Арқалықта 1500 күйші бір мезетте 7 күй орындады

Арқалық қаласында 1 шілде – Ұлттық домбыра күнінде 1500 домбырашы бір мезетте бірнеше күй тартып, тұрғындардың делебесіз қоздырды. Қала күніне сәйкес келген іс-шара «Домбыраның күмбірі – бар қазақтың бірлігі» деп аталды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz.

Ауқымды іс-шараның ашылу салтынатына Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мқхаметқалиев арнайы қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ ұлттық аспапты дәріптеп жүрген бір топ өнерпазға облыс басшысы Құмар Ақсақаловтың Алғыс хаттарын табыстады.

Танымал айтыс ақыны Айбек Қалиев домбыра мен күй өнерінің құдіретін арнау жырына арқау етті.

Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов өзінің құттықтау сөзінде іс-шарада өнер көрсеткендер кәсіби домбырашылар емес екенін атап өтті.

Барымызды бағалап, тарихымызды жаңғырту жолында қасиетті Торғай елі, зиялылар мекені – Арқалық жұрты қашанда көпке үлгілі ісімен танылған.

Біз өткен жылы қаламызда «Ұлттық домбыра күніне» орай «Мың домбыра» шарасын ұйымдастырып, бір мезетте 5 күй орындалған болатын. Көпшіліктің рухын асқақтатып, ерекше сезімге бөлеген игілікті шараны биыл да жалғастырып отырмыз. Яғни, бүгінгі шараға қала мен қаламызға қарасты ауылдардың жастары, мектеп оқушылары, жалпы түрлі сала өкілдерінен құралған 1500 домбырашы үн қосты.

Оларды біріктірген бір ғана нәрсе – қасиетті домбырамызға деген құрмет, төл аспабымызға деген қызығушылық. Осы ретте, бүгінгі шараға қатысушылардың бәрі бірдей кәсіби домбырашы емес екенін айтқым келеді. Олардың 70 пайызы осы шара аясында алғаш рет домбыра тартуды үйренді. Сол домбыра тартуды алғаш үйренген оқушылардың – жастардың ұлттық аспабымызға деген қызығушылығы артып, араларынан кәсіби домбырашылар шығуы да әбден мүмкін. Бұл бір күндік қана шара емес, ұлттық аспабымызды кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауды мұрат еткен өміршең дүние, — деді қала басшысы.

Іс-шара соңында демеушілер тарапынан «Ең жас домбырашы» – 7 жасар Айзере Саханға, «Ең қарт домбырашы» – тоқсанға қадам басқан ақсақал Кәки Ақанға, «Домбырашылар әулеті» – әулетінен отызға жуық домбырашы қатысқан Бөлтіріковтер отбасына және Арқалық қаласының құрметті азаматы, қазақ ұлт-аспатар оркестрінің бас дирижеры, ҚР Мәдениет қайраткері Бораш Әбеновке ақшалай сыйлықтар тапсырылды.

Қаладағы «Жігер» стадионын жаңғыртып, аспанды күйге бөлеген іс-шара соңы Ұлттық домбыра күні мен Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналып өткізілген «Домбыра – думан» атты аймақтық домбырашылар байқауының гала–концертіне жалғасты.

Демеушілердің қолдауымен арнайы шақырылған қонақтар — эстрада жұлдыздары Қуандық Рахым, Шаһаризат Сейдахмет, Аргоня, Бақытжан Желдербаев, Динара Жаңабергеновалардың «Жаса, жайна Арқалық» атты концерттік бағдарламада өнер көрсетіп, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Арқалықтықтар мен қала қонақтары концерттен кейін көк аспанды қызылды-жасылды жарыққа бөлеген отшашуды тамашалады.

Фото: Мұрат Жүнісұлы

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...