Бүгіннен бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мобильдік топтары Электрондық үкімет порталы арқылы азаматтарға уақытша тіркеу қызметін көрсету үшін оқу орындарын, базарларды және сауда орталықтарын аралайтын болады. Бұл азаматтарға қолайлы болу үшін істеліп отыр деп хабарлайды BNews.kz.
«Уақытша тіркеліп үлгермеген азаматтарға қолайлы болу үшін ХҚКО-лардың мобильдік топтары ЖОО-ларда және сауда үйлерінде қызмет көрсететін болады. Олар барлық азаматқа электрондық цифрлық қолтаңба жазып, Электрондық үкімет порталында уақытша тіркеуге өтініш ресімдеуге көмектеседі. Бұндай шара барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында ұйымдастырылды» деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалы – мемлекеттік қызметтерді көрсету дирекциясының директоры Әсемгүл Балташева.
Оның айтуынша, Астанада мобильдік топтар «Артем», «Еуразия», «Азиа парк» сауда үйлеріне, ал Алматыда «Тигрохауд», «Арыстан», «Болашақ» және т.б. базарларға шығатын болады. Олар барлығы 82 нүктені, соның ішінде ЖОО-ларды, базарларды және мемлекеттік ұйымдарды қамтуды жоспарлап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, азаматтарды уақытша тіркеу қызметін Электрондық үкімет порталы арқылы онлайн режимде жүзеге асыруға болады. Қызмет «Азаматтық, миграция және иммиграция» тарауында бар. ХҚКО қызметкерлері азаматтарға уақытша тіркеу өтінішін ресімдеуге көмектеседі. Бұл ретте меншік иесі (біреу немесе бірнеше) ЭЦҚ арқылы өз келісімін растауы тиіс, одан кейін өтінім тіркелушінің Жеке кабинетіне қайтып келеді. Ол онлайн режимінде мемлекеттік баж салығын төлеп, өз өтінішіне ЭЦҚ арқылы қол қоюы қажет. Уақытша тіркелген азамат мекен жай анықтамасымен тексере алады.
bnews.kz