Ашық хат: «Алло, Ахметов мырза! Сіз неге үндемейсіз?..»

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз тіркесі қазір жиі айтылады,  баспасөз бетінде де көп қолданылады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та әкімдерге «сендер халықтан жоғары емессіңдер, халыққа қалтқысыз қызмет етіңдер» деп ескертіп отырады. Бірақ осыны ескеретін де, тіпті ескермек түгіл, халықтың ұсыныс-тілегін, айтқан орынды пікірін қаперге алмайтын әкімдер де жетіп-артылады. Соның бірі – Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов.

Бұған дейін Федоров және Қостанай аудандарында басшылық жасап, біршама ысылған Ахметов Қостанай қаласының әкімі қызметіне тағайындалғанда облыс орталығының тұрғындары «Әп, бәрекелді! Меңдіқара ауданының қазақы ауылынан шыққан азамат қой, енді қаланың бағы жанатын болды. Ұлттық мүдде ескеріліп, әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз төрге озады» десіп қуанды. Сөйтіп, бұқара халық та, қалам ұстаған журналистер де өз ойларында жүрген ұсыныс-тілектерін ашық білдіре бастады.

Мен өткен жылдың жазында Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газеті арқылы Ахметов мырзаға ашық хат жазып, қаладағы Карбышев көшесінің атын өзгертіп, тарихи батыр тұлға, жерлесіміз Шақшақ Жәнібек есімін беру жөнінде ұсыныс жасадым. Мұны оқырмандар қуаттап, газеттің бірнеше санында пікірлер де жарияланды. Енді соның бірнешеуінің мазмұнын келтіре кетейін. Еңбек ардагері Қойшы Сәрсенгелдин  «Фельдмаршал Жәнібек генерал Карбышев көшесінде қашанғы тұрады? Батыр бабамызға өз алдына көше беретін уақыт жетті. Карбышевтың Қостанайға қанша қатысы бар? Ұлықтаса Ресей елі ұлықтай берсін. Біз өз тарихи санамызды жаңғыртып, өз батырымызды қастерлеп, келер ұрпақтың есінде қалдыруымыз керек»  деген еді. Мұндай пікірді қостай келе, Сұлтанғали Оспанов, Әкімбек Қажы, тағы басқа оқырмандар «қажет болса, Торғай-Тобыл өңірінің халқы арнайы есепшот ашып, қаражат жинап бере алады» деп мәселенің шешімін де айтты.  Міне, содан бері жылға жақын уақыт болды. Не сіз, немесе сіздің аппаратыңыз бұл мәселеде жұмған аузын ашқан жоқ. Сыпайылықпен мақала авторына болмаса редакцияға жазбаша жауап беруге болар еді ғой. Әлде сіз облыс әкімдігінің үнпарағы болып есептелетін «Қостанай таңы» газетін мүлде оқымайсыз ба? Орыстілді басылымдар бір ауыз сыни пікір жазса, оған жедел жауап беретін сіздің баспасөз хатшыңыз бен ішкі саясат бөліміндегілер «әй, қойшы, сенің сөзің кімге керек» деп қазақ газетін менсінбей жүр ме? Егер олай болса, ұлттық іске, ұлттық басылымға деген керенаулық пиғыл қайдан пайда болған? Өз қағынан жеритін құлан сияқты сіз ұлт игілігі жолындағы істен безініп, анатілді басылымда айтылған қоғамдық пікірді елеусіз қалдыруға қалай дәтіңіз барды? Әлде сіз Шақшақ Жәнібек батырға көше атын беруге түбегейлі қарсысыз ба? Айдаладағы генерал Карбышевқа неге таскенедей жабысып, айырылмай отырсыз?

Осы мақаланы жазу барысында мен Жәнібек батырға көше атын беру жөнінде бастамашылық жасап жүрген топ жетекшісі, бұрынғы аудан әкімі, белгілі қоғам белсендісі, іскер азамат Рахым Жұмағұловпен пікірлестім. Ол: «Не бәлесі бар екенін білмеймін, қала басшысы Ахметов Жәнібек батырға келгенде қырық түрлі сылтау айтады. Көше халқының келісімі керек, қаражат жоқ, мораторий бар дегенді үнемі алға тартады», – деп ренішін білдірді.

Қайрат мырза, сіз күні кеше Гагарин көшесін Назарбаев даңғылы, Герцин көшесін Қобыланды батыр, Таран көшесін Тәуелсіздік, Гвардейская көшесін Гагарин, Авиационныйды К.Дөненбаева деп өзгерткенде қай қазақпен, қай орыспен ақылдастыңыз? Ақшаны қайдан таптыңыз? Енді келіп жоғарыдағыдай көлгірсудің себебі неде? Шекспир айтқандай, «Қоғамдағы ұлы қасірет адамның екіжүзділігінен басталады» демекші, сіз бұл жерде ақиқаттан ауытқып отырған жоқсыз ба? Болмаса әлдеқашан сүйегі қурап қалған батырмен бас араздығыңыз бар ма?

Республика оқырмандарына түсінікті болу үшін Шақшақ Жәнібек кім деген сауалға жауап бере кетейік. Шақшақ Жәнібек – Абылайды хан көтергенде Орта жүз батырлары атынан бата берген, аты алты Алашқа белгілі батыр, мәмілегер. Тобыл-Торғай өңірінің тумасы, халқына, ұлтына сіңген еңбегі ұшан-теңіз. Жампоз жырау Бұқар бабамыздың тілімен айтсақ:  «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақ ұлы Жәнібек, Ормандай көп Орта жүз, Содан шыққан төрт тіректің бірі» болған Шақшақ Жәнібек. Ол ХVІІ ғасырдың соңы мен ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген баһадүр. Қазақ зиялылары мен батырлары арасында тұңғыш «Тархан» атағын алған адам. Тархан – Ресей әскери басшыларына берілетін «фельдмаршал» дәрежесімен тең әскери шен. Патша оны батырға Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы күрделі, даулы мәселелерді оңтайлы шеше білген мәмілегерлігі үшін берген.

Батыр есімін қастерлеп, мәңгі есте қалдыру мақсатында осыдан үш-төрт жыл бұрын жерлестері қаражат жинап, академик, марқұм Кенжеғали Сағадиевтің бастамашылығымен Қостанайда көрнекті ескерткіш тұрғызылды. Ол көше генерал Карбышев атында болатын. Сол жолы кейін көше атауы өзгертіліп, Шақшақ Жәнібек аталады деген сөз де айтылған еді. Алайда сол сөз күйінде қалып, мәселе әлі күнге дейін шешілмей келеді. Соған байланысты, құрметті Ахметов мырза, мен сізге екінші рет республикалық басылым арқылы ашық хат жазуға мәжбүр болып отырмын.  Тұлғаға көше атын беру – сән емес, мән. Ал түсінген адамға мәнінің мазмұны мынау: батыр бабамыздың ескерткіші тұрған жерден өзінің атындағы көшенің басталуы оған деген құрметтің зорлығын дәлелдеп, мәртебесін өсіреді. Өйткені көше атауының берілуі – жариялылықтың озық үлгісі, есте сақтаудың таптырмас тәсілі. Көшеде жүретін қоғамдық көлікте, адамдар арасындағы өзара әңгімеде батыр есімі жиі айтылатындықтан, жастардың есінде берік сақталады. Ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Сондықтан барды бағалай білу, құндылықты қастерлеу сіздің ел сенім артқан әкім, азамат ретіндегі парызыңыз болмақ. Біз әлі де сіз сол парыз биігінен көрінеді, мәселені дұрыс шешеді деп үміттенеміз.

Серік ШАЙМАН

zhasalash.kz

фото: ашық дереккөз

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында аралас мектепте қазақ тіліне қарсы арандатушылар шықты (ВИДЕО)

Қостанай қаласының іргесіндегі Мичурин ауылындағы аралас мектепте қазақ тіліне қарсы арандатушылар шықты. Олар бір топ ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *