Қуаныш ЖИЕНБАЙ, жазушы: Қазақ түбі кітапты қыздың жасауына қосатын болады

 

КЖ

Қуаныш аға, сіздің бал дәурен балалық шығыңыздың қызыққа толы ұмытылмас сәттері теңіз жағалауында өтті ғой. Әңгімемізді бастамас бұрын бір сәтке балалық шағыңызға саяхат жасап өтсеңіз қайтеді?
–Балалық шақ дегеніңіз – өмірі таусылмайтын ертегі. Және ескірмейтін, ойға алған сайын түрленіп, жаңара, жасара түсетін, сосын сенің жан-дүниеңді де мөлдір шыққа көметін керемет әлем ғой! Мейлі, қанша жерден классик бола беріңіз, бәрібір балалық шаққа бір «аялдама» жасамай жақсы шығарма жазуың мүмкін емес. Керек десеңіз, бұл талай мықтының басынан өткен, дәлелденген шындық.
Біздің балалық шақ ұлы теңіздің жағалаудан қаша бастаған, тартыла бастаған өкінішті кезеңімен тұспа-тұс келді. Ертегі дегеннен шығады-ау, мен қазір сол теңіздің бір кездері үйді жығар түйе өркеш дәу толқындарының болғанын да, жойқын дауыл тұрғанда үлкен кемелерді табалдырық алдына әкеп тастайтынын да балаларым мен немерелеріме сендіріп айта алмаймын. Біртүрлі қиял-ғажайып ертегі айтып тұрған секілдімін. Орыстың тамаша жазушысы К.Паустовскийдің «Теңіз жағалауында туғандардың ақын болмауға қақысы жоқ» деген сөзі бар. Сол айтпақшы, теңіздің адамға берер «сый-құрметін» тек теңіз жағалауында туғандар ғана түсінеді. Оны сөзбен айтып жеткізу де қиын. Теңіздің адуынды толқындарына көз тігіп, балақты тізеге дейін түрініп, құм жағамен біраз жер жаяу жүріңізші. Жан сарайың әп-сәтте тазарады, бойыңды өршіл рух сезімі билейді, ал өзің басқа әлемде жүргендей сезінесің.
Шүкірлік айтайық, «Кіші Арал» менің жағалаулық жерлестерімнің жігерлерін қайта жаныды, болашаққа деген сенімдерін оятты, құлшындырды. Балалық шағымның өлмес күндерімен қайта жолыққандай жағдайдамын. Жыл сайын теңіз жағалауына барып, балақты тізеге дейін түріп тастап, құм жағада армансыз жаяу жүрмесем, денемді біртүрлі бойкүйездік басады да тұрады.
Сіз – жазушысыз. Соңғы жылдары қазақ мәселесін, ұлт мүддесін көтеруде ақын-жазушылар мен зиялылар тартыншақтап жүргендей… Әрине, бәрі бірдей дей алмаймыз...
–Тартыншақтап жүрген ешкім жоқ! Ұлт мүддесін ойынан шығарып алған қаламгерлерді қайдан кездестірдіңіз. Қаламгер дегеніңіз – қашанда халық жағындағы оппозиционер. Ел арасында санаға сыймайтын бір түсінік бар. Ақын-жазушылар не зиялы қауым кез келген жерде білегін сыбанып, айғайлап көшеге шыға келсе екен дейді. Ол ақылгөй адамның істейтін шаруасы емес. Бағана басынан тамағың қарлыққанша айғайлағаннан не өнеді? Айғайлаудың да, араға белсене килігудің де жөн-жосығы болады. Осы ұрымтал тұсты тапқанда ғана сөзің үстем, айтқаның «ондыққа» дөп тиеді. Ал қалам ұстағандар елдік мәселелерден ешқашан да сырт қалған емес, айтып та, жазып та жатыр. Тек соны тыңдайтын құйма құлақ табылса деңіз!
Сіздің сүйекті шығармаларыңыздың өзегі Аралмен тамырласып жатыр. Бауыржан Омарұлының сөзімен айтсақ: «қайда жүрсеңіз де, миыңыздың жүйесінің бір мүйісінде Арал тұрады».
Ал қазір не жазып жүрсіз?

–Осы күндері бірнәрсе жазып бітіріп едім деп алдын ала қоңыраулатудың қажеті бар ма?! Несін жасарамыз, құндылықтар еріксіз екінші планға ысырылды ғой, тиынның сылдыры көбірек естілетін жағдайлар түгелімен атойлап алға шықты. Бірақ бұлардың да ғұмыры қысқа. Ұзақ өмір сүре алмайды, кедергіге, тұйыққа тіреледі. Кеудесінде жүрегі, шын мәнінде әлденеге алаң болатындай жүрегі барлар таза тиынның сылдыры естілетін жерде алаңсыз өмір сүре алмайды. Ол жүрек ерте ме, кеш пе, бәрібір қобыздың қоңыр үнін аңсайды, сағынады. Төңірегінде адамға қажеттінің бәрі бар, бірақ бәрібір бір нәрсе жетпейді. Оның аты –рухани әлем. Ал ол рухани әлеміңіз – әдебиет. Әдебиет, жақсы, жұрт көңілінен шыққан шығарма – вируске қарсы қолданатын дәрумен, иммунитет. Ауырған жүректің одан басқа емі жоқ. Ол жағына келгенде оптимиспін, түбі кітап оқылады, кітапты қыздың жасауына қосқысы келетін де ағайындар табылады. Аумалы-төкпелі заман өз ырғағына көшеді. Сонда жақсы кітапты сатып алуға кезек күтіп тұрған қазақтарды көресіз. Бұған сеніңіз.
Шығармаларымның тақырыбы, көтерген мәселесі, арқалаған жүгі Аралға байланысты болғаны рас. Табиғат пен адамның ара-қатынасы дегеніңіз – өмірі таусылмайтын мәңгі тақырып. Тек майдан қыл суырғандай жүйесін тауып жаза біліңіз. Жақсы жаза біліңіз. «Жер үстінде жұмақ бар» деген жаңа романымды аяқтадым. Үстімнен ауыр жүк түскендей жеңілденіп қалдым. «Жұлдыз» журналының үш нөмірінде сәл қысқарып жарияланды. Оқығандардың пікірлері жаман емес секілді. Байқоңыр космодромы маңайындағы қазақ ауылдарының тағдыры. Қорқыт кесенесі мен космодром арасындағы табиғи тұтастық, «жер кіндігінің» әлемдік өркениетпен байланысы, жергілікті тұрғындардың психологиялық ахуалы, қысқасы, Құдайдың «көзі түскен киелі мекен» туралы тың туынды. Байқоңыр жайлы ескі түсініктерді әлімнің келгенінше «бұтарлап сындыруға» тырыстым. Қорқыт қобызы мен космодром арасындағы түсіністік. Ол өңірде жердің тартылыс күшінен де артық бір керемет бар… Ендігісін оқырман еншісіне қалдырайық.
Қазірде қаламгерлерді алаңдататын басты мәселе – қаламақы мен кітап таралымының аздығы екенін білеміз. Ал қоғамның бір мүшесі ретінде сізді не толғандырады?
–Қаламгер ретінде қаламақыдан да, кітаптың таралымынан да күрделі, толғандыратын, алаңдататын мәселелер жетерлік. Бір ғана ана тілінің төңірегіндегі дау-дамайдың өзі неге тұрады!? Ана тілінің қауқары, қолданыс аясы жылдан-жылға күн көзінде қалған көн терідей жиырыла түссе не болмақ?! Ана тілінің таңғы шықтай мөлдірлігі мен әу бастағы тазалығының, әуезді сұлулығының сәл де болса жұтаңданып бара жатқандығы жасырын ба? Тілді қалай болса солай, керегінше жаншып, езіп, өз ыңғайына көндіріп, содан «ерлік» жасағандай елеріп жүргендердің қарасы көбейіп барады. Тілді шұбарлап, оқырман алдында содан ұпай түгендеген болады, балдыр-батпақты көп қолданса, жаңалық ашқандай сезінеді. Қазақ барда тіл өмір сүрер-ау, өкініштісі, алтын тамырдан қол үзіп, тілді тым қарабайырлап жібермесек, кәнекей!
Жалпы, әдебиет адам баласына не үшін қажет деп ойлайсыз?
–Сталин Сталин басымен соғыс жүріп жатқан тұста да Шолоховтың «Тынық Дон» романын баспадан шыққан бойда алдырып оқып отыратын болған. Соғыс жүріп жатыр, «мұртты көсем» кітап оқиды. Бір қарағанда күлкілі. Ал шындығында солай. Және жазушы мен көсемнің арасындағы диалог қандай! «Романның біраз тарауын бас алмай оқыдым. Григорий Мелехов қашан большевик болады?», «Партияға өт деп қанша азғырсам да, ол маған әлі көнбей жүр». Бар болғаны екі ауыз сөз, салмағы –бесбатпан.
Әдебиет адам баласына неге қажет болмасын. Бір мысал, АҚШ-та да ұсақ қылмыс жасаушылар көп, бұзақылар көп. Жергілікті билік бұларды түрмеге «тоғыта» бермейік, одан пайда шамалы деген тоқтамға келіпті. Әлгілерді 2-3 ай бойы үйқамақта ұстайтын болған. Жай емес, сол мерзімде әркім Шекспир шығармаларын толық оқып шығады, жаттайды, драматургтің пьесасын қоюға атсалысады. «Сот» – осы, мұны «Шекспир соты» дейді екен. Ал керек болса…
Сіз және журналиссіз. Сұрайын дегенім, бұрындары баспасөз беттерінде фельетон, очерктер жиі жарияланып тұратын. Қазір неге көрінбей кетті?
–Көрінбей кеткені – талаптың жоқтығынан. Журналистикалық ол жанрларды біреу күн тәртібінен сызып тастаған жоқ. Оған деген икем шамалы. Фельетон, очерк ізденуді, көп уақыт жұмсауды талап етеді, бірақ қазіргі журналистер оған бола жан қинағылары келмейді.
Қуаныш аға, бұрыннан да кенже қалып келе жатқан детектив жанрына оқырмандар тарапынан неге қызығушылық жоқ деп ойлайсыз?
–Біздің шытырман оқиғалы кітаптарымыздың рыногын Ресейдің детектив жазғыштары бүтіндей жаулап алды. Арасына сына қағу мүмкін емес. Дүкен сөрелерінде толып тұр. Сондықтан қазақ қаламгерлері бұл тақырыпқа арамтер болып қайтеді. Түбінде бұл жанр да жөнге түседі. Бұған қолымнан жазу келеді екен деген тәуекелмен баруға болмайды. Дайындық, үлкен дайындық және көл-көсір білім керек.

Сұхбаттасқан Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

«Біз үлкен өзгерістердің алдында тұрмыз»: Екатерина Смолякова, Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат

Respublica партиясы өкілдерінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Атырау тұрғындарымен өткен кездесу барысында ҚР Парламенті ...

3 пікір

  1. Оқырман

    Осы кісі көптен көрінбей кетті…

  2. САЛТАНАТ

    Ал, менің кітаптарым жасау болып келген еді 4 жыл бұрын

  3. Айкүміс

    Салтанат, қандай керемет! Негізі жазушы ағамыз дұрыс айтады! Бірақ ондай заман бола қоя ма екен…

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *