Жасы үлкен, қызметі жоғары болса да, көргеннен-ақ жатсынбай жаныңа өзі келетін, жасыңнан үйір жақсыңдай, жайдары шырай беретін жақсы азаматтар болады. Соның бірі, бірегейі ісімен де, мінез-құлқымен де үлгі-өнеге, көзі тірі болса осы жылғы он бесінші тамызда жасы 85-ке келетін осы ақын Ғафу ағамыз еді. Ол кісінің өзін көрмей тұрып, мектептің жоғарғы сыныбында оқып жүрген кезімізде ең алғаш кездескен өлеңіне тамсана таңғалып, өзін көруге ынталандық. Көркем әдебиетке бой ұрып, әсіресе ақындардың өлең-жыр жинақтарын қалдырмай оқып, газет-журналдардан өлең іздейтін шақтарымызда, бір күні Ғафу Қайырбековтың «Астанада көшесі бар Гогольдің» деген тосын өлеңіне тап болып, құлшына оқи бастадық.
Астанада көшесі бар Гогольдің,
Астанада қызыл гүлдей жарым бар.
Сол көшемен мендік бақытты өмірдің,
Сол жарыммен қыдырған бір шағы бар…
Осылай басталған бар-жоғы төрт-ақ шумақ өлеңді тез оқып, әлденеше қайталадық. Астана деп отырғаны сол кездегі Қазақстанның орталығы Алматы екені мәлім.Ал сол қалада Гоголь атындағы көше бар екенін осы өлеңнен білдік. Сол көшеде лирикалық кейіпкердің, яғни автордың сүйіктісі тұратын үй бар шығар деп топшыладық. Өлеңді өз достарымызбен талқыласып жүргенде, Гоголь көшесінде Қыздар педагогикалық институты орналасқанын біліп, Алматыға барсақ деген арманымыз одан әрі арта түскендей болды. Ғафу ақынның өзге туындыларын баспасөзден іздестіре жүргенімізде, «Құрдас» атты тұңғыш жинағы қолымызға түсті. Жинақтың дені махаббат, сүйіспеншілік жырлары екен. Ол өлеңдер бізге жаңағы Гоголь көшесіндегі қызға арналғандай көріне берді. Мәселен, «Есімде сол күн» деп басталатын өлең:
Білмедік қай кез болғанын,
Уақытты байқар біз бар ма.
Келерде алда тұрған күн,
Қайтарда да тұрды алда, – деген шумақпен аяқталады. Демек, қыздар институтының батыс жағынан лирикалық кейіпкер таң ата шығып, Шығыстан шыққан күнді бетке алып келе жатады. Қыздар институтындағы сүйіктісін ертіп, Шығыс жақтағы Горький атындағы мәдениет саябағына барып қыдырады. «Уақытты байқар олар ма», бағана саябаққа келе жатқанда алдынан көрінген күн, саябақтан қайтқанда да алдында тұрады. «Күні бойы серуендеді» деген ұғымды көркем әдебиеттегі эллипс әдісі бойынша сыр жасыра, оқырманын ойландыра «Келерде алда тұрған күн, қайтарда да тұрды алда» деп тартымды, түсінбесіне қоймастай етіп тамаша берген.
Күні бойы қыдырғанда «бұлар не айтты?» деген сұрағымызға «Жақсы өлең» деген жырдан жауап табамыз:
Қалайын бір тыныстап,
Жазшы құрбым жақсы өлең.
Тұрсың қызыл гүлге ұқсап,
Жыр асып па нақ сенен.
Жақсы жыр жазуды үнемі армандайтын ақынға, жақсы жыр сұрайтын, тіпті жақсы жыр жазуға тапсырыс беретін жар кездескені қандай жарасымды.
Оның жігіт әзіл де,
Нәрсіз гүл де құлпырмас.
Жақсы жырды әзірле,
Жан шөлдесе, сусын бас!
Міне, тіпті сүйген жігітінің жыр жазбасына қоймайды. Ақын да бұлтарып бағады:
Жақсы құрбым мен жазам,
Тақырыбын айтшы бір?
– Тақырыбы – жас адам.
Тақырыбы – осы өмір.
Енді қарсыласар амалы қалмаған ақын:
Шабыт жиып, әл жиып,
Жаздым өлең ғажап бұл.
Өлеңімнен жымиып,
Қыздың өзі қарап тұр.
Міне, осындай мәнді де мағыналы, сұрақ-жауап сұхбаттарымен, құнды қорытындылармен қымбат уақыт білінбей өте берген. Бірге болса осылай сырласып, сыр алысып, алыс жүрсе хат жазысып тұратыны да өлеңде өрнектеледі. «Жалғыз сөз» деген тақырыптағы туындысында жігіт алыстағы аяулысына хат жазады. Көк конверттің ішінде «Сүйем» деген жалғыз сөз. Қыз «Сүйем» деген ол жалғыз сөзді қайта-қайта оқып, ол да «Сүйем» деген жалғыз сөз жазып қайтарады.Осы арада:
«Бір ойды көп сөзбенен,
Ең жақсысы езбеген,
Көп ойды бір сөзбенен,
Жеткізсең оздың өзгеден» деген мақалға айналған халық даналығы еске түседі.
Гоголь көшесіндегі тек сол бір қызға арналған өлең екені әр сөзінен аян болып тұратыны бесенеден белгілі өлеңдер баршылық. Әрі қарай мысалға келтіре бермей, сол қыздың атының кім екенін білуге құмартқанымызда, аты жазылған өлеңге де кездестік. «Есімде алғаш» деген тақырыптағы өлеңде біз іздеген қыздың аты «Бәдешке» деп беріліпті. Ал оқиық:
Есімде алғаш өлең айт деп өтіндің,
Әттең сонда әнші болмай өкіндім.
Өлім еді тілегіңді қайтару,
Мен бір үлкен тәуекелге бекіндім.
Қиын болды әнші емеспін деу маған,
«Сен де жігіт, өзгелердей сен де адам» –
Деген адал, ақ сеніммен қарадың,
Балғын едің бала көңілің қалмаған.
Мінеки, бағана ақынның жақсы өлең жазуына ұйытқы болған қыз, енді, міне, ән салуын талап етіп, «жігітке жеті өнер де аз» деген қағиданы тірілткелі отыр. Жігіт қыз тілегін табанда орындайды. Қыз көптің көзінше «Әнші екенсің» деген баға беріп, ақ білегін жігіттің мойнына артады. Сөйтіп, ғашығын сүйіп қана қоймай, оның сан қырлы талантының қанат жаюына кең жол ашады. Сүйген қызының атын атамай-ақ арнаған өлеңдері қаншалық көп болса, атын атап жазғаны жалғыз емес екен.
«Шаңырақ» атты ұзақ өлеңінің екінші бөлімінде «Бәдешке» арнағанын атап жазыпты.
Жан-жақынсың сен маған,
жарсың, доссың,
Бар игілік сен болып басын қоссын.
Бір уығы келеді босамай-ақ,
Сен екеуміз бірігіп, тіккен қостың.
Міне, бұл өлең арқылы сүйіспеншілік жайлы барлық арнаған өлеңдерінің басты нысанасы болған қызға ғана үйленгенінің куәсі болып отырмыз. Сөйтіп, «Астанада көшесі бар Гогольдің» деп басталған махаббат, сүйіспеншілік жырлары аңызға, әнге айналған «Қара көз қыздар» атты өлеңмен шарықтау шегіне жетті.
Қара көз қыздар, жан қыздар,
Қара көз қыздар, балдыздар.
Көптігің – көкте жұлдыздар.
Жар дегенде жалғыздар! – деп Қыздар педагогикалық инсти-тутының барлық қыздарын балдыз етті.
Мектеп бітіп, жоғары оқу іздеп Алматыға да келетін күн жетті.Гоголь көшесін көріп, Қыздар иститутын да жағалайтын шығармыз деп ойласақ та, шынтуайтына келгенде «Орын таппай, баптанба» деген Абай қағидасы есімізге түсіп, алдымен жазып жүрген өлеңіміз бір кәдеге жарай ма, жоқ па деген оймен, Жазушылар одағына баруға тура келді. Жоғары оқу орнының біріне құжат тапсырып, түсудің қажеті туды. Көп ұзамай, өзім өлең жаза бастағаннан бері жадымда сары майдай сақтап жүрген Жазушылар одағына кіріп, көбі сырттай суреттерінен таныс белгілі ақын-жазушыларды көрдім. Хамит Ерғалиев, Мұзафар Әлімбаев ағаларға жолықтым. Қайдан, қалай келген жөнімді айтып, біраз өлеңдерімді жатқа айтып бердім.Ыстық ықылас білдіріп, туындыларымды бірден ұнатты. Төңірегіндегілерді шақырып тағы өлең оқытып, өзара ақылдасып, Хамит аға:
– Өлеңдерің жақсы екен. Бізге ұнады.Мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жас ақындардың «Қос жүрек» атты ұжымдық жинағы дайындалып жатыр. Соған бір топ өлеңдеріңді енгізейік. Енді Горький көшесіндегі баспаға бар, онда Жаппар Өмірбеков, Ғафу Қайырбеков деген ақын ағаларың отыр. Соларға жолық. Мына хатты бер, – деп хат ұсынды. Сосын сен енді өзі не істемексің, жұмыс іздейсің бе? – деп сұрады.
– Осында оқуымды жалғастырмақпын, – дедім мен.
– Не бітіріп едің, құжаттарың бар ма?
– Қытайда институттың филология факультетінің екінші курсын оқығанмын.Құжатым жоқ. Аттестатым сол институтта қалды.
– Енді қайттік?! Құжатсыз оқуға қабылдамайды.
Бәрі тағы өзара ақылдасып, маған университетке Жазушылар одағының атынан жолдама жазып берді. Екі хатты алып, алғысымды айтып, алдымен баспаға бардым. Онда Жаппар, Ғафу ағаларға жолықтым. Олар да өлеңдерімді айтқызып тыңдап көрді. Ғафекең:
– Фамилияң кім? – деп сұрады.
– Төпеев.
– Фамилияң ақынға онша жараса қоймайды екен? Әкеңнің аты кім?
– Асқар.
– Сенің аты-жөніңді жинаққа «Оразақын Асқар» деп жіберейік. Біздің бәріміз «ов» боп кеткенбіз. Сен ол «ов»-ты алмай-ақ қой.
Жарайды, – деп келісе кеттім. Маған өлеңімнің шыққаны керек. Қытайда оқып жүргендегі аты-жөнім де солай болатын. Бері өтуге анкета толтырғанда «Атаңның аты кім?» деп сұрап, өзіммен келіспей-ақ «Төпеев» деп толтыра салған. Жас ақындар жинағына өлеңдері енетін ақын болып, екінші жолдамамен енді КазГУ-ге түстім.
Ғафу ағамыз тұсауын кескен, жаңа шығармашылық аты-жөніммен баспасөзде өлеңдерім жарық көріп тұрды. Ақын ағаларға жиі жолығысып, ақыл-кеңес алып тұратын болдым. Әдебиетті насихаттау бюросының жолдамасымен, Ғафу ағамыздың басшылығында Семей облысының Мақаншы ауданына шығармашылық сапармен барғанымыз есімде. Т.Молдағалиев, А.Жақып, мәскеулік ақын Арслан да осы сапарда бізбен бірге болды. Ғафекең арнайы кездесу жиындардан кейінгі отырыстарда дастарқан басында өзі бастап ән салып, өлең оқып, жергілікті ақындарға да жыр оқытып, жиын-тойдың гүлі болып, ел ойында сақталар естеліктер қалдырып та халықпен әдеби кездесулерді қалай өткізу қажеттігі жағынан да біздерге үлгі көрсетті.
Ғафекең ұзақ жылдар «Қазақтың мемлекеттік Көркем әдебиет баспасында», қазіргі «Жазушы» баспасында, кейін Жазушылар одағының поэзия секциясында басшылық жасағанда да алдына жиі баратынбыз. Қарамағында Тұманбай, Сағи, Шәмілдер болды. Солар біз барғанда «Ғафекең бүгін мынадай бір өлең жазыпты» деп бізге жатқа айтып беретін. Ол өлеңдердің қысқа да нұсқа, оңтайлы мазмұнды, тартымдылығы соншалық табанда біз де қағып алып, өзгелерге айтып жүретінбіз. Солардан мысал:
Дүбірде бар екі ши,
Маңайында жылға көп.
Біздің әулет – екі-үш үй,
Жайлар еді жылда кеп.
Қандай қазақ жанына жақын туыс ұғым?! Дүбір – жердің аты, екі ши бізге тіпті жайқалған бір топ ағаштай әсер ететін. Маңайындағы жылғаларда айтылмаса да мөлдір бұлақтар бары белгілі. Әулет сөзі арқылы атақоныс екенін көрсетіп тұрған жоқ па?
Жалғыз қазық мына жұрт,
Мен дүниеге туған жер.
Жалғыз тұтам шуда жіп,
Кіндігімді буған жер.
Туған жермен байлаған,
Кетпестей ғып кіндіктен.
Бар ма екен деп ойланам,
Мықты нәрсе сол жіптен.
Бұл өлеңді оқу, есту арқылы әр оқырман еріксіз өзінің туған жерін еске алады. Сол туған жерін неге сүйетінін, қайда жүрсе оралып сол жерге бара беретінінің себебін енді жете түсінгендей болады. Осындай, бір оқығаннан есте мәңгі қалатын өлеңнің бірі «Орақ» деп аталады. Өлең ақынның әкесінің болаттан соғылған жалғыз орағы жайлы. Ол үнемі қайраулы, өткір бабында тұратыны, жылда егін піскенде жарқылдап жедел іске кірісетіні жайлы айта келіп:
Іздесем шабыт өзімнен
Алдымда жайнап жыр алап,
Кетпейді ылғи көзімнен,
Жарқылдап сондай бір орақ, – деп қорытындылайды.
Ақын өзі Қазақстанның барлық облыстарын және Достастық елдерін аралағанда сол жерлердің табиғат ерекшеліктерін, адамдарының ерлік еңбегін, тіпті тарихи үлгілі оқиғаларын өлеңіне қосып отырады. «Алтай аясында» деген өлеңінде:
Ардағым Алтай – даламның
асқақ төрі екен,
Таудың да тарлан таланттысы да,
сері екен,
Тау емес мынау, кілең бір алтын баспалдақ,
Алланың өзі аспаннан төсер жер екен.
Тау мәртебесін осыдан артық қалай асқақтатуға болады. Жеріне жеткізе жазу деген осындай-ақ болар. Енді Жетісу туралы жазған өлеңінде:
Жеті емес, жетпіс шығар су дегенің,
Естимін күндіз-түні гулегенін.
Бұл таулар осыншама селдетпесе,
Білмедім дала қайтіп күн көрерін.
«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей Жетісуға жеті өзенді де азсынып отырғандай ақын. Жетісуды білетіндер ақынның бұл сөзіне қуана қол қояры сөзсіз.
«Ақ қайыңдар елінде» деп аталатын циклдағы «Есіл» атты өлеңінде:
Қалайша саған қунап тәубе демен,
Ағасың атам көрген арнаменен,
Қарайсың жар көзінің ыстығымен,
Айырылып әсте менен қалма, – деген.
Кеңес өкіметі кезінде жазылған бұл өлеңде үлкен саяси астар жатыр. Есілден айырылып қалмауды ескертуі – ақынның азаматтық үлкен ерлігі. Кезінде осындай қауіп-қатер төнген Есіл жағасы қазір еліміздің іргесі берік алып Астанасы.
Көршілес, дос елдерден де жетектеп қайтқан жыр тұлпарлары көз тартарлық.
Оған бұлттар көктен жұпар бүріккен,
Ол киіктің лағындай үріккен.
Ала таңнан соны ғана сайратып,
Алақаннан түсірмейді түрікпен, – дейді түрікменнің әйгілі әнші қызы Шахсанам жайлы. Өнер адамдарын қалай құрметтеудің үлгісі іспетті.
Ақынның шоқтығы биік өлеңдерінің ішінен біразының жеке шумақтарын мысал етіп шолғандай болдық. Енді мына бір «Бауырсақ» атты өлеңді толық келтіруге мәжбүрміз.
Өлеңдерін мектепте оқып жүрген кезімізде жаттап, Алматыға жоғары оқу орнына барғанда өзіне кездесеміз деп жүргенде, о дүниелік болған Қасым Аманжолов туралы көп естеліктерді осы Ғафекеңнен білдік. Өйткені Қасекеңнің қаламдас шәкірті болған Ғафу ақынды жас кезінен өзіне жақын ұстап дос еткен сияқты. Тіпті біз Алматыға келгенде көзі тірі классик жазушы Ғабит Мүсірепов жайында да Ғафекеңнен талай әңгіме естідік. Студент біздер Ғабит Мүсірепов сияқты үлкен кісілерді алыстан көріп, сәлем беретінбіз. Алдынан кесе өтпейтінбіз. Ақ дидарларын көргеніміздің өзіне қанағат етуші едік.
Ғабең бір жаққа шығармашылық сапарға, кездесулерге аттанар кезде осы Ғафу ақынды қасына ертіп алады екен. Сондай сапарлардың бірінен қайтып келе жатқанда, жолда ыстықта шөлдеп «Асхана» деген маңдайшасында жазуы бар бір үйдің тұсына көлікті тоқтатып, Ғабең:
– Мына жерде шөл басар жөнді сусын бар ма екен? – деп Ғафекеңді жұмсапты. Ол кісі кешікпей қайтып келіп:
– Жөнді ешнәрсе жоқ, ұзын-ұзын коридор, іші толған помидор, – деп өлеңдетіп жауап беріпті. Ақынның табанда айтқан тапқыр жауабына Ғабең біраз күліп, сапарын жалғастырыпты. Ғафу ақынның бұндай тапқыр сөздері баршылық. Қазан мерекесінде көшеде тоңып тұрып, Шуховқа кезінде мынадай өлең шығарғанын еске түсіріп Ғабең өзі жатқа айтты.
Иван Шухов дегенің мына кісі,
Белінде бар әскери флягасы.
Өзі құйып коньяк, өзі ішеді.
Кісінің келеді екен жылағысы.
Жолаушылар тағы да күлді.
«Жұлдыз» журналының басшылығы ауысарда не дегеніңді айтшы, – деді Ғабең, – жол қысқарсын.
Ғафу:
Жоғарғы жақтан журналдың бас редакторын орнынан алатын болып, «орынбасарын да ауыстыру керек» дегенін естігенде:
Орынбасар ойын ба екен,
Бас алынса бірге кетер мойын ба екен?
– деп елді күлдіріп, орнымда қалғаным бар.
Жолда жаңбыр жауып, жол қиындап, кеш бата бастайды. Батпаққа тығылып, машинаның тоқтауы көбейеді. Маңайдағы елді мекеннен трактор тауып, көліктерін асфальт жолға шығаруға көмектесуін сұрау үшін Ғафекең бастаған бір-екеуі ауылға қарай беттеді. Кеңсеге келіп, соның маңында жүрген бір кісілерге Ғафекең бұйымтайларын айтады. Ол кісі кеш боп кеткенін, трактор табудың оңай емес екендігін айта бастағанда, қастарына жүгіріп жетіп келген бір боз бала жігіт:
– Сіз Ғафекеңсіз бе? Мен сізді сыртыңыздан шырамытып, соңдарыңыздан жүгіріп келіп едім.Трактор да, бәрі де табылады. Үйге жүріңіздер, қастарыңызда кімдер бар? – дегенде, Ғафекең: «Машинада – Ғабеңдер (Ғабит Мүсірепов) бар» деп жауап берді.
Жаңағы жас жігіт:
– Шақырсақ, келтіре алмайтын үлкен кісілерсіздер, үйге жүріңіздер, – деп бір үйден жеңіл машина алып, Ғабеңдерге барып, өз үйіне алып қайтты. – Демалып, шай ішіп, асықпай отырыңыздар, көліктеріңіздің кем-кетік жері болса жөндейміз. Қонып, аттаныңыздар.
Төрге түрлі-түсті құрақ көрпелер төселіп, жастықтар қойылды. Ақ дастарқан жайылып, үсті құрт, ірімшік, жент, сары май, бауырсаққа толды. Дереу қаймақталған шай келді. Шай ішіліп отырғанда есік ашылып, ақ сары бас қойдың басы көрініп, отағасы бата сұрады. Қарсыласуға ауыздары бармай, Ғабеңнің бата беруіне тура келді. Батадан кейін Ғабең мынадай ұсыныс жасады:
– Түннің бір уағы болып қалды. «Есіңе алсаң, ескіңнен сақта» деген қазақ салтын сезіп отырмыз. Дастарқанда сүрленген, піскен, тоңазыған ет те бар екен, сүйсініп жеп отырмыз. Қойдың еті піскенше қашан. Біз жолдан шаршап келе жатырмыз, демалсақ.
– Ақын-жазушы, білгіш, сұңғыла кісілерсіз ғой. Біздің ойымызды дәл тауып айтып отырсыздар. Қойдың еті таңертең дайын болады. Қазір демаласыздар.
– Ертесіне ұйқымнан оянсам, Ғабең ояу жатыр екен, – дейді Ғафу ағамыз, – Ғабең жаңа оянған маған қарап:
– Мына үй иелері үлкен-кішісі болып таңға аяқтарынан тік тұрып қызмет істеді. Қазаны ошақтан, самаурындары оттан түспеді. Біз де енді орнымыздан тұрайық, – деді.
Дастарқан жаюлы, ас дайын екен. Ас үстінде Ғабең сөз бастады:
Қой сойып ет асқаныңа емес, қонақ келді деп сасқаныңа ризамыз! Сіздер кімдерсіздер, қайдан жүрсіздер деп сұрамайсыздар ғой.
Ғабе, біздер кімдерміз деп қайта бізден сұраңыз. «Оянған өлкеңізбен» оянып, «Қазақ батырымен» көз ашқанбыз, – деп әлгі алдарынан шығып, үйге бастап келген жігіт жауап беріп, «Зытып келем, зытып келем, артыма қарай-қарай зытамын. Зытып келе жатқаным қашып келемін, артыма қарай беретінім, қорқып келемін» деп «Қазақ батырының» бірнеше бетін жатқа айтты.Ал енді қасыңыздағы серігіңіз Жарасқан Әбдірашев айтқандай «Теледидарды ашып қалсақ көрінетін, радионы басып қалсақ естілетін» ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз.Енді Ғафекеңнің шығармалары жайлы балаларымыз айтсын. Домбырасын көтеріп бір ұлы дастарқанға жақындады:
Домбыра, шебер де сен, шешен де сен,
Елгезек екі ішекпен есендесем,
Жүз байлау, тоқсан тарқау – көңіл арқау,
Өзің біл қай жерінен шешем десең, – деп әлгі бала Ғафекеңнің «Домбыра» атты бес шумақ өлеңін түгел жатқа айтып, Нұрғисаның «Ата толғауы» деген күйін тартып берді. Енді қызымыз Ғафекеңнің «Ана туралы жырын» орындап берсін…
Өлеңге де, әнге де риза болған қонақтар қол соғып, мәз болып «Осының бәрінің қарымтасына Ғафу, сен енді Қасым Аманжоловтың «Дариға сол қыз» әнін айт» деді Ғабең. Ғафекең әлгі үй иесінің ұлының домбырасын алып, табанда аталмыш әнді ерекше шабытпен құйқылжыта орындады.
Үй иесі Қытайдан келген оралман. Алматыда КазГУ-де сырттан оқитын жігіт екен.Жолаушылар жол жүруге асығып отырса да, ыстық ықыластың құшағында біраз аялдауға тура келді. Үй иесі қазақ салтымен құтты қонақтарының иығына шапан жапты. Далаға шыққанда, жуылып шайылған, кем-кетігі толықтанған көліктері сақадай сай тұр екен.Үй иелері үлкен жолға дейін шығарып салып, қимай қоштасып қалды.
