ЖҰМБАҚ ЖАН

«Құланның ажалы» қалай жазылды?

Қалихан ЫСҚАҚ, жазушы:

«…Демалысқа келді. Бір нәрсені бастадым деп келді. «Бұқаны мүйізінен тұқырт» деуші еді. Құлан Қыпшақ Кейкіні бастаған екен. «Совет өкіметінің хас жауы, қарақшы» Кейкіні қайда алып шығар, қалай шығар екен, алып шыққанмен қайда апарып сыйғызар екен?.. Менің көкейімде осы сауал тұрды. Ақан бұған да жауап қатқан жоқ…

Кіші бесіннен көз байланғанша «Құланның ажалы» оқылды. Бірінші бөлімі. Екінші бөлімі орысша екен. Үшінші бөлімі әлі жазылмапты… Мынау кешкі ымырттың алакеуім кірекесіндей көкейге зіл боп кептелген мұң арқалап қайттық.  Құланның ажалы … Құланның ажалы кімнен? Оған әлі жауап жоқ еді. Құлан да, Кейкі де екеуі бірақ-ақ адам. Құланның ажалы емес, бұл Кейкінің ажалы еді. Құлан Кейкінің руы — Құлан Қыпшақ. Білетін жұрт Құланды Кейкі деп таниды, білмеген жұрттың көкейінде Құлан отырады. Ақан цензураны ғана жаңылдырған болды. Цензурадан басқа да қырағы көздер толып жатыр. Соларды алдап көр. Құлан ажалының азабы да осында.

…Түнімен Құланды қалай өлтіреміз деп қиналып едік. Біріміз өлтіре алмай, біріміз өлтіруге қимай.

Кейкі тағдыры Ақанның көкірегінде сайрап тұр. Кейін Кейкінің келіні радиодан жылап отырып, сұхбат берді. Кейкінің қыстауға қашып келіп, қашан кететін мезгілін айтып, көрсетіп жіберген Бектепберген екен. Ол да қай бір жетіскеннен дейсің, қыспаққа шыдамаса керек. Тал түсте, шайға жүгініп отырған кезде қызыл отряд сау ете қалыпты. Қызылдар жан-жақтан оқ жаудырғанмен, Кейкі ешкімді атпапты. Біреудің қанын жүктегісі келмеген көрінеді. Аяуды білмейтін жендеттер бір отбасын қанға бөктіріп, бесіктегі балаға дейін қылышпен турап, ұраға тастапты да, Кейкіні жілікеп шауып, басын кесіп әкетіпті. Кесілген бас бір апта бойы Қостанайдың көшесінде асулы тұрса керек. Мұндай жан түршігерлік жауыздықты тірі пенде естіді ме екен?..

Көрші ауылға жолаушылап қайтқан келін ғана жасырынып, аман қалған екен. Ақан мұны да білсе керек, бірақ оны жазуға заман деген зауалдан рұқсат жоқ. Онан соң деректі дүние емес. Ақанға қымбаты – образ. Ақанға керегі – Құланды Кеңес өкіметінің қудалауы емес, қудаланның Құланның ағайыннан ақыл, елінен пана таппай, керексіз боп айдалада қалғаны.

Кешегі елім деп, жерім деп, арпалысқан ардагердің бар арманынң желге ұшқандай жоқ болып, жігерін құм, әрекетін әдіре қып, қу далада бір оқтық етіп тастап кеткені.Кіндік кескен жерде кірерге теск жоқ. Балуан Шолақтың да, Иман Жүсіптің де, Мәдидің де, Құныс-Керейдің де, Қасымханның да, Аманкелдінің де, қойшы әйтеуір, қазақтың бүкіл естияры мен зиялылырының тағдыры осындай.  Осыдан кейін Құлан боп ойланып, Құлан боп күйзеліп, Құлан боп қиналып көр…

…Отыз төрт жасында Ақан дүниеден өтті…

Қолымда «Құланның ажалы» қалды. Екінші бөлімін қазақшалап, үшінші бөлімін қысқа қайырума тура келді. Ақанның ойын таба алдым ба, таба алмадым ба, білмеймін…

Амал жоқ. Ақанның өзі болса, басқадай аяқтар ма еді?.. «…Ақанның (Ахметжан) ұлы әкесі Нұрманның діни білімі болған. Руы – Қаз Қыпшақ. Нұрман молла інісі Биян қажы екеуі Торғайдың бір саласы – Байғабыл өзенінің табанын мекендеген. Елге дәріс берген, өз баласы Шайдахмет, Әбдіхамит, Шаймерден, Төлеу, сауаттарын ерте ашып, бала жастан хат таныған. Ақанның әкесі Шайдахмет Батпаққара өңірінде Алаш қозғалысына қатысқан, Амангелді Имановтың сарбазы болды.

1927 жылдан кейін қудалауға іліккен Шайдахмет інісі Әбдіхамит ұсталғаннан кейін 1928 жылы Алматы, Жетісу өңіріне кетуге мәжбүр болған. Көзін соғыспен ашқан Шайдахмет Жетісуға жеткен соң да жетіскені шамалы… Өткеннің қасіреті мен қыжылын ішке сыйғыза білу де үлкен ерлік екен. Ішке сыймағанын Ақан қағазға төккен. Қысылып отырып, буынып отырып. Уақыт деген шіркін қаламға да еркіндік берген жоқ. Соған қарамастан, Кеңес өкіметі қазақтың тарихынан атын өшіріп тастаған аялы азаматтардың бейнесін көркем әдебиетте қайта жаңғыртқан қаламгердің бірі Ақан болды. Әттең, кеңшілік заманға іліге алмай қалды.

Кім біледі, Алла ұзағырақ ғұмыр бергенде Ақан бүгін «Құланның ажалын» қайта жазар ма еді?… Қалай да…»

 

Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ, жазушы:

«Өзінің жалғыз шығармасымен әдебиет тарихында қалатын қаламгерлер бар. Мысалы, Грибоедов бір ғана пьесасымен әлемдік әдебиеттің тарихына енді. Сол сияқты Төлеген Айбергенов те бір томға жетер-жетпес өлеңімен қазақ әдебиетінің поэзиясынан ойып орын алды. Сондай таланттардың бірі – Ақан Нұрманов. Оның артында қалдырған ең елеулі шығармасы – «Құланның ажалы» романы. Бұл романның бас кейіпкері бір кездегі Амангелді бастаған ұлт-азаттық көтерілістің мыңбасы болған, сол көтеріліс батырларының бірі – Құлан мерген. Кейбіреулер Амангелдінің қарулы әскеріндегі Кейкі батыр осы образдың прототипі болып табылады деген де пікірлер айтады. Біз оның  прототипі кім екенін дәлелдеп, тарихқа экскурсия жасамай-ақ қояйық. Бірақ, сол образға тоқталатын болсақ, әрқашанда қоғамның, заманның қалыпқа сыймайтын адамдары бар. Олар сол кездегі моральдық, этикалық, эстетикалық нормалармен шектеліп қала алмайды. Сондықтан да міндетті түрде сол кездегі үстем қоғамдық көзқарастармен қайшылыққа түседі. Ондай кейіпкерлер санаулы. Олар әдейі қоғамға, заманға қарсы шығайын деп ойламайды. Алла тағаланың өлшеп-пішіп берген зор жаратылысы оларды соған итермелейді. Тағдырдың өзі оларды осыған  алып келеді.

Құлан мерген өзі Кеңес Үкіметінің құрылуына азды-көпті еңбек етсе де, жергілікті үкіметтен түрткі көреді, әр түрлі қудалауға түседі.  Ол жасы ұлғайған шағында қасындағы күнкөрісі төмен кедей-кепшік, көршілерін, туыстарын ертіп, қырда бұрынғыша қауымдастықпен өмір сүруді қалайды. Ойында егін салу,  халқын отыршылыққа, егіншілікке үйретіп, жаңа өмірді еңбекпен көркейту болады. Батыр аңғал келеді дейді ғой. Сол аңғал батырды жергілікті бай-манаптар қалай да тұзаққа түсірудің жолын ойластырып, Құлан мергенге ор қазады. Өзінің сыртынан тор құрып жатқанын мерген білмейді.

Бір данышпан айтқан екен: «Революцияларды данышпандар идеялы жағынан дайындайды, фанаттар оны қарудың жүзімен жүзеге асырады, ал түптің түбінде оның жемісін алаяқтар теріп жейді», – деп (Кішкене бұрмаланған екен, орысшасы – «Революцию готовят — романтики, свершают – фанаты, а плоды пожинают – аферисты». (Данышпандар төңкерісті қаламайды. Ж.Н.) Сол сияқты бір кездегі өз қолымен құрысқан өкіметтің өзіне жау болып шығуы Құланды тығырыққа тіреп, оның ажалына себепші болдады. Шарбақбай секілді байлар енді Кеңес өкіметіне, өзінің жақтастарын жергілікті милиция, үкімет орындарына отырғызып, қайтадан билік басына келіп алады. Сөйтіп, Құланды үлкен апатқа ұшыратады. Құлан жалғыз қалады. Өйткені баяғы ауылдастары – момын жұрт оған қорған бала алмайды. Көпшілік көбіне ар-намысты емес, күнделікті күйкі тірлікті күйттейді ғой. Сондықтан, әр уақытта, ар намысының отына күйетін – қол бастаған көсемдер. Сөз бастаған шешендер ғана. Олар халық үшін, көпшілік үшін күрескенімен, үнемі сол көпшіліктің, халықтың тарапынан қолдау таба бермейді. Сөйтіп, Құлан мерген сияқты жалғыз қалып отырады. Өйткені, көптің құлқы бөлек. Ал ел намысын, ата-баба аманатын, жер тағдырын ойлаған, сол үшін жүрегі тілім-тілім болған, ардақты ұлдар «еркек тоқты – құрбандық» демекші, өстіп, бірінші кезекте бастарын оққа тіккен.  Кешегі Кенесары да, Махамбет те, Ақан сері де осылай, қоғамнан қолдау таба алмай, ақыр аяғында ұлы мақсат жолында шейіт болып кетті. Көпшілік оларды қолдап отыруға жарамады. Сондықтан да олар жалғыз қалды. Сол кешегі Махамбеттер кешкен күйді мынау Кеңес заманынының алғашқы 1920 жылдарының   бас кезінде Құлан мерген басынан өткерді. Шығармада кешегі Кеңестік, коммунистік, интернационалдық идея үшін емес, өзінің ауылдастары, ұлтының,  халқының  болашағы үшін басын бәйгеге тіккен Торғай даласының бүкіл қазаққа әйгілі Кейкінің трагедиясы үлкен жанашырлықпен суреттелген. Автор оны жоқтап, халықтың есіне түсіріп, қайтадан ұйықтап, қалғып бара жатқан ұлтты оятқысы келіп осындай роман жазған еді. Оған, әрине, киліккен де адамдар болған шығар. Бірақ Ақан Нұрманов көптеген совет жазушылары, оның ішінде қазақ-совет жазушылары сияқты сол кездегі тоталитарлық-социалистік қоғамды жырлап, соның жетістіктерін мадақтау үшін емес, ұлттың сана-сезімінде өшіп бара жатқан халықтың рухын қайта тірілту үшін осы романын жазып, бізге қалдырып кетті. Сондықтан да осы шығарманы мектеп және жоғарғы оқу орындарының бағдарламасына енгізіп,  халық әдебиетінің тарихында ерекше орын алатын айтулы шығармалар қатарына қойып, ғылыми зерттеулерде осы романның стилистикасын, поэтикасын, көркемдік ерекшеліктерін, идеялық қабат-қабат қыртыстарын қарастырып шығуға ұмтылуымыз керек».

***

«Қазақ әдебиетінің» тілшісі Айнара Ашанова «Құланның ажалы» қалай жазылғаны туралы маған тікелей сауал қоймаса да, мен оған жоғарыдағы қаламгерлерден де бұрын жауап іздеген екенмін. Төменде  2008 жылы жазушы Ақан Нұрмановтың туғанына 75 жыл толуына орай жазылған «Жұмбақ жан» атты эссеме назар аударыңыздар.

%d0%b0%d0%ba%d0%b0%d0%bd-%d0%bd%d1%83%d1%80%d0%bc%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b2

(Эссе)

Бұл қаламгер туралы бұрын-соңды жарық көрген энциклопедиялық-анықтамалық басылымдардан ақпарат іздесеңіз, «Ақан Нұрманов – қазақ-кеңес жазушысы, Талдықорған облысы Ақсу ауданында 29.04.1933 жылы туған, 19.06.1968 жылы қайтыс болды. Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленген. ҚазМУ-ді бітірген. 1957 жылдан бастап Қостанай облыстық, аудандық газеттерінде тілші, 1961-67 жылдары «Балдырған», «Жұлдыз» журналдарында әдеби қызметкер. «Құланның ажалы» романы және «Арайлы таң», «Аққу шоғыры» атты кітаптары жарық көрген» деген  сыңайлы тақ-тұқ тіл қататын, сырға сараң құрғақ дерек табасыз.

Дегенмен, оқтын-оқтын болса да қазақ басылымдарында осы бір дарынды қаламгер туралы салиқалы ой-толғамдар жарияланып тұрады. Жазушының замандасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қалихан ЫСҚАҚ ақсақал үзеңгілес досын 40 жыл бойы үзбей жоқтап, жылы лебіздегі естелік-эсселерін арнап келді. Әсіресе, Қалихан Ысқақтың жазушы Ақан Нұрмановтың туғанына 70 жыл толуына арналған Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағы үйінде өткен салтанатты жиында жасаған баяндамасы суреткердің әдеби шеберлігі, көркемдік құпиясы мен табиғи талант болмысын жаңа заман биігінен кейінгі буын, жас ұрпақ үшін соны қырынан ашып көрсеткен құнды ғылыми-теориялық еңбек және төрт аяғын тең босқан жорғадай асыл көркемсөз болды. Соған қарамастан, шығармашылық туындылары кезінде қазақ әдебиетіндегі ерен құбылыс ретінде қабылданған Ақан Нұрмановты бүгінгі жастардың бәрі бірдей біле бермейді.

Ақан Жетісу өңірінде туғанымен Арқа елінен кіндігі ұзап, баршаға танылған тұлға. Тіпті жазушы шығармаларының кейіпкерлері де қазіргі Қостанай облысының шалғайындағы Батпаққара, Торғай өңірінің адамдары немесе солардың прототиптері. Жазушы туындыларынан өзін-өзі жазбай таныған күні кешеге дейін өмір сүрді…

«Тегі торғайлық болса, Ақан қалайша Жетісу жерінде дүниеге келген?» деген сауал сұранып тұр. Оның жауабы: болашақ жазушының әкесі Шайдахмет Нұрманұлы (1897-1943) қазақ даласындағы өткен ғасыр басындағы дүрбелеңді жылдары байдың тұқымы, Алашорда қозғалысын қолдаушы, кеңес саясатына жат элемент ретінде қудалауға ілігеді, Торғайдан ауа көшуге мәжбүр болады; әйтеуір сол кезде Алматыда қызмет істеген ағайындары Әліби мен Хамза кездесіп, көмегін береді. Әліби – Дала комиссары атанған  Жангелдин, ал Хамза – кезінде Ахмет Байтұрсыновтан жауап алған ГПУ тергеушісі Х.Нұржанов. Содан Шайдахмет (туыстары Шайдақ дейді) әкеміздің балалары Жетісу өңірінде туғанымен, білім мен тәрбиені Амангелді ауданында алған. Ресми құжаттарда Ақанның (толық аты – Ахметбек) туған жылы 1933 жыл болып жазылып жүр. Дұрысы – 1934 жыл, жазушының анасы Қалима шешеміз «Құлыным 34 жасында қайтыс болды ғой» деп отыратыны есімізде.

Сонымен, елге келген бала Ақан 11 жасында Байғабыл ауылдық мектебінің 4-сыныбына барады, кейін Амангелді орта мектебінде білім алады.

Ол кісінің тумысынан алабөтен зерек болғаны, Амангелді аудандық кітапханасындағы барлық кітапты мектеп жасында оқып, тауысқаны жиі айтылып та, жазылып та жүр. Меніңше, болашақ әдебиетші терең білімді ауыл кітапханасынан ғана емес, әзиз әжелері Дүрия мен Сандуғаштың айтқан әңгімелерінен де алып, зердесіне тоқыған көгенкөздердің шарапатымен көкірегіне ой түйген. Өйткені, Нұрман әулеті ел басына күн туған алмағайып заманда тағдыр талқысына түсіп, соқталы жол шексе де, тектілігін тоздырмаған, берекесін аздырмаған шаңырақ екенін ел айтады. Ақанның Сандуғаш әжесі тарихтан белгілі, Кенесары ханның атын қойған Шоқай бидің ұрпағы, аға сұлтан Бабақайдың немересі болып келеді. Көзі ашық, көкірегі ояу, екі ғасыр оғысындағы оқиғаларға тікелей куә болған Сандуғаш Қоденқызы әңгімешіл адам еді. Амангелді мен Кейкіні, Әбдіғапарды, Әлібиді көзімен көріп, әңгімесін естіген ел анасы Ақанның құлағына да талай оқиғаның желісін құйып бергені анық.

«Ақанның жүрегінде өмірге деген қыжыл бар еді, соны дер кезінде елеп, мән бермедік» деп еске алады Қалихан Ысқақ «Күреңсе» (Алматы: Сөздік, 2001) аталатын кітабына енген Ақан туралы эссесінде. Әрине, Ақанның жүрегінде қыжыл болады, егер Кеңес өкіметі туған атасын сарыала қаншық аязда «тыққан алтыныңды тап» деп ойыққа тұншықтырса, жастайынан жалтақ көзденіп, атасы бөтен ортада өмір сүрсе, буыны қатпай жатып әкеден айырылса, ағайынның арқасында жетімдікті сезбей ержетіп, Алматыға келгенінде туған топырағына шейін тосырқап, бауырына тартпаса, шиеттей төрт баламен пәтер жалдау азабы титығына жетсе, жұдырықтай жүрекке қандай өкпе бар, шыдай алмай жарылды… Тіпті жарыққа шыққалы тұрған «перзенті» – тұңғыш романы «Құланның ажалын» да көре алмай, кете барды…

«Ақан екі тілде бірдей жаза беретін, – деп жалғастырыпты естелігін Қалихан досы. – Бұл да заңды. Ақанның ұлы әкесі Нұрманды елі мектеп ұстап, ауыл баласын оқытқан сауатты молла, ағартушы қайраткер ретінде ардақтаған. Бұл әулетті әуелден білім қонған текті тұқым деп бағалайды жерлестері. Әкесі Шайдақтың да діни және жаңаша білімі болған. Ақанның бойындағы поэтикалық дарын әкенің қанымен арғы тегінен берілген. Кезінде Шайдақ Нұрманұлының Қоден ақынмен айтысқаны белгілі болды. Басқасын былай қойғанда, Ақанның Торғай даласында бағзыдан тамыр бойлатып, мәуе шашқан шешендік мектептен тәлім алып өскенін есептен шығармау керек.

Қалихан жазушының сөзіне орай, біздің елдегі нағашы-жиен, ағайын-туыс арасында әзіл-рәуішпен айтылатын  мына бір оқиғаны еске ала кетудің реті келіп тұр. 1980 жылы «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғанына 250 жыл толуы» кәдімгідей мерекеленіп, баспасөзде жосылта жазылды. Сол кездегі саяси ауанға үн қосайын деді ме, әлде басқа бір топшылауы болды ма, әйтеуір «Жұлдыз» журналында (1980 жыл, 8-нөмір) «Халықтар достығы» айдарымен Данабике Қаралдина апамыздың (композитор Бақытжан Байқадамовтың туған апасы) «Қаздар қанат қаққанда» аталатын очеркі жарқ ете қалды. Әңгіменің ұзын-ырғасы былай: Қыпшақ тайпалары бұрыннан ішкі Ресейді мекендеген. Соның Бекбауылдың бес баласы атанған Қаз руы орысқа жиен болып шығады. Дәлелі: Елке атамыздың аты – орыстың Ильясы, Шоралар – Шура (біз осы атаданбыз. Ж.Н.), Шіли атаға орыстың «пришлие люд» деген сөз лепесі таңылған. Содан жолда – Жолдыбек, ата қоныс – елге келген соң Елшібек, Берді туған-мыс. Бұл аталардың үрім-бұтағы Торғай – Қабырға өңіріне қоныстанып, егін салған, сондықтан оларды ел келемеждеп, «тары-талқан жеген Қаздар» атап кеткенге саяды (Апайдың пікірі негізсіз де емес, бірақ бұл басқа әңгіме). Содан осы жаңалықты оқып алған, әкелерімізбен әзілі мен сыйластығы жарасқан Қараман руынан шыққан Татайдың Байпағы жоғарыда аты аталған Нұржанның Хамзасына телефон шалып: «Нағашыларың табылыпты, құтты болсын!»  – дейді. Сонда Хамзекең іркілместен: «Е, жүз жыл көктөбетті де нағашы қылдық қой, орыс оның жанында адам ғой», – деп жауап берген екен. Сөйтсек, Байпақ ақсақал Көктөбет деген атадан тарайды екен.

