Геометрия сабағы

Геометрия фото
                                                                           әңгіме

«Сәлематсыңдар ма, балалар, отырыңдар. Бүгінгі өтетін сабағымыздың тақырыбын жазыңдар: «Сүйір бұрыштың косинусы». Сүйір бұрыштың косинусы деп іргелес жатқан катеттің гипотенузаға қатынасын айтамыз… қатынасын айтамыз. Жаздыңдар ма?.. Тоқта, тоқта, сендер неге сабақта төртеу-ақсыңдар, қалғандары қайда?.. Жоқ, тұмауратып  жатқандарды сұрап тұрғаным жоқ, басқалар. Мейлі, жеті адам Наурыздың дайындығында, так-так… ал қалғандары ше? Кімнің, кімнің үйінің шөбіне? Кімнен рұқсат сұрапты, кім рұқсат беріпті?.. Бетін аулақ қылсын, алда-жалда, шөпке, қамысқа барамыз деп жүргенде солардың біреуі бірдеңеге ұшыраса, мені, яғни, мектеп директорын жауапқа тартатынын біле ме екен осы жұрт?

Ә, кімнің? Төкеңнің үйінің шөбіне ме? Ойбай-ау, аз ғой үш бала деген… а-а, 9-класстың төрт ұлы бар ма тағы, онда жақсы, күн ашық, жол әдемі, кешке жеткізбей келіп-ақ қалады. Ал мына екінші партадағы Аяғанова  қайда? Мектепке киетін аяқ киімі жоқ? Ым-м… Сарбасов ше? Үйі көшіп жатыр? Қайда? Қалаға? Үй сатып алатын ақшасы бар ма екен өздерінің? Уже сатып алып қойып па? Ел пысық осы, үндемей жүріп…

Жарайды, сабағымызды әрі қарай жалғастырамыз… Қарашы-ей, ақша жоқ -ақша жоқ деп жылағанда әйдік еді. Сүйір бұрыштың синусы деп… не нәрсе? А, косинусты өтіп жатырмыз ба?!. Мейлі, жазыңдар, косинус болса, косинус болсын. Теорема: Сүйір бұрыштың косинусы оның градустық өлшеміне… Қап, сындырды-ау әне бір қасқа сиыр шарбақты, әй, кім, Оқатаев, айдашы ананы… Екеуің бе? Екеуің барсаң, екеуің барыңдар… Кімдікі өзі? Сәлімгерейдікі?… Елдің шөбінің ерте таусылғаны қиын болды, малдарын қаңғыртып, көшеге бос қоя береді…

Қоршаудың керегі несі қалай? «Бәрібір өсіп жатқан ағаш жоқ?» Жоқ болса егеміз ертең… Мына сендер егесіңдер… Келешекті жасайтын сендер, ертеңгі күннің иесі мына сендерсіңдер… «Жылда көктем сайын егеміз, бәрібір өспейді?» Онда не тұр екен, баяғыда менің оқушы кезімде де егетінбіз…осы жерге. Өспесе, өспесін, одан сендердің ештеңелерің кетпейді, үйренгендерің өздеріңе жақсы.…Қиындыққа мойымау керек… «Ұра берсе құдай да өледі» деген, биыл шықпаса, ендігі жылы шығады.…Мәселенің өзі сонда, баптау керек, күту керек. Жас шыбық өсіп келе жатқан бала секілді, күтімді қажет етеді…

Сонымен, қай жерге келдік өзі? Ә, иә, сүйір бұрыштың косинусы оның градустық өлшеміне тәуелді болмайды дедік. Енді осыны дәлелдейміз. Алдымен, сүйір бұрыш сызамыз да… Мыналар қайда жүр-ей? Асханаға су әкеп тұрған ана трактор кетіп қалады-ау енді. Жарықбастың мінезі қисық, ашуланса, мүлде әкелмей қоюы мүмкін. Бар жүгір, Серікбол, саған айтам, қақпаны ашшы. Запқозды көрсең, айт, бар ыдысқа су толтырып алсын.…Қожамсейітов айтыпты ғой, биыл су тасымайды, құрғақшылық болуы ықтимал деп……

Сыздыңдар ма? Сызыңдар… Ә, сен жалғыз қалдың ба? Жалғыз өзің жазуға жүрексініп отырсың ба, неге сызбайсың? Сызғышым жоқ? Ендеше мұқият тыңдап отыр. Есіңде  болсын, сүйір бұрыштың косинусы тәуелсіз шама, себебі…

Сәуле, сен бе? Ие, не болып қалды? Кім шақырады? Қанша рет айтамын осы мен сендерге, мен сабақ беріп жатқан кезде телефонға шақырмаңдар деп! Кім болса да бәрібір! Маған десе президент болсын! Бәрібір, Буш па, Путин ба, оның ар жағында кім тағы…– бәрібір! Сабақтың аты – сабақ! А, РайОНО-дан ба?! Ойбай-ау, айтпайсың ба бірден солай деп манадан бері.…Инспекторлар келе жатыр дей ме? Қашан?! Қап! Мезгілсіз уақта келе жатқандарын қарашы… Нағыз ұзын сарының уағы, елдің еті де таусылып қалған-ақ шығар.…Жәрайды, оны бірдеңе қылып шешерміз.…Ана ауырып жатқан мұғалімдердің бәріне хабар жібер, тез киініп, мектепке жетсін. Ауруларын инспекторлар кеткесін ауырады, үлгереді, отпускаға дейін біраз уақыт бар әлі… Біздің үйге звонда, қонақтар келе жатыр де ауданнан, итті байласын десең, өздері түсінеді.…Завучқа айт, үйіндегі телевизорды, біздікіндегі видикті, организатордың үйіндегі журнальный столикті, запқоздың үйіндегі жұмсақ орындықтар мен қызыл кілемшелерді әкелдіріп, ана жабық тұрған демалыс бөлмесіндегі өздерінің орындарына қойғызсын. Ондағы сынған парталарды ма? Оларды подвалға түсіріп, есігін шегелеп тастаңдар. Васяға айт, менің «Жигулиімдегі» аккумуляторды өз орнына салып, мектептің машинасын шығарсын.…Ұмытпай завхозға айт, туәлетті тазарттырсын.…Шылымның қалдығын құртсын.… Жоғарғы сыныптағыларға ескертсін, инспекторлар кеткенше никаких темекі! Ұлдар? Ұлдар не, қыздардан артық па екен?! Шыдасын екі-үш күн, мұрындары түсіп қалмайды! Ана Фаина Салимовнаның гүлдерін өткендегідей уақытша биология кабинетіне сұрап алсын.…Сен қоңырауға дейін шуламай отыра тұр, теореманың қалғанын келесі жолы дәлелдейміз… Көріп тұрсың ғой, жұмыс көп…

Әбутәліп ӘМІР, Қостанай

Фото — politota.d3.ru

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *