«Ел данасы – Шеген би».
М. Қозыбаев
Өмірде өте сирек кездесетін жағдай ұлы бабасынан бастап кейінгі ұрпақтарына дейін (Аманжол, Шақшақ, Қарабас, Қошқар, Дүзей, Тұрлығұл, Жәнібек, Дәуітбай, Жауғашар, Мұса, Шеген, Қазыбек, Бірімжан, Дәуренбек, Қорғанбек, Оспан хан, Қасымхан Алтынсары, Ахмет Байтұрсынов, Ахмет Бірімжанов, Ғазымбек Бірімжанов, Әлмұхаммед Оспанұлы, Ілияс Бәйменов, Нұрхан Ахметбеков, Батырбек Бірімжанов, Қайнекей Жармағанбетов, Молдахмет Кенбаев, Әбдірашит Бектемісов, Сырбай Мәуленов, Сұлтан Баймағанбетов, ағайынды Мақсұт пен Махмут Омаровтар, Махмұт Спанұлы, Кенжеғали Сағадиев, Қойшан Сейітқасымов, Ансаған Қонқабаев, Асқар Байжұманов, Бекет Махмутов, Сабыржан Шүкіров, Ерболат Төлегенов, Ғалым Байназаров, Кеңшілік Мырзабеков, Серікбай Оспанов, Серік Тұрғынбеков) қазақ еліне белгілі тұлға болуы. Шақшақ Аманжолұлы ұрпақтары туралы ел аузында көптеген аңыз-әңгіме сақталған. Олардың атымен байланысты айтылатын нақыл сөздер, билік кесімдер ел арасында кеңінен тараған.
Солардың бірі – Шақшақ Жәнібек ұрпақтарының өз дәуірінде қазақтың дуалы ауыз билері мен даланың ұлы жыраулары тұрғанда төреден шыққан хан-сұлтандар мен қарадан шыққан батырларға бата берулері. Бұл – олардың бүкіл қазақ халқының тағдырына қатысты ірі оқиғалардың ортасында жүргендерін, сол заманның игі жақсыларымен тізе түйістіріп, бастас болып, ел ісіне бел шеше араласқанының айғағы. Сайып келгенде Үш жүздің игі жақсылары арасынан бата беру жолы тиюі – олардың ел алдындағы беделінің деңгейін көрсетсе керек.
Мәселен,Шақшақ ұрпағы Мұсаұлы Шеген би, замандастарының айтуынша, «өзгеше жаралған адам» аталып, парасаттылығымен жұртын аузына қаратқан. Елдіктің, ұлт бірлігінің жаршысы бола жүріп, ел арасындағы дау-дамайды дұрыс шеше білген ол екі жақты да әділдікпен бітістіріп отырған. Оның Кенесары ханға ықпалы жүргені жөнінде де ел арасында мынадай әңгіме бар.
Бірде Орта жүздің ішінде бәйбіше Арғын «Қуандық-Алтай-Байдалы» елінің биі Аққошқар Кішкентайұлы мен «Төртуыл-Алеке-Байдалы» елінің Орынбайұлы Жанайдар (кейін 1838-39 жылдары Кенесары ханды мойындап, жасағына қосылып, батыры болған) батыр Кенесары ханның қолына түсіпті. Осыны естіген Шеген би араша түсіп, ол екеуін Кенесары ханның сынағынан құтқарып алыпты. Сөзіміз дәлелді болу үшін әнші-ақын Мұсайын балуан Сегізсеріұлының «Жанайдар сардар» атты 1853 жылы шығарған тарихи дастанынан үзінді келтірейік (қараңыз: «Төртуыл» шежіре-кітап, авт. Б.Әбдіғали):
…Аққошқар мен Жанайдар
Тізе қосып жүріпті.
Ел жағдайын еске алып,
Жан-жаққа құлақ түріпті.
Жолаушылап жүріп екеуі
Ұйықтап жатқан кезінде,
Жақсы боп мінген аттары
Кененің түскен көзіне.
Ұйықтаған екі арғынды
Жабылып Төленгіттер байлаған.
Ауылына әкеп екі ерді
Сынамақты ойлаған.
Бір жарым жыл уақыт –
Сынақтың екен мерзімі.
Төре алдында жасаулы
Тұтқын жастар тізімі.
Сол сынақтан өтпесе,
Төреге олар сенімсіз.
Сатылама құлдыққа,
Не болары белгісіз.
Қолына түсіп Кененің
Сынақта болған шағында.
Арғын Шеген кездесті
Туысқан болып бағына.
Аққошқар мен Жанайдар
Қапыда қолға тұтылған.
Бағына Шеген жолығып,
Сынақтан олар құтылған.
Сонда бес Мейрамды – бес тентекті ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған бәйбіше Арғын Аққошқар би мен Жанайдар батыр ризашылығын білдіріп, ел тарихында хатталып қалған «Арғынның байлығы бәйбіше арғында, аруағы тоқал арғында» деген сөзді ескеріп, Арғынның қара аруағы қонған ұрпағы ретінде Шегенді өлі-өлгенше аға деп сыйлап өтіпті. Осыдан кейін «Бәйбіше Арғын» мен «Тоқал Арғын» балаларының арасындағы: «Мен бәйбішеден, сен тоқалдан тудың» деген кемсіту сөз сап тыйылып, Шегенді бес Мейрам ұрпақтары Арғынның аруақты биі деп атапты. Әйтпесе, ақын Қобылан Бөрібайұлы олар туралы былай жырлаған жоқ па еді:
…Мейрамды кім білмейді Арғындағы?
Орта жүз әлемінің арғымағы.
Мейрамның бес баласы арыстандай,
Бұған қарсы кім тұрар қарысқандай.
Ортадан ойып шыққан қара көктер,
Атына ертеден ел қаныққандай, – дегені есімдері үш жүзге белгілі бес Мейрам ұрпақтары –Кішкентайдың Аққошқары мен Орынбайдың Жанайдары еді.
Торғай арғыны Мұсаұлы Шеген би туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Нәсенов «Кенесары – Дала маршалы» атты кітабында былай деп жазады: «Мен Кенесары Қасымовтың көтерілісіне байланысты Ресей мұрағаттарында өте көп іспен таныстым. Солардың ішінде Шеген ақсақалға байланысты көптеген құжатқа кездестім. Біразын осы кітапқа кіргіздім. Менің түсінігімде бұл атамыз өте ақылды, кеңпейілді, мырзашылығы мол жан. Әрі өте бай болған. Сол себепті кімде-кім не нәрсеге кемтар болса, соларға шын пейілмен көмектескен.
Шеген бейтарап саясат ұстаған, «Кенесарының саясатының бағыты дұрыс» деп санап, оған көмегін де аямаған. Бұл атамыз қазақ халқының ақжарқын, қонақжай, арам пиғылы жоқ, таза өкілі. Ол қазақ даласына орыстар қамалдарды қаптатып сала бастағанда патша өкіметінің өкілдеріне батыл айта білген жандардың бірі. Сол үшін де Орынбор (Торғай – Е.Қ.) бекінісінде салынған ақ түрменің бірінші «қонағы» болғаны да белгілі. Сайып келгенде жоғарыда баяндалғандай Шеген бидің ел намысын ойлайтын ары биік, өте ақылды, жаны таза, етек-жеңі кең пішілген мырза, баба өсиетіне адал жан екенін аңғартады.
Уақыт бәрін де өз орнына қояды, әділ бағасын береді. Өкінішке қарай, көп уақыт бойы ел ерлері туралы айтылар ақиқат әңгімелерді айта алмай қорғаншақтап келдік. Олар туралы әңгіме қозғалса сөз арнасын басқаға бұрып кетіп жүрдік. Дегенмен, халық санасына ұялаған тарих сырлары ауыздан ауызға таралып, ұрпақтан ұрпаққа көнекөз қарияларымыздың әңгімелері арқылы жетті. Осы орайда есімі елге аңыз болған Мұсаұлы Шеген би туралы ең алғашқы рет өткен ғасырдың 30-жылдары М.Әуезов қалам тартса, сөз орайы келгенде жазушы І.Есенберлиннің 1976 жылы шыққан – қазақтың «қамал бұзар алғашқы шығармасы» болып есептелетін «Көшпенділер» тарихи трилогиясын да атап өту керек.
Сөзіміз дәлелді болу үшін содан үзінді келтірейік: «…Егер Сыр бойында жеке алысып жүрген Нұрмұхаммедтің Жанқожасы басқарған Кіші жүздің бір қауым қарашысын, Атыраудың күнгей қапталындағы Адайды, әлі де Шеген бидің қарамағынан шыға алмай келе жатқан Арғынды /Торғай арғындары – Е.Қ./ өз жағыма тарта алсам, бар қазақтың басын қосқаным емей немене» деп ойлайтын Кенесары».
Көріп отырғандай, аттары жалпақ қазақ еліне жайылған осы үшеуінсіз ойлаған ісі жүзеге аспайтынын, қазақша айтқанда «төртеу түгел болса, төбедегі келетінін» Кенесары жақсы түсінді. Сондықтан да Кенесары олармен жақындасуға тырысты. Осындай аласапыран кезде, артында сөзін тыңдар елі бар Арғынның биі Мұсаұлы Шеген секілді табанды бимен Кенесары санасып, әркімге көрсеткен жуандығын көрсетпей, қаһарын төге қойған жоқ. Дүниені дүр сілкіндірген Шыңғыс хан мен аты алты Алашқа мәшһүр қазақ халқының әйгілі ханы Абылай нәсілі, «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» аламын дейтін Кенесары хан Шеген бимен найза ұшында емес, терезесі тең тұлғалар тұрғысынан ортақ тіл табысып, ақыл-қайрат ұшқындаған нағыз ерлерше табысқан.
Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысына қалам тартып, зерттеп жүрген тарихшы ғалым, профессор Серік Негимов 2015 жылғы 26 ақпанда «Ана тілі» газетінің №8 санындағы «Ұлттық тарихтың тарланы» атты мақалада Шеген бидің тарихи хаты жөнінде былай деп жазады: «Кенесары тарихының білімпазы, профессор Ермұхан Бекмаханов тарихи-мәдени, әдеби-фольклорлық деректерді жұтынтып жеткізеді.
Мысалы, 1845 жылы Арғын тайпасының ұлтжанды ақылды рубасы Шеген Мусин Ахмет Жантөринге мынадай хат жазған: «Сіз маған алтын алқа бердіңіз. Мойныма таққан соң мен қызға, әйелге айналдым, ал барқыт шапан киіп жас жігітке айналдым… Алтын, күміс ақша алдым. Менің жерімде дала сұлтаны Ахмет бекініс салып, маған орыстан әскер берді. Не істеуім керек? Мен Ахметке ризамын. Тек қана басымызға шаш киіп, аузымызды мұртпен жабу ғана қалды. Оны да істеймін әлі! Біздің дініміз бір және тіліміз де бір. Сіз осындай іс жасауға жол бердіңіз. Мен дәрменсізбін. Сіздің патшадан рақым сұраймын деген уәдеңізге біз сеніп қалған едік, бірақ мынадай күтпеген оқиға болды және неден болғанын білмеймін. Менің ойымша, сен тақтық сұлтандықтан, ал мен би лауазымынан бас тартуымыз керек. Мынадай мақал бар: «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады». Біз кеңесіп іс қыла алмадық, сондықтан мен өзімді лауазымды би, сені тақтық сұлтан деп ойламаймын. Мен: Ахмет ақылдасатын болар, ойымызды ортаға салармыз деп ойлағанмын, бірақ бұлай болмады, сондықтан мен өзіммен-өзім ақылдастым. Неліктен бұлай, білмеймін». Ол жайында ақын Әл-Мұхаммед Оспанұлы:
Батырдан Мұса, Шеген би,
Патшадан шекпен, келген сый,
Алдауыш деп алмаған,
Олжа деп көзін салмаған.
