Аманкелді батыр хақында: Сексен жыл бұрынғы жазбалар

Биыл 1916 жылғы ұлтазаттық қозғалыстың белді өкілі, Торғай көтерілісінің қолбасшысы Аманкелді Имановтың туғанына 150 жыл толып отыр. Жалпылай алғанда Аманкелді батырдың тұлғасы мен оның көтерілісі кеңестік дәуірде, сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында да көп зерттелді һәм ұлтымыздың жауынгерлік рухы ретінде дәріптелді. Оның бір айғағы – жуықта Қостанай облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Аманкелді ауданында батырдың мерейтойы кең көлемде аталып өтті. 

Осы орайда, біз мына бір дерекке тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Екінші дүнижүзілік соғыс жүріп жатқан 1944 жылы Аманкелді атамыздың қайтыс болуына 25 толу қарсаңында «Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 18 маусым күнгі санына  батыр туралы мақалалар топтамасы жариялапты. 

Бұл жазбалардың ерекшелігі біріншіден – Аманкелді батырдың дүниеден өткеніне ширек ғасыр толғандықтан көтеріліске қатысқан тұлғалардың дені тірі әрі өткен оқиғаның қыр-сырына қанық болатын. Екіншіден – газетте жарық көрген мақала авторлары ғылыми атағы бар танымал қоғам қайраткерлері екен. Демек олардың пайымдары шындыққа жақын. Үшіншіден – газеттегі жазбаларды оқып отырып құнды деректер пен маңызды мәліметтер кездестірдік. Бұл дүниелер 1916 жылғы ұлтазаттық көтеріліс тарихын зерттеп жүрген адамдар үшін қажет болары анық. 

Сондай-ақ, газет бетіндегі мақалалардың мазмұнындағы кейбір уақыттық тұрғыдан маңызы жойылған пайымдар мен ұғым-түсініктерді қысқартып, тек қажет дүниелерді ғана ықшамдап ұсынып отырмыз. Сонымен қатар, газеттегі жазбаларда кездестетін терминдік атаулар (уез, уйез, отряд, съез, ақгвардеец т.б) мен ай аттарын (июнь, август, ноябрь т.б) сол қалпында өзгеріссіз бердік.

Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрі

«Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 18 маусым № 121 (6626) жексенбі күнгі санының беташар мақаласы тақырыптағыдай «Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрі» деп аталыпты. Жазба авторы: Қазақстан К(б)П Орталық Комиетінің секретары Жұмабай Шаяхметов: 

 – Халқымыздың сүйікті ұлы ұлтазаттық қозғалыстың даңқты көсемі, Аманкелді Иманов жау қолынан қаза тапқанына 25 жыл толу күнін еліміз неміс басқыншыларына қарсы сұрапыл соғыстың 3 жылдығы қарсаңында ұлы жеңіс күндерінде өткізіп отыр. Аманкелді сияқты халқымыздың аяулы ұлын еске түсіру саяси мәні зор, елеулі оқиға. Аманкелді қайнаған халық ортасыннан шықты. Оның ерлік бейнесі, күресі, ой-арманы қазақ халқының ерлік, елдік бейнесін сипаттайды, — деп бастапты мақаласын мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабай аға.

Мақала авторы арықарай, 1916 жылғы қозғалыс – қазақ халқының тәуелсіздігі мен бостандығы жолында жүргізген күрестерінің тарихынан ерекше орын алады. Осы сияқты ерлік істердің жалғасы дәл бүгін Отан соғысының майдан даласында көрініп отыр, дегенді шегелей айтып: «Қазақстанда жасақталып майданға аттанған 5 дивизия барлығы әскери жоғары атақ – Гвардия атағын алуы ежелгі ерліктің нәтижесі. 1941 жылдың күзі Отан соғысы тарихында аса бір сынды кезең болды. Жау Москваға төнді. Осы сын сағатта генерал – майор Панфилов бастаған 8-ші гвардия дивизиясы ерліктің асқар шыңына шықты. Әлемге аты шыққан 28 ер, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы, қазақ халқының батыр ұлдары Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллиндер айқаста көзге түсті. Синявино- Мга төңірегінде болған ұрыста Сұлтан Баймағамбетовтың қимылы күллі майданға үлгі болып, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумы оған Кеңес Одағы Батыры атаған берді. Днепр үшін ұыста Матай Баисов Кеңес Одағы Батыры атанды. Қазақ халқының мүндай батыр ұлдары Аблай Әлімбетов, Барабай Садықов, Қарсыбай Сыпатаев, Жолдас Сүлейменов және Мәншүк Мәметов атақты мерген Ыбрайым Сүлейменов, тұңғыш генерал Шәкір Жексенбаевтар ардагер Аманкелді батырдың бүгінгі ізбасарлары»,  деп жазыпты Қазақстан К(б)П Орталық Комиетінің секретары.

Аманкелді және халық

 Газеттегі батыр туралы екінші мақала осылай аталыпты. Авторы – Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің пропаганда және үгіт жөніндегі секретары М.Әбдіхалықов:

 – Қазақстан еңбекшілері бүгін батыр большевик Аманкелді Имановтың қаза тапқанына 25 жыл толу күнін өткізді, — деп мақала басталыпты. Одан әрі батырдың арманы қазан төңкерісінің арқасында іске асқаны жайлы ұзақ ой толғай отырып: «…Жас Аманкелді найзагерлік, мергендік өнерді меңгерді, қару соғуды үйренді, әрі жүлде алған атбегі болды. Өз бетімен сауат ашты. Оның жас кезінде Кенесарыұлы Садықпен кездесуі жас Аманкелдіге орасан күшті әсер етті. Садық әкесінің жолын қуып, Қоқанд пен Бұқарда, Хиуа мен Шығыс Түркістанда ұзақ уақыт бойы патша үкіметіне қарсы соғысты. 1890 жылы Садық Торғай еліне Иман батырдың үйіне келеді. Садықтың жауынгерлік қимылдары туралы әңгімелерін Аманкелді аса ынтамен тыңдады…», деп жазады. Автор одан әрі Аманкелді батырдың 1908 жылы түрмеге қамалғаны жайлы мәліметті келтірсе, ол кісінің 1914 жылы Петерборға барғаны баяндалыпты. 

«Аманкелді 1916 жылы саяси күрестің кең майданына шықты. Көтеріліс туын тіккен жері – Торғай уезі болды. Июльдің орта шенінде Аманкелді көтерілісшілер отрядын құрды. Ол Торғай елін қарулы күреске шақырды. Батыр жігіттер Аманкелдінің туы астына жиналды. Аманкелді өзінің отрядына күшті тәптіп орнатты. Өз басының үлгісімен сарбаздарын жігерлендіріп отырды… Сентябрьдің бас кезінде Орынбордан Торғайға губернатор Эверсман келді. Аманкелді бастаған партизандар өкіметтің жазалаушы әскер шығаруына бөгет жасау үшін жол бойындағы бекеттерді, қазына складтарын қиратты. Сентябрдің аяқ шенінде губернатор Торғай еліне әскер шығарды. Октябрьде көтерілісшілер Қызыл көл маңында патша үкіметінің үлкен отрядын жеңіп, 22 октябрьде Торғай қаласын жан-жағынан қамап алды. 6 ноябрьде таң ата Аманкелді Торғайға ат қойды. Оның өзі бастаған алдыңғы отряд қаланың оңтүстік жағына кіріп, ондағы өкімет мекемелерін талқандады. Бірақ жаудың күші әлде қайда басым болғандықтан көтерілісшілер қаланы ала алмады» деп баяндайды. 

Автордың жазуына қарағанда, Торғай қаласын ала алмаған Аманкелді батыр сарбаздарын Батпаққараға (қазіргі Аманкелді аудан орталығы Б.Қ) жинаған екен. Осында қыстап шығып, көктемде жаңа шабуыл бастауға жоспар жасайды. Сарбаздарға соғыс өнерін үйретіп, ұста-дүкендерде қару-жарақ соқтырады. Бұл іске Ақтөбеден келген орыс шеберлері көмектеседі. Бұл жерде көп айтыла бермейтін тың дерек бар екен. «1917 жылы алашордашы Бөкейханов Торғай қазақтарын Орынборға шақырып кеңес ашты» дейді. Бірақ бұл кеңестің шешіміне Аманкелді риза болмаған көрінеді. «Жиынды тастап шығып кетті» деп жазыпты. 

Бұл мақалада біз біле бермейтін, тіпті білгеннің өзінде ашып айтылмайтын деректер бар. Мысалы, мақала авторы: «1917 жылы июньде Батпаққарада Аманкелдінің үстінен сот құрылып, төтенше тергеу комиссиясы іс жүргізді. Оны Дулатов басқарды. Сот көтеріліске қатысушыларға 15 мың мал, 70 мың сом ақша айып салынды» деп жазыпты. Демек, бұдан біз алаш қайраткерлері мен көтерілісшілер арасында қайшылық болғанын аңғарамыз. 

Одан әрі автор: «1918 жылы мартта Аманкелді Торғай облысы кеңестерінің съезіне өкіл болып сайланды. 1918 жылдың 21 марттан 3 апрельге дейін өткізілген бұл съез бірсыпыра маңызды қаулылар қабылдады. Бірақ съез жұмысын аяқтап үлгермеді. 4 апрельге қараған түнде Орынборға ақгвардеецтер шабуыл жасады. Қызыл гаврдеецтер қаланы жанқиырлықпен қорғады» дей отырып, бұл шайқаста Аманкелді батыр алдыңғы қатарда жүрді, дейді. Өз басым 1918 жылы апрель айында ақтардан Орынборды қорғау соғысына Аманкелді батыр қатысты дегенді бірінші естіп отырмын. 

Автор арықарай: «1919 жылдың басында Жанкелдиннің қызыл әскер отряды, Аманкелдінің қызыл партизандары Торғайға кірді. Қала азат етілгеннен кейін көп ұзамай Аманкелді уйездік атқару комитетіне мүше болып сайланып, уйездің соғыс комиссары болып тағайындалды. Торғайда кіші командирлер мектебін ашты. 1919 жылы апрельде Кольчак шабуыл жасап, Шалқар төңірегінде қиын жағдай туды. Кольчактың уақытша жеңісін пайдаланған алаштар Торғайда контрреволюция ұйымдастырып төңкеріс жасады. Аманкелдіні ұстап түрмеге қамады. Дәл осы кезде Торғайға Қостанайдан Таранның отряды келе жатты. Бұлар Аманкелдіге қосылып Ақтөбе майданына аттануы тиіс еді. Таран отрядын далаға қалдырып өзі Аманкелдіге тілдесу үшін 7 жауынгерін бастап Торғайға тартты. Жолда тасаланып тұрған алаш әскерлері Таранды ұстап өлтірді. 1919 жылы майдың 17-нен 18-іне қараған түнде Аманкелді түрме ішінде атып өлтірілді. Оның ерлік дәстүрі кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалды…» деп мақаласын аяқтапты. 

Батырдың туған жерінде

Келесі мақаланың аты осылай атылыпты. Авторы: Еңбекшілдер депутаттарының Қостанай облыстық кеңесі атқару комитетінің председателі, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты Д. Керімбаев: 

 – Халқымыздың даңқты ұлы Аманкелді Имановтың жау қолынан қаза тапқанына 25 жыл толу күнін өткізуге облысымыздың жұртшылығы үлкен даярлықпен келді, — деп бастаған екен автор мақаласын. Арықарай жүлгелеп айтар болсақ, бұл жазбада негізінен батыр туған өлкенің қан майданға көрсеткен көмегі мен ауыл еңбекшілерінің табысы сөз болыпты. 

«Батыр туған ел азаматтары батырша еңбек ету батырдың ардақты атағына сай болу аудан еңбекшілерінің жүрегінен берік орын алған. Аудан еңбекшілері мал шаруашылығында да елеулі табыстарға жетіп отыр. Осы аудандағы комсомол атындағы колхоз батырдың балалық шағы өткен жер. 1916 жылы көтеріліс күндерінде Аманкелді бастаған сарбаздар патша үкіметінің жазалаушы отрядын талқандап, жеңген болатын. Бұл оқиғаны еске түсіретін батырға арналған ескерткіш бар. Қазір осы комсомол колхозынан 91 азамат Отан соғысында жауға қарсы күресіп жүр. Осы жауынгерлердің бірі – Аманкелдінің өз баласы Шәріп майданда сан рет қаһармандық көрсетті. Ол үш рет ордендермен наградталған. Сондай-ақ орденді жауынгер Жармағанбетов медалды жауынгер Әбжанов сияқты ерлердің қимылдары батырдың ұрпақтарына тән қимыл» деп жазыпты. 

Сондай-ақ, соғыс жылдары бұл колхоз мүшелері батырдың атына сай еңбек етіп жатқаны жайлы хабарлайды. Атап айтқанда, жылқысы Шекер Шүлеков 18 биеден 18 құлын, сауыншы Наурызбаева 15 сиырдан 15 бұзау алып өсірсе, батырдың қаза тапқанына 25 жыл толуына байланысты облыс көлемінде игілікті іс басталып, Қарабалық, Меңдіқара сияқты аудандарда Аманкелді атындағы танк колоннасын жасау ісіне қаржы жинау кең етек алып, колхозшы – осоавиахим мүшелері 292447 сом ақша жинағаны жазылыпты.

Батырдың өмірі мен ерліктерін таныстыру мақсатында аудан, облыстық газеттерде батырдың күресін суреттейтін әңгіме, очерктер, өлең-дастандар жазылып, музейлерде батырға қатыста документтер, суреттер қойылыпты. 

Бұл жерде назар аударарлық дерек: «Торғай поселкесінде соғыс комиссарының штабы болған үй және Аманкелді тұрған үй жөнделіп, қалпына келтірілсе, 1916 жылы Аманкелді ауданында көтерілісшілер штабы болған үй де жөнделіп, тәртіптелді. Сондай-ақ, Аманкелді поселкесінде батырдың ескеркіші түзетілді» делініпті. 

Ел ері

Газеттің айқара бетінің келесі парағы «Ел ері» деген мақаламен ашылыпты. Жазба авторы: батырдың үзеңгілес досы, қоғам қайраткері Әліби Жанкелдин (Жангелдин деп жазылмапты) екен. Бәріміз білеміз 1916 жылғы Торғай ұлтазаттық көтерлісі тұсында бұл адам большевиктер тарапынан қозғалысқа қолдау көрсетіп, оларды қару-жарықпен қанымдап тұрған тарихи тұлға.

Кеңестік қайраткер мақаласын: – Осыдан 25 жыл бұрын батыр большевик А.Иманов жау қолынан қаза тапты. Ол атасы Иман батыр сияқты «Қасық қаным халқым үшін» дейтін… Аманкелді екеуіміздің туған жеріміздің арасы небәрі 20 шақырымдай болды. Ол Торғай уйезі Терісбұтақ ауылында туды да, мен Қайдауыл жерінде тудым. Ол жер қазір Ұлытау ауданы. Бала кезімізде екеуіміз жиі кездесетінбіз. Аманкелді ақ жарқын, сауықшыл еді. Ол атқа шабуға, аударыспақ, көкпар тартуға, мылтық атуға құмар болды. Сонымен қатар ол әсем әнді терме-жырды да сүйетін. Ол 10-11 жасында үлкендердің жұмысымен айналысатын», деп бастап, арықарай батыр өз кемшілігін түзетуге өте икемді болғанын, қазақтың «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген мақалын аузынан тастамай айтып жүретін еді, деп толғапты.

«Елде бірсыпыра уақыт жүріп, 1913 жылдың аяқ кезінде Аманкелді сынды ермен қоштасуға тура келді. Бірақ Аманкелді екеуіміздің арамыздағы қатынас хат арқылы бұрынғыдан әлде қайда күшейе түсті. Ол маған жазған хаттарының бірінде: «мен Торғай облысының басқа уездеріндегі жігіттермен таныстым. Олар халықтың күйзелісті халіне қарап тісін қайрап жүр» десе 1916 жылғы июнь жарлығынан кейін жазған бір хатында былай деген «Ел басына бұрынғыдан да жаман ауыр күн туды. Патша үкіметі солдатқа 19 бен 31 жастың арасындағы жастарды бер деп жатыр. Еңсесі түсіп, еңіреген елдің көз жасына етегі толып отыр. Елге «қалай да бір өлім. Патшаның сойылын соғып өлгенше өз жерімізде өлейік. Солдат бермейміз, күш біріктіріп қарсы күрес ашамыз» дедім. Көпшіліктің жиналысын аштым. Онда былай дедім: «Ей, ашынған жұрт, патша үкіметі біздің кілең аяулы азаматтарымызды қан майданға апарып от аузына ұстағысы келеді. Бұған көнуге болмайды. Олай болса бізге желкілдеген ту ұстап, жауға қарсы шығатын күн жетті. Осыған бел байлап, бәтуәға келейік» дедім» деп Аманкелді батырмен екеуара болған әңгіме желісін баяндапты. 

Мақала авторы келесі кезекте, 1916 жылдың күзінде Аманкелдінің шақыруымен Торғайдан 8 шақырым жердегі Ақмырза қопасына келгенін, бұндағы мақсаты күреске әзірленген арғын – қыпшақ рулары Аманкелді мен Оспан Шолақовты басшы сайлап, соғыс кеңесін құрғаны жайлы баяндай отырып: «Осы мәжілісте Аманкелдінің алмастай өткір екенін көрдім. Кейбіреулер қару-жарағымыз нашар Торғайға шабуылды кейінге қалдырайық дегенде, Аманкелді ұшып тұрып: жігіттер «темірді қызған кезде соқ» деген қаймығатын ешнәрсе жоқ» деп басып тастады. Сөйтіп, 1916 жылы 6 ноябрьге қараған түні Оспан бастаған сарбаздар Торғай қаласының күнбатыс жағынан, Аманкелді сарбаздары қаланың күншығыс жағынан кірмек болды. Біз жақындай бергенде қала түбіндегі маяланған шөп өртеніп, бүкіл қала-даланы күндізгідей жарқыратып жіберді. Қаладағы жау гарнизоны мұны көріп күтіне түсті. Дегенмен шабуылды тоқтатуға болмайды. Өрт сөнгенше аялдадық та, таң сыз беріп келе жатқанда шабуыл жасадық. Бекініп алған жау әскері зеңбірек пен пулеметпен оқты жаудырып тұр. Таң ата Аманкелді бастаған бес кісі қаланың солтүстік жағынан келіп кірдік. Бізді жаудың бір взвод әскері қамап алып, жақындамақ болды. Аманкелді саспастан үзік келе жатқан жау командирін мылтықпен басып салды. Командир қалпақтай ұшты. Зәресі ұшқан жау үрейленіп, өлген командирдің сүйегін алуға да шамасы жетпей дүрлігіп кейін қашты. Аманкелді жүгіріп барып командирдің қаруын алды. Сол күні біз бес кісі 15-тен аса жауды өлтірдік. Аманкелдінің әрбір атқан оғы босқа кеткен жоқ. Оның мергендігіне таң қалдым. Түс ауа  қоршаудан құтылып шықтық. Аманкелді бұл жолы Торғай қаласын ала алмады. Алайда, бұл ұрыстың маңызы зор болды. Болашақ ұрыс үшін көп тәжірибе жинады» деп толғапты.

Бұл жазбаның маңыздылығы автор (Ә.Жанкелдин)  оқиғаны өзі көзімен көріп, ішінде болған оқиғаны баяндағаны. 

Аманкелдінің батыр бабалары

Газет бетіне жарияланған төртінші мақала «Аманкелдінің батыр бабалары» деп аталыпты. Авторы: атақты ғалым – академик Қаныш Сәтбаев. Қанекең осы жылдың өзінде (1944) «КСРО Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті» деген атағы бопты. Басылымдағы төл жазбасының астында осылай деп тұр. Сонымен…

– 1916 жылғы халық көтерілісінің ержүрек көсемі, қазақ халқының асқан ірі қайраткері Аманкелді Иманов қыпшақ руынан шыққан. Бұл ру түрік тұқымдас елдер ішіндегі ең іргелісі және жауынгері еді. Аманкелді шыққан бегімбет тұқымы қыпшақ руының ең жақсы жауынгерлік салтын тура сақтап дамытып отырған. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында болған Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының патша үкіметіне қарсы ірі көтеріліс кездерінде бегімбетте екі мыңнан астам үй бар екен. Олар Ұлытау төңірегінің Қараторғай, Сарыторғай өзендерінің сағасын мекендеген, — деп жазыпты Қаныш Имантайұлы. 

Қаныш ағамыздың баяндауы бойынша, Аманкелдінің атасы Иман батыр Кенесары көтерілісінің ең таңдаулы батыры – Кенесарының жақын, сенімді серігі екен. Кенекең Иман батырдың жауынгерлік өнері мен тәжірибесін аса жоғары бағалаған. Иман қатысып ақыл бермеген жерде Кенесары көтерілістің тәсілі мен басшылығына өздігінен тоқтам айта алмаған, — дейді ғалым. 

««Иман келсе – аман келеді» деген Кенесарының сөзі кейін немересіне есім (Аман + келді) болды. Ал Аманкелді өзінің фамилиясы ретінде әкесі Үдербайдың атын алмай, атасы Иманның атын алуында үлкен мән бар. Өйткені, туған халқының бостандығы үшін жанын пида еткен атақты бабасын ұмытпай есіне сақтап, оның тарихи ерлік істерін айырақша құрметтегені. 

Кенесары көтерілісіне бегімбеттерден Иманның балалары Бердалы, Ержан, Балық, Үдербай (Аманкелдінің әкесі) қатысады. Бердалы мен Ержан екеуі Иман батырмен бірге 1847 жылы көтерілістің соңғы дәуіріндегі аса ауыр соғыста ерлікпен қаза табады. Балық пен Үдербай көтеріліс басылып, Кенесары мен Иман тұтқынға түсіп, өлгеннен кейін бегімбеттің аман қалған азғана үйлерімен қаншама апатқа қорлыққа душар болып Алатау алыбынан өздерінің туған жері Торғай даласына қайтып келеді.

Осылардың барлығы жас Аманкелдіге көп әсер етті. Жүре келе оның батыр болып қалыптасуына себепші болды. Аманкелді жас күнінде әкесі Үдербай мен ағасы Балықтан Кенесарының ерлік жорығы жайында көп естіді. Сөйтіп, 1916 жылы елді бастаған айбарлы қолбасшы болды. Аманкелді Иманов өз заманында мақсатын дұрыс түсініп, халық қозғалысының кемеңгері болған адам» деп жазбасын түйіндепті Қ.Сәтбаев. 

Аманкелді – жауынгер батыр

Газеттегі түйін мақала осылай аталыпты. Бұл жазбаның авторы – Маркс-Энгельс-Ленин институтының Қазақ филиалының директоры И.Тимофеев. 

Бірақ бұл жазбада жоғарыдағы авторлар баяндаған оқиғалар сәл өзгеше қырынан айтылғандықтан қайталап жатуды қолай көрмедік. Десе де, бұл тақырыпты зерттеушілер үшін тұздық боларлық бәзбір деректерді атап өткенді жөн көрдік. 

Жазба авторының жазуына қарағанда, 1918 жылы Аманкелді мен көтерілістің тағы бір көсемі Әбдіғапар арасында келіспеушілік туындаған. Оған себеп, Әбдіғапар ұлтшыл алаштар жағына шықса, Аманкелді большевиктік көзқарасты ұстанған. Сондай-ақ, Аманкелді Иманов 1918 жылы мартта Орынборда өткен кеңестер съезіне Торғай уезінен өкіл болып қатысады. 4 апрель күні Орынборға ақгвардеецтер шабуылдайды. Съезге қатысып әлі еліне қайтпаған Аманкелді бұларға қарсы соғысқа қатысады. Шайқас аяқталған соң Аманкелді Орынбордан қару-жарақ пен оқ-дәрі алып қайтады. Уезге келсе билік алаштықтар мен дутовшылардың қолына өтіп кетіпті. Кешіпей осы жылы (1918) ноябрьде Торғайда қайтадан кеңес билігі орнайды. Кешікпей 1919 жылы дутовшылар қайта күшейеді. Олар 1919 жылы көктемде Аманкелді батырды тұтқындап, астыртын өлтіргені туралы жазыпты. 

Сонымен қатар, жоғарыдағы мақалалардан басқа газет бетінде Аманкелді батырдың ұлы Шәріптің майдандағы суреті және батырдың сарбаздары халық ақындары Сәт Есенбаев пен Омар Шипиннің фотосы жарияланып, басылымның төменгі бұрышына Сәт ақынның «Қолбасшысы халықтың» дейтін 60 жол жыры жарияланыпты.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

Дереккөз: (e-history.kz)

Мынаны да қараңыз

Торғайда отыз жетінің ойраны қалай басталды?

Бұрынғы Кеңес Одағы деп аталатын ұлы державаның ішінде Қазақстан, әсіресе, қазақ халқы оның таңдаулы өкілдері, ...