«Кәсіпорын қарызын жаппақ болған»: Арқалықта 2,1 млрд теңге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалған

Қостанай облысы Арқалық қаласында жаңадан салынған ЖЭО-ны пайдалануға беру кезінде 2,1 млрд теңге мемлекеттік бюджет есебінен негізсіз өтелген, деп хабарлайды Halyq Uni

2019 жылы Арқалық қаласында 7 млрд теңгеге жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталып, 2021 жылдың қарашасына қарай аталған ЖЭО іске қосылған. Алайда жаңа ЖЭО турбиналық генераторлары суды ысыта алмаған. Осыдан соң  аязды күндері ескі жылу электр орталығы іске қосуға тура келген.

Ескі жылу электрін қосуға 600 млн теңгеге 2 тонна мазут жұмсалған. Турбинаның тоқтап тұруына байланысты ЖЭО кәсіпорыны өнімді жеткізушіге 230 млн теңге, еңбекақы бойынша 700 млн теңге, көмір сатып алуға 600 млн теңге қарыз болып, нәтижесінде 2,1 млрд теңге мемлекет бюджетінен негізсіз өтелген, – дейді «Әділдік жолы» ҚБ Қостанай филиалының жетекшісі Әсет Байлин.

Оның айтуынша, осы жағдайдан соң «Әділдік жолы» ҚБ тексеру іс-шараларын жүргізу және кінәлілерге қатысты іс жүргізу шешімдерін қабылдау мақсатында мемлекеттік және құқық қорғау органдарына тиісті өтініштер жолдаған.

2022 жылы тамызда өтініш Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте тіркеліп, тексеру үшін Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 181-бабының 5-бөлігіне сәйкес Қостанай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданған. Бізге 2022 жылдың қараша айында Арқалық қаласының тұрғындары қалада оқ атылғандай қатты дыбыс шығатынын айтып, шағымданды. Арқалық қаласына барған сапарымда бұл айтылғандарға өзім де куә болдым. Арқалық қаласы әкімдігі өкілдерінің айтуынша, бұл жаңа ЖЭО-да көмірдің орнына мазуттың пайдаланылуы салдарынан болған, – дейді Әсет Байлин.

Өз кезегінде «Әділдік жолы» ҚБ Қостанай филиалы мемлекеттік органдардың алдына аудиторлық іс-шара өткізу мәселесін бірнеше рет көтерген. Нәтижесінде 2023 жылы сәуірде Арқалық қаласындағы ЖЭО-да аудиторлық іс-шара басталған.

Анықталғандай, аудиторлық іс-шара барысында бірқатар заң бұзушылықтар мен мемлекеттік бюджетке келтірілген залал анықталып отыр. Атап айтқанда, «АзияЭнергоПроектМонтаж» ЖШС-не 219 416 400 теңге сомасында іс жүзінде орындалмаған жұмыс көлеміне негізсіз аударылған. Сондай-ақ, бу және ыстық су қазандықтарының іске қосылған жабдықтарына, сәулет-құрылыс жұмыстарын, өнеркәсіптік қауіпсіздікті, техникалық пайдалануды бұзып және сәйкессіз қабылдап, жобалық шешімдерге сәйкес келмейтін 1 168 188 400 теңге (1 млрд теңгеден астам) шығын негізсіз жұмсалған.

Тапсырыс беруші Арқалық ЖЭО-ны ұстауға белгіленген тәртіппен пайдалануға берілмеген жалпы сомасы 2 538 380 600 теңге (2 млрд. астам) бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланған. Тексеру қорытындысы бойынша «Арқалық қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-не анықталған бұзушылықтарды жою және заңсыздыққа жол берген тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұйғарым жіберілді, – дейді филиал жетекшісі Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

Қазір облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бұйрыққа шағымдану рәсімінен кейін көрсетілген фактілер бойынша процессуалдық шешім қабылдауды көздеп отыр.

Фото: 24.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында металл қабылдау пунктіне қарақшылық жасаған күдікті ұсталды (ВИДЕО)

Қостанай облысында полиция қарақшылық жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. 24 ақпанда күндіз күдікті Қостанай ...