29 қараша, яғни ертең торғайлық белгілі журналист Мылтықбай Ысмағұлдың туғанына 60 жыл толады. Еліміздің әр түкпірінде журналист болып қызмет етіп жақтан кейбіріміздің кезінде дәл осы Мылтекеңнің шарапатын көргенімізді жасыра алмаймыз. Бойындағы Алла берген талантымен-ақ өзіне еліктіріп, қолымызға қалам ұстауға, жазу жазуымызға ықпал еткені өтірік емес. Сол үшін де қарымды қаламгерге еліктеп өстік.
Аудандық газет редакциясына бас сұққан сайын қағазға көміліп отыратын жарықтық… Бүкіл ауданның толып жатқан қағазы Мылтекеңнің жазу үстелінде «кезек күтіп» жататынын да талай көрдік. Кейбір қулар өздеріне жүктелген міндетті орындай алмаған соң, амалсыздан Мылтекеңе жүгінетін. Аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдаған Мылтекең сөзге келместен жазып беруге уәде беретін. Тумысынан ешкімге қылдай қиянаты жоқ, адамға сенгіш ол еңбегін де сатпайтын…
Әлқисса. Арайлы Алматыдағы қазіргі Қазақ ұлттық университетін үздік бітірген Мылтықбай Әбдіқадырұлы алып шаһарда қалудың мол мүмкіндігі бола тұра туған Торғайына тартып отырған еді…
Қаламы төселген журналистің туған жеріне барғандағы мақсаты қандай еді? Сөйтсек, Мылтықбай Әбдіқадырұлы Торғайда журналистика мектебін қалыптастыруды ойлаған екен. Ол мақсатына жетпеді деп айта алмаймыз. Көзі тірі кезінде ауданда құрметке бөленді. «Біздің Торғай» газетін басқарды. Оған қоса облыстық «Қостанай таңы» газетінің аудандағы меншікті тілшісі бола жүріп Торғайдың жылт еткен жаңалығын оқырманмен бөлісіп, ел ішіндегі абыройлы кісілер мен таланттар туралы дүркін-дүркін жарқырата мақалалар жазды. Бұл сөзімізге белгілі қаламгер Мейрамбек Төлепбергеннің 2009 жылы республикалық «Ана тілі» газетіне жазған «Арманға бай ғұмыр» атты эссесі дәлел бола алады:
«…Торғайдың мықты бір зиялысы боламын деген ойы бар еді. Ол тілегіне көпшілік сүйіспеншілігімен жетті, білем. Аудандық газетте қызмет етіп жүріп-ақ журналистиканың жергілікті жердегі мектебін қалыптастыруға болады деп айтушы еді. Ол мақсатына да жетті. Жангелдин аудандық газеттің және аудандық баспахананың директоры бола жүріп, жергілікті басылымның беделін көтерді. Бүкіл ауданның саяси-мәдени, рухани шарасына бел шешіп кіріскен Мылтықбай соңғы жылдары облыстық, республикалық газеттерге де бұрқыратып мақалалар жазды. Ел ішіндегі абыройлы кісілер мен таланттар туралы. «Егемен Қазақстанға» да мақала жолдап тұратын. Маржандай әріппен жазылған оның тұщымды мақалаларын оқып отырып, басылымның бас редакторы, таланттарды жазбай тани білетін Жанболат Аупбаев: «Мынандай үлкен қабілетпен аудандық газетте жүрген жігітке обал. Бір жағынан азаматтық позициясында тұрған, алыста жүрсе де сөз өнерінің құдіретін қастерлеген журналист екен» деп айтқанын талай естігенбіз. Таланты ашылмай кетер ме екен, өз мүмкіндігін танытатын кеңістік тарлық етер ме деген жанашырлық болса керек. Шынында да оның таланты толық ашылған жоқ. Арманда кетті. 52 жас деген не тәйірі!..» деп жазады автор досының қайтыс болғанына 1 жыл толғанда.
Мақала авторы бұдан әрі: «…Туған өңірі Торғайдың кішкентай бір жақсылығы болса балаша қуанып, мәз болатын досымыз Торғайдың «Шертер» ұлттық аспаптар ансамблі Алматыға есепті концерт беруге келген кезінде достарының бәрін осы өнер кешіне өзі билет сатып алып, оншақты қыз-жігітті ертіп апарды. Сол кездері Үндістанның ірі қалаларын түгел аралап оралған бұл ансамбль Алаштың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібековтің «баласындай» болғанын досымыз ерекше бір шабытпен қайта-қайта айтып отырды. Сол концерттік кешті ауылдан келген Мәжит Ағыбаев деген бауырым көпке дейін ерекше әсермен еске алып жүрді. Елі үшін жаратылған Мылтықбайдың ақ жүрегіне бір көргенде-ақ риза еді. Атақты ансамбльдің мүшесі, бүкіл Торғайдың топ жарғаны деп танылған әнші Ғазиза Жұмекенова туралы жастар газетіне үлкен мақаланы мөлдіретіп жазғаны да менің есімде.
Қызықтың көкесі мемлекеттік емтихан тапсыру қарсаңында болды. М.Исмағұловтың ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері шығарған, солақай саясаттың салдарынан пышаққа түскен қазақ басылымдарының тарихы туралы жазып, түптеп даярлап қойған дипломдық жұмысын бұлыңғыр жағдайда біреулер пәршек-пәршегін шығарып, жыртып тастапты. Жыртылған қағаздарды жинастырып алып Мылтықбай біздің үйге асығыс-үсігіс келді. Түрі өрт сөндіргендей. Жылап жібере жаздады. Жағдайды тез түсіндік. Бір шара көру керек. Не керек, жабылып жүріп, жыртылған қағаздарды желімдеп, қайтадан мәшенкеге басып үлгердік. Мұны ешкімге тіс жарып айтпай, құпия ғып сақтап жүрдік. Кейін ертегідей ғып айтқанымыз бар.
Қилы тағдыры бар әлгі диплом жұмысының тақырыбы да, оны ғылыми тұрғыдан сипаттаудың мәнісі мемлекеттік комиссияның төрағасы, белгілі сыншы, айтқан сөзі жерде қалмайтын Шериаздан Елеукенов ағамызға қатты ұнады. Өте жақсы бағаланды. Кілең ығай-сығай отырған мәжілісте М.Исмағұловтың бұл зерттеу еңбегі осы қалпында «Жұлдыз» журналына ұсынылсын деген қарар қабылданды. Мұндай құрметке ие болған студент жоқтың қасы. Бар болса, бірлі-жарым.
Ғұламалылардың өзін шәкірттік алғырлығымен мойындатқан еді-ау.
Тағдырдың дауылына, от пен суына төтеп берген қасиетті өңірдің төл баласы мұндай мақтауды ести тұра, бәрін аяқсыз қалдырып, ауылға тартып тұрды. Сол кеткеннен үлкен қалаға қарай қайта оралған жоқ. Жасанды ғалымдар қаптап кетіп, ғылыми құндылықтары төмендеп кеткен тұста Мылтықбай досымыздың студенттік шақтардағы сол зерттеу еңбегінің бағы ашылмағанына шынында да өкінесің. Барын бағалай білмеу ме, әлде ол үшін талантқа тән дүние жасау түкке тұрмайтын қалыпты жағдай секілді ме, түсінбеймін» деп еске алады бірге оқыған курстасы.
Дәл осы жерде анандай таланты бола тұра туған жеріне оралып, көзі жұмылғанша Торғайда қызмет еткен Мылтекеңнің есімін жаңғырту жолында Жанкелдин ауданы қандай шаралар атқаруда деген заңды сұрақ туындайды. Біздіңше, ешқандай да. Кезінде жақсы араласқан азаматтардың ең құрығанда біреуіне «Мылтекең ауданымыздың мерейін көкке көтеріп, талай жақсы мақалалар жазып еді, Торғайдың өркендеуіне үлес қосып еді, марқұмға деген құрметіміз болсын, еске алу шарасын өткізейік» деген ой келмегені өкінішті, әрине…
Көшеге есімін бер деп жатқан жоқпыз, шүкір, Торғайда бірнеше музей бар, солардың бір бұрышын Мылтықбай Ысмағұлдың еңбектеріне арнаса, Торғайдың шежіресі тұнған мақалаларын жинақтап, кітап шығаруға мұрындық болса, артық па?..
Осындайда, қай жағынан болса да, басқа облыс, аудандардан неге үлгі алмаймыз деген ой келеді. Әйтпесе, еліміздің өзге елді мекендерімен салыстырғанда, ауданымыздың көп ретте кейін қалып қойып жүретіні жасырын емес. Идеологиялық саласының ақсап жататыны өз алдына бөлек әңгіме…
Идеология демекші, өзгелер өздерінен түлеп ұшқан марғасқа азаматтарын ерекше құрметтеп, есімін кейінгі ұрпақ санасына сіңіруде зор іс тындырып жүр. Ал бүгінгі сөз етіп отырған Жанкелдин ауданы өз өңірінен түлеп ұшқан талай жайсаң жандардың еңбектерін насихаттап, жас ұрпақ қажетіне жаратар шаралар өткізуге келгенде құлықсыздық танытады. Құдды «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көздің» кебі…
Тағы бір мысал, мәселен, әкем — «Торғайдың гимні» атанған бір ғана «Туған жер — Торғайым» әнінің өлеңін жазып, туған жеріне жырдан ескерткіш тұрғызған Ғалымбек Әбілқайырдың есімін ұлықтауда да жергілікті билік жұмған ауыздарын ашпайды. Табаны күректей 40 жыл бала оқытып, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» атанған ұстаз-ақынға арнап музейлер арнайы бұрыштар ашса, тіпті, аудандағы көшелердің бірі Ғалымбек Әбілқайырдың есімімен аталып жатса, несі айып?!
Бұл жөнінде әлеуметтік желіде де мәселе көтеріліп, жерлестердің көпшілігі бірауыздан қолдап, тіпті, егер қажет болса, бір көшені сатып алайық деген де ұсыныстар түскені анық.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Жанкелдин ауданының лауазымды тұлғалары жоғарыда айтылған мәселелерге бейжай қарамай, келелі істерді қолға алатындарына сенім білдіреміз. Әйтпесе, қазір торғайлықтар мәдени, рухани шараларға зәру. Кезінде жиі болып тұратын айтыс, концерттер, түрлі спектакльдерді тамашалауға асығатынбыз. Әрі көп ретте адамның көптігінен кіру мүмкін болмай қалатын. Ал қазір, естуімізше, ондай рухани һәм мәдени шаралар анда-санда болмаса, жөнді ұйымдастырылмайды екен…
Демек, жастарды сондай рухани орындарға көптеп тартуда біраз тер төгуге тура келсе, жастар да жаман әдеттерге бой алдырмай, пайдалы істерге үйір болушы еді. Олардың арасынан да әйдік қаламгер, өнерге жақын, елдің беткеұстар азаматтары тәрбиеленіп шығар еді…
Біздің қолға қалам алудағы мақсатымыз сынау емес, көзден кетсе де, көңілден кетпеген Мылтекеңдей абзал азаматты еске ала отырып, жақсының жақсылығын айту парыз екенін сезінгендіктен әрі көкейде жүрген ойды іркіп қалмау еді…
Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,
журналист