Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор: ХХІ ғасыр – түріктің ғасыры болады

 

Койшыгара

– Қойшығара аға, әңгімемізді өзіңіз зерттеп-зерделеп жүрген көшпелілердің көне тарихынан бастасақ… Мысалы, «түбі бір түркінің ұрпақтарымыз» деген даусымыз неге әлемдік дәрежеде жарқын-жарқын естілмей жатыр?

– Қазіргі тарих еуропалық таным-түсінікпен жазылған. Біздің ғана емес, әлемдік тарих солай. Сондықтан еуропалық таным-түсінікке келетіндердің бәрі «мәдениетті», «өркениетті» халықтар да, ал келмейтіндердің бәрін өркениеті мен мәдениетінің жоғары деңгейде екеніне қарамастан, «жабайы», «тағы» деген. Бұл ұғым жазу-сызуға қолы ерте жеткен елдердің қалдырып кеткен жазба мұраларының негізінде қалыптасты. Соған сүйене отырып, жалпы адамзат тарихын «тарихқа дейінгі кезең» және «тарихтан кейінгі кезең» деп екіге бөлді. «Тарихқа дейінгі» дегені – христианша жыл санауға дейінгі VIII ғасырға дейін. Ал «тарихтан кейінгі» дегені – содан бергі уақыттар. Енді осы христиан эрасына дейінгі VIII ғасырдан ІІ ғасырға дейінгі аралықтағы 6 ғасырды «уақыт осі» деп атайды. Бұл – бүкіл таным-түсінік кеңейіп, байырғы дін атаулының басы басталып, жұрттың ой-санасы өсіп, жазу-сызудың дами бастаған тұсы. Ал одан арғы жақтың дерегі аз, дау-дамайы көп.

Тарихты осылай кезеңге бөлуден «тарихи халықтар» және «тарихи емес халықтар» деген шықты. Кейін бұл атаулар «отырықшы», «көшпелі» дегенмен алмастырылды. Бірақ, терминдер өзгергенмен, оның мән-мағынасы сол күйінде қалды. Бәрібір сол отырықшылар «өркениетті жасаушы мәдениетті халықтар» да, көшпелілер малдың соңынан еріп, қайда шөптің сонысы, судың тұнығы бар деп жүрген дала кезбелері болып есептелінді. Сол ұғым қаймағын бұзбай, кешегі ХХ ғасырға да жетті. Өзінің саналы ғұмырын көшпелі халықтардың тарихын жазуға арнаған орыстың белгілі тарихшысы Лев Гумилев «Қытайдағы хундар» деген кітабында: «ХІХ ғасыр бізге «адамзат өркениетін отырықшы елдер жасады, ал Орталық Азияны жабайылық пен тағылықтың тұманы қоршап тұрды» деген тұжырымдаманы мұраға қалдырды. Бұл тұжырымдаманың зияндылығы оның қателігінде ғана емес, оны түзеуге, сынауға болмайтын ғылым жетістігі ретінде ұсынылуында еді», – деп атап көрсетті. Түрік тектес көшпелі халықтарға деген осындай сыңаржақ көзқарас олардың тарихын зерттеттірмеді. Сондықтан да біз көшпелі халықтар туралы қазір бірдеңе білетін болсақ, онымыз – тек сол баяғы «жазу-сызуға төселген елдермен» аралас-құраласқа түскен кездегі солардың атаулары ғана. Бүгінгі тарихқа белгілі хеттердің де, киммерлердің де, этрускилердің де, гиксостардың да, каситтердің де, сақ-скифтердің де, арийлердің де отырықшы елдерге барған кезіндегі деректер бар да, олардың бірде-біреуінің оған дейінгі бастау тарихы жоқ. Бізге белгілі жазудың ең көне үш түрі – пиктография, идеография (иероглиф) және фонетикалық жазулардың бастауы шумерлердің өзінің арғы тарихы болмай тұр. Олар Эфрат пен Тигр өзенінің арасына қайдан келді? Сонау өркениетке қалай жетті? Соны білмейміз. Ең ғажабы, адамзат баласы жазбаларының тарихын зерттеген белгілі тіл маманы Д.Дрингер деген кісі өзінің «Алфавит» деген кітабында шумерлердің жазуын «жалғамалы тілді жазу», яғни агглютинативтік тіл дейді. Сөйте тұрып, дүниежүзінде сондай жалғамалы тілді халықтардың барын біле отырып, солардың тілімен салыстырып, тегін анықтаудың орнына «бұл үнді-еуропалық тіл емес» дейді де, ары қарай зерттемей кете береді. Міне, бүкіл көшпелілердің тарихына, мәдениетіне, тіліне деген көзқарас осындай болған.

– Енді әріге бармай-ақ, өзіміздің түрікке келсек, қандай деректерге сүйенсек болады?

– Көне тарихымыз кешегі қытайдың Вій (Вэй) империясының елшісі Түрік хандығының орталығына келген кезінен басталады. Демек, түрік халқы –бүгінгі әлем және кешегі Кеңес тарихшыларының, өзіміздің қазақ тарихшыларының тұжырымы бойынша, VI ғасырда Алтайда пайда болған жас халық. Ал осы халықтың арғы ата-бабалары кім болды? VI ғасырда қағанат құрған түріктер көктен түсті ме, жерден шықты ма? Қайдан келді? Қандай кезеңдерді бастан кешіріп, қандай соқтықпалы соқпақты жолдан өтті?.. Ол туралы бір ауыз сөз тағы да жоқ. Оны іздеймін деген талап та болмай тұр. Біздің түріктер жөніндегі қазіргі дереккөзіміз Орхон-Енисей жазбаларындағы, Қытайдың жылнамаларындағы, әулеттік шежірелеріндегі деректермен шектеледі. Шын мәнінде, біз – сол VI ғасырға дейін Шығыс пен Қара теңіз аралығындағы жерді жаулап алған Түрік қағанаты деген үлкен империяның халқымыз. Шегіртке емеспіз ғой, бір жылда пайда болған! Құрылыс емеспіз ғой, бір жылда салынған!

Қазіргі Қазақстан тарихын қарасаң, біз өзіміздің түрік тектес екенімізді мойындаймыз. Бірақ өз тарихымызды кешегі Түрік қағанатының өзі де емес, соның кейін Батыс Түрік қағанаты мен Шығыс Түрік қағанаты болып бөлінген кезінен, яғни Батыс Түрік қағанатының тарихынан бастап жүрміз. Өйткені, біздің қазақ хандығының құрамындағы Үйсін, Қаңлы сияқты тайпаларымыздың бәрі сол Түрік қағанатының құрамында болған. Бұл – жазбадағы айғақтар. Нақты айтар болсақ, Қазақ хандығын құраған 43 үлкен тайпаның бәрі қайдан келді? Тіпті, Қазақ хандығы дегенінің өзі 1456 жылы ғана құрылған. Ал әлгі Үйсін мен Қаңлы мемлекеттерінің, Қыпшақ хандығының оған дейін болғанын білеміз. Біздің Еуразия кеңістігінің Батыс бөлігіндегі, Шығыс Еуропадағы, Алтайдағы қорғандардан табылған заттық мұралардың бір шебердің қолынан шыққандай болуының себебі не? Берел қорғанынан табылған алтын киімді адам, ою-өрнегі жеке-жеке жасалған алтын әбзелдері бір-біріне ұқсамайтын 13 ат салтанаттың жоғары түрі емес пе? Ақсүйектіктің белгісі емес пе? Ал ежелгі түріктер осындай билікке, дәулетке, салтанатқа қол жеткізіп отырса, қалайша жабайы болады? Қағанат дегенді «далалық империя» деп жүр. Сөйте тұра, сондай мемлекеті бар елді біз неге «жабайы, көшпелі тайпалар» дейміз? Неге оның халқын «тайпа, тайпа» дей береміз? Керек десе, ешбір тайпа хандық құрмайды. Ал біздің қазақ даласында қаншама хандықтар болған?! Тіпті, кешегі Алтын Ордадан кейін 26 хандық құрылды. Бұл – бір. Екіншіден, Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін Шығыс мәдениеті жоғары болды. Әл-Фарабилер шықты бізден. Ол кезде бүкіл әлем бойынша Махмұт Қашқаридай энциклопедиялық деңгейдегі сөздік жасаған адам болған жоқ. Мемлекеттің құрылуын, оны басқару жөніндегі айла-тәсілдерді айтқан, елдік мүддені көздеп, келешекті ойлаған Жүсіп Баласағұнның дидактикалық поэмасындай ұлы шығармалар жазылмаған. Бұлар да көктен түскен жоқ. Бұл сонау есте жоқ ескі заманнан, Шумерлердің гимндерінің, Гомердің «Илиадасы» мен «Одиссейінің», үнді ведасының, «Махабхаратасының», Фирдоусидің «Шахнамасының» үзілмей келе жатқан дәстүрлі жалғасы болатын. Өйткені, бұл ұлы мұраларды жасаушылардың да түрік тектес халықтардың өкілдері екені қазір анықтала бастады.

– Жабайы болмасақ та, «көшпелі» атандық емес пе?

– Біз ешқашан бірыңғай көшпелі халық болмағанбыз. Көшпелі өмір сүргеніміз рас.  Бірақ бұл – жартылай көшпелі, жартылай отырықшылық. Түріктер тарихы Еуропаның таным-түсінігіндегі қоғамдық формациялар тұрғысынан қарауға келмейді.

– Ал орыстар «қазақты ұлт ретінде Кеңес Одағы қалыптас­тырған» деуін әлі күнге дейін қояр емес. Жалпы, бізді «құл иеленушілер дәуірі» біраз еңсеріп кеткен жоқ па?

– Ұлт қана емес, «қазақты адам қылған, оқытып-тоқытқан біз» дейді ғой олар. Онысы – отарлаушы ел үстемдігінің бір белгісі. Сені отарлап, тарихыңды, салт-дәстүріңді құртқандағы мақсаты да сол – «сені адам қылған – біз» деген ұғымды санаңа сыналап енгізу ғой. «Сен ел болмағансың. Қазақтар малының тұяғы тиген жерді «біздікі» дей берген» дегенді Солжынициннің айтқаны есіңде болар? Оу, біздің ата-бабаларымыз өмір бойы «Еділ мен Жайық» деп келді ғой! Тіпті, сол Еділ қазір сенің жеріңде жоқ. Жайықтың да тек бергі беті болмаса, арғы беті солардыкі. Мәселе осында болып тұр. Сен кезінде қандай едің? Осы күнге қалай жетіп, осыншама құндықтарыңнан қалай айырылдың? Соның бәрін құнттап, жазып қойғанда, біздің ұрпағымызда мұндай сұрақтардың біреуі де болмас еді. Міне, тарих дегеніміз – менің, сенің, қаз басып жүрген қазақтың ата-бабаларының өмірбаяны, жасаған іс-әрекетінің шежіресі. Мысалы, сен өз атаңның кім екенін, қай жерде сүрінгенін білмесең, сол жерге сен де сүрінесің. Тарих тағылымы деген сол. Ал «құл иеленушілер дәуірі» дегеніңе келсек, оның түріктерге еш қатысы жоқ. Римдегідей құл иелену болмаған. Оны қазір тарих ғылымының өзі де мойындап отыр.

– Сіз бір сұхбатыңызда «мен де заманның замандары болғанда, Кеңес Одағы­ның сүйегі қаусап, құлайтынын білдім» депсіз. Қалай білдіңіз?