Жалпы, орысша сөйлеу мен ойлаудың таңғаларлығы жоқ. Қазақтың хандары халықаралық ресми қатынастар жасап, зиялы өкілдері, Абай мен Шәкәрімдер орыс, парсы, араб тілдерінде еркін оқып-жаза білген емес пе? Кешегі кеңес заманында ғой «қазақтар оқымаған, сауатсыз, надан еді, біз көздерін аштық» дегенді әбден миға сіңіріп, сананы улап тастағаны. Тәуелсіздік алғанымызбен біздің қоғамда ойлау тәуелсіздігі жоқ. Бәрі орысқа байланып қалған. Әсіресе, билік. Ал Ақан орысша жазса, ол оның орыстілділерді емес, орыстың озық мәдениетін, ана тілімізден бір бас жоғары тұрған орыс тілін құрметтегені.

1951 жылы Қазақ тау-кен институтына ешбір кедергісіз оқуға түскен Ақан өзіне ғана белгілі себептермен таңдауын өзгертеді. Яки келесі жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түседі де, еңбек жолын 1956 жылы журналистикадан бастайды. Ел мен жердің тағдыры маза бермеді ме, әлде қазақ даласында тың игеру дүрбелеңі түрткі болды ма, жас қаламгер Қостанайда жатып алып, қоғам өмірі туралы астарлы әңгімелер, өткір фельетондар мен терең ойлы көркем дүниелер жазуға кіріседі және олары әдеби ортада бірден көзге түседі. Алматыдағы достарының да назарынан тыс қалмайды. Содан болар Қалиханның досын іздеп Амангелдіге келгені және алып кеткені. Жазушының алғашқы адымы туралы досы, белгілі жазушы-драматург Әкім Тарази «Ертеңнен салса, кешке озған» атты  естелігінде тебірене жазды және ол «Құланның ажалына» алғысөз ретінде басылды.

Жазушының көркемсөз кестелеудегі шеберлігін, кескінді образдар жасау тәсілдерін, кесек ойларын, ізденіс сонылығын әдебиеттанушылар арагідік айтып та, жазып та жүр. Әйтсе де, Ақанның пәлсапалық-көркемдік иірімдеріне бойлай алмай ма, әлде Құланның психологиясын түсінбей ме, әлі күнге дейін шығармаға 1970 жылдары берілген баға көлденеңдеп, алдыңнан шыға береді (Жоғарыдағы қаламгер Серік Асылбекұлының әңгімесінен де Ақан шығармасының көркемдік құпиясын ашатындай тұжырымды ой, тұшымды сөз кездестірмедім. Бұл  пікір енді қосылды. Ж.Н.). Құлан деген – адасқан аңғал адам, жаңа заман низамын түсіне алмаған дала қазағы деген сияқты сипай қамшылайтын сылдыр сөздің төркінінде сол баяғы кеңестік идеологияның күлімсі иісі бар, қазақ – надан дегенге саяды. Кейбір әдебиетшілеріміз Құланды апарып Шолоховтың «Тынық Донындағы» Георгий Мелеховқа теңеуден жалықпай келеді. Ақан романы туралы қалам тербегендер уақыт шеңберінен шыға алмай, ХХ ғасырға дейін және одан бұрынғы Кейкілердің нені армандап, нені мансұқ тұтқанына терең бойлап, пікір байлап жатпайды. Міне, кейінгі ұрпақ буыны тұрмақ, өз тұрғыластарына жұмбақ жандай көрінген Ақан тұлғасын танытатын, шығармаларының астар-аңсарының аңдататын кілтті осы тұстан іздеу керек-ау. Одан әрі, әлбетте, жазушының саны аз болғанымен, мазмұны терең шығармаларын қайта парақтау парыз.

Мысалға, қаламгердің «Күн ертеңге ауып барады» немесе «Солай болған екен»  хикаяттарын алайық. Қойшы Болат өліп жатқан әкесінің жамбасын жерге тигізе алмай, табиғаттың дүлей күші – боранмен арпалысып, күнді батырады. Жас жігіт өз ойымен өзі айқасады. Социалистік қоғамның өз адамына жүктеген міндеті – қалайда қоғамдық мал басын аман алып қалу. Өлген әке өле берсін, ол үшін сот жоқ. Міне, осындай болды емес пе, кешегі кеңестік өмірдің шындығы? Ақан соны басын бәйгеге тігіп, ашына жазды, түсінгендер тұшына оқыды.

Суреткер феноменінің бастау-байламы оның өмірге, қоғамға көзқарасы мен ішкі мәдениетінде, талғам-таразысында жатыр. Мұны тектілік деп қабылдайсыз ба, әлде талғампаздық дейсіз бе, қалауыңыз білсін. Талғам демекші, Ақан ағаның ғашық болуының өзі біртүрлі, қызық, елден ерекше.

Жатақхана жабылып қалғанда студенттердің таң атқанша түнеп шығу үшін вокзалға баратыны, кімнің де болса, бір рет басынан өткен болар. Жылы әрі жарық жер ғой деп, Ақан ағамыз да бір рет Алматыдағы автобекетке келіпті, таңды атыру үшін. Орын іздеп жан-жағына қараса, бір бойжеткен сәкіде сөмкесіне қисайып, ұйықтап жатыр екен. Шамасы қала маңына жүретін автобустардың біріне кешігіп қалған болуы керек. Жігіттің көзі шаң басқан еденге ұшы тарқатыла төгіліп жатқан тоқпақтай бұрымға түседі. Сол сәтте қолаң шашты қолына алып, таң атқанша қыздың қос бұрымын қолына ұстап отырыпты. Таңертең ғана көзін ашқан бойжеткен аң-таң. Жүзінен мейірім төгілген бейтаныс жігіт қыз бұрымын үгіліп кетердей нәзік затты, иә, үркіп кетердей бақыт құсын ұстағандай, алақанына үріп салып, сипалап отыр екен. Көзін төмен түсіріп, «Кешіріңіз, мынадай сұлулық символын айналып өте алмадым…» деп күмілжиді. Ақан аға сол кезде сауда техникумында оқып жүрген жеңгеміз Жібекпен осылай кездесіп, осылай танысыпты. Бұдан кейін жүрегіне шоқ салған қолаң шашты Жібек қызды бірде-бір сұрау салып баруға жүрегі дауаламай жүргенде, жұмбақ жігітті қыздың өзі іздеп келгенінде, бірден үйлену керек деп шешіпті. Бұдан да қызығы – өзі оқуын бітіріп, Қостанайға кетіп қалып, қалыңдығын алып келуді анасы Қалимаға тапсырады. Ақанның қысқа ғұмырында осындай жұмыр басты, қос табанды пенделердің бәрінде кездесе бермейтін тосын мінез, ерекекше оқиғалар жиі болған. Сөз жоқ, жарқын болмыс, жұмбақ тұлға.

Жазушы шығырмаларының ішіндегі суреттісі мен сүбелісі – әрине, «Құланның ажалы» романы. Кітаптың басты кейіпкері – Құлан мерген, кешегі 1916 жылғы Торғай даласындағы ұлт-азаттық көтерілістің шешуші тұлғаларының бірі, Амангелді сардардың үзеңгілес досы Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлы екенін оқырман қауым жыға танып, жылы қабылдады. «Жылы қабылдады» дегеніміз жеткіліксіз теңеу, «халық жауы» деп ел ішінде есімін еске алуға үрейленетін тұлғаны сөз суреткері айна-қатесіз, «жібін ілдірмейтін, тігісін білдірмейтін» шеберлікпен сомдап шықты. Сөйтіп, елдің бостаны, ердің намысы үшін жанын пида еткен батыр Кейкіні туған халқымен елу жылдан кейін қайыра табыстырды. Бұл жазушы тарапынан жасалған көзсіз ерлік, сөзсіз тапқырлық еді.

