немесе
жануарлардың өліміне «Протон» зымырандарынан бөлінген улы гептил отынының әсері бар
Қазақстанда жаңадан салынатын автобандар елдің «Қызыл кітабына» енгізілген киіктердің үйреншікті көшу жолдарына кедергі болуы мүмкін дейді сарапшылар. Мұндай уәжбен келісетін министрлік табиғи ландшафтқа ұқсас экодук көпір салып, мәселенің шешімін таппақшы. Алайда кей мамандар түз жануарының жасанды өткелден өтеріне күмән келтіреді деп жазады Azattyq.org сайты.
Жол құрылысының киік популяциясына әсері
Қазақстан соңғы жылдары Астанадан елдің әр түкпіріне жеткізетін бірнеше жаңа автожол құрылысын бастаған. Оның бірі Қазақстанды көктей өтетін, ұзындығы 2700 шақырым «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы қазіргі уақытта пайдалануға беріліп те қойған.
Сонымен қатар енді басталатын ірі жобалар да бар. «Орталық – Батыс» деп аталатын автожол Астанадан шыққан көлікті Арқалық, Торғай, Ырғыз арқылы өткізіп, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына шығарады, ары қарай Қазақстанның батыс облыстарымен жалғайды. Ресми ақпарат бойынша, «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» жолының құрылысы 2021 жылы аяқталуы тиіс.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы да дала жануарының бұрыннан қалыптасқан көшу жолына әсер етті деп санайтын мамандар әзірге жоспар күйінде тұрған «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» автожолы киіктердің көш жолына кедергі бола ма деп алаңдайды.
Бұған дейін БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасы Қазақстанда жаңадан салынып жатқан темір және автокөлік жолдарының киіктің көшу жолдарына әсер етіп, көбеюіне кедергі келтіруі мүмкін деп алаңдаушылық білдірген еді.
Алматыдағы Зоология институтының зерттеушісі Юрий Грачевтің айтуынша, Қазақстанда киіктің бір-бірімен араласпайтын негізгі үш популяциясы бар. Ең үлкені – Бетпақдала немесе Торғай, Ырғыз популяциясы деп те аталады. Бетпақдала популяциясы Ақмола облысындағы Қорғалжын мен Теңіз көлдерінің төңірегін, Торғайдың төменгі жағын мекендеп, Ырғыз жақта төлдейді. Киіктер көктемде Қазақстанның оңтүстігінен Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстарындағы Ырғыз, Торғай, Ұлыжыланшық, Терісаққан өзендері алабы мен Теңіз көліне қарай ауады. Үстірт тобына Өзбекстанның солтүстік өңіріндегі киіктер де кіреді. Үшіншісі – Еділ-Жайық өзендері арасын мекендейтін киік популяциясы.
– Жаңадан салынатын кез келген нысанның тірі табиғатқа қаншалықты әсер ететіні егжей-тегжейлі зерттелуі керек. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының кей учаскелерінде жол ортасын бөліп тұрған қоршау жоқ. Ондай жерден киіктердің өтуіне мүмкіндік бар. Ал қоршау тұрған тұсынан өте алмайды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бұл мәселені талқылауға Зоология институтының зерттеушілерін де шақырды. Бірақ біз өткел түсетін жерлердің толық картасын көрмедік. Ондай картаны көрсетуге уәде берген, – дейді Юрий Грачев.
Зерттеушінің айтуынша, киіктің көшу жолдары бірнеше жылда өзгеріп тұрады.
ЭКОДУК көпір
Осы мәселеге байланысты сұрақпен Азаттық тілшісі автожол салуға қатысы бар мемлекеттік орындар мен зерттеу институттарына және қоғамдық ұйымдарға хат жолдаған. Олардың жауаптарына қарағанда, жабайы жан-жануарларға арналған өткелдер құрылысы әзірге талқыланып жатыр.
Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің Азаттыққа хабарлауынша, 2016 жылы «Орталық Батыс» дәлізі бойынша «Астана – Арқалық – Ырғыз – Шалқар – Қандыағаш» автомобиль жолын жобалау басталып, жол түсетін жерлерде арнайы кеңес өткізілген. Басқа да зерттеулер бойынша жануарлар өтетін тоннель типіндегі көлемі әртүрлі эстакада салу қарастырылған.
Комитеттің хабарлауынша, «Киіктерді айдау нұсқалары» деп аталатын есеп жасалған, онда тоннель типіндегі эстакадалар киік көшіне ыңғайлы екені көрсетілген. Комитет, сонымен қатар, 2018 жылдың 2 ақпанында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен және Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының қатысуымен ғылыми техникалық кеңес өткізгенін айтады.
«Жоғарыда аталған органдардың өкілдері киіктер өткелдерден өтпеуі мүмкін деп, көш жолдары өтетін тұстарда автожолдарды мейлінше жазық етіп салу қажеттігін ұсынды. «Ырғыз – Нұра» және «Нұра – Ақшығанақ» автомобиль жолдарындағы киік көші жолдарында бұл ұсыныс ескеріледі және арнайы жол белгілері қойылады», – делінген жауап хатта.
Осы комитеттің сайтында «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз – Торғай – Қандыағаш» жолының «Қоршаған орта мен әлеуметтік сфераға әсерін бағалау» дейтін қорытынды есебі жарияланған. 2015 жылы жасалған есепте киік көшіне жаңадан салынатын автожолдың айтарлықтай әсер етпейтіні айтылған. Көлемі елу бетке жуық бұл есепті жасаған жалғыз мекеме осы министрлікке қарасты «Қазақстан жол ғылыми зерттеу институты» акционерлік қоғамы («ҚазЖолҒЗИ» АҚ) деп көрсетілген.
Азаттық тілшісі бұл ғылыми зерттеу институтына да сұрақ қойып хат жолдаған еді. Берген жауабына қарағанда, әлгі есепті институт «САЭН Инжиниринг групп» ЖШС-мен бірлесе жасаған, яғни қосалқы кеңесші ретінде ғана қатысқан. Институт «қорытынды есепте жануарлардың көшу жолдары нақтыланып, Қазақстан Республикасы табиғат қорғау заңнамасына сәйкес жасалды, киіктің көшу жолдары анықталды» деп санайды.
Азаттық тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне де хабарласты. Комитеттің жазбаша жауабында «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» жолының киік көші жолына әсер етуі толық зерттелмегені, бірақ өткел салу көзделгені және мемлекеттік органдармен, ғылыми және қоғамдық ұйымдармен талқылаудан кейін жол үстінен жер ландшафтына ұқсас ағаш, бұта егілген экодук көпір салу мәселесі қарастырылып отырғаны» айтылған.
«Киіктердің Бетпақдала тобы 2018 жылдың өзінде 47,8 пайызға өсті» деген ақпарат берген бұл комитет автокөлік жолы киік өсімі мен көшу жолына әсер етпейді деп санайды.
«Өткелден борсық өтуі мүмкін, киік – өтпейді»
Алайда Автомобиль жолдары комитеті мен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті өткізген қоғамдық талқылауларға қатысқан Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоцияциясы өкілдерінің пікірі өзгеше.
Жабайы жан-жануарлар мен олардың мекенін бақылаумен шұғылданатын бұл ұйымның жетекші маманы Альберт Салимгереев «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» жолының қазіргі бағытын біршама өзгерту керек деп санайды.
– Біз мұндай жолға үзілді-кесілді қарсымыз. Бұл мүлде жаңа жол. Соншалық тиімді дейтіндей жол бойында елдімекендер де көп емес. Жаңа жолды бұрынғы «Астана – Қостанай, Астана – Қарабұтақ – Ақтөбе» жолының үстімен өткізсе экономикалық тұрғыдан да тиімді емес пе? Сәл алысырақ болуы мүмкін. Бірақ табиғи ерекшелікті бұзбайды, киіктің Бетпақдала популяциясының көшу жолдарына да әсер етпейді, – дейді маман.
Альберт Салимгереев автожол жоспары талқыланғанда экодуктер мен тоннельдерді қай тұстан салуға болатыны жайлы сөз болғанын, бірақ өздерінің ұйымы оны қолдамағанын айтады.
– Тоннельден борсық өтетін шығар, бірақ киік өтпейді. Еуропадағы экодуктар орман жануарларына арналған. Дала киіктері ондай экодуктан да өтпейді. Керісінше ағаш, бұтадан аулақ, ашық жермен жүреді. Бәлкім, аздаған киік өтер, көпшілігі аяқ баспайды ондай жерге, – дейді зерттеуші.
Альберт Салимгереев бес жүзден мың басқа дейін үйір-үйірімен көшетін киіктер ашық жол үстінен өткенде де көлік астында қалады деп алаңдайды. Ол киік көші-қонының өзгеруіне дәлел ретінде 2015 жылы іске қосылған Жезқазған – Бейнеу теміржолын алға тартады. Оның айтуынша, Жезқазған – Бейнеу теміржолы Жезқазған, Сексеуіл аймағында киіктің Бетпақдала популяциясына, Шалқар – Бейнеу аймағында Үстірт популяциясына әсер еткен.
– Үш жыл бойы бақыладық, жаңа теміржол түскен соң Шалқар – Бейнеу киігі оңтүстікке көшпейтін болды. Спутник мәліметтері киіктің оңтүстікке кетпей солтүстікте қалып қойғанын көрсетті. Осылай жалғасса, киіктің бұл популяциясы бұрынғыдай миллиондап көбейеді деп күтпесек те болады. Шамамен жиырма мыңға дейін көбейер, одан аспайды, – дейді ол.
Азаттық тілшісі Альберт Салимгереев мысалға келтірген Жезқазған – Бейнеу теміржолының киік көші жолына әсері жайлы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сауал қойды. Комитеттің жазбаша жауабы Альберт Салимгереевтің пікірін жоққа шығармайды. Олардың айтуынша, «Жезқазған – Бейнеу» теміржолы іске қосылған соң Үстірт популяциясының теміржолдың оңтүстігіндегі аймақтарға көшуі тоқтаған.
Дегенмен, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Азаттыққа берген жауабын оптимистік сарынмен аяқтаған. Комитет дерегінше, «2018 жылғы санақ мәліметі киіктердің Үстірт тобының саны 37 пайызға өскенін» көрсеткен.
Ал 2017 жылы Ақтөбе облыстық әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында «Экомұражай» қоғамдық бірлестігінің өкілі Айтбай Мұзбай Үстірт популяциясындағы киік саны 1980 жылдардың соңымен салыстырғанда 99 пайызға азайғаны туралы айтқан еді. Оның сөзіне қарағанда, 2016-2017 жылдары жүргізілген санақта Үстіртте 1900-2700 бас қана киік қалғаны анықталған.
2017 жылы маусым айында Ауыл шаруашылығы министрлігі киік қайта көбейіп, 152 мың басқа жеткенін мәлімдеген болатын. 2015 жылы Қазақстандағы киіктердің үштен екіге жуығы қырылған. Оған дейінгі саны 275 мыңға жеткен еді.
2015 жылы Орал, Бетпақдала және Үстірт популяциясына жататын 150 мыңға жуық киік жаппай қырылған. Үкімет тарапынан жүргізілген тексеру киіктер пастереллез ауруынан қырылған деген ресми қорытынды шығарған. Кей ғалымдар түз жануарының өліміне басқа да аурулар себеп болуы мүмкін деген болжам айтқан. Ал арнайы экспедиция құрып, киік қырылған Ақмола, Қостанай және Ақтөбе облыстарын аралап шыққан азаматтық белсенділер «Қызыл кітапқа» енген жануардың өліміне Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылып келе жатқан ресейлік «Протон» зымырандарынан бөлінген улы гептил отынының әсері бар деген тұжырым айтқан еді.
Асылхан МАМАШҰЛЫ
azattyq.org