Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Ресей Федерациясында іссапармен жүр деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, құрамында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.Скляр, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Е.Қойшыбаев, «БРК-Лизинг» АҚ басқарма төрағасы Н.Байбазаров, Қазақстан АвтоБизнесі Ассоциациясының президенті А.Лаврентьев бар делегация Татарстан Республикасының, сондай-ақ, РФ Свердлов облысының өнеркәсіптік мекемелерінде болды.
«КамАЗ» фирмасының бас директоры Сергей Когогиннің жетекшілігімен қазақстандық меймандар автокөлік зауытының машина құрастыру конвейерімен танысты. Сондай-ақ олардың назарына «КамАЗ» компаниясының ғылыми-техникалық орталығында автокөліктер көрмесі ұсынылды. Бұдан бөлек, делегация аталған компания басшылығымен екіжақты келіссөздер жүргізді. Жұмыс сапары әлі жалғасады, бүгін делегаттар Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласына барады.
Тобыл-Торғай-ақпарат