Қостанай облысында мал азығын әзірлеу науқаны кезінде күрделі мәселелер туындап тұр деп хабарлайды ЭК.
Биыл Арқалық қаласына қарасты ауылдық округтерде өрт өте көп болды. Жаз басталғалы 10 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің шөбі түгел жанып кетті.
«Дала өрті, әсіресе, Қайыңды, Жаңақала, Екідің, Ашутастының аумағында өршіді. Бұл елдімекендердің негізгі күнкөрісі төрт түлік. Шабындығы түгелімен өртеніп кеткен шаруашылықтар да бар. Олардың мәселесін әкімдік деңгейінде қарастырып, Амангелді ауданынан бос жатқан жерлерді шабуға рұқсат алдық. Келісім жасалды«, — дейді Арқалық қалалық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Құлетов.
Осылайша, қысқы азықты қамдау үшін арқалықтықтарға «алыстан арбалауға» тура кеп тұр. Бұл қосымша шығын әкелгенімен мал басын аман сақтаудың одан басқа жолы жоқ. Қазіргі таңда шалғайдағы шабындықтарға 8 трактор жіберіліп, 200 тонна көлемінде шөп әзірленген. Шөп шабу әлі тоқтаған жоқ.
Сондай-ақ, тағы екі кәсіпкерге қала маңындағы елді мекендерге арзан шөп жеткізу міндеттелген. Келісім бойынша олар көрші ауданнан 5 мың теңгеден алынған шөптің бір орамасын Арқалықтың тұрғындарына 8 мың теңгеден сатуы тиіс.
Ал әлеуметтік желілерде 300-350 келілік ораманы 10 мың теңгеден саудалап жатқандар бар.
фото: ашық дереккөз