Толғауы тоқсан туризм

gerb_kostanay_region

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 мамырдағы №508 Қаулысымен бекітілген еліміздегі туристік саланы дамытудың 2020 жылдарға дейінгі тұжырымдамасын ашып қарасаңыз, туризмнің дамуы бойынша республикада тоғызыншы орын алатын Қостанай облысы туралы еш мағлұмат жоқ. Бұл нені білдіреді? Бұдан, облысты айтпағанның өзінде, республика деңгейінде Қостанай өңірінің туризміне жеткілікті көңіл бөлінбей отырғанын байқаймыз. Ал халқының саны 1 млн адамға таяу аймақта туристер үшін қаншама қызықты маршруттарды ұсынуға болады.

Облыстық әкімдіктің сайтында Науырзым қорығы мен «Қарағайлы орман» («Сосновый бор») шипажайы туралы ғана мәлімет бар да, басқа ақпарат жоқ. Шындығында, Қостанай аймағының туризм әлеуеті өте жоғары екені аян. Мәселен, облыстың эмблемасын қарасаңыз, қараторғай мен Шренк қызғалдағы және астықты дала бейнеленгенін көресіз. Яғни, туризмді осы жерден бастау керек сыңайлы. Қостанай жері сирек кездесетін аталған қызғалдақтың отаны, тек соны көру үшін сырттан туристер келетіні бар. Сәйкесінше мұнда бірнеше бағытта туризмді дамытуға болар еді. Мысалы, Науырзым мемлекеттік табиғи қорығын, Торғай жерін алсақ, аталған өңірлер табиғи және тарихи туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр.

Қазір Қостанай облысында қонақтарды орналастыратын 108 нысан бар екен, ал алдыңғы жылы 102 орын қызмет еткен, өсім – 5,9%. Айтқандай, биыл Қостанайда алғашқы хостел де ашылған болатын.

2016 жылдың қаңтар-маусым айларында туризм саласындағы көрсетілген қызметтердің жалпы құны – 422,5 млн теңге, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 14,1% азайып кеткен. Биылғы жарты жылда Қостанай облысындағы демалыс орындарының қызметін еліміздің 59 775 азаматы тұтынған, бұл көрсеткіш те 2015 жылғыдан 21,4% кем. Алайда сырттан келушілер қатары молайған. Алты айда облыста 4848 шетелдік турист болған екен, оны 2015 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 26% көп.

9-%d0%bf-2-%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be-tyulpan-shrenka

Туристерді орналастыру орындарындағы нөмірлік қор 2015 жылмен салыстырғанда 3,1% азайған, оның саны – 1784, сонымен қатар, біржолғы сыйымдылық – 5696 төсек орын.

Жалпы, облыс бойынша 26 туристік маршрут әзірленген. Қазіргі күні Қостанай облысында 16 туроператор мен 100 турагенттік жұмыс істеп тұр. Көп жағдайда аталған кәсіпорындардың қызметі шет елдерге шығу туризміне бағытталған.

2013-2015 жылдары Қостанай облысында туризм саласында 14-тен астам жоба іске асырылыпты. Ағымдағы жылы бес инвестициялық жоба аяқталды: «Мейрамханасы бар қонақ үй кешені», Қостанай қ. (46 төсек орындық); «Медео» мейрамханасын жаңғырту, Қостанай қ. (82 төсек орындық); «Алтын балық» турбазасын кеңейту (жаңа үй салу), Таран ауданы (16 төсек орындық); «Глория» қонақ үй кешенін салу, Қостанай қ. (28 төсек орындық); «Қонақ үйді жаңғырту», Амангелді ауданы (6 төсек орындық).

Жыл соңына дейін тағы екі жоба іске асырылмақ. Олар: «Деревенька в бору» туристік базасын кеңейту, Алтынсарин ауданы (30 төсек орындық); «Дружба» турбазасын кеңейту (қонақтарға арналған үй салу және жарықтандырылған шаңғы роллерлік жыл бойы пайдалануға болатын трассаны салу), Таран ауданы.

Облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюктің айтуынша, 2015-2020 жылдарға арналған туристік саланы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде облыс орталығы мен аймақтың қала-аудандары бойынша жаңа бағыттар әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, ақпараттық-туристік орталығын құру мәселесі де пысықталуда.

9-%d0%bf-1-%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be-ancient-earthworks-kazakhstan-2

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәлімдеуіне сүйенсек, облыс басшылығы туризмге қатты ден қойып отыр. Жаңа экскурсиялық бағыттар ашылып, «ЭКСПО 2017» көрмесі аясында да көптеген шаруалар атқарылмақ. Туристік агенттіктер қазірдің өзінде қатты дайындыққа кірісіп кеткен. Алдын ала есептеулерге сәйкес, халықаралық көрмеде облыстың 100 000 халқы болады деп болжануда. Айтпақшы, біздің облыстан «ЭКСПО 2017» көрмесінде жұмыс істеуге 100 ерікті ниет білдіріп отырған көрінеді.

«Вест kz» білім беру және туризм орталығының директоры Гүлмира Қапенованың сөзінше, жүргізілген сауалнамаларға сәйкес Қостанай облысы халқының 80 проценті, Науырзым ауданы халқының 50 проценті Науырзым қорығында өмірі болмаған, бұл дегеніңіз – өзіміздің ішкі туристерді әуелі облыс аумағынан іздеу керек деген сөз.

Жалпы, Қостанай облысы туризмнің экологиялық, мәдени-танымдық, аң-балық аулау, емдеу-сауықтыру бағыттарын ұсынады.

1931 жылы құрылған Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы ЮНЕСКО ұйымының қорғауындағы адамзат мұрасы. Мұнда өсімдіктің 687 түрі кездеседі екен, ал оның 12 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Қорық Торғай қолатының солтүстік бетінде орналасқан, табиғаттың ерекше керемет жері, ол – Қарағайлы Науырзым, Қарағайлы Тірсек және Қарағайлы Сыпсың деген үш экологиялық жүйеге бөлінген. Қорық фаунасы 355 аң-құстан тұрады, яғни, аңның 45 түрі, құстың 294 түрі, жорғалаушылар мен қосмекенділердің 3 және балықтардың 10 түрі бар екен. Айтқандай, омыртқасыздардың 1500 түрі де осында. Қорықта кездесетін құстың 44 түрі Қызыл кітапқа енген.

Науырзым мемлекеттік қорығынан басқа Михайлов, Тауынсор заказниктері мен «Алтын Дала» резерваты экологиялық туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Мәселен, Науырзым қорығы аумағында 8 экскурсиялық бағыт жұмыс істейді. 2012 жылдан бері «Сапар» орталығының келушілерге есігі айқара ашық. Аталған орталықта мұражай экспозициялары, конференц-зал, шағын дәмхана және үш қонақ үйі бар.

Ал «Сосновый бор» шипажайына келушілер тек демалып қана қоймай, дертіне де дауа табады, орманның саф ауасын жұтып, сергіп, серпіліп қайтады. Шипажай Қостанай қаласынан 40 шақырым қашықтықта. Ең басты ерекшелігі – 150 метр тереңдіктен шығатын шипалы суы. Жыл сайын шипажайда шамамен 12 000 адамға қызмет көрсетіледі екен. Шипажай орналасқан Алтынсарин ауданында туристердің толық демалуы мен сауығу үшін барлық жағдай жасалған «Жайлау КZ» сауықтыру-демалыс кешені де жұмыс істеп тұр. Жалпы, Алтынсарин ауданы – өңірде курорттық-сауықтыру, балалар туризмінің көшбасшысы. Мұнда сондай-ақ, «Селена» демалыс базасы, «Мерей», «Светофор» атты балалар сауықтыру лагерьлері де орналасқан.

Облыс көлемінде аң-балық аулауға арналған үлкенді-кішілі өзен-сулар жеткілікті. Мысалы, Тобыл өзенінің бойында «Дружба», «Алтын балық», «Параллель» сияқты туристік базалар мен «Золотой Фазан» атты қонақтарға арналған кешен балықшылардың сұранысын толық қанағаттандырады. Әсіресе, оңтүстік аудандардың өзен-көлдеріне Ресей мен облыстың өзге де өңірлерінен балықшылар мен аңшылардың ағылатынын ескерсек, олардың жергілікті бюджетке қаражат төлеуін, балық-аң аулауын ретке келтіру керек сияқты.

Мәдени мұрамызға қатысты Лисаков археологиялық кешенін айтпай кетпеуге болмайды. Аталған кешен біздің дәуірімізге дейінгі екінші мың жылдықта Қостанай өңірін мекендеген «андрондықтар» деп аталатын ежелгі тайпалардың тарихымен таныстыратын маңызды орындардың бірі. Соңғы жиырма жыл ішінде мұнда көптеген археологиялық құнды жәдігерлер мен ертедегі адамдардың қонысы табылды.

Облыстың оңтүстік аудандары аумағында Сатыбалды ишанның мазары, Екідің, Жәуке батыр мазары, Қыз тамы сияқты көптеген тарих және мәдениет ескерткіштері сақталған. Тарихи маңызы зор ескерткіштер қатарына Торғай мұражайлар кешенін жатқызуға болады, оның құрамына Шақшақ Жәнібек панорамалық мұражайы, Әліби Жангелдин мен Ыбырай Алтынсарин, Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынов мұражайлары кіреді. Тіпті Торғай жерінде ашық аспан астынан мұражай жасап қойса да артық емес. Мен оған «Тылсым Торғай туры» атты жаңа жобаның ұйымдастырушысы ретінде көз жеткізген едім. Біз жоба аясында бес бағыт бойынша жұмыс істейміз. Соның ішінде, көпшілікті таңғалдыратыны – тарихы. Туристерді таза табиғи өнім қойылатын дастарханымызбен де қызықтыра аламыз. Яғни, қонақтарымызға бұқпа, қазақша ет, қымыз, қуырдақ сияқты ұлттық тағамдарымызды ұсынамыз. Дәмі тіл үйіретін ауылдың жентінен, қатығынан дәм татқан туристер мұндай сапарларды еш ұмытпасы анық.

Туристер көп баратын тағы бір орын – Қостанай ауданындағы Ыбырай Алтынсарин кесенесі. Биыл бұл тарихи ескерткішті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Сарыкөл ауданында Барақ батырдың кесенесі орналасқан, оған барушылар мазарға тоқтап, сол жердегі үйге тыныстап, құдықтан су ішеді.

Егер облыс, жалпы Қазақстан бойынша теңдессіз, бірегей ескерткіштерді еске алу керек болса, онда дүние жүзіне мәлім геоглифтерімізді айтар едім. «Торғай геоглифтері» деген атаумен белгілі 296 геоглиф алыс-жақын мемлекеттерден келетін туристердің қызығушылығын тудырары хақ. Мұндай ескерткіштер еліміз бен Оңтүстік Америкадағы Перу мемлекетінде ғана кездеседі екен. Біздегі геоглифтердің ішінде ерекше және барып көруге ыңғайлысы – «Үштоғай төртбұрышы». Бұл – 101 үйіндіден тұратын қорғандар тізбегі.

Жалпы, облыс аумағында шамамен 2 000 тарихи және мәдени ескерткіштері бар екенін ескерсек, туристер үшін қаншалықты мәдени-танымдық, өте қызықты турларды жасауға болатынын бағамдай беріңіз.

Енді облыста туризмді өркендету үшін қандай қиыншылықтар кездеседі, соған тоқтала кетсек. Негізгі себептерге мыналар жатады:

— туризм орындарындағы инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы, туристік нысандарға жетудің қиындығы, демалыс орындарындағы қызмет көрсету деңгейінің төмендігі, жол бойы инфрақұрылымы объектілерінің сервис сапасының және санының аздығы;

9-%d0%bf-3-%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be-%d0%b1%d0%b0%d1%80%d0%b0%d2%9b-%d0%b1%d0%b0%d1%82%d1%8b%d1%80-046

— білікті кадрлардың жетіспеушілігі, оның ішінде білімнің академиялық сипаты, білім бағдарламаларының еңбек нарығының талаптарынан, өндірістердің қажеттіліктерінен, жұмыс берушілердің үдесінен біршама алшақтығы және т.б.;

— орналастыру орындарын айқындаудың, сондай-ақ олардың белгілі бір түріне қолданылатын стандарттардың болмауы, заңнамада жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге қатысты қолданылатын әлеуметтік туризмді реттеу қағидаларының жоқтығы (туристік сертификаттар жүйесінің болмауы), салықтық ынталандыру шараларының болмауы, туризм индустриясы мен қонақ үй бизнесін нормативтік реттеудің жеткіліксіз деңгейі;

— туристік бизнесті дамыту үшін ықтимал кедергілер, оның ішінде әкімшілік кедергілердің кездесуі, бұдан әрі жетілдіруді талап ететін мемлекеттік қолдау құралдарының болмауы.

Міне, біздің шағын шолуымыз осы болды. Қалай десек те Қостанай облысының ішкі және сыртқы туризмді дамыту әлеуеті зор.

 Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Қор өкілдері қандастармен кездесті

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының Қостанай облысы бойынша өкілдігінің белсенділері Рудный қаласына арнайы барып, қандас, ...

Бір пікір

  1. Қарғалы, Ақкөл жақтағы шипалы ыстық суды да қолға алса ғой.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *