Әлеуметтiк сауалнамалардың нәтижесi көрсеткендей, жастардың жартысына жуығының жалақы, стипендияның мөлшерiне және азық-түлiктiң жоғары бағасына көңiлi толмайды. Бұл туралы бүгiн жастар мәселесi қаралған Үкiмет отырысында Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрi Нұрлан Ермекбаев айтты деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Әлеуметтiк сауалнамаларға сәйкес жастардың 40-тан 50 пайызына дейiн «Қолжетiмдi баспана», «Жұмыспен қамту», «Дипломмен ауылға», басқа да бағдарламалар туралы тек жалпылай ғана естiген. Өзге жастар ресурстық орталықтарында 2015 жылы сұралғандардың тек 6 пайызы ғана бiлген. Осылайша, ақпараттық жұмыс тиiстi деңгейде емес екенiн атап өтуге болады» дейдi Н.Ермекбаев.
Әлеуметтiк сауалнамалардың нәтижесi көрсеткендей, жастардың жартысына жуығының жалақы, стипендияның мөлшерiне және азық-түлiктiң жоғары бағасына көңiлi толмайды. Сондай-ақ оларды жұмыс табу, тұрғын үй, жоғары бiлiм алу мәселелерi толғандырады. Бұдан бөлек, олар қауiпсiздiк мәселесiне де алаңдайды. Бас прокуратураның мәлiметi бойынша, зорлық-зомбылық сипаттағы қылмыстардың жартысынан астамы кәмелеттiк жасқа толмағандарға қарсы жасалады екен.
«Отбасы дiни экстремизмнiң алдын алуда өзектi рөлге ие. Бiрақ ата-аналардың бала тәрбиесiндегi рөлi жеткiлiксiз болып отыр. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметiне сәйкес, Қазақстан әлемде жастар арасындағы суицид бойынша Үндiстаннан кейiн екiншi орында тұр. Сарапшылардың айтуынша, балалар арасындағы өз-өзiне қол салудың тоқсан пайызы шын көңiлден өмiрiне балту шабу емес, оның көмек сұраған жанайқайы. Жастар бүгiнде белсендi емес немесе қолжетiмдi демалыс түрлерiн таңдайды» дедi министр.
Оның айтуынша, жастардың 83 пайыздан астамы теледидар көредi, музыка тыңдап, көп уақытын интернетте өткiзедi. Мұның себептерiнiң бiрi — мәдениет пен спорт нысандарының ақылы болып, жастарға қолжетiмсiз болуы.