Біз тағы да жол үстіндеміз. Бағыт – туған жер – Торғай.
Туған жер – түп қазық, айналып келіп тұрар мекенің.
Әрине, әр сапардың өзінің мақсат-мұраты болады, бұ жолғы сапардың да өз реті бар, Алматыдан шығарда бәрі пысықталған, бағдар айқын. Жолбасшы – Кенжекең – Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев, бүгінгі заманның айтулы ғалымы, ғұлама ұстаз, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі.
Маршрут белгіленген. Қостанай арқылы жүру қарастырылды. Қайтарда Арқалықты басып өтіп, Атбасарға келеміз де, Астанаға аялдаймыз.
Жолға шыққасын ыңғайласқанбыз. Жол қысқарсын деген оймен әңгіме-дүкен құрып отыруға біз Кенжекең екеуміз бір көлікке жайғастық. Басқалар да сапарласты.
Ұзақ сапарда сөздің бастауыш, баяндауышы болмайды, ой ағымы да сондай, сондықтан әңгіме де, ой да бір жүйе-бір арнаға бағына бермей екеуарадағы ашық-жарқын сұхбат еркін өрбиді.
Қазақтың ен даласы… Ұшы-қиыры шексіз-ау… Шүкір дегізетіні қазір қай өңірге барам десеңіз де жол ашық, қатынас жақсы, әуе, теміржол, тас жол, тіпті су жолдары да түсіп жатыр. Алматы мен Астана арасы, біз барамыз деген Торғайға дейінгі бұрынғы сара жол бүгінгі заманауи асфальтты қара жолға ауысқан. Бұл да көңілге қуаныш ұялатады.
Алматы мен Балқаш аралығы 600 шақырымдай ғой, көлікпен жүрген кісіні жалықтырып жіберетін жол осы тұс. Біз бұл аралықтан қалай өткенімізді әңгімемен отырып аңдамай да қалдық. Бүгінгі күннің ақпараттық ағысы жетерлік-ау, бірі бітсе бірі сабақталады. Қоғам жаңа, уақыт басқа, оның үстіне қазіргі адамның дүние өрісі де кең, үйіңде отырып-ақ барша әлем хабар-ошарын біліп, көріп, көңілге тоқисың. Елеп-екшеу еркіңде. Газет-журнал, телехабарларын былай қойғанда интернет бар, компьютер заманы кісіні жалғызсыратпас, міне, осының бәрі әңгімеге өзек. Біразы сапырылды. Бір сөзді бір сөз түртеді. Бірде ауыл, бірде қала, бірде ағайын, бірде дос, өткен-кеткен дендеп, жадымызға оралып, жаңғыра көкіректе тіріліп, дөңгеленген жұмыр жердей жамырай еске түсіп, айтылып қалып жатыр. Пай-пай, тірлік! Деніңнің сауында қызықсың сен! Бір сәт еске сонау бір 1999 жылдың тамыз айы түсті. Сонда да бір қауым жұрт болып елге келіп-кеткен едік-ау… Әрине, ол сапардың жөні де бөлек еді, Торғайға келгесін уақыт үнемдейміз деп, әркім әрқалай бөлініп, бірі ата-бабаларының басын қарайтып, белгі қойып, перзенттік парыздарын өтеген, бірі өз жұмыстарының бабымен ауыл-ауылға – туған өңірлеріне аттанып кетіп, тек қайтарда ғана аудан орталығында табысқанбыз. Бұл жолы олай шашырамауға келістік, сапарлас ағайындардың жұтқан ауасы, ішкен суы, татқан дәмі, басқан топырағы бір болды.
Өткендегі сапарымыз жайлы кезінде “Жол үстіндегі әңгіме” дейтін көлемді эссе-сұхбат жазғанбыз. Ол “Егемен Қазақстанда” жарық көрген. Сонда біз әңгімені: “Кенжеке, үлкен ғалым, ғұлама ұстазсыз, ғылым жолы қиын жол ғой, осыған қалай келдіңіз?” деп аяқтағанымызда, Кенжеғали Әбенұлы: “Бұл үлкен тақырып, ғылым – менің өмірім. Сондықтан бұл әңгімені кейінге қалдыра тұрған жөн шығар. Ғылым жайында жол-жөнекей айтуға болмайды. Ғылым – киелі!” деп еді. Енді сол әңгімені және тірілтіп:
– Кенжеке, сол жолғы әңгімені жалғастырсақ қайтеді, – дедік. – Өзіңіз айтқандай, ғылымның киелі екені рас, бірақ тағы да сапар үстінде келе жатқанымызбен мынау ақ жол ғой, ақ жол үстінде таза сөз сабақталмаушы ма еді?
– Ақ жолда, әрине, ақ сөз айтылады, өткенді ұмытпай еске салуың да орынды, – деп сөзін бастады Кенжекең. – Ғылым деген шынында да бір құдірет! Менің жұрттан жасырар сырым жоқ, бар өмірім, өнер, білім, ғылым жолындағы ізденістерім де, атқарған қызметтерім өздеріңнің көз алдарында өтіп келе жатыр. Мектепті әуелі туған өңірінде бастап, Торғайда жалғадым. Орта мектепті Әулиекөлде бітірдім. Одан университетке (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) келіп түсіп, оны тәмамдап, 1963-66 жылдары Г.П.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтының аспирантурасында оқып аяқтадым, кандидаттық, докторлықты сол Мәскеуде қорғадым. Тағдырдың жазуымен түрлі оқу орындарында қызмет істедік, жоғарғы оқу орындарында басшылық жұмыстар атқардық. Оның бәрін тізу жөн болмас, ең жоғарғы лауазымды қызметім – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті болғандығым. Кейін де сан-салалы қызметтер атқарып жүрміз. Екі шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болдым. Осы қызметтерім үшін отандық орден-медальдармен марапатталдым. Міне, осының бәрін жұрт біледі. Сондықтан бөле-жара айта қоярлықтай нем бар? Оның үстінде мен таңдаған мамандық – экономика саласы ауқымды cала. Демек, өрісі кең ғылым! Әйтпесе экономика тақырыбы бүгінде қоғамдық ілім-білімнің алдына шығар ма еді, күнделікті тірлік, өндіріс, барша шаруашылық жүйесі – бәрі экономикаға келіп тіреледі, иек артады. Сонда экономика ғылым болмағанда қайтеді?!
Бұл ретте ғалым ендігі сөз ырғағын Астанадағы Назарбаев Университетіне қарай бұрып: – Өткенде Елбасының сол оқу орнында оқыған интерактивті дәрісін телеэкраннан көріп, тыңдадық. Қазақ халқының ғұмырнамалық құжаттарда нақты таңбаланған азаматтық тарихы соңғы мың – мың жарым жыл көлемін қамтиды ғой. Ал тым әрідегі тамырымыздан терсек біздің көне тайпалар шежіресі осыдан бес мың, тіпті одан да әрі жылдар тереңіне сүңгіп кетер ме қайтер. Демек, сол қазақ атымен аталған ұлттық мемлекет шаңырақ көтерген дәуірлер тізбесі Президент дәрісінде біле білгенге тереңнен тартылмады ма. Елбасы өз сөзін: «Ықылым замандардан қалған «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген аталы сөз бар. Қазақтың бұл мақалының өзектілігі бүгінгі таңда тіптен айрықша ғой», деп бастады өз сөзін.
– Иә, таныс фраза, бала күнімізден құлаққа сіңген тіркес. Атамзаманғы бастыны идіріп, тізеліні бүктірген ежелгі Түрік қағанаты, ұлан-ғайыр Дешті Қыпшақ даласының даңқы, одан кейінгі Алтын Орда дәуірі, сонау Анақарыс, Тұмар, Зарина, Еділ-Атилла, Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған, Бейбарыс сұлтан, Барақ хан тұсын айтпағанда біздің дәл бүгінгі байырғы Қазақстанның (Қазақия) өткен тарихынан сұрыпталып жеткен аталы сөз!
– Ендеше бабаларымыз өздеріне ілім-білім қажеттігін, елге оқу керектігін ерте білгенмен, оның оқу-тоқу дамуын, жүргізуін, бастауын, әдістемелігін білмеген. Бірақ оқудың киелі екенін, қиын екенін білген, сондықтан да “оқу инемен құдық қазғандай” деген. Бұл да өмір тәжірибесінен алынған сөз. Өйткені заман, қоғам сондай еді, бүгінгі дәуір мен өткен көне ғасырлар кезеңін салыстыруға дәл қазір келмес те, уақыт бәріне таразы. Осы ретте бастауын сонау 1456 жылдан алатын елдік тарих, тәу Қазақ Ордасы, оны құрған Керей хан мен Жәнібек хан, бертінгі Абылай хан, соңғы Кенесары хан заманын ойша шолып өткенде де айтар әңгіме қысқа. Оқу саласында реттілік жоқ, немесе, білім жүйесі мүлде қалыптаспағанын аңғарар едік, мұндай жағдай тіпті отырықшы, қала салған дәстүрі бар тұрақты деген басқа дамыған Батыс, Шығыс елдерінде де мардымды емес. Содан бергі дәуір кезеңдерін көзге елестетсеңіз, елді жаппай сауаттандыру бағытына бет бұрған кешегі Кеңес өкіметі тұсында да өткендегі дәл біздің Ел Президенті оқыған дәрістей сабақты қазақ жұрты ілгеріде көп тыңдай бермеген екен. Осы реттен де Президент дәрісінің мәні мен мағынасы, ерекшелігі бұрынғылардан мүлдем бөлектеу естілді. Экономиканың ролі ерекше айтылды. Міне, осының бәрі енді келіп сол дәрісте кестеленген негізгі қағидалар Президенттің соңғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – 2050 стартегиялық бағдарламасында жалғасты.
– Сөзіңіздің жаны бар, Кенжеке, Сіздің бұл пікіріңізді Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) пікірі растайды. Ол өз заманының оқу-тоқу саласын талдай келіп: «Қазақ ішінде әр жерде бала оқытатын адамдардан бала оқытуға программа (жосық) көрсетілсе екен деген өтініштер келеді. Бұл күнде қазақ арасындағы оқу жосықсыз һәм жосық жасауға болмайды да. Өйткені қазақтың бастауыш мектебінде оқитын кітаптар белгіленбек түгіл, әлі шыққан да жоқ. Жаңа ғана әліппе шыға бастады. Оның да қайсысы оқылары белгіленген жоқ. Әліппеден әрі оқытатын кітаптар әлі шыққан жоқ. Дін жайынан оқытатын, есеп оқытатын, жағрафия һәм тарихтан қысқалап хабар беретін кітаптар әлі жоқ. Сондықтан программа деген сөзді айту әлі ертерек. Әуелі біз бала оқытатын кітаптарымызды түзеп, сайлап алып, содан соң неден бастап, неге шейін оқытатынымызға жосық белгілеуге дұрыс», – деп жазыпты кезінде.
– Дұрыс айтасың, демек, біздің білім саласында әріге барсақ та, бергі кезеңге үңілсек те оқу жүйесінде өткеніміз тұлдыр екен. Мұның себебі белгілі – кісіге қарағанның күні қараң, бодан елдің бостандығы жоқ, қазақ шаруасының қай саласында да Тәуелсіздіктің таңы атқанша қашан еркіндік болып еді. Ендеше қазіргі қоғамның өткен қоғамның қай-қайсысынан да қаншалықты алыстап кеткенін Елбасының дәрісін тыңдай отырып аңғару қиын болмады. Осы пікірге жүгінсек, бұл заманда білекке сенетін емес, білімге сенетін заман келгенін аңғаруымыз бек керек. Олжа – сол, бүгіндері қазақ даласына білім келді! Таза білім!
Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ
Жалғасы бар
adebiportal.kz