ТАСМЕШІН

Әбіқай Нұртазаұлы Жұмабай ақын мектебіндегі ақындар тобынан саналады. Кезінде ауызша айтқан өлеңдері қағазға түспей, ел аузында сақталған. 1957 жылы Қайнекей Жармағамбетов ақынның бірқатар шығармасын баласы Ахметқанның айтуы бойынша жазып алған. Олардың ішінде «Тас мешін» дастаны, «Абайды оқығанда», «Мешін толғаулары» сияқты шығармалары бар.

Бүгін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай біз ақын Әбіқай Нұртазаұлының «Тасмешін» дастанын оқырманның есіне тағы бір мәрте салып қоюды жөн санадық.

tobyl-torgai.kz

 

Елана

астан)

Кел, қолым, қалам ұстап, бір іске алдан,

Ғұмыр бар орта жасқа келіп қалған.

Жас күнде өлең жазбақ оңай еді,

Қисынын табушы едік жоқты-бардан.

Бұл күнде өлең жазар уақыт емес,

Шақ болды түк ағарып, тісті шалған.

Артыңа тарих қылып бір сөз шығар

Соңғылар қалды десін өткен шалдан.

Елуде өзгерген күн шерлендірді,

Күлмеңдер қозғалды деп кәрі тарлан.

Елу жас еске түсер айтсам ал деп,

Көргендер жасқа қоспас бізді шал деп.

Болдыру алыс емес, болып болдық,

Айтпаймын албырттықпен өлең бар деп.

Жылы сөз, рахым көзбен қарамады,

Шыққан ел қыстан аман бізді жан деп.

Тентіреп Торғай елі тозып кетті,

Тыңдаңдар өлең емес, мұны зар деп.

Жұт көрдім жеті жаста «қоян» деген,

Адалды қыс емес-ті қоям деген.

Қызарып, қымыз ішіп ұйықтағанға,

Абайла, аштық келді, оян деген.

Білемін жас та болсам сондағыны,

Жан жоқты жақын кезде тоям деген.

«Қоянда», «Мешіндей» боп мал қалмады,

Ішетін үйде тамақ, нәр қалмады,

Жарлыға арлы болма, деген мысал

Аулауға ілік, тамыр қарбаңдады.

Жан жалдап, терін сатып талай сабаз

Тұқымын салу үшін мал қамдады.

Торғайлық жұтағанмен, Арқа есен боп,

Жетексіз келгені-ақ жоқ қамданғаны.

Торғайдан тері-терсек аламыз деп

Күйлі елде кәсіпшіден жан қалмады.

Таланы ол заманның мұндай емес,

Ұлықтар саудагерге шамданбады.

Саудагер келді әлі – ұрпақ малын алып,

Ішер ұн, мата, қант, шай – бәрін алып,

Толтырды Торғай елін тамақпенен,

Құйрық пен жұтағанның жалын алып.

Жегінді ат, арбаменен келіп қалды,

Ақыры бала жейтін нанын алып,

Әкеліп бар керекті базар етті,

Жұрт тұрды қошеметпен қабыл алып.

Еркіндеп спекулянт жүрген заман,

Соңына түсер жан жоқ жарып алып.

«Қоянды» ұзамай-ақ ұмытты жұрт,

Тәулікте мал тұқымын салып алып.

«Қоян» бір жүріп кеткен құйынға есеп,

Көзімен көргендерге бәрі де анық.

Қоянды көп сөз қылып жалықпайын,

Айтуға жұрт таба алмай тарықпайын.

Айтайын үш жыл аштық тасмешінді,

Деп тұрған еш нәрсеге жарытпайын.

Көк майса көркі кеткен бұл нәубетті

Баяндап тыңдағанға анықтайын.

Елуде көрдік жылды мешін деген,

Салмағы кейін жатты кесілмеген,

Жаяулық, жалаңаштық, тамақ аштық,

Дауасыз темір түйін шешілмеген.

Шалқыған шалқар көлде аққу едік,

Кез келді бұл секілді кесір неден,

Еркелеп әркім біткен дәулетіне,

Мешіннен бұрын жан жоқ өсірмеген.

Барлықты барымта алған бұл бір уақыт,

Талғамай табылғанды жесін деген.

