Парламент… Папуас… Тегін пәтер…

Папуас

Түс әлетінде әдеттегіше қалалық телеарнаның эфирінен екі байға тиіп, төрт бала тапқан танымал тележұлдыздың қыз кезіндегі концертін көрші-көлем түгел жиналып көріп отырған-тын. Жылан жорғалағандай жыбыр-жыбыр өтіп жатқан жүгіртпе жолдағы «кескін-келбеті қазаққа ұқсамайтын, мемлекеттік тілді жақсы меңгерген жандарды болашағы жарқын жұмысқа шақырамыз» деген жып-жылы жарнама Ақыштың көзіне оттай басылды. «Мына құрғырлар көріп қойған жоқ па екен» деген күдікпен көзінің астымен көршілерін сүзіп өтті. Жарықтықтар, айнала-айнала тоза бастаған таспаға жылан арбаған торғайдай телміріп қалған екен. «Иә, сәт, жолым болар» деді Ақыш ішінен.

Мектепке дейін әжесі марқұм еркелетіп «Шегір» дейтін. Десе дегендей, қарасынан аласы көп қос жанары сүзетін бұқадай үнемі шарасынан шыға шатынап тұрушы еді. Мектепке барғаннан бастап сыныптастары «Негр» деп «өзгертіп» алды. Шынында, бет-жүзі қазанның түп күйесіндей оған бірінші сыныптың деңгейінде басқа бір «дені дұрыс» лақап ат бұйыруы миға қонымсыз ғой.

Жетінші сыныпқа ауысқан жылы ат теуіп кетіп, қазандай басы қақ айырылып, алты ай аудандық ауруханада жатып шықты. Онсыз да асқабақтай қауашағы енді семіз тайдың сырт жағынан қараған жая тұсындай екіге бөлініп тұратын болды. Ата-анасы байғұс аман қалғанына шүкіршілік айтып, қой сойып, құдайы берді. Алақанын аспанға жайып, Алладан Ақыш үшін амандық тілеген молданың мінәжатымен бірге күбірлеп, ішінен «сыныптастарым «жарықбас» деп атамаса екен» деп Жаратқанға жалбарынғаны есінде.

Жаратқан тілегін естіген екен, мұны ешкім «жарықбас» деп мазақтаған жоқ. Есесіне, сол жылы екінші жарты жылдықта келген жағырапия пәнінің мұғалімі мұны «папуас» деп айтып қалды. Пәтшағардың аузы дуалы екен, сол «кличка» бұған желімделгендей жабысты. Ақыш орта мектепті «Папуас» деген «лауазыммен» тәмамдады. Папуастың кім екенін парықтаған кім бар, десек те, басы бөлінген қарбыздай, көзі тұздай, шеркес мұрынды (арғы атасы шеркестен қыз алған ғой), салпы ауызды, бұйра шаш, қоңыр өңді бозбаланы есі дұрыс адам қазақ деуге қимайтын.

Өткен өміріне ойша көз жүгіртіп өткен Ақыш, шайын шала-пұла ішіп, концерттің соңын күтпестен жүгіртпе жолда жазылған мекен жайға дедектей жөнелді. «Халықтар достығы сарайы» деген салтанатты ғимарат екен. «Жарнама арқылы келдім» деген мұны еңгезердей есік күзетшісі күліп қарсы алды. Пошымын жылдам шолып шықты да: «бастықтың іздегені тап сіз болмасаңыз неғылсын, жүріңіз, жүріңіз» деп екінші қабатқа емпелеңдетті.
– Жағдай былай, ағасы, – деп жұмсақ бастады жұмысқа қабылдаушы. – Білесіз, біздің еліміз көпұлтты, тату-тәтті, ынтымақтың ұжымағына, бейбітшіліктің бесігіне айналған субени, сувенита, так, так, так… су, су… – деп тұтығып қалып еді, Ақыш байғұс дәуде болса айтпағы осы шығар деген ниетпен «супер» деп «сүйреп» жіберді.

– Тіфу! – деп түкіріп жіберді бастық «бұл сөз емес» дегендей. – Супер екеніміз супер ғой. Бірақ ол емес, иә, иә, есіме түсті. Зайырлы мемлекет дегеннің орысшасы екен ғой. Ресми түрде Халықаралық арена бізді 130 ұлт тату өмір сүретін республика деп таниды. Солайы солай ғой, бірақ солай болмай тұр… – деп одан әрі созбақтады «Достастық үйінің» директоры.  –Мына зәулім сарай елімізді мекендейтін сол ұлттарға арналған. Еуро жөндеуден өткен екі жүз кабинетіміз бар. Соның кемі 130-ы жұмыс істеуі керек.
Сондықтан… Опшем, ағасы, әңгіменің турасы сізді қандай ұлтқа ұқсатарымды білмей тұрмын. Әйтпесе, сол тегін есіктердің бірін берсем бе деген ойым бар еді…
– Мені мектепте «папуас» деп атайтын, – деп қалды Ақыш жарнамадағы «жарқын болашақ» дегенді есіне алып.

– Эврика!!! – Манадан маңғаз кейіпте тұрған басшы алақанын сарт еткізіп, балаша қуанды. – Папуас, папуас… «Папуас» ұлттық-мәдени орталығының төрағасы… Атыңыз кім?

– Ақыш Сақышұлы!

– Бұйырса, бүгіннен бастап «Папуас» ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Ақыш Сақышев боласыз.

– Ой, төлқұжатымда Сақышұлы деп тұр ғой?

– Ол былай енді, не ғой, ағасы… Сақышұлы дегенді біртүрлі «Сабакашвили, тіфу, иттің баласы, Саакашвили дегенмен шатастыру оңай екен. Өзіңіз де білесіз, соғысқұмар ол пәлеге алып көршіміз қырын қабақ… Біз бейбітшілік сүйетін елміз. Көршінің көңіліне қарамаса болмайды. Опшем, сіз –төрағасыз…
«Төраға» деген сөз Ақаңның құлағына майдай жағып кеткені сонша, алғыс айтуға оқтала беріп еді: «жалақы жағына бас қатырмаңыз», – деді директор мұның аузына қолын төсеп, – қоғамдық негізде атқарғанмен, біз құрқол қалдырмаймыз. Жұмысыңыз… түк те қиындығы жоқ. Аптасына алты рет газеттерге сұхбат беріп, төрт рет теледидарға шығасыз. Не айтатыныңызды олар өзі жатқа біледі, тек «бейбітшілік, татулық, тұрақтылық» деген сөздерге тіркес табудан жағыңыз жаңылмасын деңіз… Әй, бірақ папуас деген ұлт бар ма өзі?!

– Бар болғандай қандай! – деді болашақ төраға нық сеніммен. – Жаңа Гвинея аралын, Меланезияның солтүстік-батыс аралдарын, Хальмахер аралының солтүстік бөлігін және Тимор аралының шығыс бөлігін, Алор мен Пантар аралдарын мекендейтін халықтар тобы (Бұл оны бертін келе энциклопедиядан жаттап алған болатын). – Дегенмен, жарнамадағы «жарқын болашақ» дегені қандай болашақ?

– Аа, иә, иә, ол дегенің, болашақ болғанда, нағыз жарқын болашақ! Аптасына алты рет газеттен көрінген соң сіздің танымалдығыңыз артады. Қайда барсаңыз да төр сіздікі. Сондай-ақ болашақта Ассамблея қатарын толықтырып, Парламентке депутат болуға даңғыл жол сайрап жатыр. Тем более түріңіз түсініксіз болғанмен, тіліңіз қазақша сайрап тұр… Сіз депутаттыққа өтесіз. Оған күмәнім жоқ. Тек ұлттық мәдени орталықтың ісін дұрыс жүргізсеңіз болды. Мейрам қарсаңында болмаса көп мазаламаймыз. Төлқұжатыңыздағы ұлты деген жерде тұрған «қазақты» қағып тастап, «папуас» деп жазып береміз. Сол арқылы сіз статкомитеттің мәліметіне өзгеріс енгізесіз. Бүгіннен бастап біздің облысымызда 131 ұлт өмір сүретін болады. Ал сіз жұмысқа қабылдандыңыз, Ақыш мырза. «Өсер мал түстес келеді», атыңыз да Америка құрама штаттарының алғашқы әріптерімен сәйкес екен, – деп бастырмалата сөйлеген директор мұны арқасынан қағып шығарып салды.

«Бүгін кеш болып қалыпты, жұмыссыздар тізімінен ертең шығармын», – деп ойлады Ақыш. – Несі бар, «төраға» деген дардай аты бар екен, оның үстіне тегін кабинеті болса, көршілерімді әкеп карта ойнауға таптырмас мүмкіндік. Папуас та адам баласы. Оның үстіне өздері қолындағы жарты нанын мейманымен бөліп жейтін қонақжай нәсіл көрінеді. Қазақстанда қазақ болғанда қорлықтан басқа не көрдік… үй-күйі жоқ, қалаға келіп алып шұбырып жүр ғой әне, жастары…

Алда-жалда Парламентке депутат болып кетіп жатсам, Астанада тегін үйім, жоғары жалақым болады». Атақты боксшының сұхбатын еске алып қуана күбірледі ол. Сосын, мектепте мұны «папуас» деп мазақтайтын балаларды боксерше төпелейтіні есіне түсіп, еріксіз жымиды.
«Парламент… папуас.. тегін пәтер»… Ақыштың миында осы бір үш сөз манағы әнші қыздың тозбайтын таспасындай қайта-қайта айналып тұрып алды…

Абылай МАУДАНОВ

 

 

Мынаны да қараңыз

Сейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫНЫҢ қалжыңдары

Бір орыс елінің қатыны… Cейіт Кенжеахметұлы Қазақстан егемендік алған алғашқы жылдары «Қазақ тілі» қоғамының Торғай ...

4 пікір

  1. Міне, нағыз сатира деп осыны айту керек! Әйтпесе, Мұхтар Шерім деген қырттың шатпақтарын сатира деп жүрсіңдер сендер! Абылай балам, қаламың мұқалмасын!

  2. Кенжебек

    )) ендиги Акыш мырза мажилиске отетин шыгар, ха-ха-ха

  3. Абылай нағыз классикалық дүние жазғане екен.

  4. Жандос

    Ертең папуастардың күні болады екен ғой. Басынан ат теуіп кеткендердің халық қалаулысы атанып тойлағанына куә боламыз қазақ. Вот, форум победители деп соны айт!

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *