Қостанай облысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 515 шақырым тас жол жөндеуден өтеді деп хабарлайды ҚазАқпарат «Ұлттық жол активтері сапасының орталығы» облыстық филиалының директоры Абылайхан Алшынбаевқа сілтеме жасап.
Елімізде 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстық және аудандық маңызы бар жолдар қалыпқа келеді. Бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылы республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтыламақ. Оның ішінде республикалық жолдардың 4 мың шақырымында құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі, 1,5 мың шақырымы толық жөнделсе, 4 мың шақырым жергілікті маңыздағы жол ретке келеді. Ал Қостанай облысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 515 шақырым тас жол жөндеуден өтеді.
«Жол саласына қатысты 350 жоба іске асырылып, 30,5 мың адам жұмыспен қамтылады. Бұл мақсатқа 680 млрд теңге қарастырылған. Мәселен, «Нұрлы жол» арқылы көптен бері тұралап қалған «Қарабұтақ-Қостанай» тас жолын жөндеу жобасы жанданады. Мердігер ұйымдар Рудный қаласынан Денисов ауылына дейін жол-құрылыс жұмыстарын жүргізуді жоспарлауда. Жолдың жалпы ұзақтығы 114 шақырымды құрайды. Аталған учаскеде жұмыс қызу жүріп жатыр, жер төсемінің құрылымы, жол қабатының сапалы төселуін біздің мекеме бақылауда ұстайды. Асфальтбетонды қоспаның және керннің сынамалары алынды. Олар келесі сынақтар үшін филиалдың сынақ зертханасына тасымалданды» дейді Абылайхан Алшынбаев.
Облыста былтыр ғана ашылған жол орталығы республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында үнемі тексеру жүргізіп отырады. Қазірдің өзінде 624 тексеру өткізіп, 593 ереже бұзушылықты анықтады. Зертханалық талдаудан соң жол құрылысында пайдаланылып жатқан 81 материалға тыйым салынды. Қазір осындай 28 сынама тексерістен өтуде.