Қостанай облысы халық санағын жүргізуге қызу дайындалып жатыр

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов КВИ таралуына жол бермеу бойынша жедел штабтың кезекті отырысын өткізді. Штаб отырысы барысында Қостанай және Рудный қалаларының әкімдері баяндама жасап, мониторингтік топтардың жұмысы қаралды деп хабарлады tobyl-torgai.kz, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мониторингтік топтар 2021 жылғы 1 наурыз бен 22 мамыр аралығында 7 443 рейдтік іс-шара өткізді, онда карантиндік шараларды бұзудың 531 фактісі анықталды. Өкінішке қарай, жұқтырғандар санының өсуі байқалады.
Мысалы, соңғы аптада КВИ жұқтырудың 256 жағдайы тіркелсе, ал өткен аптада 186 жағдай анықталған, яғни ауру 37%-ға өскен. Салдарынан 18 мамырдан бастап облыс «жасыл аймақтан» «сары аймаққа» ауысты.
Бүгінгі күні облысқа вакцинаның бірінші компонентінің 101 мың дозасы және екінші компонентінің 70 мың дозасы жеткізілді. 2021 жылдың 22 мамырына арналған статистикаға сүйенсек, барлығы 79 698 адам вакцинацияланды, оның ішінде 29 910-ы екінші компонентті алған.
Қазіргі таңда «Ashyq» жобасына қатысу үшін облыс бойынша 268 өтінім берілді. Өңір басшысы қала және аудан әкімдеріне осы бағыттағы жұмысты күшейтуді, сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ селекторлық кеңес барысында 2021 жылғы Қазақстан Республикасындағы Ұлттық халық санағы туралы мәселе қаралды. Үкіметтің 2020 жылғы 16 қыркүйектегі 587 қаулысына сәйкес халық санағын өткізу 2021 жылғы 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі кезеңге жоспарланған.
Санақтың мақсаты – демографиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша аймақтық, ұлттық және халықаралық деңгейлерде статистикалық деректерге пайдаланушылардың ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған сенімді ақпараттың толық кешенін алу. Халық санағы 10 жылда 1 рет жүргізіледі.
Санақты онлайн режимде интернет желісін пайдалана отырып, өзін-өзі толтыру әдісімен және офлайн режимде планшеттер арқылы сұрау әдісімен жүргізу жоспарлануда. Екі әдіспен де азаматтар өздері үшін және отбасының барлық мүшесі үшін санақ парақтарының сұрақтарына жауап бере алады.
Интернет-сауалнама мамандандырылған www.sanaq.gov.kz сайтында 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін жүргізіледі.
Ұлттық халық санағын дайындауға және өткізуге байланысты ұйымдастыру мәселелерін шешу үшін облыста, аудандар мен қалаларда ұлттық халық санағын өткізуге жәрдемдесу жөніндегі комиссиялар құрылды. Өңірлік жоспар бекітілді, оған сәйкес алдағы санаққа дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Интервьюер ұлттық санақ жүргізу кезінде өзімен бірге: фотосуреті бар интервьюер куәлігін, арнайы киім-кешек, портфельді, планшетті, санақ логотипі бар көк түсті шарфты, фонарь мен ысқырықты алып жүруге міндетті.
Халық арасында сауалнама жүргізу үшін 1303 планшет берілді. Санақ аяқталғаннан кейін планшеттер Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктеріне және жергілікті атқарушы органдарға қайтарылатын болады.
Халық санағы кезеңінде тікелей уақытша санақ персоналы тартылады — 1553 адам. Пайдаланушылар үшін халық санағының қысқаша қорытындысы биыл желтоқсанда дайын болады.
Кеңес қорытындысы бойынша Архимед Мұхамбетов қала мен аудан әкімдеріне ұлттық халық санағын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын бақылауды тапсырды.
фото: дереккөз

 

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...