Астана құмарпаздар қаласына айналған ба?!

Аптамат1

Бұлай деп бір ғана елорданы емес, еліміздің өзге де қалаларын айтуға болады. Бірақ біз көзбен көріп, қолмен ұстаған соң осындай ойға қалып отырмыз… Әйтпесе, бас қаланың кез келген сауда орындарынан, тіпті азық-түлік дүкендерінен «сары жәшікке» құдды балға үймелеген арадай төніп тұрған адамдарды, әсіресе, жастарды сіздің де күнде көретініңізге еш шүбәмыз жоқ. Бірақ кейбіріңіздің бұған аса мән бермеген болуларыңыз мүмкін-ау…

Рас, жаңалық ашып отырған жоқпыз, бір отбасын ойрандап жіберетін ойын автоматтары туралы талай мәрте айтылып, жазылды да. Алайда, біздің айтып отырған «бұл «сары жәшік» бұрынғыдан өзгерек»…

Иә, бұл – қазіргі заманғы ойын автоматы. Бұрынғыға қарағанда ставкаларды қабылдап және ұтыстарды теңгемен беретіндей жетілген терминал.

Жоғары технологиялар бір орында тұрмайтыны рас. Оңай олжаға кенеліп, байлыққа белшесінен батқысы келгендер осындай аппараттарды сатып алып, кез келген қоғамдық орындарға орната салатын әдет тапты бүгінде. Бағасы да анау айтқандай қымбат емес болса керек, естуімізше, 1000-2000 доллар шамасында. Бұл ақшаны олар бір-екі айдың көлемінде қайтарып ала алады.

Айтпақшы, естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын қоғамдық орындардан ойын автоматтарын алып тастаған болатын.  Яғни мұндай ойын ордаларына заңмен тыйым салынған еді. ҚР «Ойын бизнесі туралы» заңда­ «казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысында – Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында жергілікті атқарушы органдар айқын­дайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады» деп көрсетілген. Сонымен қатар осы заңда ойын мекемелерін тұрғын үй қорына жататын­ ғимараттарға орналастыруға тыйым салынатындығы да айтыл­ған. Алайда, көп ­қабатты тұрғын үйлер асты­нан ойын ордаларын ашып, ойына келгенін істеп, заңды­ белінен басып­ жүргендерді бүгінде көз көріп жүр. Сонда дейміз-ау, жаза қолданатындар ай қарап, жұлдыз санап жүр ме?! Әлде сыбайластық мұнда да белең алған ба?!

Олай болса қазақстандық заң шығарушы органдар ҚР «Ойын бизнесі туралы» заңды қайта қараулары қажет-ау деп білеміз. Әйтпесе, аз-маз нәпақасын осындай құмар ойындарға құртып жүрген жандарды білеміз. Көзіміз көріп жүр. Тіпті бір отбасының шаңырағы ортасына түскен жағдайды да естіп қаламыз. Сонда бұған көз жұмып қарап отыра беру керек пе?!

Бір ғана мысал. Бірде «Артем» сауда үйіне қарама-қарсы тұрған көп дүңгіршектердің біріне танысыммен бірге бас сұққанымызда, самсап тұрған бірнеше «сары жәшікке» тап болдық. Ондағы жігіт біз кірген бойда-ақ қай аппарат бұл уақытқа дейін қанша ақша «жеп» үлгергенін «жіпке тізіп» берсін. Аузы аузына жұқпайды. Жанымдағы танысым қызығып кетті, білем, қалтасынан екі мыңдықты шығарып, ойынға қызу кірісіп кетті. Әлгі «жанашыр» жігіттің сөзі «дем» берсе керек. Сүт пісірім уақыт өткенде бірнеше жасөспірім, жастар да бұл «құтты» орынға кіре бастады. Оларға ешкім «неге келдің» деп кеудесінен итеріп жатқан жоқ. Қайта «құшақ жая» қарсы алып, оларды «үгіттеуде»… Сары терминалдың босағанын сарыла күтіп, топырласа бастады…

Әлгі танысым көзімше екі мың теңгесінен айырылды. «Кеттік» дегеніме қарамады. Қатуланған күйі терминалдың сенсорлы экранын дүрс-дүрс ұрып қояды. «Азартқа» берілген танысым Азамат қалтасынан тағы бір екі мыңдықты шығарды. Дүрс-дүрс…

Ойынқұмар танысымның түсіндіргеніндей, қолың шығу үшін қарапайым ойын айласы бар екен. Нақты бір картаның түсуі үшін ставка жасау керек. Ойынға ең кіші сома – 200 теңгенің көмегімен кіруге болады. Ол әдеттегі купюр қабылдағыш арқылы терминалға салынады. Ары қарай ойынға беріле берсең де болады…

Кенет, танысым «иә, сәт!» деп алақанын сарт еткізді. Жанымда үймелеп тұрған жігіттер бар, бәріміз жалт қарастық. 5 мың теңге ұтыпты. Екі көзінен ұшқын атады. Құдды тағы ұтатындай кейіпте. Ақшасын алып жүре берудің орнына (мың теңге болса да өз пайдасына ғой) әлгі танысым әлгі 5 мыңды және тағы 2 мың теңгеден екі рет шығарып, қалтасындағы бар ақшасын (шамамен сегіз мың теңге) аппаратқа салды. Тағы да көп ақша ұтамын деген үмітпен  ойынды жалғастырды. Бес минут өтер-өтпесте Азаматым терминалдың мониторын өші бардай жұдырығымен ұрып, балағаттап, әлгі жерден шығып кетті. Артынан ілестім.

Бір таңданарлығы, көз алдарында жеңіліске ұшыраған адамды көрсе де, аппаратқа телмірген жігіттердің азаятын түрі көрінбеді. Керісінше – бағын сынауға үміттенгендердің қатары барған сайын көбейіп бара ма, қалай?..

Осы мақаланы дайындау барысында бір оқиға есіме түсіп, әдейілетіп сол жағалауда орналасқан – «Номад» тұрғын үй кешеніне орын тепкен «Дастархан» асханасына бардым. Бірақ бұл жолы тамақтану үшін емес…

Бұл асхананың кіреберісінде 2 «сары жәшік» орналасқан. Асханаға кірген сайын жасы 40-ты алқымдап қалған жігіт ағасын көретінмін. Егер күнде барсам – ол да сол «орнында». Бір-екі рет тілдесіп қалғанымыз да бар-тын. Соны іздеп келген бетім еді. «Ол ойыншы бүгін де болуы мүмкін». Жоқ, қателесіппін, ол бұл орында болмай шықты. Шаруаларыммен бір-екі жерге барып, әлгі асханаға тағы келдім. Сағат 20.30 болып қалған кез. Иә, бекер қайта келмеппін, құмар ойыншы «орнында» болып шықты. Аз-кем амандықтан соң, сұрақты төтесінен қойдым:

– Ереке (есімі Ерлан), бұл ойынды қашаннан бері ойнап жүрсің?

Ол қапелімде бірден жауап бере қойған жоқ. Журналист екенімді, маған бұл сұраққа жауап табу маңызды екенін түсіндірген соң ғана ашылып сөйлесуге келісімін берді.

– Есіңде шығар, – деді ол. – Бұрын ойын автоматтары өзгерек болатын. Мұндай емес еді. Алдымен кассирге ақша бересің, ол аппаратқа сол соманы салып беретін. Одан кейін тек байланыс бірліктерімен беретінді шығарды. Бірнеше мың бірлікті не істейсің?! Қайтарда оператордың өзіне беріп, ақшаңды алып, тайып тұрасың. Әй, бірақ тайып тұрмайсың-ау (күледі)…

Алматыда оқып жүргенімде осы құмар ойындарға қызығып, бір досымның үйретуімен ойнай бастадым. Алғашқыда әп-әдемі ұтыс шығарып жүрдім. Мәселен, 200 теңгемен келіп, 10-15 мың теңгедей «көтеріп» жүрдім. Ол кезде әжептәуір ақша ғой.

– Шамамен қай жылдары еді?

– 2000-жылдың басы болатын.

– Сонымен?..

– Сонымен, сол, үйге көңілді қайтып, бала-шағамды мәз-мейрам қылатынмын. Бірақ әйеліме бұл туралы тіс жарып айтпадым. Кім біледі, тағы шу шыға ма деп ойымды бүгіп қалдым. Сөйтіп, күндер өте берді. Әккіленгенім сонша, бұдан да көп ақша ұтатын болдым. Бірақ «азарт» деген бәле екен. Бара-бара айлығымды тұтас автоматқа салып жіберетін жағдайға дейін жеттім.

– Қайда жұмыс істеп едің?

– Ой, біздікі құрылыс қой. Сөйтіп, ақыр аяғында үйде ұрыс-керіс жиі шығып, әйелім төркініне кетіп тынды. Бір қосылып, бір айырылысып жүріп жаттық. Бұл ойыннан біршама уақыт қол үзіп едім. Енді, міне, ойын автоматының мынадай түрі (иегімен «сары жәшікті» нұсқап) шықты.

– Сонда Алматыдан қашан келдің? Ажырасып кеттің ғой?

– Астанада құрылыс қызу жүріп жатқан соң, осыдан 2-3 жыл бұрын осында келдім. Қазір құрылыс фирмаларының бірінде жұмыс істеп жүрмін. Айлығым жаман емес. Тек мына бәле тағы алдымнан шықты (жымиып қойды). Шүкір, ажырасқанда, қайта қосылдық қой. 4 баламен қайда барар дейсің (тағы күлді). Бала-шағам қазірде Алматыға жақын ауылдардың бірінде тұрады. Ара-арасында демалыс алып барып тұрамын.

– Сені осы жерден жиі көремін…

– Иә, жұмысыма жақын болған соң, қалтамда аз-маз ақша болса, ақша «көтеріп» қалам ба деген дәмемен келемін. Кейде ұтамын, кейде ұтыламын… – Ойнамауға болмай ма? – деп сұрадым шын білгім келіп.

Ол ойланғандай кейіп танытып сәл бөгелді де, күліп жіберді.

– Болатын шығар… Әй, бірақ қайдам… Мәселен, – деді Ерлан маған қарай ұмсына түсіп. – Кеше таза 12 мың теңгені осында (аппаратты нұсқап) жай ғана «тастап» кеттім. Әншейін ақша қалдыра берсем нем қалады? «Кто не рискует – тот шампанского не пьет» деген бар емес пе? Кешегі ақшамды қайтсем де шығарып алуым керек емес пе?! Нар тәуекел!..

Иә, біз тілдескен кейіпкеріміз осылай деді. Ал мұндай ойынқұмарлар арамызда аз ба?!

Ерланмен қоштасар сәтте «сары жәшікте» жазылып тұрған телефон нөміріне хабарластым. Ойын автоматтарын орнатулары қаншалықты заңды екенін білмекке ұмтылдым. Өкінішке қарай, телефон тұтқасын көтерген орыстілді жігіт бұл туралы әңгіме қозғауға бейіл еместігін білдіріп, тастай салды…

Интернетке жүгінсек, ойынқұмарлықты медицинада лудомания деп атайды екен. Бүгінгі күні тәуелділігі жағынан наша­қор­лықпен тең дәрежеге қойылып отырған лудоманиямен көбіне жастар­ ауыратын көрінеді. Бұл түсінікті шығар. Психолог мамандар бұл ауру үш деңгейден тұратынын айтады. Бірінші, жеңіл түрінде адам өз-өзін басқара­ алады. Яғни, олар әлі ойынқұмарлыққа толықтай берілмегендер. Екінші, орташа түрінде адамдар уақытының көп бөлігін ойынқұмарлыққа арнайтындар. Үшінші, ауыр түрін­де – бұлар түгелдей уақытын сонда өткізетіндер. Олардың бүкіл санасы­ соған ауып, одан шыға алмай­ қалады. Мұндайлар психикалық әлсіздік кесірінен өз-өзіне қол жұмсауға дайын тұрады екен.

Құмар адамдарды өзіне магнитше тартатын  аппараттарды «лотереялық терминалдар» деп атайды. Естуімізше, осындай терминалдарды жеткізіп берушілер өздерінің сайттарында сатып алушыларға өз құнын  3-4 айда ақтап шығатындығына және бизнестің кірісі бір жылда  300 пайызға дейін болатындығына  «уәде» беретін көрінеді. Әрбір терминал иесінің қалауы бойынша өзінің ұтыс пайызына қарай бейімделеді екен.

Бір қызығы, бұл терминалды орнатуға аса бір рұқсат беретін құжаттар талап етілмейді екен. Салық органына ақшалай лотереяны лезде өткізуге лицензия алса, жеткілікті көрінеді. Ары қарай…

Статистика еліміздегі әрбір бесінші адам айына 2000 теңге бәс тігуге дайын екен. Бұл – әр отбасында бір адам құмар ойынның қызығына­ батуға әзір деген сөз.

Ойын автоматтары залдарынан тек жастарды ғана емес, жоғарыда атап өткен Ерекеңдер секілді бір-бір үйдің отағасыларын да көріп жүрміз. Оны айтасыз, әйел адамдардың кейбірі де бұл ойыннан бас тарта қоймайды. Нәзік жандарды да ойын ордаларынан талай рет ұшырастырдық.

Бір қызығы, ойынқұмар жандардан жағдайын сұрай қал­саң, «ұттым» деген сөзді естімейсің. Сонда дейміз-ау, ұты­латынын біле тұра, неге мұндай қадамға барады?! Демек, азарт, құмарлық деген осы!

Ұзын сөздің қысқасы, егер еліміздің бас қаласы құмар ойын ордасына айналып жатса, еліміздің өзге облыстарындағы жағдай туралы сөз қозғаудың қажеті шамалы секілді…

 Сұлтан БЕКҰЛЫ, Астана қаласы

 

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында аралас мектепте қазақ тіліне қарсы арандатушылар шықты (ВИДЕО)

Қостанай қаласының іргесіндегі Мичурин ауылындағы аралас мектепте қазақ тіліне қарсы арандатушылар шықты. Олар бір топ ...

7 пікір

  1. Шыныменде кутыла алмай журмін,анау букмекеу дейтін осы сіз айткан сары жәшіктің көкесі,мен өте көп акшамнан айырылдым,букмекерді ойнагалы букіл жанашыр жақыныма суйкімсіз өтірікші боп біттім,буган шектеу қояр заң барма?жапсын деп айта калсан, олар заңды налог толеп жатыр деп шыгады,сонда олардын аз налогин ойлап өсіп келе жаткан жастарымызды, жас отбасымызды неге ойламаймыз,казір ажырасу көп дейміз, бәрі осы азарт ойыннын кесірінен,сен осы дерттен айыккым келеді,ойнамайтын адамга кызыгып караймын,ооо құдай ай осы БУКМЕКЕРдің жабылатын куні болар ма екен,канды сорып бітірді,емдік жолы болса көмектесіңіздерші?

  2. Осы бәле казакка кайдан келді,бір кіріп шыга алмай калдым,уйреткен адамга лағнет,жап жаксы оміріме балта шаптым,айттеген ай, окінгенмен барі кеш,айналайын бауырлар ойнамаңдарш,жоламайыкшы,сонда олар оздері ак жабылмайма?бірак айтуга оңай

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *