегі мұра ретінде зерттелуі керек екенін және ғылыми айналымға енгізілу қажеттігін айта кеткеніміз жөн.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «А.Байтұрсынов шығармалары».-Алматы:«Жазушы», 1989.

2.Ұ.О.Еркінбаев. «Әдебиет танытқыштың» теориялық негізі».-Алматы, 2008.

  1. 1.Р.С.Имаханбетова. Ғасыр саңлағы.-Астана:»Педагогика Пресс», 2010.
  2. Ұ.О.Еркінбаев. «Әдебиет танытқышты» бүгінгі әдебиеттану ғылымындағы орны».-Үркер-2010-№12.

 

 

Жансая СМАН

adyrna.kz

Мынаны да қараңыз

Нәзипа Құлжанова. Оның жеке іс қағаздары қайда?

Қазақ руханиятының тарам-тарам салалары біртіндеп зерттеліп жатыр. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы саяси-әлеуметтік оқиғалар мен тарихи ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *