Президент Рудный қаласының тұрғындарымен кездесті

Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапары барысында, ең алдымен, Рудный қаласындағы жылу құбырының жарылу салдарымен танысып, қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы өңір басшылығының баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды tobyl-torgai Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

Қала әкімі Қуандық Испергеновтің айтуынша, қазіргі уақытта құбырлар ішінара қалпына келтірілген. Сондай-ақ топырақ төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әкім жақын арада қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталатынын мәлімдеді.

– Жалпы, еліміз бойынша да, осы облыста да жылу құбырлары апатты жағдайда тұр. Жағдай өте ауыр. Үкіметке бүгіннен бастап, әсіресе, көктем және жаз айларында қысқы жылыту маусымына мұқият дайындалуды тапсырамын. Бұл – атқаратын басты міндет, себебі мұны созбалаңға салуға болмайды. Желілердің тозу деңгейі өте жоғары, 70, 80, кейбір жерлерде тіпті 90 пайызға дейін жетеді. Осы жұмыстармен айналысу қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жылу құбырының жарылуы салдарынан зардап шеккен Рудный тұрғындарымен кездесу барысында азаматтардың өміріне бұлай қауіп төндіруге болмайтынын айтты. Президент Қостанай облысы мен қала басшылығына жағдайды жедел қалпына келтіруді тапсырды.

– Құбырдың жарылғаны туралы хабарды тексеру үшін арнайы келдім. Жаңа ғана Үкіметке, облыс пен қала әкімдеріне осы мәселемен айналысуды тапсырдым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкіметке Рудныйдың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үйлерге жылудың қайта берілгенін өз көзімен көру үшін Рудный тұрғындарының бірінің шақыруымен оның пәтеріне барды. Қала тұрғыны Олеся Геря жылу беру жұмысын жедел атқарғаны үшін барлық қызметкерге алғысын айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа барлық коммуналдық нысанның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...