Қазір Қостанай облысындағы Батпаққара жері, дұрысы аудан орталығы тоғыз жолдың торабына айналған. Мына жағы Арқалық, былай Амантоғай арқылы кетсең Қостанайға шығасың, оңтүстігі қарт Торғай. Кенттегі қарқынды жүріп жатқан құрылысқа разы болдым, жергілікті тұрғындар мемлекеттің жәрдемінен басқа өз күштерімен 12 үй салып жатыр екен. Үй болғанда да сыңғырлап тұр.
Бәрінен бұрын Амангелдіде салынып жатқан туристік хабқа айрықша разы болдым. Бұл көп еңбек және жеке инвестордың мол қаражаты арқасында дүниеге келген.
Туристік хаб демекші ол республикамыздағы ең белгілі 20 туристік нысанның (дестинацияның) бірі, Қостанай облысынан жалғыз. Әрине, басқа да нысандар, мысалы, Науырзым қорығы мен Торғай геоглифтері де бар, алайда Сыпар Ысқақов ағамыздың бұл тараптағы еңбегі ерен. Осы жолы барғанда ұшақ алаңын дайындап, туристер үшін жеңіл ұшақ мәселесін қарастырып жатқанын білдім. Өңірдің дамуы үшін Арқалықтағы бұрынғы әуежайдан басқа, облыстың оңтүстік аудандарындағы шағын авиация нысандарын қалпына келтіру заман талабы.
Туристік дестинация демекші, осында, яғни Амангелді кентінде Ғалия Алимова есімді кәсіпкер әйелмен таныстық. Ғалия Аманкелді ауданының келіні. Бұған дейін Астана қаласында жалдалмалы жұмыс жасап, әрі түрлі салада қызмет жасайды. Дегенмен, өзінің айтуынша туған елге бүйрегі тартып тұрады әрі аудан орталығында да жақсы қаражат тауып, лайықты өмір сүруге болатынын түсінеді. Сөйтіп, соңғы 5 жылда жолдасы Болсынмен елге келіп өз кәсібін бастады. Бүгінде Ғалия аудан мектептеріндегі асханаларда ас дайындап, ата-аналар мен оқушылардың алғысын алып жүр. Одан қалды қолдан тұшпара, манты сияқты таза табиғи өнімдерді де өндеп сатты. Уақыт өткен соң орталықтан өзінің сауда дүкенің ашты. Кәсібі өрге домалап бүгінде белгілі меценант, жиһангез Сапар Ысқақовтың салып жатқан туристік кешеніндегі «Бразилия», «Альгамбра» қонақ үй, мейрамханаларын сенімгерлікпен басқаруға алып, кәсіпті дөңгелетіп отыр. Қостанай облысының Амангелді ауданына келген туристерге жатын орын, ыстық тамақтары бәрі осы жерде. Біз барғанда бұл қонақ үйде бос орын болмады. Іші ұядай. Тазалықтың бәрі сақталған. Қазіргі күні 14 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш деп санаймын. Міне, осындай кәсіпті дөңгелетіп отырған Ғалия қарындасымыздың еңбегі көпке үлгі. Кешеден бері аудан орталығыннан 50 адамдық қонақ күтетін жеке тұрғын үйді жалға беру кәсібін де іске қосты. Бұл халықтың сұранысының артқанын көрсетеді.
Ғалия қарындасымызға еңбегіңіздің жемісін көріп, кәсібіңіз өрлей берсін дегім келеді!
Өз кезегінде «Әділік және өркендеу» қоғамдық қоры, оның Қостанай өңірлік өкілдігінің қызметі туралы айтып бердім.
Сурет туристік хаб аумағында түсірілді
Материал авторы — Амандық Әмірхамзин