Жалпы, Ресей империясы Қазақ даласының маңыздылығын әуелден ерте түсінген болатын. Соған қатысты 1 Петр патша былай деген болатын: «Хотя оная киргиз-кайсацкая орда степной и легкомысленный народ, токмо всем азиатским странам и землям оная орда — ключ и врата».
Иә, шынында басқа Азия елдеріне өту үшін Қазақ жері арқылы шығу мүмкін еді, сондықтан әуелі қазақтарды бірде қарудың күшімен бірде сауда-саттық арқылы бағындыру қажет еді.
Ресейдің бағзы заманнан қалыптасқан бір дәстүрі бар, ол өзімен іргелес отырған түркі жұртының шабуылынан қорқып, оларға қарсы бекіністер желілерін салатын еді және ол істе көбінесе казактарға сүйенетін.
Мысалы, 1550 жылы далалықтардан қорғану үшін «Засечная черта» деген қорғаныс желісін салады. 1580-1590 жылдары осы желі бойында мынадай тірек пункттері-қалалар салынады: Воронеж, Елец, Ливны, Оскол, Елец, Валуйки және т.б. Бұл қамалдарды салудан кейін Патша Үкіметі өз әскерлерін Ока өзенінің бойынан неғұрлым оңтүсікке қарай жылжытып, Мценск, Орел және Новосел қалаларының төңірегіне шоғырландыра бастайды. Келесі кезекте Чугуев маңында далалықтардың қоныстарына жақындап, одан кейінгі осындай ретпен келесі желіні де сала бастайды.
Қазақ даласында да осы әдіс қолданылды, әуелі Жайық бойынан бастап Сібір жеріне дейін біртіндеп бір желіден келесісін салып отырған.
Сол үшін қазақ пен башқұрт халықтарының арасында сыналап кіріп, тоғыз жолдың торабы болған Троицк маңын (қазақша аты «Мұнанай», аталған мекен қазақтың Орта жүзіндегі Қыпшақ тайпасының қарабалық руының жері болатын) игеру мақсатында Ресейден жүздеген әскер мен арнайы мамандарды алып келіп, Үй өзенінің бойындағы қазақ ауылдарына шабуыл жасап, олардың оңтүстікке қарай, яғни қазіргі Қостанай мен Торғай жеріне жылжуына мәжбүрлейді.
Дәл Троицкіні салудың маңыздылығы туралы өз естеліктерінде Орынбор экспедициясының басшысы, Орынбор губерниясының бірінші губернаторы, қаланың негізін қалаушы И.Неплюев былай дейді: «Устроя крепости и редуты, снабдив гарнизоны, за полезное признали на Уйской линии построить крепость познатнее, для того, что к той крепости
прилегали киргизцы Средней Орды…» (киргисцы Средней Орды деп Орта жүз қазақтарын айтып отыр). Айтқандай кезінде Неплюев Осман империясында Ресейдің елшісі болған екен, соған қарағанда қазақ тілін де жақсы білген болды ғой.
Негізінде дәл осы Троицк қаласының орнынан мұсылман құлпытастары табылған болатын (одан кейінгі тағдыры белгісіз).
Елизавета патшайымының бұйрығымен бригадалық генерал атағы бар И.Неплюев Үй қорғаныс желісінің басты бекінісі ретінде қазақтардан қорғану мақсатында Увелька (этимологиясы Жылға, Үзелгі, Ойық атауларынан шығу мүмкін) және Үй өзендерінің қосылысында 1743 жылы Троицк мерекесі кезінде салады.
Қала Орал мен Сібірдің арасын байланыстырып тұрғандықтан тез өсіп, уақыт өте келе маңыздылы жөнінен аталған өңірдің Орынбордан кейінгі екінші қаласына айналады.
Өз кезегінде Ресейдегі Ірбіт және Нижегород жәрмеңкелерінен кейін үшінші орын алатын, алайды аталған екі жәрмеңке белгілі бір уақыт аралығында жұмыс істесе, Троицк жәрмеңкесі төрт ай бойы сауда-саттығын үзбеген.
Әуел баста сауда айырбас (меновая торговля) ретінде басталады.
Негізі ата-бабамыз тек соғысып та қоймай, арасында көршілерімен сауда жасап та отырған. Кейін Троицкіде сауда қарым-қатынастарын жасауға Абылай хан мен Шақшақ Жәнібек батыр да рұқсатын берген болатын.
Жалғасы бар!
Амандық Қорғанұлы
Бұрынғы аты Мұнанай екенін білмеппін. Қызық 😉