Көнбеді деп алдауға,
Жүрмеді деп айдауға,
Қараңғы үйге қаматып,
Сылтаумен патша алған кек», – деп жырлайды. Көріп отырғанымыздай Шеген бидің абақтыға жабылуы да лақап сөз емес, өмірде болған жағдай. Шеген бидің Орынбор өлкесінің шығыс бөлімінің билеуші-сұлтаны, төре Ахмет Жантөринге жазған тарихи хаты оның қазақ ұлтының болашағы үшін жанын беретін тұлға екенін көрсетсе керек. Торғай халқы Шегенді жау шебі келгенде бетке ұстар батыры, шытырманға түсіп торықса, жол көрсетер ақылгөйі, күйзілгенде қол ұшын берер қамқоршысы деп білді. Сондықтан да Шеген би туралы халық пікірі мен орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауымының пікірлері өзара үндесіп жатады.
Торғай-Қостанай өңірінде Шеген бидің билік сөздері де көп тараған. Шеген – жесір дауы, жер дауы, ердің құнын бір ауыз сөзбен шешкен адам. Оның өсиет – ғақлияларында да байырғы бабалар сөздерімен үндестік сақталған. Солардың ішінде:
Ел болған соң қоныс керек,
Қоныс үшін соғыс керек.
Хан болсаң халық керек,
Халық үшін салт керек.
Би болсаң даналық керек,
Даналық үшін саналық керек.
Батыр болсаң білек керек,
Білек үшін жүрек керек.
Кедей болсаң кәсіп керек,
Кәсіп үшін машық керек.
Молда болсаң азан керек,
Азан үшін асылған қазан керек.
Хан азғаны сол болар,
Әділеті жоқ болса.
Бай азғаны сол болар,
Сақау аты жоқ болса.
Жер азғаны сол болар,
Шыққан шөбі жоқ болса.
Пайдасы жоқ көп байлар,
Арам өлген малмен тең.
Жетесі жаман бозбала
Тоқсанға келген шалмен тең.
Бұл өзі әр сөзі кімге болса да ой салар, ұзақ жыр деуге болады. Оның шешендік нақыл сөздерінен елдік пен ерлік, жақсылық пен жамандық туралы терең философиялық ой-түйіндерді байқауға болады. Сондықтан да басқа би-шешендердей емес, Шеген бидің айтқан билік сөздері мен бағалы өсиет-ғақлиялары халық арасында кеңінен тараған.
Мұсаұлы Шеген бидің Кенесары Қасымұлын Ұлытауда ақ киізге отырғызып хан көтергенде бата бергені жөнінде ел аузында аңыз әңгіме бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін төмендегі фактіге жүгінейік. 2014 жылы 30 желтоқсан күні «Егемен Қазақстан» газетінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимовтің «Ұлытау сұхбатынан «тәуелсіздік толғауына» дейін» атты мақаласы жарияланған болатын.
