Биыл Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толды, ол ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтілмек. Демек, әлемдік қоғамдастық тарапынан да еңбегі мойындалған тұлға. Әлихан Бөкейхановқа арналған ғылыми-практикалық конференция Қостанайда да өтті. Онда әлихантанушы ғалымдар Қостанай қаласындағы орталық көшелердің бірін Әлиханның атына беруді ұсынды.
Біртуар қайраткерге арналған ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылардың ұсынысы – ұсыныс-ақ. Тіпті, алдымен орталықтағы тарихи ғимараттардың бірінің қабырғасына Әлихан Бөкейхановтың өңірдің алғашқы басшысы болғаны ойып жазылған ескерткіш тақта ілінсе несі айып? Тасқа қашалған сөздің тастай салмағы, оған жұрттың да имандай сенімі болады. Оның тәрбиелік, танымдық, патриоттық мәні тереңдей түсер еді. Алайда, «Алдымен барды бағалай алдық па?» деген қисық сұрақ көлденеңдейді.
Қостанай қаласының орталығында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің батыры Амангелді Иманов пен жұмысшы, шаруа және солдат депутаттары Қостанай уездік кеңесінің алғашқы төрағасы Лаврентий Таранның өз аттарындағы қатар түскен көшелерде олардың ескерткіш-бюстері орналасқан, ескерткіш тақталар ілінген. Батырға Кеңес Одағы кезінде ілінген сол тақтада тек орыс тілінде: «Амангельды Иманов 1873-1919 гг. Легендарный герой казахского народа. Один из руководителей национально-освободительного восстания 1916 года в Казахстане. Активный борец за установление Советской власти в Тургайском уезде. Зверский убит алашординцами 19 мая 1919 года», – деп жазылған. Биыл өңірде ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы мен облыстың құрылғанына 80 жыл толуына да қызу дайындық жүріп жатыр. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тағы бар. Ал Амангелді батырды «алашордашылардың айуандықпен өлтіргені» жазылған ескерткіш тақта 25 жыл бойы тапжылмай ілулі тұр. Тәуелсіздік жолында басын бәйгеге тіккен Алаш арыстарының «халық жауы» атанып, сүттің қаймағындай сыпырылып тасталғаны былай тұрсын, сол ардақтылар ағаш атқа мінгізілген қызыл саясат жылдары ілінген осы тақтаны ширек ғасыр бойы облыстағы идеология божысын ұстаған басшылар да, мәдениет саласын басқарған көк аттылар да байқамады, көзі көргенмен, көңіліне ілген жоқ. Оған азаматтық қоғамнан қозғау салғандар да бой көрсете қоймады.
Көктемде «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің онлайн отырысы болды. Сонда Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов Тәуелсіздік, Мәңгілік Ел идеологиясы туралы ой қозғай келіп, жергілікті мемлекеттік қызметкерлер, әкімдік пен құзырлы органдар тарапынан түймедей мәселенің бюрократияға салынатынын, әсіресе, адамдар бойында мемлекетшілдік сезім туғызу, ұлттық құндылықтарды ардақтауға келгенде сенікі, менікі демей кірісіп кетудің жетпейтінін айтып еді. Күзге қарай аталған мерекенің бәрі тойланады, киіз үй тігіліп, ат шаптырып, балуан күрестіріп, жұрт мәре-сәре болысып тарқайды. Той бір-екі күнде зу етіп өте шыққан соң, өмір қайтадан қалпына түседі. Амангелді көшесінен өткендер сұр тақтадағы «Алашордашылар айуандықпен өлтірген» деген жазуға бір қарап қойып, «Е, батырдың ажалы қайдан болды деңіз» деп самарқау өте шығар ма екен? Расында, мәрмәр тақта тапжылмай тұра берер ме екен? Сілкінбейтін санамыз секілді…
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай
www.egemen.kz