БЖЗҚ төрағасы Руслан Ерденаев пен БЖЗҚ басқарма төрағасы Мұса Бахтовтың адвокаты Александр Блох олардың ешқандай да кінәсі жоқ екенін айтып отыр.»Азаматтық-құқықтық келісімшарт жасалды. Мұның заңды немесе заңсыз екенін тек сот шеше алады. Бұл қылмыстық қудалау органдарындағы қызметкерлердің өкілеттігінде емес. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына келісімшарттың жарамсыздығын растайтынымыз жайлы өтініш қалдыратын да едік. Сол кезде ғана қудалау органдары бұл жерде қылмыстық құрамының бар-жоқтығын анықтай алады. Сондықтан да қылмыстық істі бұлай бастау негізсіз болып саналады», — деді адвокат Блох.
Мұса Бахтовтың адвокатының айтуынша, Бахтовты өзінің қызметтік міндеттерін атқарғаны үшін ұстаған, яғни, Мұса Бахтов БЖЗҚ мен «Бузгул Аурум» ЖШС арасындағы келісімшарт бойынша қорытынды шығарған.
«Ерденаев ешқандай да қылмыс жасаған жоқ. Қазір қандай да бір қорытынды айту ерте. Тергеу шаралары жүргізілген жоқ. Олардан тек тергеушілер жауап алды», — деді Блох.
Сондай-ақ, Блох БЖЗҚ-ның өз есебінен KASE биржасы арқылы «Бузгул Аурум» ЖШС-нан 5 миллиард теңгеге құнды қағаз сатып алуына кеткен қаражаттың банк есепшотында тұрғанын және оны кез келген уақытта қайтара алатындарын айтты.
«Зейнетақы қорындағы ақшалар жұмсалған жоқ, БЖЗҚ активтері ғана жұмсалған. БЖЗҚ өздерін-өзі ақшамен қамтуы тиіс, олар зейнетақы қорындағы ақшаларды алмауы тиіс. Тиімді келісімшарт жасалды. Жыл сайын 19 пайыз мөлшерлеме. Мұндай инвесторды қайдан табасыздар?», — деді Александр Блох.
«БЖЗҚ өзін екі рет сақтандырды. Ол активтері 15 миллиард теңгеге бағаланған акционердік қоғамнан кепілдікті міндеттеме алды. Егер де акционерлік қоғамның активі дефолт болса, ондағы қаражат бір жыл ішінде ақша қайта орнына қойылуы мүмкін», — деді Блох.
Айта кетейік, БЖЗҚ төрағасы Руслан Ерденаев 90 миллион теңгеге бағаланған жалғыз пәтерін кепіл ретінде ұсынды. Ал БЖЗҚ басқарма төрағасы Мұса Бахтов болса, кепіл ретінде 13 миллион теңге тұратын жер учаскесін қалдырды.
Сонымен қатар, «Булгур Аурум» ЖШС құрылтайшысы Бақытжан Кенжебаев пен «Булгур Аурум» ЖШС директоры Азат Найзағаринның адвокаты Ғалым Нұрпейісов те қорғалушыларына тағылған айыптармен мүлде келіспейтінін айтты.
«Мен қазір оларға тағылып отырған айыптармен мүлде келіспеймін. Оларды ақшаны иемденіп алды деп айыптап отыр, алайда олардың бұл іске еш қатысы жоқ. Құқық қорғау органдарындағыларда ештеңе жоқ. Менің қорғалушыларым — кәсіпкерлер. Бұл мәселемен айналысатын боламыз. Біріншіден, ақшаны иемденіп алу үшін ол ақша оған сеніп тапсырылуы тиіс. Ал олар ақшаны қарызға алған болатын. Бес жылдан кейін қайтаруы тиіс болатын. Ақшаны иемденіп алу жайлы қандай сөз болуы мүмкін? Ақшаны өзінің кәсібіне жұмсау үшін алды. Мұнда қорғалушыларымды ақша иемденіп алды деп айыптағаны үшін сотқа өтініш беруге болады», — деді Нұрпейісов.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Алматы қалалық сотында осы істегі барлық төрт фигурантқа қатысты қолданылған бұлтартпау шарасына шағым түсірілуіне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.
Еске салайық, 2016 жылдың 21 желтоқсанынан бастап ҚР Ұлттық банкінің қатысуымен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» Акционерлік қоғамының қызметіне тексеріс жүргізілген болатын. Сол кезде тексерістің БЖЗҚ акционерлік қоғамының меншікті активтерді инвестициялауға қатысты жасалған операциялары бойынша жүзеге асырылып жатқаны айтылған еді. «БЖЗҚ» АҚ-тың меншікті активтері оның капиталы және шаруашылық қызметінің нәтижелері есебінен қалыптастырылады екен. «БЖЗҚ» АҚ меншікті активтерді дербес басқарады», — деген еді банктегілер.
Ал 9 қаңтарда БЖЗҚ басшылығы қамауға алынған болатын.»Олар Жаңа жылдың алдында қамауға алынған. Аты-жөндерін білмеймін, біз оларды атамадық. Жетекші мен орынбасарларының бірі қамауға алынған», — деген еді ҚР Ұлттық банкінің қаржы қызметтері тұтынушыларының құқығын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев.
Сондай-ақ, бүгін БЖЗҚ ісі бойынша қамауға алынғандардың тізімі жарияланған болды.
tengrinews.kz