Дәуірді жеңген діндар

%d0%bc%d0%b5%d1%88%d0%b8%d1%82

(Дін жолында қуғын көріп, мехнат шеккен молда Аймұхаммедтің (Аймағанбет) рухына арналады)

 

Күн зулап, жылдар сырғып, ауса ғасыр

Тарихқа айналады қаншама сыр.

Бағасы кеміп, бірақ, құнын жоймас

Уақыттың түнегінде қалса да асыл.

 

Жырласам асып туған асылдарды…

Рухы самғар келер ғасырларда.

Қасқайып қарсы тұрып заманына

Емендей иілмеген хас ұлдарды.

 

Замана шашса-дағы зәһарын мың,

Жігерін мұқалта алмас баталы ұлдың.

…Атағы Аймұхаммед әмбеге аян,

Ұрпағы Үмбетейдей баһадүрдің.

 

Бұл өмір – бақ пен сордың аламаны,

Бір жүрер бақыты мен нала, зары.

Тектінің тұяғы еді Аймұхаммед,

Данышпан, бекзат туған бабалары.

 

Бір арыс орта жүзде – арғын елі,

Арқаны кең жайлаған даңғыл еді.

Торғайды қоныс қылған бір тармағы,

Тарихтан мұның бәрі мағлұм еді.

 

Тепсініп, елдің сертін тұмар еткен,

Сол елде Шақшақ сынды қыран өткен.

Жасындай жауға тиіп жас күнінен

Атасын «Аманжолдап» ұран еткен.

 

Ер Шақшақ Еділ көктеп, Жайық өткен,

Атағын жер жаһанға жайып өткен.

Алты ұлы алтын айдар өсіп-өніп,

Оңынан туған дәйім айы көктен.

 

Шақшақтың Көшей екен бір баласы,

Жыр болып жеткен бізге жылнамасы.

Ұрпағы өңшең бөрі, арлан туып,

Қалмаған көңілінде мұң-наласы.

 

Қалқаман, Қошқар – Көшей кіндігінен,

Баршаға үлгі болған бірлігімен.

Атадан асып туған паң Жәнібек,

Танылған дәуірінде дүрлігімен.

 

Жау десе қозып тұрған делебесі,

Үмбетей – Қалқаманның немересі.

Білерсіз өз әкесі Бәйсейіт деп,

Шежіре бабаның бір өнегесі.

 

Тарихта Жәнібектің аты мәлім,

Мәмлегер, жау жапырған батыр әрі.

Аю мен Аждаһаның ортасында

Ақылмен қорғай білген атырабын.

 

Үмбетей – Жәнібекке іні болған,

Алғадай батырының бірі болған.

Жорықта Дәуітбайға тізе қосып

Асқар бел, арқа сүйер шыңы болған.

 

Ертеде сондай, сондай ерлер өткен,

Дәуірлеп, тасын өрге дөңгелеткен.

Жасаған тоқсан жеті Ер-Үмбетей

Ұрпағы жиырма алты ауыл елге жеткен.

 

Тамада Тархан Есет батыр өткен,

Оның да күллі әлемге аты жеткен.

Есеттің қарындасын Үмбетей ап

Екі елді құдандалы жақын еткен.

 

Еліне Сарыбәйбіше ана атанған,

Үмбетей кеңесшісі дана атанған.

Өмірге торсық шеке бес ұл әкеп,

Сауылдап балағынан бала тамған.

 

Біреуі бес баланың Аралбай-ды,

Жасынан «жау қайдалап» жалаңдайды.

Қамалды бұза шауып, қайрат қылып,

Алаштың ертеңі үшін алаңдайды.

 

Аралбай – адамзаттың арыстаны,

Ұрпағы ғылым қуып қарыштады.

Белгілі бір ұрпағы Төлебай да

Тентекті тізеге сап жаныштады.

 

Арыстан Аралбайдан Таңбай туған,

Тектілік қалыбынан танбай туған.

Таңбайдың алтыншы ұлы Баршын екен,

Хақ ислам тура жолдан танбайтын жан.

 

Аралбай қан майданда жанын берген,

Таңбай да қалың елдің қамын жеген.

Таңбайдың бір зәузаты Байтұрсынов

«Ахаң» деп барша Алаш қадірлеген.

 

…Науырзым — Өтей менен Сүгір жері,

Аңыз боп аты жеткен бүгіндері —

Бір арыс «Пішән Сүгір» — Тұраш батыр

Қашаннан елге сыйлы, тұғырлы еді.

 

Тұраштың жалғыз қызы Рәбиға-тын,

Исламның түгел білген шариғатын.

Айттырып Рабиғаны Баршын алған,

Толтырып ата жолмен балиғатын.

 

Баршыннан Жікен, Ысқақ, Спан еді,

Жөн білер, ата көрген нұсқалы ер-ді.

Оқытып ұл мен қызын мұсылманша

Шариғат шартын мықты ұстап еді.

 

Спаннан  — Аймұхамбет, Дыбыс, Жақып,

Олармен ере туған ырыс, бақыт.

Жасынан мешіт беріп, тіл сындыртып,

Өсірген дін исламмен тыныстатып.

 

Қос ру болса егерде құдандалы,

мәселе мәмілемен тынар бәрі.

Құдалық жолыменен қоныс алу,

Болыпты Үмбетейдің бір арманы.

 

Қашанда татулықпен ел көгерген,

Ақкөлден арқадағы жерге келген —

Қоныс ап Өтейлерден, Сүгірлерден,

Үмбетей Науырзымға дендеп енген.

 

Сол шақта үмбетейдің қалың елі,

Айшылық аумақты өзі алып еді.

Бір шеті Сыпсың, Тірсек, Науырзымда,

Сан әулет Ақкөлде де қалып еді.

 

Мекендер Өлеңді мен Сәңкібайды,

Дәмолла Бейіс дәйім даңқын жайды.

Қырық бір мешітке бас қазірет боп,

Есімі таң шолпандай жарқырайды.

 

Інісі Мырза Ишан шын ғұламаң,

Ілімді түгел білген сұңғыла адам.

Айекең — Мырза Ишаннан сауат ашып,

Жолына Жаратқанның шын құлаған.

 

Бас иген біліміне тұрғыласы,

Жүрегі нұрға толы дін мұрасы

Құранды үш тауысқан Дыбыс болса,

Теңдессіз заманының сұңғыласы.

 

Жақыпбек — ол да молда ерек адам,

Құранды жатқа білген зерек адам.

Өмірін дін жолына арнап өткен

Жазуы жазмыштағы бөлек адам.

 

Жақыпбек Сүгірден қыз алған екен,

солайша бақ-жұлдызы жанған екен.

Ал, Дыбыс — он алты мың жылқы біткен,

Қожаққа жұбай болып барған екен.

 

…Мүмінге Алланы айтып, дін ұстанған,

Кез туды қырғи қабақ, қырыс болған.

Жайлады елдің ішін алауыздық,

Құдайсыз қай қоғамға ырыс қонған?!

 

Қағбаны сәжде қылған бетке ұстанып,

Замана заңы кетті бек қысқарып.

Жылында мың тоғыз жүз жиырма тоғыз,

Жақыпбек жаламенен кетті ұсталып.

 

«Мүшесі Алашорда, бай баласы»,

Бұларға жапты жала айналасы.

Ағасы Иркут асты, дәм айдаса,

Жігіттің бармас дейсің қайда басы.

 

«Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,

сахара, көлге қонып саңқылдаған.

Бір өртке қаудан шыққан душар болып,

Не қалды тәнімізде шарпылмаған?»

 

Бұл жырды неге жазды Ахаң-аға,

Бұл зауал төнді қайдан сахараға?

Отыздан жаңа асқан Аймұхаммед

Жазықсыз жау боп енді атала ма?

 

«Исламның ел көгіне туын ілдім,

Ақиқат жолын нұсқап суырылдым.

Туғаннан тірі адамға зияным жоқ,

Туған ел, неге сонша қуырылдың?»

 

Деген ой Аймұхаммед кеудесінде,

Шеттелді, қалғандай боп ел көшінде.

«Адамнан келген керді көріп алдым,

Сенімім Алла жаққан сөнбесін де!».

 

Жүрегін Алланы ойлап нұрға малып,

Хас мүмін бәріне іштен тынғаны анық.

Жылында мың тоғыз жүз отыз бірдің

Айекең Башқұрт асты қудаланып.

 

«Дүние бір қисық жол бұраңдаған,

Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.

Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең,

Сонда да күдер үзбе бір Алладан».

 

Бабынан қара арғымақ арымағы,

Осылай нақыл айтар халық әні.

Жолында бір Алланың бейнет кешсе

Жоқ шығар еш пендеге шағынары.

 

Заман-ай, зауал желі құбылмалы,

Айекең бұл сынаққа жығылмады.

Ақтас пен Байтұрсыннан басы артық па,

Уақытша бейнет шығар мұның бәрі.

 

«Мен түгіл қуғын көрді Ахмет те,

Е, Алла, сабыр бергін, рахым ет те.

Асылды тот баспайды, Алла әділ,

Ақырын қайырлы етер ахыретте.

 

Күн туса кім кимеген кебенекті,

басыма нелер келді, нелер кетті.

Әйтеуір, бір Алладан үміт үзбен»

Айекең осы ойды демеу етті.

 

Тағдырдың кім құтылған салғанынан,

Тұрмыстың бел қайысты салмағынан.

Қайрылған қанатынан құстай болып,

Айрылды Нәзипадай жан-жарынан.

 

Аты өлген жолаушыдай жолда қалып,

Басына бар тауқымет орнады анық.

Шырылдап Боранбайы жетім қалды,

Панасыз Қазымбегі ол да ғарып.

 

Тағдырдың қаптағанмен сынақтары,

Өткінші деп иланды бірақ, бәрі.

Үйде ана, түзде әке бола жүріп,

Аялап, қос жетімді жылатпады.

 

Естекте бес жыл жүрді дәм бұйырып,

Қиындық көрсе-дағы жан күйініп

Жат елде бағасы асты, халық сыйлап,

Қойғасын дүниеден арды биік.

 

Бауырлас, пайғамбардың үмбеттері,

Қолдауға бірі-бірі міндетті еді.

Башқұртта Абдурахман, Мүтапали,

Дос көріп, сыйлап әркез құрметтеді.

 

Айекең биік ұстап асыл басын,

Білдіріп оңайлықпен басылмасын.

Ел жаққа қайта оралды отыз үште,

Арызы ағайынның басылғасын.

 

Қалдырып артта аз-кем қиындықты,

Келді де Қостанайға үйін тікті.

Халыққа иман жайлы уағыз айтып,

Әрдайым жүрген жерін жиын қыпты.

 

Өткеннің бізге жеткен әр дерегі,

Айекең абзал, қайсар жан дер еді.

Қол жинап Үкіметке хат жаздырған:

«Мешіт — деп, — халық үшін бар керегі!».

 

Заң қатал, десек те «оған кім бағынбас?!»,

Құдайсыз жүректерге нұр жағылмас.

«Қажет деп Қостанайға Алла үйі»

Қостады башқұрт, татар дін-қарындас.

 

Шверник Кеңестің бас төрағасы,

қазаққа жоқ бересі, жоқ аласы.

Ысқырған Сталиннің заманында

Белгілі дінге оның жоламасы.

 

Қорықпай төнетұғын қысымнан бар,

Тілегін жоғарыға ұсынғандар —

Талабы орындалмай, пұшайман боп,

Қамықты қостанайлық мұсылмандар.

 

Соғыстан кейінгі кез,

Заман қатал,

«Дос» та көп арызыңды арандатар.

Жақының жазған жалған көрсетінді

Жауыңның сойылынан жаман батар.

 

Тергеу, сот, көре жүріп бар азапты,

Халықтан жинап еді қаражатты.

Бір мешіт салдыруға рұхсат болмай,

Көңілін мүміндердің нала жапты.

 

Бір атар әділеттің жарық таңы,

Айекең соған сеніп қамықпады.

Жиналған бар ақшаны келісіммен

Үйіне балалардың бағыттады.

 

Осы ерлік ұрпаққа енді аңыз бүгін,

(Жолы әркез ауыр келер жаны ізгінің).

Құдайсыз қатал қоғам мойытпаған

Айекең — шын берілген нағыз мүмін!

 

Әуелден бекзат болмыс, дархан адам,

Ел жүгін қиын шақта арқалаған.

Өз үйін намазхана-мешіт қылып,

Жанынан имандылар тарқамаған.

 

Жалпақ ел құрмет тұтып, аялаған,

Айекең елден барын аямаған.

Ираннан келген бір топ намазхандар

Сол үйде жұманы оқып, саялаған.

 

Болса егер мандатына сай ілімі,

Замана бағалар өз лайық ұлын!

Қыдырдай құрмет көрді Аймұхаммед,

Халыққа төге жүріп қайырымын.

 

Кеудесі алтын қамба, толған ілім,

Оңынан Айекеңе орнады күн.

Ташкентте Мүфтиаттан рұхсат алып,

Заңменен бекіттірді молдалығын.

 

Аллаға айта жүріп разылығын,

Бәделмен орындатып қажылығын —

Дос болды діндарлардың бәріменен,

Сыйласып, хат алмасып, жазып ілім.

 

Сан шәкірт тәлім алып, сағалаған,

Айекең Алла құлы, адал адам.

Бас мүфти Сәдуақас Ғылмани,

Молдалық еңбегін зор бағалаған.

 

Қудалау, аңду, сүргін басылған соң,

Қатердің қара бұлты ашылған соң.

Басына Ер-Үмбетей белгі қойды,

Қастерлеп, дәл бір жарым ғасырдан соң.

 

Өркендеп бала-шаға, немересі,

Кеңінен жайылды елге керегесі.

Кемді күн көрген бейнет ұмытылды,

«Сары алтын — сабыр түбі» деген осы.

 

Жасында көрсе-дағы қанша нәубет,

Жақсы күн туды ақыры, аңсаған көп.

Тар жолдан таймай өткен тарланбоздың,

Тыңдады ел уағыздарын тамсана кеп.

 

Сый көріп Қостанайдың қаласында,

Жеткізіп туған-туыс, баласын да.

84 жасқа келіп дүние салды,

Армансыз ағайынның арасында.

 

Өмірдің мұздай еріп көп шемені,

Уақыт өзі барын екшеді енді:

Деуші еді, дін ислам тамыр жайса

жалғыз-ақ атамыздың көксегені.

 

Жазықсыз жұтса-дағы көп ұлдарды,

Қара бұлт жаппас елдің көгін мәңгі.

Азат ел Қазақстан ата дінмен

Қауышып, ел арманы орындалды!

 

Бүгінде Қостанайдың қаласында,

Мешіт бар атында оның, нанасың ба?!

Мәңгілік құрметке ие – Аймұхаммед

Жеңіске жеткен ӨМІР – дара сында!

 

Тарихқа  жазылды енді аты мәңгі,

Ұрпақтан мәңгі өлмеске пәтуа алды.

Бір мешіт ашсам деумен өтіп еді,

Бүгінде бір мешіттің атын алды!

 

Бекзаттан, — дейді, қазақ, — белгі қалар,

Ерені ескерілсе ел қуанар.

Ардақты Аймұхаммед Спанұлы,

Бағаңыз құрмет, тағзым ендігі алар!

 

Азанмен атады енді таң да күліп,

Елім бар бағдары айқын, арманы нық!

Безбені уақыттың көрсетті өзі

Рахымды,

Алла — әділ,

Алла ұлық!!!

Абылай МАУДАНОВ

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *