«Биленбеген вальс»: жаныңа жылулық сыйлайды

Əскери жазушыдан кейін прозаға қалам тербеген тағы бір Бауыржанның жинағымен таныстық. Жуырда. 150 беттік шағын жинаққа қаламгердің бірнеше әңгіме, новелласымен қатар мысалдары да еніпті. Өзіміз ұнатып оқитын жасөспірімдер тақырыбы. Автор кітабына бір әңгімесінің атауын қойған екен – «Биленбеген вальс».

Әуелі «Қысқы орман» деген қысқа әңгімесін демде оқып шығып едік, іле «Жазда жауған бұршақ» новелласына бас қойып кетіппіз. Бұдан ары «Шортан», «Кие» туындыларына үңілдік. Сондай-ақ автордың «Бір түнгі жалғыздық», «Биленбеген вальс», «Етікші», «Ұялшақ махаббаттың ғұмыры ұзақ» сынды басқа да әңгіме-новеллаларын оқып шықтық. Ұнады. Оқырманды сендіріп қана қоймай, жаныңа жылулық сыйлайды екен. Бастысы, жалықтырмайды. Және бір айта кетерлігі, автор жасанды сөйлем құрап әуре болмайды, сондай-ақ, барынша қысқа жазуға тырысатыны көрініп тұр. Демде оқып шығасың. Бұл, әрине, жақсы тәсіл. Әйтпесе, көлдей шығармаларды оқып отыратын бүгінгі оқырманда, өздері айтпақшы, «уақыт жоқ». Қым-қуыт тірліктен бір босамайтын қарапайым халықтан «неге оқымайсың» деу де ыңғайсыз. Хош.

Әңгімелері алақандай болса да, айтар ойы мығым қаламгердің туындыларына, осылайша, сүйсініп отыр едік, сөйтсек, Бауыржан Ғұбайдуллин оқушы – бізді ғана емес, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерін де өз туындыларымен әлдеқашан тәнті етіп қойған екен. Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Дулат Исабеков, күні кеше ғана келместің сапарына аттанған Қажығали Мұханбетқалиұлы сынды қаламгерлер прозашы Бауыржанға – қаламы жүйрік журналистің көркем әдебиеттегі аяқалысына жоғары бағасын беріп үлгерген.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлы қаламгер інісінің шығармашылығына ерекше тоқталған:

«Қысқы орман» – таза классика! – дейді ол. – Бұл әңгіме – қысқы орманның нағыз классикалық образы. Қандай пәктік! Қандай тазалық! Қандай шынайылық! Қандай поэтика!».

Ал Мемлекеттік сыйлықтың тағы бір иегері, көрнекті жазушы Дулат Исабеков «…Бауыржанның ойы құнарлы, тілі нәрлі. Өз шығармаларын  жазатын тілді кемел меңгеру – қаламгерге ең керек қасиеттің бірі» деп жоғары бағалаған. Бұл пікірлерге де «Биленбеген вальс» жинағынан орын берілген.

Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Күнбала», «Жиһанкез Ақкербез» атты кітаптарын кезінде-ақ оқырмандары жылы қабылдағанын айта кету керек. Сондай-ақ кейбір дүниелері «Ақжелкен», «Балбөбекке бәсіре», «Қолтаңба» сынды жинақтарға енген.

«Зерде», «Ақ желкен», «Қазақ әдебиеті», «Алтын Орда», «Айқын» сынды республикалық газет-журналдарда қызмет істеген, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, осылайша, прозаның жалынан тартып, жып-жылы әңгімелерімен оқырмандарын қуантып жүр.

Автордың бір топ әңгіме-новелласын оқып шыққан соң, бірауыз пікір білдіруді жөн деп таптық. Вальс биленбесе, биленбесін, әдеби шығармалар оқылмай қалмасын. Біздің тілек – осы.

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *