Құтты болсын Наурызың!

Наурызга фото

Күні мен түні теңескен Наурыз – жаңару мен жасару айы. Наурыз –табиғатты түлетіп, тұрмысты түзететін, тіршілік бүр жарған көктем мен еңбек тойы. Жаңа жылдың жаршысындай бұл күнді халқымыз ақ тілеудің, пәк пейілдің күні деп бекер айтпаса керек. 

Ендеше, біз де сайтымыздың оқырмандарын Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурызбен құттықтай отырып, Есмұхамбет Айтмағамбетұлының «Құтты болсын Наурызың!» атты өлеңін жариялап отырмыз.

Tobyl-torgai.kz

 

Уа, халайық, халайық,

Сөзге құлақ салайық,

Мына келген Наурызға

Үміт арта қарайық.

 

Ерітіп тоңды, ақ қарды,

Түрлендіріп бақтарды,

Наурызың туып бүгінде,

Жаңа жылың басталды.

 

Құтты болсын Наурызың,

Қуанбас адам аз бүгін,

Күн көзіне жан бітіп,

Жақындап қалды жаз күнің.

 

Күн жаманы кетті деп,

Көктемнің лебі өпті деп,

Қуанайық бәріміз

Наурызым келіп жетті деп.

 

Той тойлайық қуанып,

Көркейіп көңіл жұбанып,

Құтты болсын Наурыз деп,

Әр үйге кіріп шығалық!

 

Наурыз көже таталық,

Мәз-майрам болып жаталық,

Иіліп сәлем берейік

Жасы үлкеннен бата алып.

 

Аққа аузымыз молықсын,

Ортайған дәулет толықсын,

Кешегі түскен жас келін

Ибалы болып жолықсын.

 

Жастарға сөзді арнайық,

Борышты болып қалмайық,

Ұлағат, үлгі көрсетіп,

Теріс жолға салмайық.

 

Ақылды болсын ұлдарым,

Әдепті болсын қыздарым,

Жайраңдап жүзі шат болсын,

Өмірдің көрмей ызғарын.

 

Аман болсын аналар,

Ақылы дария даналар,

Абыройлы болсын әрқашан

Ел басқарған ағалар.

 

Қарттарым бейнет көрмесін,

Басына қайғы бермесін,

Бала мен келін құрметтеп,

Көңілі көкке өрлесін!

 Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Облыстық штабтың отырысы өтті

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша облыстық штабтың отырысын өткізді. Басты ...