Елімізге белгілі футболшы Нұрбол Жұмасқалиев спорттан кететіндігін хабарлады. Ол бүгін «Тобыл» сапында соңғы мәрте жасыл алаңға шығып, Петропавлдың «Қызылжар» командасы қақпасына гол соқты деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нұрбол Жұмасқалиев 1981 жылғы 11 мамырда Орал қаласында дүниеге келген. Футболшылық мансабын 1998 жылы Оралдың «Нарын» командасы сапында бастады. 1999-2000 жылдарда Талдықорғанның «Жетісу» клубында ойын көрсетсе, 2000-2010 жылдарда Қостанайдың «Тобылының» жейдесін киді. Ал 2011-2012 жылдарда Астананың «Локомотивінде» доп тепсе, одан кейін төрт жыл бойы қайтадан «Тобылдың» намысын қорғады. 2017 жылы Павлодардың «Ертісінде» 7 ойын өткізіп қайтқанымен, сол жылы «Тобылға» қайта келді.
Биылғы біріншілікте қола жүлдегер атанған «Тобылды» бүгінгі «Қызылжармен» өткен ойыннан кейін марапаттау рәсімі өтті. Шара барысында Нұрбол Жұмасқалиев өзінің шешімі жайында жанкүйерлеріне айтты.
«Бүгін аймақ жұртшылығы үшін маңызды күн. Команда атынан қолдау білдірген барлық азаматтарға ризашылық білдіргіміз келеді. Әріптестерімді де үлкен жетістігіммен құттықтаймын. Бүгінгі ойын мен үшін ерекше болды. Футболшылық мансабымдағы соңғы кездесумді өткіздім», — деді Нұрбол Жұмақалиев.
Естеріңізге сала кетелік, биылғы тамыз айында Көкшетаудың «Оқжетпесі» сапында ойнайтын белгілі футболшы Әлібек Бөлешов футболшылық мансабын аяқтағанын мәлім етті. Ал үстіміздегі жылдың басында Самат Смақов спортпен қош айтысқанын жариялап, «Ақтөбе» командасының директоры болып тағайындалған еді.
Сондай-ақ бүгін әлемге белгілі футболшы Андрей Аршавин Алматының «Қайраты» сапында соңғы ойынын өткізді.
inform.kz