Ғафу ағамыз қашан көрсек ақындардың ортасында жүретін. Қадыр, Тұманбай, Сағи, Шәміл, Дүйсенбек, Сабырхан, Жарасқан, Қайрат, Кеңшілік, Серік, Шөмішбай, т.б. ақындармен қызмет бабында да, ақындық сапарында да үнемі бірге болды. Солардың ішінде осы жолдардың иегері де бар.
Ғафу Қайырбековтың бұрынғы жауапты қызметтеріне қоса 1989 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Қазақстан Жазушылар одағы ақындар қауымдастығының президенті болғаны да сондықтан. Маңындағы ақындарға қолынан келгенше жақсылығын аямайтын. Менің өзіме «Сен баспаға жинақтарыңды сирек ұсынып жүрсің. Сен қатарлы ақындар жыл ара, тіпті жылда кітап шығарады. Қолжазбаңды баспаға ұсын» деп кеңес бергені есімде. Дереу дайын қолжазбамды баспаға ұсындым. Ол кезде баспа кітапты шығару үшін бірнеше сыншыларға, белгілі ақындарға ақылы рецензия жазуға беретін. Көп кешікпей «Өзінше өрнек түсірген» деген тақырыпта Ғафекеңнің өзі қолымен маржандай ғып тізіп жазылған төрт бет рецензия жазған қолжазбамды «Жазушы» баспасынан көрдім. Онда мынандай жолдар бар: «Оразақын мына тірлікте қатар отырып ойлар айтысып, сыр шертісуге жарайтын жігіт. Жиған-тергені көп, түйгені, сүйгені мол, екі миығы бүлкіл қағып, баяу үні кейде көтеріле түсіп, көзі күлімсіреп, өз әңгімесіне өзі сәл таңырқай, өзгені тосыннан күлдіретін жұмсақ әзіл, юморы бар ақын». «Сәулет» деп аталатын өлеңдер жинағым елу жасқа толар қарсаңда Ғафекеңнің сол алғысөзімен жарық көрді. Жазушылар одағында елу жылдығым аталып өтіп, Ғафекең баяндама жасады.Осы ағалық қамқорлығын қалай өтеймін, ол үшін өлеңді жауапкершілікпен жақсы жаза түсуім керек деп жүргенімде, алдыңғы көмегі аз болғандай, орысша, қазақша екі тілде бірдей өлең жазатын баласы Бақытпен таныстырып, «Өлеңдеріңді осы Бақытқа бер, ол орысша аударсын» деп ұстаздық қана емес, әкелік ақыл бергенін қалай ұмытармын. Содан менің «Таудай бол!» деген балаларға арналған кітабым Бақыт Ғафуұлы Қайырбековтың аударуымен орыс тілінде жарық көрді. Бақытпен шығармашылық қарым-қатынасымыз әлі жалғасуда. Бақыттың «Әлем айнасы» деген орысша жазылған кітабын мен қазақ тіліне аудардым. Біздің өз теңгеміздің он бес жылдығына арналып Ұлттық Банк тапсырмасымен жазылған «Ақша туралы ақиқат» деген балаларға арналған өлең кітабымды, Бақытпен достық, шығармашылық байланысымызды білетін баспа орындары Бақыт Қайырбековке өздері өтініш жасап, ол кітапты орыс тіліне аудартып, басып шығарды. Ол кітап оқырмандардың сұранысына ие болып, биыл теңгеміздің жиырма жылдығына байланысты толықтырылып екінші рет орысша, қазақша екі тілде қайтадан жарық көрді.
Қайырымды әкенің игілікті ісі қамқор баласына жалғасып келеді. Дүниеден өткеніне жиырма жылға жуықтап қалса да, Ғафекең әлі қасымызда үлгі-өнеге көрсетіп бірге жүргендей. Бұндай адамгершілігі мол, талантты, айналасына нұрын шашып жүретін қайраткерлер алысқа ұзап кетсе де, қалдырады елесін, ұмытар кезің жетсе де, оны ойлай бересің.
Оразақын АСҚАР
anatili.kazgazeta.kz