Тағы да Орталық-Батыс жолы туралы

Ел Президенті Өзінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік.» деген еді. Біз – зиялы қауым болсын қарапайым халық болсын Президентіміздің еліміздің дамуы жолындағы жасап жатқан істерін әрқашан қолдаймыз және алдағы уақытта да қолымыздан келгенше жәрдемдесе береміз деп сендіргім келеді.

Аталған Жолдауда Мемлекет басшысы: «Өңірлік саясатта әлеуметтік-экономикалық дамудағы теңсіздікті азайтуға айрықша мән беру керек. Әр аймаққа тән міндеттерді жалпыұлттық басымдықтармен дұрыс ұштастыра білу қажет.» деп басымдық берген болатын, Жолдаудың маңыздылығын өте жақсы түсінеміз.

Бұл ретте, Қазақстанның солтүстік-батысында орналасқан, географиялық жағынан орталық, алайда Ресейдің 4 бірдей өңірімен шектес, шекаралық маңызды зор Қостанай облысы, атап айтқанда оның Торғай жері туралы, аймақтың дамуы мен болашағына қатысты ойымды білдіруге рұқсат етіңіздер.

Қазіргі Қостанай облысының құрамындағы Арқалық қаласы, Амангелді және Жанкелдин аудандары Торғай өңірін құрайды. Әрине, аймақтың тарихи және географиялық аумағы бұл екі аудан мен бір қаладан да үлкен кеңістікті қамтиды.

Тарихты әріден қозғасам, кезіндегі он тоғыз облыстың үшеуі жабылып, халық әрі-сәре күйге түскенде Торғай облысының орталығы Арқалық қаласы бомба түскендей болып, халқы жан-жаққа қашты. 1989 жылы Арқалық қаласының халқы 62 367 адамды құраса, 2021 жылы қала халқы бар болғаны 25 000 адамды құрады, әрине, қала іргесіндегі ауылдардың, дұрысы орталығы Родина кенті болған бұрынғы Арқалық ауданының халқын қосқанның өзінде 41 371 адам болды. Бұл санның өзінен-ақ қала халқы санының қаншалықты кемігенін көреміз, бұл ретте, Жанкелдин және Амангелді аудандары халқының бір бөлігінің Арқалыққа қоныс аударғанын ескеруіміз қажет.

Жанкелдин және Амангелді аудандары демекші, аталған аудандарда қазіргі күні тиісінше 12 251 және 16 475 ғана адам тұрады. Сонда, өңірде бар болғаны 70 097 адам қалды деген сөз.

Енді, осындай аумақты алып жатқан Еуропадағы Бенлилюксте (Бельгия, Нидерланд және Люксембург мемлекеттері) 28 365 937 халық тұратынын ескерсек, айырмашылық жер мен көктей болғанына көз жеткізе аламыз.

Сондықтан, мемлекет жетімнің күйін кешірмей, бұл өңірдің жағдайын ойлауы керек. Кешенді бағдарлама ма өңірлік бағдарлама ма, әйтеуір аймақтың болашағы бұлыңғыр болмауы тиіс!

Өйткені, Торғай жері Қазақстанның солтүстік аймақтарының бірі Қостанай облысы аумағына кіргенімен, облыстың оңтүстігінде орналасып, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды және Ақмола облыстарымен шектеседі, тіпті бұл өңір ел үшін стратегиялық маңызды аймақ десек те болады.

Өкінішке орай, жердің шалғайлығы, экономикалық әлеуеттің әлсіздігі аймақ тұрғындарының ертеңгі күнге алаңдаушылығына алып келіп отыр.

Бұл жерде мынадай екі мәселеге тоқталуымыз керек.

Бірінші, Арқалық қаласы моноқала және боксит кенішіндегі руда таусылды, енді, қала тұрғындарының жағдайы не болмақ? Қазірден бастап қолға алмасақ, бұл проблема таяу болашақта әлеуметтік шиеленіске алып келуі мүмкін.

Екінші, шалғайдағы Амангелді және Жанкелдин аудандарының да экономикалық дамуы бәсеңдеп, қалған жұрттың өзге жаққа қоныс аударуына алып келмей ме?

Өйткені, «туған жер, туған ел» деп қанша әспеттесек те, жағдайы жоқ, жолы жоқ елді ұстап тұра алмаймыз.

Жол мәселесін тағы жалғастыратын болсақ, болашақта аймақ арқылы «Орталық-Батыс»деп аталатын жол түсуі мүмкін, ол жол түскен жағдайда Нұр-Cұлтан мен Арқалық қалаларының арасы 611 шақырымнан 200 шақырымға қысқарып, бар болғаны төрт жүз шақырымды құрар еді, ал, Арқалық-Торғай жолы одан әрі ұзарып, Ақтөбе облысы мен Қостанай облысы арқылы жол түсіп, еліміздің батысы мен солтүстігі және орталығы тікелей байланысар еді. Және, ең бастысы Қостанай облысының оңтүстік аудандары тұйықтықтан құтылып, өңір экономикасының дамуына тың серпін берер еді. Жол дегеніңіз қысқаша айтқанда логистика, күнкөріс, қарым-қатынас күшейіп, оқшаулықтан құтылып, жергілікті жердің экономикасына сырт кәсіпкерлері де инвестиция салар еді. Әрине, бұл жерде мемлекет пен бизнестің әріптестігі керек.

Дегенмен, бұл жол, яғни, Нұр-Сұлтан-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Ақтау жолының түсуіне ынталы еместер де бар.

Ол туралы таратып айтайық. Қазақстандағы биоалуандықты сақтау қауымдастығының айтуынша егер, жол түсетін болса, онда киіктердің өту жолына кедергі болады екен-мыс. Әрине, дала еркесі киіктердің сақталып қалуына біз де мүдделіміз, бірақ, бұған дейін айтылғандай Еуропаның үш мемлекетінің аумағын құрайтын өңірді жолсыз қалдыру қай жағынан алсақ та ел үшін де, оның экономикасы үшін де тиімсіз. Жалпы, және киіктер бұған дейін де даламызды еркін шарлап жүр. Оған тағы Торғай жерінде «Алтын Дала» резерватының құрылуы оң нәтиже берді. Айтқандай, «Алтын Дала» резерватының «Ұлы Жыланшық», «Сарықопа» және «Тосынқұм» учаскелерінің жерінде бұрындары көптеген елді мекендер мен кеңшар жерлері болатын. Өкінішке орай, аталған аймақ халқы тоқсаныншы жылдары босып, кейін бос қалған жерлер резерватқа берілген болатын.

Ендігі кезек, табиғат пен адамдардың бірге өмір сүруі мен үйлесімділігінде емес пе, ал «Қазақстандағы биоалуандықты сақтау қауымдастығы» бұрын белсенділігін неге көрсетпеді деген заңды сұрақ туындайды.

Өкінішке орай, стратегиялық маңызы зор бола тұра Торғай жерінің дамуы кенжелеп қалып отыр.

Өңірдің ел дамуында астықпен, мал шаруашылығымен, болашақ пайдалы қазбаларымен мемлекетіміздің дамуына рөлі зор болар еді.

Алайда, өңір үшін аса маңызды Орталық-Батыс жолы әртүрлі сылтаулармен түспей, аймақ халқын алаңдатып қана қоймай, оның дамуына кедергі келтіріп отыр.

Өздеріңіз білетіндей Торғай – ұлт ұясы. Былтырғы жылы 180 жылдығы аталып өткен Ыбырай Алтынсариннің, биылғы жылы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтейін деп отырған ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойында елдің еңсесі көтеріліп қалады деген үмітіміз бар.

Дей тұрғанмен, аймақ дамуы үшін аса маңызды Орталық-Батыс жолы (Нұр-Сұлтан – Жантеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ақшығанақ – Ырғыз – Шалқар – Қандыағаш – Доссор – Бейнеу — Ақтау) туралы толығырақ баяндауға рұқсат етсеңіздер.

Қазақстанның астанасы мен Ақмола облысын Қостанай облысының оңтүстік аудандары арқылы еліміздің батыс өңірімен байланыстыратын жолдың стратегиялық маңызы бар. Бұл жол Торғай аймағы халығы үшін аса қажетті және еліміздің орталық һәм солтүстік бөлігін еліміздің батыс бөлігімен байланыстырар еді.

Жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, Автомобиль жолдары комитеті мен «Қазавтожол» ҰК» АҚ жол жобасын ұсынған еді, алайда, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының пікірі шалғайдағы аймақ халының өркениет көшінен қалмауына өкінішке орай кедергі болып тұр.