Романның алғашқы тарауларының бірінде бала Құланның текенің бұрқағы  кезінде әкесімен бірге бозала таңнан аңға шығып, әкесінің атып алған еркек ақбөкеннің «қамшысын» сылып алатыны есіңізде ме? Жазушы бұл эпизодты тегіннен-тегін тәптіштеп жазған жоқ, оған қайта оралуға тиіс еді. Үлгере алмады. Соңына дейін айтылмаған ойдың сыры – текесін аулап, қыра берсең, табын азады, ақыр аяғында ен далада емін-еркін жайылған түз тағысы мекенін тастап, басқа жаққа ауады. Осы көрініс арқылы жазушы ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырда Ұлы Даланы мекендеген халықтың, тылсым табиғаттың көзін жойып, жер-суға шектеусіз билік құру үшін жүргізілген отаршылық саясатын меңзеп тұрған жоқ па?! Өткен ғасырдың 37-жылдарында  елдің еркесі мен серкесінің көзін жою дәл осы сценариймен жүзеге асырылды емес пе?

Ақан Нұрманов 1922 жылы болған оқиғаны – Кейкі батырдың милиция жасағымен ақтық айқасын жатқа білді. Ой елегіне мың сан рет кино таспасындай жүгірткен де болар. Мергеннің тығырыққа тірелген, дәм-тұзы таусылған Жалаулы жерін талай рет мотоциклмен барып көрген еді. Сыр тартайын дегендей, меңіреу даланың бозарған белдерімен, қоғалы көлдерімен ойша тілдескен болатын. Керек десеңіз мергеннің айы-күні толып отырған әйелі – Ақжанның ішін жарып, шарананы жерге таптаған жендеттермен көзбе-көз кездесіп, әңгімелескені де белгілі. Мұны да жазуға үлгермеді ме, әлде ауыр ақиқатты айтқысы келмеді ме, ол жағы тағы да құпия күйінде қалды. Бір анығы – роман киносценарий желісінде жазылғаны.

Қазақстан кинемотографиясын Олжас Сүлейменов басқарған жылдары Ақан романы бойынша кино түсіру жөнінде әңгіме қозғалады да, аяқсыз қалды дегенді естиміз. Біздің киногерлер жақсы шығарма, өткір сюжетті сценарий жоқ дегенді жиі айтады. Құлан тағдыры арқылы берілген, қазақ халқы басынан өткерген алмағайып кезең ауыртпалығынан, зұлмат зілінен асқан тағы қандай тарихи трагедия керек сонда? Ақан жазып кеткен тарихтың ацтектердің түбіне жеткен испан конкистадорларының зұлымдығынан несі кем?!

Міне, жазушы Ақан Нұрманов туралы сөз қозғалса, осындай сан сауал туындайды. Ал жазушыны, оның шығармасын классикалық деңгейге көтеріп, мәдени жауһарлар қатарына қосамыз ба, жоқ па, ол біздің қолымызда емес. Ол бүгінгі ұрпақтың таңдауы болуға тиіс. Мәселе – бүгінгі және келер ұрпақ жазушы Ақан Нұрманов пен оның шығармаларын біле ме, сонда жатыр. Мен тек осы мақала арқылы ел назарын осыған аударуға ниет еттім. Ақан аға өз ойы өзін іштей мүжіген құпия қаламгер, жұмбақ тұлға қалпында қала бермей, өзінің кейіпкері Кейкі батырдай ХХІ ғасыр оқырмандарымен тағы табысуға, әдебиетті рухани байлығына балайтын ұрпақ өкілдерімен бірге өмір сүруге тиіс.

Жомарт НҰРМАНОВ, журналист

Мынаны да қараңыз

Стамбұлдағы Қыз мұнарасы қайта ашылды

Стамбұлдағы аты аңызға айналған Қыз мұнарасы күрделі қалпына келтіру жұмыстары мен бірқатар жаңартулардан кейін Түркия ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *