Біздің санамыздан талай жыл «алашордашылдар, «бай-құлақтар», «жапонның шпионы» және т.б. теңеулермен жазықсыз асып-атылған, жойылған интеллигенциямызды өшіртуге тырысты. Бірақ, халық жады мықты екен.
Басқасын білмеймін, кішкентай кезімізде үлкендер есік-терезені тұмшалап жауып алып, белгісіз өлең жолдарын айып отыратын еді.
Мектепке бармаған кезім, әкемнің:
«Айнаның қарсы алдына Маймыл барып,
Айнада өз суретін көре салып,
Аюға жанындағы күліп айтты,
Ақырын аяғымен түртіп қалып:
«Бері қара!
Бұ кім өзі мынау перің?
Білмеймін қайдан шыққан мұндай көрім?
Он екі мүшесінің бірі оңды емес,
Көз салып қарап тұрсам әрбір жерін.
Мен бұған титтей ғана ұқсас болсам,
Ішіме пышақ салып өлер едім.
Ол рас бесеу-алтау бар екені
Кейіпсіз нақ осындай бөлелерім».
«Маймылжан, біраз ғана етсең төзім,
Менің бар жалғыз ауыз айтар сөзім:
Әуре боп бөлелерің санағанша,
Абайлап қарашы әуел өзіңе өзің!»
Аюдың бір ақылы айтқан досқа,
Бір жүріп, бірге тұрған көңіл қосқа,
«Алды жөн адасқанның» деген сөз ғой,
Тыңдаусыз, құр далада қалды босқа.
* * *
Мысалы, адам — Маймыл, өлең —
Өлеңді түсінгенге бар көп пайда.
Айтылған өлеңдегі мінін көріп,
Түзейтін мінез-құлқын адам қайда?
Айна,
Біреудің мінін айтса өлеңшілер,
Мәз болып, тыңдағандар қарқ-қарқ күлер.
Болса да нақ со міндер өз басында,
Деп айтар: «Секілді екен пәленшелер».
Мен талай көргенім бар осындайды,
Өз мінін кім аңғарып, абайлайды?
Мәселен, бидің жеген парасын айт, —
Көрсетер, көзін қысып, ауылнайды.» деген өлең жолдарын айтып отырғаны есімде сақталып қалыпты.
Ахаңның өлеңдерін (аудармаларын, мысалдарын, тіпті халық әні деп біздің апамызға арналған «Іңкәр» атты әнін) осылай жаттап өстік, бірақ, сыбырлап қана айтатын едік.
Жалпы, біздің туған жеріміз Торғайдың кез келген ауылында осындай жайт болды десем артық айтқандық емес.
Дәл Ахмет Байтұрсынұлындай, яғни, Ахаңдай ұлт мүддесіне жұмыс істеген адам жоқ шығар. Бір өзі бір академия десек қате айтқандық емес, жазу-сызуымызды, яғни, әліпбиімізді ретке келтіріп, оның қазақ жерін түгендеудегі еңбегінің өзі неге тұрады?!
Құдай қалап, осы жылы Ахаңның мерейтойының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмекші, дегенмен, Ахаңдай тұлға қай құрметке де лайық.
Қуанатынымыз Ахаң туралы фильм түсірілді, әрине, Ахаң елінің тумасы болған соң, былай болса екен, дұрыс болса екен дейсің. Әрине, Айсәуле қарындасымызға пікірімізді білдірік те, мәселе сынау емес, жанашырлық қой. Құдай қаласа, «Хабар» арнасы да Ахаңа бір фильм арнамақшы, сабақты ине сәтімен болсын демекпін.
Әрине, Ахаңа қатысты қуанышты жайттар көп.
Бірінші, бұдан бұрын жазғанымдай Ахаңа қатысты ұйымдастырушылық топ жиынын өткізіп, белсенділігін арттырмақшы.
Екінші, Ахаңа арналған қор құрылмақшы. Исі қазақ одан тыс қалмайды деп сенемін.
Үшінші, Ахаңа қатысты шаруаларға Парламент депутаттары – Алтынбек Нұхұлы, Берік Әбдіғалиұлы, Қазыбек Иса, Дана Нұржігіт, Айдос Сарым, Ерлан Сайров та кірісіп жатыр.
Төртінші, Үкімет тарапынан іс-шаралар жоспары жасалып, ол бойынша Ахаңның туған облысы мен ауданы Қостанай өңірі және Жанкелдин ауданы да жауапкершілікті түсіне білгендей.
Дегенмен, менің ойымша аты аталып, түсі түстеліп жатқан істерге мынадай шараларды қосу керек деп санаймын:
— бас қалада Ахаңның жеке асқақ тұлғалы ескерткіші керек-ақ;
— Ахаңның жолдасы Бәдрисафаның махаббат пен құрмет белгісіндей екеуіне арналған ескерткіші Нұр-Сұлтан қаласында тұрса қандай жарасымды болар еді;
— астанамызда Ахаңның атындағы кешен жұмыс істесе қалай керемет болар еді;
— әрине, әр облыс орталығы мен ірі қалаларда оның атындағы мектептер мен көшелердің жетіспейтіндігі шындық;
— Торғай шаһарында Ахаң ізімен жүрушілер (жалпы, Ахаңнан өзге қазақ руханияты үшін Торғай жері талай ұл-қыздарын дүниеге алып келді ғой) үшін жеке музеймен қоса, сапар орталығы болса кәні?
— облыс, республика орталығынан алыс жатқанымен, өңірге барушылар жылдан жылға көбейіп жатыр, шынын айту керек оған өзіміз де ат салысып жүрміз, ол үшін Арқалық қаласынан да бір сапар орталығы керек-ақ. Жалпы, республикалық дестинация үшін Торғай өңірі қай жағынан да қолайлы, Торғай геоглифтері дейміз бе, аңшылық-балықшылық, этнотұрмыс, бастысы Ахаңдардың ізі қалған қасиетті мекен ретінде «ұлылар ізімен» саяхатын жалғастыруға болады. Ол үшін Мәдениет және спорт министрлігі (туризм саласы министрлікке бағышты) мен облыстың Мәдениет, Туризм басқармалары ден қоюы керек;
— туризм демекші Ахаң ауылы да ішкі туризмнің нақты мекеніне айналып отыр, қазіргі күннің өзінде Ахаң ауылынан 20 шақырым жердегі Қаратұзға жылына 5000 адам барады, яғни, бұл жерде бірінші, Ахаңның кешенін салып, Жидебайдағы Абай атамыздың кешеніндей істеп қойса, баратындар саны тіпті көп болар еді әрі, жанында «Алтын Дала» резерваты тиіп тұр. Жанында тағы Ахаң талай шомылған Ақкөл мен ыстық су да бар. Сыртында оғыз дәуірінің ескеркіші Сырлытам тағы тұр. Бастысы ынсап пен талап болса жеткілікті.
Алайда, Ахаң ауылына жету қиямет-қайым. Себебі трассадан Ахаң ауылына дейін 100 шақырым жолдың күйі еш сын көтермейді.
Әрине, Ахаң мерейтойы өз деңгейін өтеді деп сенемін, дегенмен, жолдан тысқары, тұрмысы қиын Торғай жұртын да ұмытпайық!Айтқандай, Ахаң ата-бабалары қорымы қоршалса жөн болар еді тағы!
Суретте: Ахаңның Ақкөлі, осыдан бірнеше жыл бұрын Ахаңның туған жеріне арнайы сапар жасаған едім.
Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ,
Фотоға түсірген — Жәнібек АЯНБАЙ