Қыс түсті октябрьдің он бесінде,

Ендігі ол сұмдықты көрмесін де,

Аш малға ашық күн жоқ бәрі боран,

Көрмеген кейінгіге бермесін де.

Алты айлық ақсирақ жұт тегіс болды,

Құдайым хан, қараңды тергесін бе.

Тағдырлық іс шығар деп сабыр етті,

Саңлаулы санасы бар зердесінде.

Мешіннің қысы өтіп, жазын көрдік,

Көп малдың жұттан қалған азын көрдік,

Мал айдап, май шайнаған бәрі де өтіп,

Кедейлік замананың сазын көрдік.

Мінерге ат, ішерге ас жоқ, неғыламын,

Дегендер көбейіп тұр әзірге елдік.

Кер кетіп, кейін қарап, бара жатыр,

Еш нәрсе көрінбей тұр әзір жөндік.

Сауын жоқ жазға қарай қарын ашты,

Сырдағы, қырдағы ілік бәрі қашты,

Келмеді қаптап көшер қалың елдер,

Деп Торғай ешнәрсеге жарымасты.

Аштықтан ажарлы жан көре алмадық,

Бетіне қақ тұрмаған кәрі жасты.

Бағар мал, барар жер жоқ қайтеміз деп,

Үміт қып егін егіп, тұқым шашты.

Сары ала ет, сары қымыз, ақ құйрық шәй

Ұмытты бұрынғы ішкен мәлім ашты.

Торғайдың торабына астық шықпай,

Жұттан жұт бетер болып тағы ұласты.

Тамақ аш, бой жалаңаш жұрттың бәрі,

Төгілді-ау кедейліктен ұлттың ары.

Жұт болса жеті ағайын деген рас,

Қинады пұлға шықпай қара тары.

Ішер ас талғамастық табылмады,

Не болсын ашаршылық мұнан әрі.

Тауық жыл тасмешінге пара-пар боп,

Пышақпен түгесілді қалған малы.

Аштықтан жұрт жемеген шөп қалмады,

Нәсілі адал болса тоқталмады.

Белгілі қадірі астың біреуіндей,

Жуа мен атқұлақты көп қамдады.

Қалыпқа бұл секілді жөндіге алмай,

Мырзалар дәмді ас ішкен көп талғады.

Табылды талай жерде-ақ жақсылардың,

Тарыны кебегімен жеп салғаны.

Тапқанды талғатпады тамақ аштық,

Кигізді тері шекпен жалаңаштық,

Көрерін көрмей адам көрге кірмес,

Көңілге болды заман жарамастық.

Қарындас қайырылыспайтын туды нәубет,

Ғарасат майданындай қарамастық,

Ұлға ата, қызға ана қарамады,

Жалпақ жұт болғаннан соң заман аштық.

Кешегі көркемшілік көл заманда,

Тарыны шығарып ек жаман ас қып.

Тар күнде тары көжені тоқ тамақ деп,

Шара мен қасық алып қамаластық.

Бұрынғы қой, қозы жоқ маңыраған,

Раушан күн болды мезгіл мамыраған.

Алыстан құлағыңа ың-жың болып,

Кешкілік енесіне жамыраған.

Атақты ауылдарда қара қалмай,

Аңқиып ақбоз кедейліктің кемшілігі,

Адам жоқ мұны ойлап налымаған.

Бірі деп кемшіліктің қояр еді-ау

Бұрыннан болса жоқ боп жарымаған.

Шұрқырап жылқы қайда кісінеген,

Алланың кім ақылдас ісіменен,

Мінгелі ат орнына аяқ, таяқ,

Талай ер тұлпар тұтып кісі деген,

Тақымы тұғыр атқа тимегенді,

Көндірді құдыреттің ісі деген

Жаз мінер, жасаң жүріс жылжымалар,

Мешінің кетті бәрі қысыменен.

Алшаңдар інген қайда ыңқылдаған,

Аққудай ботасы үйде сұңқылдаған.

Сәуірде дәуір, дәурен көруші едік.

Мәні жоқ мезгіл болды дымқылдаған.

Әр жерде түйе малдан көрінеді,

Қолдары бірлі-жарым құр тұрмаған,

Торғайға тор жайғандай кездескен шақ,

Толықсып тоны жан жоқ жыртылмаған.

Өретін сиыр қайда таң мен азан,

Дыбысы көрінетін бұрын мазаң,

Мөңіреп бұзауына келгеніңде,

Болды деп айыптаушы ек азан-қазан.

Ірімшік,қаймақ, қатық сиырда екен,

Шаршадың шалап татпай, міне сазаң.

Бар болса екі-үш торпақ бай деп тұрмыз

Бұрынғы мал демеген осы жазаң.

Тап болды мешін деген қайдан заман,

Ешкімге тиген-ақ жоқ пайдаң заман.

Көз тойған көңіл тоқтап келелі мал.

Ел айбыны ерден дәулет тайған заман.

Артыңа бір қарамай кеткенің бе,

Тұтамдап, тұтынбаған байдан заман.

Көзіме өткен күндер елестейсің,

Саны жоқ сауық еткен сайран заман.

Түстей боп өңде көрген кеткенің бе,

Қайрылмай қалыбыңа қайран заман?

Бір тосу душар қылған жаратқан хақ,

Ұшқан кез торғайлықтың басынан бақ.

Бұрынғы ақ құба өң, қызыл жүз жоқ,

Арықтап ет таралған, бетінде қақ.

Талайы тырсыйғанның тырысыпты,

Алты айлық жайлауындай мінген қақтап,

Сытылып арасынан қашып кетті,

Шеңгелдеп жүргендерден жемей сақтап.

Армансыз өткен күнге қалған шығар,

Ішкендер түшіркеніп асын баптап.

Тасмешін жалғастырдың тауығыңды,

Сыпырып сансыз қызық сауғымды.

Тоңқиған атпақылдың сақасындай,

Көркімен көрсетпедің ауылымды.

Аштықтан Қырға, Сырға тентіреттің,

Ағайын неше дос, жар бауырымды,

Азырақ әңгіме ғып алданайын

Мешіннен бұрынғы өткен дәуірімді.

Дариға еткен байлық заманым-ай,

Бір жылда қалдық көшпей қамалып-ай.

Отырды жар жағалап, су сағалап,

Жайлауға шығатындар саналып-ай.

Көзіне сары қымыздай көрініп тұр.

Шөпшіден ішпейтұғын шалабың-ай.

Жер жыртып, балық аулап, егін салу

Жоқтыққа тауып тұрған амалың-ай.

Баршылық бұл заманда аштан өлмеу,

Талпынған берсін алла талабыңа-ай.

Бос қалды жаз күйінде ел жайлаған жер,

Желілеп түйе, бие байлаған жер.

Қой құдық, жылқы құдық, шайлық құдық,

Біріне-бірін қоспай сайлаған жер.

Дүниенің бейне ұжмағы секілденіп,

Мәжілісте ақын, шешен сайраған жер.

Қалың мал, қаптаған ел отыратын,

Асу шөл болып қалдың айдамал жер.

Жел соғып жай тұрғанға жабырқаймын.

Жарасып жатушы еді жайлағанда ел.

Мал айдап, майын шайлап, бие байлап,

Қонады ақ үй тігіп қай заманда ел?

Қызығын көрдік малдың ішіп-киіп.

Матадан ет қышытпас дене сүйіп,

Іш қолдан бәтес, фуляр іздеуші едік,

Біз кидік сол кепиет басқа тиіп.

Киімді жастар киді бәсекемен.

Бірінен боламыз деп бірі биік.

Нақақтан барымтаға мал кеткендей,

Тозып жүр тұтынбаған іші күйіп.

Үй тікті онбес жастан сегіз қанат,

Кеңейтіп ақ үй тікпек болған санат.

Қырық кісі қысылмастан отыратын,

Масайрап арасы ашық, маңғаз, манат.

Қызметіне бозбаланы әзірледі,

Қақпайтын қаршығадай кірпік, қанат.

Барында барымтадай тұтанып қал,

Секілді өте шығар жегіп пар ат.

Төседі үйге кілем жер көрінбей,

Тұратын иран бақтан кем көрінбей.

Бір кезде жаппар ием толықсытты,

Жақсыға көп, жаманға кем берілмей.

Бәрін де бұл дәуірдің көріп өттік,

Кейінгі кеткенің бе теңгерілмей.

Қағыңды қатал жұтқа кез боп тұрсың,

Түзелмес ұшық шығып емделінбей.

Дариға, шатырлаттық бие байлап,

Сарылы келуші еді түйені айдап.

Бие-бау, ірге-қоныс, жайлау өріс,

Күн қызбай, қымыз ашып болғаннан соң,

Қонушы ек кең шұңқырды қойға ыңғайлап.

Көркейіп жөнелетін көшін жайлап.

Жеті күн отырғанда боқ болды деп.

Үй жығып, буар еді жүкті тайлап,

Алты айда ауыл үстін көң ете алмай.

Қайғырдық, көңілде тұр бәрі сайрап.

Көп пісіп, қымыз іштік дәміменен,

Піспекті қара саба сәніменен.

Жұлдырып көмекейді май түсіріп,

Ішкендер ас мінекей, пәлі деген.

Қымызды май түспеген ішпеуші еді,

Асқа деп бұл секілді зәру емен.

Көп ішіп шаған аяқ, боз ожаумен,

Дуылдап жас ойнайтын кәрі менен,

Қарттарда үш-төрт аяқ тастаған соң,

Демейтін: ойнамаймын әрі менен.

Өткенді сөз қылыңыз біліңіз де,

Қызығын тауып айтар білім ізде.

Шылбырдан алып аттан түсіруші ек,

Біріміз кез келгенде бірімізге.

«Мал ап кел, қымыз сапыр, самауыр қой,

Осыдан қызық жоқ» — деп тірімізде.

«Малды қой, әзір тамақ болар десе»,

Дейтінбіз: «өлі өтті ғой, тіріні ізде».

Мәжілістен мәмілелі дүкен аштық,

Кешегі сауық-сайран күнімізде.

Шақырған үлкенді аттан көтеріп ап,

«Қош келдің, түс» — деуші едік інімізге.

Сайраны сайран дәурен өтіп кеткен,

Ал енді табылар ма, күніне ізде.

Үйірге айғыр салдық қазанаттан,

Құмат боп түспеген ел қазақ аттан.

Атақты арғымаққа әуес болдық,

Мінер деп еркек туған азаматтан.

Тұғырға тұрман салып болмайды деп,

Жайладық жылы сұйық жазаң аттан.

Бой биік, жалы сұйық жүрдек түгіл,

Таба алмай көріп тұрмыз азар аттан.

Бұл күнде торыққаннан тоба қылдық,

Жаяуды жақсы деуші – ек жаман аттан.

Шанаға екі ат жектік түсін парлап,

Көсемі шығушы еді топтан сарнап.

Жылқыны екі түрлі ұлтарма деп,

Жоқ болса табушы едік түсін қамдап.

Ысқырып, делбе жиып қойған шақта,

Жер қауып, жөнелер ед құстай зарлап.

Атшы алған Петербурдан Жауішовтай

Алушы ек бозбаладан көшір таңдап.

Түпкі аты ақ бөкендей желсін дедік,

Көшелі керіскедей келсін дедік.

Дәулеттік дәуірінде не қылмадық,

Айғырды сартылдайт деп менсінбедік.

Салт атпен шаруашылық қып біреу жүрсе,

Сүрткен деп малын көзге теңсінбедік.

Сұлы іліп Самарский бедеулерге,

Ауыр деп тары, бидай жемсінбедік.

Көсем ат келсін дедік қаршығадай,

Ақабел келісер ме, шаршы ұнамай.

Жалқау деп жалтақ болса жоғалтушы ек,

Бір ісі көңілімізге қалса ұнамай.

Айтушы ек көсем, түп деп құлын, тайдан,

Тұрар ма ат мінгендер мал сынамай.

Өткірі көсем аттың қалың топтан,

Тайсалмай кіруші еді тар сынадай.

Асып ек ат, әбзелге ағайыннан,

Болмаса орынборлық Алшын, Адай.

Азайды айта берер жат кеңесім,

Тыңдаушым табарым жоқ, тап демесін,

Жоқ күнді жоқтағанға таусылар ма,

Ал енді қысқартайын ат кеңесін.

Белдеуге бедеу байлап мінген едім,

Кер торы керіскедей ат кемесін.

Етіңе таңба болып, жүрекке дақ,

Мөр болып сүйегіңе батты мешін.

Әбіқай НҰРТАЗИН

Мынаны да қараңыз

Дің немесе үйтас туралы

Жалпы, дің туралы айтқанда есімізге «Екідің» еске түседі. Екідің – VIII-IХ ғасырлардан сақталған сәулет өнері ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *