Қоғабай Сәрсекеев: Елге де келдік, иә, көңіл орнықты! Қазақтың әр жері – тұтас өңірі тұнған тарих. Әйтсе де Торғайда тәу революция бастау алды, бұл Кеңесары жорытқан атырап, Аманкелді төңкеріс жасаған аймақ, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов дүниеге келген жер, партия тарихында тұңғыш рет аудандық партия комитетінің бюросы тараған ел ретінде Торғай тарихта қалған өлке. Осы өңірдің бүгінгі келбеті қандай әсер етті?
Кенжеғали Сағадиев: Бәрі тосын. Рас, анада Ахаң мен Жақаң тойына қатысқанымда – көпшілікпен жүріп көп жайды аңғармаппын, онда маған Торғай аспан астындағы ашық музей сияқты боп көрінген. Таңырқап қойып едім – қалай өзгерген деп. Бір жылда сонда 250-ге тарта үй салыныпты ғой, бәрін Қостанай салып берген. Басшылар: – Осыған ұйытқы болған еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! – деді. Нұрекең Торғайда болғанда ескі қаланың көне үйлерін көріп, халықтың жағдайымен танысу үстінде Қостанай облысының сол кездегі әкімі Николай Трифонович Князевке арнайы тапсырма беріп, облыстың әр шаруашылығы Торғайға барып, тегін бір-бір үй салып берсін, деп жүктеген екен. Обалы не керек, шаруашылық басшылары бұл іске түсіністікпен қарап, Президенттің бастамасын іліп әкеткен де бас аяғы бір жарым жылдың ішінде Торғай жаңарып қалған. Бұған Н.Князевтен кейін облыс әкімі Кенжебек Укин де үлкен үлес қосты. Көмек деп міне, осыны айту керек! Нақты көмек! Өкінішке орай, Президенттің әр тапсырмасы осылай орындала бермейді ғой, өйткенде біз қалай ілгері жылжыр едік!
Қоғабай Сәрсекеев: Өте орынды айттыңыз, Торғай жұрты Елбасына дән риза. Әйтсе де үйді қанша жерден асарлап салғанмен де Торғайдың бұрынғы сәулетті құрылыс жобаларын сақтау керек еді. Торғайдың сәулет ерекшеліктері бұзылғандықтан ба, бала кездегі көз үйренген айшықтардан адасып қаласын. Торғайдың көшелері атқан оқтай түзу келетін. Қазір көшелер қисық-қисық. Баяғы Пионер көшесі бөлініп қалыпты. Көшенің нақ ортасында мешіт тұрғызылған. Ансамбльдік шешім жоқ. Құрылыс мектебі дейтіннің орнына дәмхана салыныпты, біз төңіректейтін клуб үй бұзылған. Бұрын соны саудагер Якушевтің дүкені деуші еді. Ыбырай мектебінің ескі өз жобасы сақталуы қажет-ақ еді, ол да ойластырылмаған. Жоғары жақта аурухана, қызыл түрме, наубайхана, интернат үйі, ағаш қойма, Аманкелді штабы, орталық алаңдағы үлкен қоңырау, жер кіндігі делінетін темір құбыр, сәнді көпір – бүгінде соның бірі жоқ, әлгі «адасып қаласың» деуім осы реттен. Мұным менің «біткен іске мінші көп» дегендік емес, қаланы қайта жобалауда есте болатын-ақ жайт ретінде айтқан құлаққағыс пікір.
Кенжеғали Сағадиев: Оның есесіне Торғайда музейлер көбейіпті. Бұрын жалғыз өлкетану музейі бартұғын, кейде ол музейді Аманкелді музейі деуші едік…
Қоғабай Сәрсекеев: Кейін сол жалғыз музейге де зар болып қалмап па едік, мен сол әбден қолды болып сілікбесі шыққан музейдің жоғын жоқтап республикалық мерзімді баспасөз беттерінде әлденеше рет мәселе көтердім. Енді міне, шүкіршілік, бір Торғайда жеті-сегіз музей бар. Бұл дегенің зор байлық!
Кенжеғали Сағадиев: Дәстүрлі елдің өнегесі жақсы, мұндай ұмтылыстарды қолдап, қуаттаса болады.
Жауапты жұмысқа ұстаса етегі, жексе жетегі бар тектіні тартқан абзал дегенің ғой, сүйеу балдақтыдан іскер шықпайды, баяғыда «істің тетігін кадр шешеді», дейтін ұран болатын, айтты айтпады, білгір кадр бүгін де қажет.
Қоғабай Сәрсекеев: Иә, солай, әйтпесе бұлғақ көбейіп кетті. Мәселе шешетін орындарға ерте ағытқан құлын, ерігіп орағытқан қу, озаңдатқан құлқын иелері топталса бұл жақсы емес-ақ, іске зиян.
Бізде оппозициялар мен түрлі қозғалыстар жеткілікті, оларға қалай қарайсыз?
Кенжеғали Сағадиев: Оппозиция деген болуы керек, бірақ халықты ірітетін оппозицияның керегі жоқ, біріктіруге ұмтылса жүрек жылиды. Ақылды қозғалыстарға ұйыймын, бетпақ жиыннан алыс жүремін.
Қоғабай Сәрсекеев: Қазақстанда демократия бар ма?
Кенжеғали Сағадиев: Бар демократияны барынша дамыта түсуіміз керек. Дамытқанда жақсы демократияны дамытуымыз керек, мемлекеттік демократия жасау үрдісіне ұмтылған жөн. Ресей демократиясының тәлімі аз, онда жаман үлгілер көп. Жириновскийлердің демократиясы қатерлі. АҚШ демократиясында үңілетін тұстар бар. Демократия дейтін ауа жайылу емес және оның кесіп айтатын ережесі жоқ, дами беретін процесс.
Осы сапарымызда ел бізге зор құрмет көрсетіп, мәжіліс шешімімен екеуімізді де «Торғайдың құрметті азаматы» атады, қатар көше аты берілді.
Қоғабай Сәрсекеев: Жерлестер құрметіне әрине зор рахмет айтуымыз орынды. Ғұмыр жетсе ел сенімін ақтап өтерміз – бұл біздің перзенттік парызымыз. Туған жерге қадірі бар адам – бақытты.
Бәрін айт та бірін айт, ағайын ықыласы бір бөлек – ел аман болсын, ауыл – азаматтарымен көрікті!
Кенжеғали Сағадиев: Біз жол үстінде келеміз. Бағытымыз – Алматы!
Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ
Соңы
adebiportal.kz