Айналып келгенде қазіргі күні саны 1 миллионға жеткен киіктер үшін туған жеріміздің бір бөлігін босатып бердік, онда «Алтын дала» және «Торғай-Ырғыз» резерваттары құрылған, ал, ол жерлерде ата-бабаларымыздың зираттары қалды. Әрине, киікке қарсылығымыз жоқ, бірақ, жануарлардан бұрын адамдарды ойлауымыз керек деп санаймын!

Мәселенің байыбына бармай, «ойбай киікті қорғайық» деген бір басқа да, сол киіктің саны азаюына кім кінәлі дегенге басқа қырынан қарап көрейік. Бұрын КСРО кезінде осы аталған өңірде (Торғай, Ақмола, Қарағанды, Жезқазған облыстары) 2 млн. киік болатын. Ешкім киелі аңды ауламайтын, тек Мәскеуге тікұшақпен ауланып, еті жіберілетін. Ал, қазір жүздеген киікті қорғаушы, үш қорық (Алтын Дала, Торғай-Ырғыз, Қорғалжын) бар, бірақ, нәтижесі жоқ, тағы киікті ауларушылар лауазымды кісілер. Ең бастысы киікті «қорғаймыз» деп халықты ұмытып кеттік. Ал, киікті қорғайтын жоғарыда айтқандай үш қорық бар.

Торғай атырабының жұрты Орталық – Батыс күре жолының бағытын өзгертуге түбегейлі қарсы. Қазақстандағы биоалуандықты сақтау қауымдастығы автомагистраль Торғай даласы арқылы өтсе, киіктердің өсімі күрт төмендейді деп мәлімдеген болатын. Алайда осы жолдың салынуын ондаған жылдар бойы күткен жергілікті жұрт мұндай уәж мүлде қисынсыз деп есептейді.

Орталық – Батыс тас жолына шамамен 1 миллиард АҚШ доллары жұмсалмақ еді. Қаржыны Бүкіләлемдік даму банкі бөлгелі отыр. Жоспарға сәйкес, жобаның басталу уақыты – 2017 жыл болатын, өкінішке орай бұл жоба сол қалпы «жабулы қазан» күйінде қалып отыр.

2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына да кірген болатын, өкінішке орай аймақ халқының мұң-мұқтажын білмей, кейбіреулер аймақтың артта қалуына себепші болып отыр.

Елордадан басталып Арқалық арқылы Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласына дейінгі учаскесінің ұзындығы 1273 шақырымды құрайды. Оның 80 пайызы бүгінгі күні бар жолдармен өтеді. Бекітілген жол жобасын қаржыландыру үшін 480 млрд теңге қажет. Дәліз салынса, Батысқа апаратын жол 300-350 киллометрге дейін қысқармақ. Арқалық қаласы елордадан 396 км, Торғай кенті 680 км ғана болады да Қостанай облысының жартысын алып жатқан Торғай жеріне жан бітіп, бірден үш мәселені шешер еді:

— бас қаланы астық, мал өнімдерімен қамтамасыз ету жеңілдейді;

— жол арқылы еліміздің орталық, солтүстік және батыс өңірлерінің аралықтары қысқарып, тауарларды Ресей арқылы айналып емес, өз жеріміз арқылы тасымалдау оңай болар еді;

— соңғы жылдары халық саны күрт азайған (1990 жылдары Қостанай облысында 1,5 млн. халық түрса, содан қазір 850 мың ғана халық қалды) өңір халқы тұрақтап, туризм саласы да дамитын еді;

— стратегиялық, шекаралас аймаққа жан бітіп, шекарамыз бекиді.

Құрылыс жұмыстарын 2021 жылы бастап, 2025-ші жылы толық аяқтау көзделгенмен әртүрлі сылтаулармен жұмысы басталған жоқ.

Орталық-Батыс жолының (Нұр-Сұлтан – Жантеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ақшығанақ – Ырғыз – Шалқар – Қандыағаш – Доссор – Бейнеу — Ақтау) салынуына ел халқы мүдделі, тек билік құлақ асса екен деген тілек.

 

Мақала авторы — Амандық Қорғанұлы

Мынаны да қараңыз

Құмар Ақсақалов ертең Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Сапар барысында ...