Торғайлық бойжеткен республикалық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды

«Assyltas» қоғамдық қоры ұйымдастырған «100 өлең» республикалық байқауынының қорытындысы шықты. Торғай өңірінің тумасы, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп түлегі Жанмұрат Ақерке Жанмұратқызы (Есенқызы) жеңімпаз деп танылып, Lada Granta көлігіне ие болды деп хабарлайды tobyl-torgai.kz.

Қуанышты жаңалықты Абай Қасым есімді Фейсбук қолданушысы бөлісті.

«Құрметті торғайлықтар, сүйінші хабар! Алматы қаласында бүгін алты сағатқа созылып өткен
республикалық 100 өлең байқауының бас жүлдесін Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің түлегі Жанмұрат Ақерке Жанмұратқызы (Есенқызы) иеленді! Бас жүлдеге темір тұлпар алды! Құтты болсын!» — деп жазды ол.

Айта кетейік, биыл бұл байқауға қатысуға 433 адам өтініш беріпті. Шарт бойынша, байқауға өтінім бергендер 10 наурыз бен 20 маусым аралығында ұйымдастырушылар топтастырған қазақ ақындарының 100 өлеңін  жаттап үлгеруі тиіс. Сол күні Zoom платформасы арқылы өтетін сайыста, қазылардың алдында жаттаған өлеңдерін мүдірмей айтып беруі қажет. Ал сол конференцияда іріктелген кіл мықтылар республикалық байқауға жолдама алады.

«Республикалық байқауға осынша адам өтеді деген шектеу жоқ, лайықтының барлығын өткіземіз. Қазір өтініш білдіргендер көп болып тұр. Бірақ, олар 100 өлеңді жаттай алмай немесе жаттағанын ұмытып, орта жолда қатысудан бас тартатын болады. Біздің болжаммен республикалық байқауға шамамен 25 адам өтетін шығар» , – дейді қоғамдық қордың жетекшісі Рауан Оқас.

Рауан Оқастың айтуынша, Ұлықбек Есдәулет, Жүрсін Ерман сынды ақындар бастаған қазылар алқасы ақтық сынға шыққандарға ұсынылған 100 өлеңнің кез келген жолын айтып, әрмен қарай іркіліссіз жалғастыруын сұрайды. Осындай сынақтардан мүдірмеген екі адам финалға шығады.

Ұйымдастырушылар бас жүлдеге Lada Granta автокөлігін тігіп отыр. Дегенмен,  финалға өткен барлық қатысушы сыйлықсыз қалмайтын көрінеді. Екінші және үшінші орын иеленгендерге де қомақты сыйлық беріледі.

Жобаның мақсаты – қазақ ақындарының өлеңдерін барынша насихаттау. Ұйымдастырушылар, сайысқа қатысушылар 100 өлеңнен жаттау арқылы, бұл мақсатты орындайды деп есептейді. Қазақ ақындарының еңбегі мен көркем сөз оқушыларын қолдауға бағытталған байқау келер жылы да жалғасын табады.

Ұйымдастырушылар болашақта бұл байқауды телевизиялық жобаға айналдыруды көздеп отыр.

 

фото: Абай Қасым

Мынаны да қараңыз

Көшбасшы: Қостанай облысында жол-көлік оқиғаларының саны 150 пайызға көбейген

Қостанай облысы Қазақстандағы жол-көлік оқиғалары (ЖКО) санының өсімі бойынша көш бастап тұр, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *