Қазіргі уақытта бірде-бір мемлекеттік орган тұрғын үйге қанша адамның тіркелгендігі туралы ақпаратты нақты бере алмайды деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.
Бұл олқылықтың орын алғанына бірнеше жыл болған. Тек қазіргі уақытта уақытша тіркеуге тұру міндетті болғаннан кейін ғана бұл проблема көтеріліп отыр. Мәселен, бүгінде Астана тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы бір-бірінен пәтерге қанша адам тіркелгендігін анықтау үшін қайда жүгіну қажеттігін сұрауда.
Айта кетейік, бұған дейін пәтерге тіркелген адамдар туралы ақпараттарды сақтау қызметін атқарған үй кітапшасы жойылған болатын. «Азаматтар үшін Үкімет» баспасөз қызметінен пәтерге қанша адамның тіркелгендігі туралы ақпаратты еш жерден алу мүмкін еместігін айтты. Дегенмен, оның бір жолы бар. Ол көші-қон полициясына жүгіну.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, алдағы уақытта Қазақстанда әрбір нысанға, пәтерге арналған «электронды үй кітапшасы» жасалатын болады. Бұл «резеңке» пәтерлердің иелерін анықтауға, белгілі бір заңды мекенжайда тіркелген азаматтардың санын анықтауға мүмкіндік береді.
«Баспананың меншік иесі де нақты заңды мекенжай бойынша тіркелген азаматтарды тексере алатын болады. Сонымен қатар оларды тіркеуден шығару шараларын да қабылдай алады. Бұл өз кезегінде әкімшілік жауапкершілікке ілігетін адамдарды анықтауға мүмкіндік береді», — деді министрліктен.
ІІМ ақпаратына қарағанда, қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың «Мекен жай тіркелімі» (Ақпарат және коммуникациялар министрлігі), «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» (Әділет министрлігі) және «Құжаттау және халықты тіркеу» тіркеу пункті» (Ішкі істер министрлігі) мәліметтер базасын интеграциялау процесі аяқталып қалды.
kazinform.kz