– Менде «Кеңес үкіметі менің кезімде немесе баламның, немере, шөберемнің кезінде құлайды» деген ұғым болған жоқ. Бірақ көне тарихпен айналысқаннан кейін кез келген империяның әйтеуір бір құлайтынын білдім. Өркениетті империя да жанды организм сияқты: туады, ер жетеді, шарықтап дамиды, құлдырайды және өледі. Сондықтан кез келген империяның аяғы – құлдырау.

– «Қазақ зиялыларының ең соңғы тұяғы «Алаш» арыстары болатын» деген кесімді пікірге де келелі ой қосатын шығарсыз?

– Ол былай, балам… Менің «Елдік негіздері» деген бір кітапшам бар. Соның ішінде «қазақта зиялы жоқ» деген пікірім жазылған. Біз алдымен «зиялы» деген сөзді түсінуіміз керек. Бір нәрсенің мәнін білмей айта беру еш нәтиже бермейді. Тәуелсіздік алғалы отандық БАҚ-та «Қазақта зиялы бар ма, жоқ па?» деген пікірталас бірнеше рет ұйымдастырылды. Зиялыны біреуі «жоқ» дейді, екіншісі «бар» дейді. Сонымен тарқасады. Есі түзу адам бар нәрсені «бар ма?» деп сұрамайды. Демек, сұрақтың қойылуының өзі-ақ біраз жайды аңғартса керек. Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен «Зиялы деген кім?», «Кімді зиялы дейміз?» дегенге жауап беру керек. «Зия» – арабшадан аударғанда, «жарық» деген сөз. Ал зиялы – жарықты, сәулелі дегенді білдіреді. Негізінен төңірегіне өзінің кісілігімен, мінез-құлқымен, болмысымен сәулесін түсіретін адамды айтады. Ал бізде осындай адам бар ма?!

Бізде зиялыны орыстың интеллигенциясымен салыстырады. «Интеллигенция» – оқыған, әр нәрседен хабары бар, бойын таза ұстап жүретін білімді адам. Бұған қарағанда, қазақтың бәрі зиялы. Өйткені, қазақта орта, жоғары білім алмағандар жоққа тән. Қазақ ұғымында зиялының мәні бұдан бөлек. Менің түсінігімде: «Ұлт зиялысы дегеніміз – сол өзі шыққан ұлттың бар жақсы қасиетін бойына сіңірген, кісілік парасаты биік, халқының мүддесін жеке басының мүддесінен жоғары қойып, саналы ғұмырын соған қалтқысыз қызмет етуге арнаған, ұлттық дамудың мүддесін көздейтін әлеуметтік мұраттарды алға шығарып, қолдап-қорғап отыратын, осы жолда кездескен қиындыққа қаймықпай қарсы тұрып, қажет болса, мақсатты ісінің жолында күресіп, құрбандыққа бара алатын рухы биік, ары таза қайраткер адам». Осындай адам болса, зиялы. Ал олар бір емес, бірнешеу болса, ол – зиялылар қауымы. Ал осындайлар жоқ болса, мың жерден «бар» деп шырылдасаң да, ол – жоқ!

– Неге олай?

– Қазақ халық болып қалыптасқаннан бері өз зиялысы болған. Ел дәуірлеген сәтте олар да көбейген. Қазақ адамды ең алдымен кісілікке тәрбиелеп отырған. Көп оқып, ештеңе істей алмағандарды «оқу өтіп кеткен» дейді. Кешегі патшалық Ресей заманында біздің зиялылар азайды. Бірақ өрісі тарылғанмен, тұқымы жоғалған жоқ. Ол кезде қазақы қалыпқа еуропалық білімді енгізу керек болды. Міне, Абайдың зарлайтын білімі – осы білім! Орыстан үйрену –  оларды керемет құдірет санау емес. Олардың өзі (кешегі Петрдан бастап) Еуропадан үйренді. Абай білім кілтінің сол кездің жағдайында орыста екенін, сол арқылы білімге қол жеткізуге болатынын айтқан.

Кеңес үкіметі әуелі зиялылар қауымының қаймағын сыпырды. Одан кейін оған жарығын түсірген, тәрбие берген төңірегін құртты. Сенің «зиялы» дегеніңнің тамыры қырқылды да, оның орнын әншейін мамандар басты. Ұлт элитасы, ұлт зиялысы деп осыларды таныдық.

– «Текті», «тексіз» ұғымы негізінде айтар ойларыңыз да аз емес еді…

– Қолымыздағы бар дереккөздерін зерде таразысынан өткізе отырып, өзіміздің шыққан тегіміздің кім екенін, қайдан, қалай келдік, осы күнге қалай жеттік… соның бәрін білу – парыз. Ең өкініштісі, әлі күнге дейін бүгінгінің тақырыбымен ғана кандидаттық, докторлық диссертация қорғап әлекпіз. Ал ондай өз тегін саралай алмағандарды қазақ «тексіз», «көргенсіз» дейді. Тегің нашар, көргенің болмаса, сенен қандай ұрпақ өрбиді?! Оны не нәрсеге ұмтылдырасың, қайда тәрбиелемексің?! Америка мен Ресейге қарап тәрбиелегеннен қазақ шықпайды ғой! Өз енесінің бауырында өсіп-өнбеген қыран ешуақытта қырандық таныта алмайды. Өлексе жеп, құзғынға айналады. Біз ата-балаларымыздың соғысып, біреуді өлтіргенін ғана айтамыз. Оу, оның кісілігі ше?! Біздің түрік халқының, оның ішінде қазақтың мақалдарын алып қарасаң, әрқайсысы бір-бір трактаттық дүние! Менің түсінігімде, Еуропаның философиясы – ойдан ой сауған кітаби философия. Ал қазақтың философиясы – өмір лабороториясынан өтіп, маңдайы тасқа тиіп, бәрін сол бар болмысымен сезініп, көріп барып, өз тәжірибесінен қорытқан ой түйіні. Онда ойдан ой алатын қиялилық, жаңсақтық жоқ. Ал қазақ философиясының осындай құдіретін ашып, баршаға танытып отырмыз ба?! Міне, мәселе осында!

– Біз қазір теледидардан кәрістің қазақшаға аударылған тарихи сериалдарын көріп жүрміз. Ал ондай деңгейдегі сценарийді неге өзіміз жазбасқа? Әлде ағайындар «мына киноның ішінде неге біздің рудың батыры жоқ?» деп шулай ма?

– Қазір кітап бұрынғыдай оқылмайды, шырағым! Ал киноны қазіргі 17 миллион халықтың кемінде жартысы көреді. Егер жақсы дүние болса, сол 17 миллионыңның бәрі дерлік көріп шығуы ғажап емес. Ленин «Барлық өнердің ішіндегі бізге ең маңыздысы – кино» дегенді бекер айтпаған. Демек, идеологияда кинодан артық ықпалды өнер жоқ. Сенің айтып отырған ойың менің де көкірегімді тілген. Корейдің Жумонгынан артық болмаса, бір де кем емес түріктің тамаша тұлғалары жетіп артылады. Солар туралы дені дұрыс бір фильм шығара алмағанымыз менің де жаныма батып, намысыма тиген. Содан осы кемістіктің орны тола ма деген мақсатпен Мүде хан туралы 15 бөлімді телехикая сценарийін жазып шықтым. Жазып болғаннан кейін «Қазақфильмге» тапсырдым. Жақсы қабылдады. «Түсіреміз» деді. Бірақ түсірілмеді. Кейін «Қазақстан» телеарнасымен бірігіп түсірмек болып еді, оның да сәті түспеді.

Бұл фильмнің жаңағы сен айтқан руыңа еш қатысы жоқ. Бұл түрік тектес халықтардың бәріне ортақ фильм. Бәрінің ортақ тегіне қатысты. Түркияның түріктерінің де, әзербайжанның да, түрікменнің де, құмықтың да, қарашайдың да, балқардың да, башқұрттың да, татардың да, қырғыздың да, өзбектің де, ұйғырдың да, қарақалпақтың да… бәрінің ортақ тарихы!

– Біздің қоғам неге енжарлық таныта береді? Керісінше, ақылға сыймайтын әрекеттерге жиі ұмтылуда ғой…

– Қазір түрік елдерінің бірлігі күн тәртібіне шыға бастады. «Түрік мемлекетінің кеңесі» құрылды. Соған қыруар қаржы шығарды. «Түрік ақсақалдары» деген ұйым да бар. Астанада «Түрік академиясы» жұмыс істеп жатыр. Университеттерде түріктану кафедралары ашылды. Бірақ әлі айтарлықтай нәтиже болмай жатыр. Кеңес Одағы кезінде түріктану тек лингвистикалық тұрғыдан зерделенді. «Түріктану» дегенінің өзі, аты айтып тұрғандай, түріктің кім екенін білуден басталса керек. Ал оны тарих айтпаса, басқа қай ғылым айтады? Тарихқа жүгінбеген тіл ғылымы да ақиқатқа жете алмайды. Кешегі ІХ ғасырдағы түрік тілдес болғар Еуропаға барып, қазір христиан дініндегі славиан халқы болып отыр. Тіл дегеніміз осы ғой! Түріктің ежелгі тарихын зерттеу, өсіп-өнген ортақ тамырымызды бірлесіп тану әлі қолға алынбай отыр. Түріктің көне тарихы зерттеу аясынан тыс қалды. Еліңде ондай саясат болмағаннан кейін бұл бағытта ештеңе істелмейді. Қазір біздің халық тек қана сөзге үйір болып бара жатыр. Әлгі «тіл құрып бара жатыр» дегеніміз де, «ойбай, дінім…» дегені де осының салдары.

Қасымның тілімен айтқанда, «семья – шағын мемлекет». Сенің әкең – Президент, шешең – Премьер, ағаң – зиялы, інің – оппозиция, балаларың – халық делік. Ал осы үйдің ішінде бірлік, жарастық болу үшін не керек? Егер қазіргі таңдағы баспасөзде жазылып жатқандай, қазақтың зиялысы екіжүзді, билігінің халыққа жаны ашымайды, оппозициясы оңбаған, ақындары сарай ақыны, жазушысы қара басының қамын күйттейді, халқы – мешеу, момын, үндемес болса, сонда осы үйді жақсы қылатын кім?! Оңғаны қайсы?! Тек есі түзуі мақала жазып отырған адам ғана ма?! Осындай жауапсыздықпен өз-өзімізді құртып жатырмыз. Халық ешкімге сенбейді. Ортақ шаңырағымызда бәріміз жақсы болғанда ғана, өзара ынтымақ-бірлігіміз жарасқанда ғана береке орнайды. Даурыға бермей, ойласқанымыз абзал.

Айтыңызшы, біз рухани қазынаға келгенде салдыр-салақтау емеспіз бе?

– Бізде «мемлекеттік бағдарлама» дегендерің әбден сәнге айналып кеткен. Жылына бәленбайын ойлап табады. Соның ішінде жалғыз орындалған бағдарлама – «Мәдени мұра» ғана. Алғашқы жылдарын айтып отырмын. Сол кезде шынымен де керемет дүниелер жиналды. Бірақ сол дүниелерді зерттеп, игілікке асыру жағы кемшіндеу болып тұр. Ең өкініштісі, сол жиналған мұралар негізінде біреу бір тақырыпты алып зерттеп, сол туралы жаңалық ашса, ол ескерілмейді. Оқулыққа енбейді, ғылыми айналымға түспейді. «Ойпырым-ай, Мырқымбай мынадай әлемдік сенсация жасап, жаңалық ашты-ау!» – демейді. Оның орнына біреу алтын адамды тапса, құдды бір алтын іздеушілерге ұқсап, табылған алтынды айтып, у-шу болып, бүкіл газет шұбырта жазады. Ал ол алтын бұйымды жасаған кім? Оны қалай жасады? Көне заманда осындай ұлы мәдениетке ие болған кімдер? Осы сұрақтардың жауабын тарих тілінде сөйлету жоқ бізде! Соның салдарынан түп ата тегімізден осы жүрген сақтарды бұл күнде бізден басқа ешкім түрік деп мойындамайды. «Үндіеуропа тілдес халық» дейді бәрі. Мәселе барды ұқсата білуде!

Қазір «адамзат өркениетінің ошағына алғашқы от тамызған –  түріктер» деуге толық негіз бар. Оған генетика ғылымының соңғы жетістігі – ДНК зерттеулерінің қорытындысы толық мүмкіндік беріп отыр. Енді сол ДНК деректерін тарих деректерімен негіздеп, түріктердің шынайы тарихын жасайтын заман туды. АҚШ-тың Колифорния университетінің Алан Уилсон бастаған ғалымдары мен Ресейдің Вавилов атындағы Генетика институтының Илья Захаров бастаған ғалымдары Америка үндістерінің түрік екенін, оның 30-40 мың жылдық тарихы бар екенін дәлелдеп, ғылымды мойындатса, Гарвард университетінің профессоры Анатолий Клесов Атлант мұхитына дейінгі Еуразия кеңістігі есте жоқ ескі замандардан бері тек түрік тектес халықтардың мекені болғанын дәлелдеп берді.

– Түріктердің ежелгі халық екенін тілші ғалымдар көне сөздер арқылы да ертеден бері дәлелдеп келеді. Бірақ бұған ғылым онша құлақ аспай келе жатқан жоқ па?

– Дұрыс айтасың! Мысалы, түріктер ерте заманда «мекен» деген сөзді «ұя» және «ан» деген сөздер арқылы берген. Осының «ұясын» отырықшыларға, «ан» дегенін көшпелілерге арнап айтқан. Бүгінгі дүниежүзі халықтары мемлекеті атауының «ия» жұрнағы – түріктің осы «ұясы». Түркия – түріктің мекені, Болгария – болғардың мекені, т.б. дегендей. Ал Тұран – тұрдың мекені, Қазан – қаздың мекені, Албан – таулықтар мекені, Суан – сулықтар мекені, Британ – бриттар мекені және т.б.

Меніңше, ХХІ ғасыр – түріктің ғасыры болады. Ағылшынның да, германдардың да, Балтық бойындағы, скандинавия елдерінің де – бәрінің түрік екендігін мен емес, түрік тектес халықтардың өкілдері емес, Еуропа зерттеушілерінің өздері айтып отыр. Қазіргі орыстар жайлаған жерлердің ежелгі түрік жерлері екені де нақты атап тұрып көрсетілген. Өзінің тегін жасырған тексіздік кімнің кім екенін білдірмей келді ғой. Біз жаттанды стандарттан құтылып, Үкімет саясатының бетін бері бұрып, арнайы маман даярласақ қана осының бәрін жарыққа шығара аламыз. Мен саған қазір жай шолу жасап қана айтып отырмын. Түріктің шынайы тарихы енді жазылады.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Еркеғали БЕЙСЕНОВ

 

 

Мынаны да қараңыз

«Біз үлкен өзгерістердің алдында тұрмыз»: Екатерина Смолякова, Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат

Respublica партиясы өкілдерінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Атырау тұрғындарымен өткен кездесу барысында ҚР Парламенті ...

2 пікір

  1. Данияр

    Керемет сұхбат. Бұл кісінің «Жер жаһанда арғы атаңның ізі бар» атты кітабын оқып шықтым. Бұрыншы томдары өте ауыр сияқты еді, мына жинағы ұғынықты екен. Көп пікірлерін нақты дәлелделмен келтірген. Аман болсын ағамыз!

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *