Менің кешкісін күнде, тамақтанып болған соң, бой жазып қайту үшін аулаға шығатын әдетім бар. Сол әдетпен ауланы әрлі-бері кезіп, енді орындыққа отыра бергенімде, қоңыр түсті дәптер көзіме оттай басылды. Қағаз «кеміріп» үйреніп қалғандықтан ба, әлгі дәптерге еріксіз қол создым. Қолға алған соң, ішін ашып парақтайсың ғой?! Мен де сөйттім. Дәптер мұқабасына маржандай әріптермен «Күнделік. Иесі – Кенжебек Бекасылов, 8 «А» сынып оқушысы. Астана қаласы» деп жазылыпты…
Кейін белгілі болғанындай, күнделік иесі – менімен көрші тұратын Сәлімнің туған жиені екен. Астанадағы мектептердің бірінде 8 «А» сыныбында білім алады. Сабақ үлгерімі (Сәлімнің айтуынша) өте жақсы. Әсіресе, әдебиет пәнін сүйіп оқиды.
Кенжебектің Астанаға, соның ішінде көршім Сәлімнің үйіне келгеніне өте көп бола қойған жоқ-ты. Шыны керек, күнделікпен алғаш танысып шыққанда оны өзі жазды дегенге сеніңкіремедім. Сөз саптауында, сөйлем құруында мін жоқ. Дегенмен, кей сөйлемдерді әдеби өндеуге тура келді. Бір таңғалғаным – кейде ересектерді де толғандыра бермейтін жағдайларға оның бейжай қарай алмайтыны. Осындайда ұлы жазушы Марк Твеннің «Кішкентай балалар да үлкен түс көреді» дегеніне еріксіз иланасың.
Ірі денелі, қалқан құлақ Кенжебек көп бұзақы балалардай көрінетін көрер көзге. Алайда, жоғарыда айтқанымдай, күнделігімен танысқан соң, әлгі ойымның бекер екенін түсіндім. Сірә, бала жанын бірден ұға аласың ба?! Мектеп оқушысы Кенжебектің күнделігін оқып шыққан оқырман оның арманшылдығына, ақылды болып өсіп келе жатқанына көз жеткізеді. Болашақта жазушы болуды армандайтын жас талапкердің күнделігін (өзінің келісімі бойынша) қаз-қалпында жариялауды жөн көрдім. Ендігісі, қадірлі оқырман, сіздердің еншілеріңізде. Айтпақшы, күнделік иесінің аты-жөнін жария ету әбестік болар деп, есімін өзгертіп алдым.
29 тамыз
Бүгін Арқалық вокзалынан пойызға отырдым. Бағытым – елордамыз Астана қаласы. Қуанышымда шек жоқ! Енді ше, осы күнге дейін тек теледидардан көрген арман қалаға жол тартып барамын ғой! Шіркін, тез жетіп, «Бәйтеректің» ұшар басына көтерілер ме едім!? Бірақ Арқалықтан алыстаған сайын туған ауылымды біртүрлі сағынып бара жатқандаймын. Өйткені, кейде жүрегім шым ете қалады. Ересектердің алыста жүрсе, туған жерлерін сағына беретінін енді түсіне бастағандаймын…
Вагон іші тым қапырық екен. Менімен бірге екі ағай мен бір апай бар. Олар да көңілді келеді. Бәлкім, бұлар да мен сияқты Астанаға алғаш бара жатыр ма екен?..
Жолсеріктерімнің әңгімелеріне қарағанда, Астанаға ертең таңертеңгі сағат 08.40-та түседі екенмін. Мені теміржол вокзалынан күтіп алатын нағашым Сәлім ағаны да көрмегелі көп болып еді. Сірә, Астананы көру үшін ғана емес, нағашымды сағынғандықтан да тез жетуге асығатын сияқтымын…
Енді Елордада оқитын боламын. Мектебім, сынып жетекшім, сыныптастарым қандай болар екен? Ауылдағы Сәуле апай сияқты болмаса ғой сынып жетекшім. Біз орысша сөзді дұрыс айтпасақ, ол апайдан көресіні көреміз. Өзінің жүйкесі жұқарған ба, әйтеуір сәл нәрсеге бола бізге ауыр-ауыр сөздер айтады. Оны несіне жасырайық.
Жә, не болса да, мектепке, туған ауылға, ондағы достарыма, тіпті әлгі Сәуле апайға да ешкім, ештеңе жетпейді. Енді бәрін сағынатын болдым. Бірақ каникулда барып тұрамын ғой. Әсіресе, бізбен көрші тұратын 8 «б» сыныбындағы Әлияны да қимай барамын. Ол да менің Астанада оқуымды құп көргенімен, іштей қимай қоштасты. Кетерімде әдемі қаламсап сыйға тартты. Осы күнделікті сол қаламмен жазып отырмын. Айтпақшы күнделік жазуды алғаш бастадым. Бұрынырақта әпкемнің жазып жүргенін көргенім болмаса. Мана апам ауылдағы көрші саудагерге мені қосып, мұқият тапсырған болатын. Енді сол апай мені шайға шақырып жатыр.
30 тамыз
Сәлім ағам мені құшақ жая қарсы алды. Үй-ішінің амандығын, сабағымды сұрап бәйек болып жатыр. Қасына менімен түйдей құрдас баласы Әлімді ертіп алыпты.
Ол Астанадағы бір мектептің 8 «А» сыныбында оқиды екен. Бұдан қалды Оқушылар сарайындағы домбыра үйірмесіне де баратын көрінеді. Біз туыс болсақ та, бір-бірімізді көптен көрген емеспіз. Енді, міне, сәті бүгін түсіп тұр ғой?! Шашын бір жақ шекесіне қарай әдемілеп қайырған, мұнтаздай таза киінген Сәлім маған тіл қатты:
– Сенің есімің Кенжебек қой, иә?
Мен үнсіз басымды изедім. Үлкен қалаға алғаш келген соң жатырқап тұрмын ба, оны өзім де білмеймін. Әйтеуір өзімді біртүрлі сезіндім. Бірақ мұны ол сезді ме, қайта тілге келді:
– Неге үндемейсің?! Нешінші сыныпқа көштің?
– Сегізінші…
– Өй, екеуміз құрдас болдық қой?! Енді сені папама айтып, біздің сыныпқа қабылдатамын! Бізбен оқитын боласың! – деді ол екі көзі күлім қағып. Мен қуанып кеттім.
Нағашымның көлігіне мініп, Астананың оқтай түзу көшелерін бойлап тура үйге келдік. Тамақтанып алған соң, Әлім екеуміз қаланы аралауға шықтық. Шынында да, айтса, айтқандай-ақ, Астана өте әдемі қала екен. Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан «Бәйтерек», «Зажигалка» аталып кеткен ғимарат, «Нұр Астана» мешіті, Министрліктер үйі, қойшы, әйтеуір не керек, бәрі-бәрі керемет! Құдды шет елде жүргендей сезіндім өзімді.
– Анау тұрған биік үйді көрдің бе? – деді Әлім саусағын шошайтып. Нұсқаған жағына қарап:
– Иә, көрдім, – дедім.
– Сол үй «Триумф Астаны» деп аталады. Мұндай ғимарат тек Мәскеу қаласында ғана бар, – деді Әлім, бейне өзін мұражай жәдігерлерімен таныстырып жүргендей.
– Шынында, Кремльге ұқсайды екен, – дедім теледидардан көргенім есіме түсіп.
«Бәйтеректің» ұшар басына көтерілгім келгенін жаздым жоғарыда. Осы ойымды Әлімге айттым. Ол қарсы болған жоқ.
Содан не керек, Астананың көрікті жерлерін, ішіндегі океанариумда кәдімгі балықтар жүзіп жүретін «Думан» ойын-сауық орталығын да тамашалап, бір серпіліп қалдық-ау!
Енді маған ертеңгі сабаққа киетін киімдерімді дайындауым керек. Және де жаңа сынып жетекшіме гүл шоқтарын да алуды ұмытпауым керек. Өйткені, ертең 1-қыркүйек – Білім күні ғой…
1 қырқүйек
Мектебімдегі Білім күні мерекесі өте қызықты әрі жоғары дәрежеде өтті. Сынып жетекшім Айткүл апай да жақсы кісі екен. «Түсі игіден түнілме» дейді ғой. Апайымыз жылы шыраймен қарсы алып, бәйек болып жатыр. Әрі басымнан сипап қояды. «Өзің киелі Торғай өңірінен екенсің, Алаш ардақтылары Ахмет, Міржақыпты айтпағанда, көптеген айтулы ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері шыққан жер ғой, сен де жаман бала болмассың» деді.Осы сәтте іштей марқайып, туған жеріме деген сүйіспеншілік сезімім оянып әрі туған Торғайымды сағынып кеттім.
Сыныптастарым да жаман емес сияқты. Мәселен, Қайыржан, Әсет, Думан, тағы басқа балалар қасыма үйірсектеп, біраз әңгіме-дүкен құрдық. Бұдан басқа қызықты әрі маңызды ештеңе болған жоқ.
13 қыркүйек
Әдебиет сабағынан «5» деген баға алдым. «Абай атамыздың «Қара сөздерінен» қалағандарыңды жаттап алып, келесі сабақта айтып бересіңдер» деп Асыл апай тапсырма берген еді. Мен ақын атамыздың «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің бәрінін баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік…» деп басталатын Бірінші қара сөзін жатқа айттым. Асыл апай ерекше риза кейіпте:
– Балалар, көрдіңдер ме, сендер тек жаттап, тақылдатып айтып бермей, Кенжебек сияқты мәнерлеп оқыңдар, – деп бір көтеріп тастады.
Кенет, артқы партадағы пұшық Самат:
– Апай, ешқандай мәнерлеп айтқан жоқ! Қайта мұрнының астынан міңгірлеп… Ештеңе түсінген жоқпыз! – деп күңк етті. Бірақ оны елеген ешкім болмады.
16 қыркүйек
Мен үшін бүгін бір қызық жағдай болды. Қызық емес-ау, тіпті ұят нәрсе десе де болады. Таңертең өзім сабаққа асығып келе жатып абайсызда бір қызды соғып кеткенім. Содан ол маған шап ете қалсын: «Ей, ты что, слепой что ли?!» – дейді. Мен: «Кешір, асығып келе жатып…» – деп міңгірледім. Жоқ! Ол қояр емес. Қайта өршелене түсті. Даусы неткен ащы еді, шіркіннің! «Дурак! Мамбет!» деген сөздерін маған бағыттап көп айтты. Құрбыларымен сықылықтай күліп қояды. Мен ләм-мим демедім. Кешірім сұрап, мектепке зу етіп кіріп кеттім. Алайда әлгі қыздың орысша тақылдап «Дурак! Мамбет!» деп айтқанына мәз болып тұрған кейпі осы кезде көз алдыма келеді. Сондай да жынымның қозып кететіні-ай…
Айтпақшы, тағы бір қызық жағдай болған екен ғой. Әсет бүгін қолына татуировка жапсырып келіпті. Мұның не десек, «мода» ғой деп қарап тұр. Содан соң: «Ресей жұлдызы Тиматидің қолдарын, денесін көрмеп пе едіңдер?! Түгел сурет емес пе?! Бұл – нағыз сән!» деп қояды өзінше. Бірақ сынып жетекшіміз Әсеттің қолына жапсырған «өнерін» көріп қойып, сазайын тартты ғой, сабазың.
Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ
Жалғасы бар
Жалгасы кашан жарияланады? Тезiрек окыгым келiп тур. 7-сынып окушысы жазган ба шынымен?