Содан үзінді келтірейік: «Академик Қ.Сәтбаевтың ой толғамына жүгінсек, Ұлытау «ескі сөз естеліктің кені». Және де Ұлытау кенересін Сарыарқаның кіндігі деп айтуға болады. Сондықтан Ұлытау жоталары қазақ даласының неше ғасырдан бергі тарихының ашық алаң, кең майданы болып келген. Талай хандар ордасын осы Ұлытауға тіккен. Талай батырлар жасағын осы Ұлытауға орнатқан… Сарысуға құятын Қаракеңгір дейтін өзеннің жиегінде атақты Шыңғыс ханның баласы Жошы хан мен Алаша хандардың мазарлары әлі күнге дейін бұзылмай тұр. Жыланшық өзенінің бастау көзі шығатын Ұлытаудың бір биігінде Ер Едігенің моласы бар деп жұрт аңыз етеді. Абылай да ордасын Ұлытауға тіккен,Ұлытаудың түстік бөктеріндегі «Хан төбе» дейтін жерде өткен ХІХ ғасырдың 30-жылдарында атақты Кенесары батырды Орта жүздің баласы Арғын Шеген би бас болып, ақ киізге салып хан көтерген» деп жазды (Қараңыз: Қарсақбай ауданының күйі. «Жаңа мектеп» журналы, 1927 жыл, № 5-6 ). Демек, жоғарыдағы ел аузындағы әңгімені мына тың дерек растай түседі.
Өз заманында Үш жүзге белгілі батагөй билер мен дуалы ауыз жыраулар /Төле, Қазыбек, Әйтеке мен Бұқар /тұрғанда Шақшақ Жәнібек Абылайға үш рет бата бергені белгілі. Бекзат бабамыздың бірінші батасы – Абылайдың Шарышпен жекпе-жекке шығарында, екіншісі – Сабалақ атын тастап Абылай атанғанда / бұл өзі ұзақ әңгіме/, үшіншісі – 1750 жылдары Абылайды Ұлытауда елі ақ боз биенің сүтіне шомылдарып, ақ киізге отырғызып, Орта жүздің хан тағына көтергенде Шақшақ Жәнібек тархан батасын бергені тарихтан белгілі. Мұны Абай төңірегінде тәрбиеленген ақын Көкбайдың «Абылай» дастанындағы: «…Шақшақ Жәнібек – қазақтың білімдісі, Өзі Ер әрі тақуа, молда кісі. Сол уақытта қазақтың бірден қойған, Ақсақал, ел ағасы, ырымдысы», – деген жолдар да толықтырып, біраз жайдан мағлұмат береді ғой деп ойлаймыз. Автордың көрсетуінше, мынандай сөздермен өрнектелген: «…Үш түрлі ақыл айтамын бата беріп, Батырлар ұғып отыр бәрін тегіс. Әуелі өкін ісіңді қылып малып, Жұмыс бітпес ойласаң ойға салып. Екіншісі – елің биле еңбекпенен, Еріншек болып жүрмесің халқың налып, Үшіншісі – ала қылмай, әділет қыл, Шаршаған шалдыққаның күй жайын біл» / Қ.Салғара: «Нар тұлға», 1993 жыл/. Немесе «Шақшақ Жәнібек бата берсе, Жасайды жалпақ Момын мырзалығын» деген сөз халық арасында жайдан-жай айтылмаған болар. Сондай-ақ атақты Керей Жәнібек пен Қареке-Байбура Есенаманұлы Тауасар батыр туғанда Шақшақ Жәнібек атын қойып, батасын бергені жөнінде де ел аузында аңыз әңгіме бар.
«…1771 жылы Әбілмәмбет хан дүние салғаннан кейін бар билік түгелдей Абылайға көшті. Абылайды ел-жұрт бірауыздан қазақ елінің ханы етіп сайлағанда Дәуіт (Дәуітбай) тархан басы-қасында болды», – деп жазды Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, т.ғ.к. Ө.Исенов «Хан тірегі болған Дәуітбай тархан» атты мақаласында /«Қазақ» газеті, қазан айы, 2013 жыл/. Осы дәстүр тура бір ғасырға жуық уақыт өткен соң жалғасын тауып, Шақшақ Жәнібек тарханның шөбересі Мұсаұлы Шеген би де Ұлытауда Кенесары Қасымұлы хан сайлағанда бас болып, ақ батасын бергені оның кезінде қандай беделді иеленгеніне куәлік берсе керек. Дәстүр сабақтастығы деген осы емес пе!…
Жалпы, Торғай арғындары, оның ішінде Шақшақ ұрпақтарының төреден шыққан хан-сұлтандарға бата беруі Шақшақ Жәнібек тарханнан бастау алып, бұл дәстүр оның ұрпағы Арғынның аруақты биі атанған Мұсаұлы Шеген бидің үлкен баласы, әділ би атанған Қазыбек бимен аяқталғаны белгілі ( «Әділ биге жүгінсең, Шегеннің Қазыбегіне жүгін!». Аққошқар – Сайдалы).
Cөз орайы келгенде айтарымыз, халқымыздың ежелден келе жатқан рухани қазынасы іспеттес бата беру жолын төрелер неге Торғай Арғындарына беріп, оларға не себептен көңілдері ауған деген сұрақ туындайды. Осы жерде Айтбай батырдың Абылайға және Кенесары ханның Шақшақ Жәнібек тарханның ұрпақтарына қаратып айтқан мына сөздері ойға оралады. Айтбай батырдың «Абылай, сен Орта жүзге келгенде, жұлдызың туды оңынан. Түйе баққан жаяулап, Айырылдың қалың сорыңнан. Көкбасты атты міндің тұлпар деп астыңа Қошқарұлы Жәнібектің тобынан. Қалмақты шауып, бақ таптың, Алғашқы барған жолыңнан» деп ескі жайды Абылайдың есіне сала толғауы айтылған әңгіменің ақиқаттығына айғақ болғандай.
- Кенесары хан бір жылдары барар жері, басар тауы болмай, жан-жақтан қыспаққа алынғанда Шеген би билігіндегі Торғай өңіріне келіп, Қошалақ-Қарасай құмын паналағаны жөнінде М.Сералиннің: «Майқарау Қарасайға біткен қалың, Қошалақ семіртеді Арғын малын. Қошалақ-Қарасайды мекен еткен, хан Кене, би Наурызбай бір жыл жарым», – деп жырлағаны куәлік еткендей. Сондағы Кенесары ханның «Шақшақ Жәнібек ұрпақтары – Құдай еркелеткен адамдар, төрелер Құдайдан үлкен емес» немесе «Торғайда бір құтым бар – Мұса-Шеген» деп айтқан сөзінінің астарында бір сыр жатыр ма дейсің.
- Сонымен қатар заманымыздың кеменгер жазушысы М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы Кеңестік саясаттың қағидасына лайықты жазылды десек те, Шеген биді бас кейіпкер ғып көрсетіп, абыз ақсақал ретінде сомдауы да ашылмай, бүгіп жатқан көп сырдың көзін ашудағы ізденіс-ұмтылысы атап өтуге тұрарлық. Сөзіміз дәлелді болу үшін төмендегі фактіге жүгінейік: «…1925 жылы Мұхтар Әуезов Қаныш Сәтбаевтан хат алады. Қойын блокнотының алтыншы бетінде араб әрпімен жазылған бұл хатта Қаныш Сәтбаев Кенесары Қасымұлы туралы Ұлытау бойынан тарихи деректерді жазып алып, соны М.Әуезовке жолдапты. Мұның артынан, яғни 1928 жылы (пьеса жазылған соң) жарық көрген «Әдебиет тарихы» деп аталатын кітабында М.Әуезов былай дейді: «…Осы мезгілдер (ХІХ ғасыр) қазақ қауымының ішінен ел мыңын, ел тілегін жоқтайтын екі алуан адамды шығарды. Біреуі заман халін қайғырып, мұң-зарын жолында сөздермен шығаратын пьесадағы кеменгер ақылшы қария (Шеген би – Е.Қ.), екіншісі, осындай ілгері-соңғы жақсылардың ақыл-өсиетін, салт-сананы іске асырамын деген қол батырлары.
Сонымен, ел тіршілігінің ауыр күндері туғызған екі алуан адамдардың бірі – ой батыры (Шеген би) болса, екіншісі қол батыры (Кенесары хан) деу керек» (Қараңыз: «Хан Кене» трагедиясының тарихнамасы туралы мақала., ф.ғ.к. Л.Серғазы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ). Осыдан мынадай қорытындыға келуге болады. Арғынның аруақты биі атанған Мұсаұлы Шеген биді әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов «Ой батыры» деп атағаны, ол сауыт киіп, тұлпар мініп жауға шаппаса да ойлы батыр, ел данасы болғанын аңғартса керек. Елін, халқын ойлаған Мұхтар Әуезов қылышынан қан тамған сол бір сұрапыл заманда алдында не күтіп тұрғанын білсе де, шындықты бұрмаламай жазды. Түсінген адамға бұл ерлікпен пара-пар еді.
Бәлкім, ел арасындағы осы аңыз әңгімелер мен кейін мұрағаттардан табылған тарихи деректер шындыққа жақын болар. «Аңыз түбі – ақиқат» дейді дана халқымыз. Бізге аңыз болып жеткенінен, жетпей қалғаны анағұрлым көп екендігі күмәнсіз. Оны анықтап-зерттеуді тарихшылардың еншісіне қалдырайық. Қалай десек те Мұсаұлы Шеген би біртуар, үлгі тұтар тұлға болғанының өзі қазақ үшін – бақыт. Өйткені өзім деген адамға адал, қасына қатал, барлық уақытта әділдікті ту етіп, ерекше хоризмалық қасиетке ие болған ой батыры Шеген бидің халқына жасаған адал еңбегі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі, ал артына қалдырған нақыл сөздері мен өсиет-ғақлиялары елін елдікке бастайтын рухани бағдар болып қала бермек.
P.S. Торғай облыстық басқармасының бұратаналар мәселесі бойынша кеңесшісі болған И.Крафт «Из киргизской старины» атты еңбегінде би кім дегенге«халық арасында ықпалды, құрметті адам» деп анықтама берсе, академик-заңгер С.Зиманов «Би» өз бойына саяси-құқықтық өмірдің бірнеше ерекшелігін, қырын жинастыра білген жан. Ол – дала төсіндегі әділдіктің басты жаршысы, қара қылды қақ жарған төреші (сот), үлгілі жол-жоралғы түзе білген заң шығарушы, өрелі сөзді өрнектеген ақын, қызыл тілдің көркінен ыстық тезімен талайды пәтуаға келтірген шешен, қысылтаяң тұста тіл қаруы мен найзасын қолына қатар ұстаған батыр, «Сегіз қырлы, бір сырлы» әмбебап тұлға» деген.
Осындай талапқа сәйкес болу әркімнің қолынан келе бермеген, жүзден, мыңнан біреу ғана шығып отырған. Ондайлармен хандар санасып, төріне отырғызған. Міне, осындай сый-құрметке ғасырда бір туатын тұлға – Мұсаұлы Шеген би ие болғаны тарихтан белгілі.
Шеген Мұсаұлы 1785 жылы ұлы бабасы Шақшақ Жәнібек тархан туын тіккен қасиетті Торғайдың әйгілі де киелі Тосын құмында дүниеге келіп, 1848 жылы кіндік қаны тамған жерінде қайтыс болды. Мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мешітіне бабасы Жәнібек тарханның жанына жерлеу үшін батырдың денесін баласы Бірімжан бастап алып шыққан керуенге жолда кедергілер кездесіп, Сыр бойы Ақмешіт маңындағы бір көлдің жағасына жерлеуге мәжбүр болған. Кейін жергілікті халық Шегенді ерекше жаратылыс иесі ретінде әулие санап, бұл көлді «Шеген көлі» деп атапты.
Ертай ҚАРАБАЛА,
ҚР ІІМ-нің зейнеткері,
Астана қаласы