Дүние жүзінде дәл қазақ халқындай қонақжай халық жоқ шығар. Қонақжайлығыз сондай, соңғы малымызды сойып беріп, аузымыздан (бала-шағамыздың аузынан) жырып, «қонақтың» алдына дастархан жаямыз, бар тәттімізді соларға тосамыз. Олармен соңғы күлшемізді бөліп жейміз. Өз тарихымызды қарап отырсақ, қазақ жеріне ауып келген не сұрқия саясаттың құрбаны болып амалсыз көшіп не көшіріліп келген мың-миллиондаған өзге ұлт өкілі осы күні еліміздің барлық аумағында қазақпен қоңсы қонып отыр. Әсіресе, Столыпиннің реформасынан бастап тың игеру кезеңінде лек-легімен келген «ауылы аралас, қойы қоралас көршілеріміз», тіпті, «көрші хақын» ұмытып кетеді. Осындайда бір оқиғам есіме түседі.
Баяғыда, Кеңес Одағы тұсында біздің ауылда Иван деген пеш жағушы тұрды. Қалың қазақ арасында өмір сүрсе де, бірде-бір рет қазақша сөйлегенін көрмеппін. Шешем орысша білмейтін болғандықтан оған қазақша тіл қатса, ол «Ваш японский (қазақ тілін айтып отыр) не понимаю» деуші еді. Мен шынында білмейді екен деп ойлаушы едім. Содан бір күні Иванымыз қатты ауырып, «көршінің жағдайын біліп кел» деп жұмсаған әкемнің тілін алып, оның үйіне бардым. Төсек басында тұра алмай жатқан ол маған «темекімді әперші, жәрдемдесіп жіберіңізші» деп таза қазақ тілінде тіл қатты. Мен таңғалдым, сөйтсем, қазақ тілін біліп тұрып, қасақана сөйлемейді екен.
Ойдан ой шығады демекші, осы біздің қонақжайлығыз өзімізге «бәле» болып жабысып жүрген жоқ па екен? Қонақ келсе, құдайымыз келгендей алдынан шығып, төрімізге отырғызамыз. Одан ұят болады деп «ресми емес» тілде сайрай жөнелеміз. Мүләйімсіп келіп, төрге шығып алған «қонағымыз» біраздан кейін «мінезін» көрсете бастайды. «Төр менікі» деп төске өрмелейді. Өзімізге де обал жоқ, тоғызымыз отырып, оныншының тілінде «әңгіме» айтып кетеміз. Енді қарап отырсақ, тіліңді бір сыйламайды, екіншіден, қонақ екенін ұмытып, өктемдігін жүргізе бастайды.
«Түркімен төрін бермес» деген мақалды бәріміз білеміз. Бірақ осы мақалға мән бермейді екенбіз. Өйткені түркімен қаңғып келген біреуді төріне шығармайды, сырттан келген адам босағада отырады, оның өзінде түркіменнің тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін сыйласа ғана «құдайы қонақ» болады. Мен өз басым қандай қонақ болса да ат-тонымды ала жүгірмеймін. «Қонақ келсе құт» дейді, бірақ біздің қонақтар қазіргідей нарықтық қиын заманда «жұт» болып тұр. «Қонақ қойдан жуас. Май берсең де жей береді» деген мақал бар еді, ал қазіргі қонақтар май емес, «жал-жая» сұрап тұрған жайы бар.
Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?..
Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ
Фотоколлаж alashainasy.kz алынды