Тулақты туындыға айналдырған

Гүлдана Жұрқабаева – Торғай өңірінің тумасы. Мамандығы – дизайнер. Қостанай қаласында білім алған. Қостанай меценаттар клубы тағайындайтын «Шабыт» сыйлығының «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша лауреаты атанған. Ұстазы Гуля Серікқызының ұсынысымен алғаш теріге – кәдімгі малдың, аңның терілеріне сурет салуды қолға алған.

Әртүрлі тақырыптарда сәнді-композициялық кескіндемелер түсіре бастайды. Бұдан соң теріге сурет салуға ерекше белсене кіріседі. Суреттерінен даланың тамаша көріністері менмұндалайды. Туған жердің әуені еміс-еміс естілетіндей… Сондықтан болса керек, ол Қостанай қаласында ұйымдастырған алғашқы көрмесін «Дала әуендері» деп атапты. Суреттерінің «Тамғалы петроглифтер», «Қорқыт», «Бұғы», «Томирис», «Абылай хан» және осы сынды тағы да басқа атауларға ие болуы осыған дәлел болса керек.

Гүлдана жұмыстарын дүниеге әкелерде үйреншікті кенептің орнына былғары, түрлі аңдардың терілерін және тұлыпты қолданады. Көрген жанды таңырқатпай қоймайды. Оның жұмыстары – көбіне сәндік бұйымдар. Теріге бейнелеген суреттеріне ашық акрилді, сырларды пайдаланатындықтан ғана емес, қосымша материалдар – табиғи тастар, моншақтар, сәндік түймелер, тиындар және жан-жануарлардың сүйектерін қолданғаны, сөз жоқ, ерекше көз тартады.

Өзінің айтуына қарағанда, нағашы атасы – Төлебай қария кезінде темірден түйін түйген шебер кісі болыпты. Ат әбзелдерін жасаған. Гүлдана осы өнерін атасынан қонған қасиет деп біледі.

Суретші жұмыстарына қолданатын материалдарды – терілерді арнайы алдыртады. Ал аңдардың терілерін арнайы рұқсаты бар аңшылардан сатып алады. Жұмыстарына түлкі, қарсақ, суыр, зорман сияқты аңдардың терілерін, бұдан соң, бамбук ағашын пайдаланады.

– Бір жұмысыңызға қанша уақыт жұмсайсыз? – деп сұрадық тулақты туындыға айналдыратын суретшіден.

– Өнер адамы болған соң, мұны шабытпен байланыстырамын, – деді ол. – Кейде бір күнде екі-үш туынды жазуым мүмкін. Ал кей сәттерде ештеңе де сала алмауым ғажап емес.

– Туындыларыңыз көбіне қай тақырыптарды қамтиды?

– Алғашқы көрмемде негізгі тақырыбым абстракция болатын. Өзімнің табиғатыма жақын. Бірақ екінші көрмемде ұзақ ойланып, автор ретінде өзімнің туып-өскен жерімді бейнелеуді жөн санадым.

– Сізбен осыдан он жыл бұрын тілдескенімізде елордаға көшіп келгеніңізді, жұмыс іздеп жүргеніңізді айтып едіңіз…

– Иә, елордада 10 жыл ішінде түрлі салада жұмыс істеп көрдім. Бәрі Алтын және бағалы металдар музейінен басталды. Мен онда ғылыми бөлімде менеджер қызметін атқардым… – деді суретші.

«Мен – анархиспін!»

Гүлдана Жұрқабаева шығармашыл жастардың Халықаралық «Шабыт» фестиваліне, «Республикалық әйелдер кеңесі» ҚБ ұйымдастырған «Ветер перемен» атты балалар шығармашылығының бірінші инклюзивті фестиваліне, Чернобыль АЭС апатының 30 жылдығы, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 71 жылдығына арналған қайырымдылық көрмелерге, ARTofHEART қайырымдылық қорының директоры Марина Чуйшвили ұйымдастырған онкологиялық сырқаты бар балаларды қолдау және Rotary Club of Astana қоғамдық қорының ұйымдастыруымен инклюзивті балаларға арналған картиналарды сату көрмесіне, Kunshyag қайырымдылық балы сынды түрлі шараларға қатысқан. 2011 жылы Ұлттық академиялық кітапханада «Шексіздік жолы» атты жеке көрмесін өткізген.

Сондай-ақ ол 2016 жылы International art Festival & Content – «Танысу» фестивалінде лауреат атанып, 1-орынды жеңіп алған (Сан Марино Республикасы, Италия). Ал 2017 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапхана-мұражайында «Өзіңе жол» жеке көрмесін ұйымдастырған.

– Бір кездері мен теріден қолданбалы өнер жасаудың шебері едім. Қазір қолөнерден алыстадым деуге болады. Бүгінде мен туындыларымды маймен жазамын. Барлық шығармашылық адамдары сияқты мен де үнемі ізденісте жүремін. Мүмкін өзімнің қолтаңбам мен негізгі мақсатымды іздейтін шығармын. Мен өмірді шексіз жақсы көремін! Жаңа нәрсені үйренуден жалықпаймын. Мені ертең не қызықтыратынын білмеймін. Түсініксіз, жаңа дүниеден еш қорықпаймын. Мені терең ойлы адамдар, әлемнің кеңдігі, сананың құпия күштері, философия бойынша қызықты кітаптар, уақыттың жылдамдығы, тіпті, осы әлемнің абсурттығы да шабыттандырады… – дейді өнер иесі.

Бүгінде Гүлдана Жұрқабаева Еуразиялық Шығармашылық гильдияның (Лондон), Еуразиялық Дизайнерлер одағының, EXPO&WOMEN халықаралық ұйымының және Жас суретшілер бірлестігінің мүшес. Еуразиялық Дизайнерлер одағының «Қазақстанның дизайнын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған.

Aru-Art жеке галереясы мен Hazifa тоқыма үйінде арт-менеджер болып жұмыс істеп, Тұран колледжінде дизайнерлерге сабақ берген суретші қазірде шақырту бойынша «АРНуво» дизайнерлік мектебінде дәрістер оқиды, Balapan арнасында шеберлік сабақтарын көрсетеді, логотиптер әзірлейді, этностильде аксессуарлар жасайды, көрмелерді ұйымдастыруға көмектеседі.

– Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында өткен Еуразиялық Шығармашылық гильдия мүшелерінің көрмесіне, «Айтматов оқулары» халықаралық жобасына, «Қырғызстан-Астана» қоғамдық бірлестігінің Қазақстандағы Қырғызстан Елшілігімен бірлесіп ұйымдастыратын көрме жұмысына атсалысамын. Талантты жас режиссер Гауһар Адаймен бірге «Dauыс» абсурд-сюрреалистік спектаклінің жұмыстарын атқардым. Жоба авторы – Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы, драматург Ермек Аманшаев. Мен бұл жобада сценограф, костюм бойынша суретші, сондай-ақ, афишаны әзірлеуші ретінде қатыстым. Спектакльдің премьерасы 18 мамырда өтті, – дейді суретші.

Оның айтуынша, бүгінде Семей қаласындағы «Дариға-ай» жастар театрымен өткен жылдан бері әріптестік бағытта жұмыс істеп келеді екен. 2018 жылдың қыркүйек айында А.Гриннің «Аллые паруса» шығармасының желісі бойынша сахналанған «Странный человек» спектаклінің суретшісі болған.

– Сіздермен алғаш рет бөлісіп отырмын: жақында «Художник что пишет» атты кітабымды жаза бастадым. Қызықты болатынына сенімдімін. Оқырмандарым да көп болады деп ойлаймын, – деді Гүлдана.

– Үнемі іс-шараларға қатысып жүреді екенсіз. Оның үстіне кітап жазып жатсыз. Бұлар жұмысыңызға кедергі келтірмей ме? – деп сұрадық біз сөз соңында.

– Жоқ! – деді ол күліп. – Еш жерде тұрақты жұмыс істемеймін. Өйткені, мен – анархиспін!..

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *