Еліміздегі 8 мыңға жуық мектепте жоғары және орта кәсіптік оқу орындарына кәсіптік бағдарлау кабинеттері ашылады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, биылғы жылы жүзеге асырылатын кәсіптік бағдарлау жұмысы жастарды мемлекеттік қолдаудағы маңызды мәселелердің бірі болмақ. «Білім және ғылым министрлігінің басшылығымен 8 мыңға жуық мектепте жоғары және орта кәсіптік оқу орындарына кәсіптік бағдарлау кабинеттері ашылатын болады. Онда жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдарлау бағыттары, жаңа және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпараттар беріліп, қажетті тестілеу бағдарламалары жүргізіледі» деді ол. Оның пайымынша, бұл өте қажетті, маңызды және жұмыссыздықтың алдын алудағы ең негізгі шара болып саналады. «Сондықтан облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерінен кәсіптік бағдарламау жұмысына көңіл бөлуді, осы бағытта нақты шаралар қабылдауды сұраймын» деді Тамара Дүйсенова.
inform.kz