Білім сапасына қойылатын талапқа сай емес еліміздегі 20 оқу орнының лицензиясы қайтарылып алынды деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңіз білетіндей, «Бес әлеуметтік бастама» шеңберінде Елбасының тапсырмасы бойынша қосымша 20 мың грант бөлінген болатын. Бұл гранттар бойынша студенттер оқуын бастап кетті. Енді осындай мемлекеттен қамқорлық болып жатқаннан кейін, әрине, біздің оқу орындарының жауапкершілігі де арттырылуы керек», — деді Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының республикалық форумында.
Оның айтуынша, осы мәселе бойынша, біріншіден, профилизация, екіншіден, ЖОО-ларды үлкейту, үшіншіден, ЖОО-лар тиісті жұмысын атқара алмаса, лицензияларды қайтарып алу жұмысы жүргізілетінін атап өтті.
«Қазіргі таңда біз 50 пайыздық норманы бекіттік. Демек, егер ЖОО түлектерінің жұмысқа тұру көрсеткіші 50 пайыздан аз болса, онда бұл дегеніңіз, біріншіден, бұл мамандықтардың нарыққа қажетсіз екенін, екіншіден, білім сапасының төмендігін білдіреді. Екі жағдайда да біз лицензияны қайтарып алатын боламыз. Бүгінге дейін БҒМ бұл жұмысты жүргізіп, 20 лицензияны қайтарып алдық. Келесі жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде бұл жұмысты жалғастыратын боламыз», — деді Асхат Аймағамбетов.
Еске сала кетсек, елордадағы Конгресс-орталықта «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының республикалық форумы өтіп жатыр.