ҚОБЫЗ-АБЫЗ туралы аңыз

Коркыт

 

Халық аңызына қарағанда, қобыз аспабын Қорқыт ата жасаған және оған алғаш рет күй шығарып тартқан болып шығады. Оның қобызды ойлап табуы жөнінде ел арасына кеңінен тараған бір тәмсіл бар. Онда былай делінеді…

«Қорқыт жасынан өте ұғымтал, құйма құлақ болып өседі. Сол кездегі аспаптардың бәрінде ойнайды екен. Алайда, ол оған қанағаттанбай, адам мен жануардың үнін, табиғаттағы құбылыстар мен дыбыстарды жеткізетін жаңа бір аспап жасағысы келеді. Он ойланып, тоғыз толғанады. Қарағай ағашын кесіп әкеліп, одан бір нәрсенің жобасын жасайды. Бірақ әрі қарай не істерін білмей қиналады. Күндер осылай өте береді. Бір күні шаршап отырып, көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсіне періште енеді. Ол балаға: «Қорқыт, жаққан қобызың 6 жасар нар атанның жілігіндей екен. Енді оған нар терісінен жасалған шанақ, ор текенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың кұйрығынан тартылған қыл ішек жетпей тұр. Осылар болса, аспабың сайрағалы тұр екен» деп кеңес береді. Қорқыт ұйқысынан ояна салып, осы айтылғандардың бәрін жасайды.

«Қарағайдың түбінен

Қайырып алған, қобызым.

Үйеңкінің түбінен

Үйіріп алған қобызым.

Желмаяның терісін

Шанақ қылған қобызым.

Ортекенің мүйізін

Тиек қылған қобызым.

Бесті айғырдың құйрығын

Ішек қылған қобызым.

Құлағыңды бұрайын,

Осы айтқаным болмаса,

Қайырып жерге ұрайын!» – деп қобызды қолына алған кезде аспап боздап қоя беріпті. Қобыз үнін бар табиғат, ұшқан құс, ескен жел, жүгірген аң… бәрі тоқтай қалып, құлақ түре тыңдапты».

Сондай-ақ, түркітілдес халық тайпаларының сенім-нанымында шамандық дәстүр елеулі орын алған. Сол бағыттағы емші, тамыр ұстаушы, балгер, жын құрсанған бақсылар «абыз» деп те аталған. Ал абыз – «қобыз» сөзінің өзгерген түрі-міс. Осы негізге сүйене отырып, абыз бен қобызды байланыстырар болсақ, қазақта Қорқыттан кейін өмір сүрген Қойлыбай бақсы туралы да аңыз көп. Оны Шоқан Уәлиханов: «Қойлыбай бар бақсының түп атасы, оқ тартар садағы іспетті», – деп кейіптеген. Естуімізше, кезінде Қойлыбай киелі қобызын аламан бәйгеге салған көрінеді. Ол әңгіме ел аузында былайша өрбиді: «Жүздеген сәйгүлік қосылған бәйге аттарының келе жатқанын көргенде қолына қанжарын алып, әулие-пірлерін жәрдемге шақырып, Қойлыбай сарнап қоя береді. Сол-ақ екен, бәйге жақтан бір қара дауыл тұрып, отша лапылдаған аптап ыстық жел соғады. Бір кезде сол дауылдың артынан қалың қара көрініп, ат тұяғының дүбірі естіледі. Демде бәйге аттарының алдынан қар борандатып, атты құлаш тамырымен ала жібін сүйреткен алып ағаш көрінеді. Сөйтсе, ағаш дегені – Қойлыбайдың қобызы, дауыл мен желді суырып келе жатқан көкаман жынының екпіні екен».

Осындай көптеген аңыз арқауына айналған қобыз аспабы қазақ ұғымында қасиетті саналады. Қарапайым жұрт оны қолдарында ұстауға да  қорыққан. Себебі, «қобызды тек бақсы сияқты ерекше сиқырлы қасиетке ие жандар ғана ұстайды» немесе «бұл көнеден келе жатқан киелі аспап адам тағдырына тікелей әсер етеді» деген түсінік қалыптасқан. Тағы бір аңызға сенсек, екі қылды шекті, ысқысы бар қылқобыз және қобыздық музыка адам денесінен ауыр рухтарды, аурулар мен өлімді қуған екен. Бұл ретте кәдімгі айнаның да тылсымдық күшін айта кетуге болады. Мысалы, шамандық қобыздың басына үкінің қауырсыны, мүйіз тәріздес темір пластинкалар, құстардың бейнесі ілініп, шанақ түбіне айна орнатылған. Мұның бәрі жай ғана сәндік безендірмелер емес. Әсіресе, айна – жындарды шақыру құралы. Найзағай жарқылдағанда, үйде біреу қайтыс болғанда және түнде ұйықтар алдында айнаның бетін неге жауып қоямыз?.. Себебі, адамзатты біздің жалғанға қосалқы әлеммен байланыстыратын тылсым соның ішінде жатыр. Қарапайым тәжірибе ретінде айнадағы өз бейнеңізге майшам жарығымен үңіліп көріңізші… Денеңіз түршігеді!

Қазақ эпосы мен фольклорының барлық түрі музыкамен тығыз байланыста болғандықтан, басқалардан гөрі ұлттық аспаптар әуезіне сәйкес тудырылған аңыз-әңгімелер басымырақ. Мысалы, «Қара жорға» күй-аңызында Абылай ханның қазақ-қырғыз ұрысында қалмақтардан тартып алған жүйрік ат туралы әңгімесі бар. «Ақсақ Құлан, Жошы хан» да сол сарындас күй-аңыз. Еске сала кетсек, онда Жошы хан аңға кеткен баласы кері қайтпаған соң, өзіне содан бір хабар беруді талап етеді. Бірақ жалғыз ұлын өлді деп хабарлауға батылы барған кісінің көмейіне балқытылған қорғасын құятындығын мәлімдейді. Хан қаһарынан қорыққан қарт күйші оның өлімін күй арқылы жеткізеді. Жошы хан қобыз үнінен баласын ақсақ құлан өлтіргенін сезінеді. Өз сөзінде тұру үшін сонша қайғы-қасіретті жеткізген қобыз шанағына қорғасын құюды бұйырады. «Содан бастап қорғасынмен күйген қобыздың жоғарғы жағы ашық күйінде қалды» дейді аңыз. Кейінгі нұсқаларда «Жошы ханға қаралы хабар домбыра арқылы жеткізілген» делінген. Қайсысы болса да, қазақтың қасиетті күй аспабы екені даусыз.

P.S. Төл фольклорымыздың маңыздылығы қайда жатыр? Біздіңше, айтулы аңыздарды қара қобыз сарыны мен қоңыр үнді домбыра арқылы есте ерекше сақталатын сазды әуенмен де жеткізе алғандығында! Осылайша, ән мен сөзді бір арнаға тоғыстырып, оны үндестік заңына бағындыру – қазақ өнері тарихындағы зор құбылыс.

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Сурет El.kz алынды

Мынаны да қараңыз

Стамбұлдағы Қыз мұнарасы қайта ашылды

Стамбұлдағы аты аңызға айналған Қыз мұнарасы күрделі қалпына келтіру жұмыстары мен бірқатар жаңартулардан кейін Түркия ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *